Жамбыл облысында өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар көлік жүргізушілеріне хат жазды.
"Өзге балалардың әке-анасыз өскенін қаламаймын": жетім балалар көлік жүргізушілеріне хат жолдады
1,007
оқылды

Жамбыл облысында полиция қызметкерлері республикалық маңызы бар жолдарда «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының» тәрбиеленушілерімен кездесіп, жолдарда қауіпсіз жүріп-тұру ережелері туралы айтып берді. Бұл туралы Polisia.kz жазды. 

«Қызметкерлер жолдағы сигналдарды тануды үйретіп, патрульдік көлікті, тақырыптық плакаттарды көрсетті. Акцияны  жалғастыра отырып, тәрбиешілер балаларға жолдардағы апаттылыққа ересектердің назарын аудару мақсатында жүргізушілерге хат жазып, оларға жеке тапсыруды ұсынды. Іс-шара барысында балалар жолдағы әрбір кішкентай жолаушының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, олармен көлікте немесе жол бойында жүргенде қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды», – делінген хабарламада.

Олар «Жүргізуші, ұмытпа, сен жақындарыңа керексің», «Жүргізуші, асықпа, балалардың өмірін сақта», «Жүргізуші, баланың өмірін ойла!», «Водитель, береги жизнь ребенка», «Водитель, сохрани мою жизнь», «Әке, ақырын жүр, біз сені күтеміз» деген мағыналы үндеулер жазылған плакаттар арқылы жүргізушілердің назарын аударды. Іс-шара кезінде қатысушы балалар жолдың жиегіндегі қауіпсіз жерде тұрды.

Полиция қызметкерлері көліктерді тоқтатты, ал олардың кішкентай көмекшілері көлік жүргізушілерімен әңгімелесіп, оларға жол апаттары салдарынан болатын жағдайлар туралы хаттарын тапсырды. Кішкентай болса да тағдыр тауқыметін бастан кешкен балалар өз хаттарында бірде-бір бала жетім қалмауын, барша баланың бақытты балалық шағы болуын тіледі.

– Менің ата-анам жоқ. Басқа балалардың да әкесіз, анасыз өскенін қаламаймын, – делінген хаттардың бірінде.

Жыл басынан бері облыста балалардың қатысуымен 32 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, кәмелетке толмаған 7 бала қаза тапты, 59-ы жарақат алған. Жамбыл облысының Полиция департаменті көлік жүргізушілеріне қауіпсіз көлік жүргізу мәдениетінің маңыздылығын еске салады.

«Кейбір жүргізушілердің жауапсыздығынан бейкүнә балалар жапа шегіп отыр. Негізгі қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, Сіз жолда бірнеше апаттың алдын алуға және адамдардың өмірін сақтауға мүмкіндік жасайтыныңызды ұмытпаңыз!», – деп ескертті Полиция департаменті.