Шекарада сауда жанданады
Шекарада сауда жанданады
416
оқылды
Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында ірі сауда орталығы салынады. «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығының құрылысы туралы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Facebook парақшасында жазды. «Жақын арада біз оңтүстік бағытында ауқымды сауда жо­басы – Өзбекстанмен шекарада «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынты­мақ­тастық орталығының (ХСЫО) құрылысын іске асыруға кіріс­е­міз. Бұдан екі жыл бұрын Мем­лекет басшылары деңгейінде уағдаластыққа келген болатын­быз. Ал нақты шараларды біз әріптесіміз – Өзбекстанның Инвестициялар және сыртқы сауда министрі Сардор Умур­заковпен талқы­ладық. Наурыз­дағы әйелдер ме­рекесіне қара­мастан бiз онымен келешек ХСЫО орны – «Жібек Жолы – Гишт Куприк» шекара бекетінде кездестік» деп жазды министр. Б.Сұлтанов жазғандай, ХСЫО – Орталық Азия елде­рімен сауда ынтымақтастықтың маңызды элементі. Мұнда тек көтерме-бөлшек сауда нысан­дары мен олардың инфрақұ­рылымы ғана салынып қоймай, маңызды көлік-логистикалық орталық та құрылады. Яғни, әлем­дегі экономикалық тұрақ­сыздық, бағаның төмендеуі, коронавирустың халықаралық саудаға қатері, туризмнің бә­сеңдеуі жағдайында көршілермен сауданы арттыру ең оңтайлы тәсіл. «Бүгінде Орталық Азия – 71 млн адамнан астам халқы бар серпінді өңір. Ішкі аймақтық еңбек бөлінісі үшін үлкен мүм­кіндіктер бар, өңір елдері бір-бі­ріне тиімді өткізу нарығы са­налады. Және біздің елдеріміздің қазірдің өзінде өзара белсенді ынтымақтастық жасауының да маңызы зор», – деді ол. Айта кетейік, 2019 жылдың қорытындысы бойынша Қа­зақстанның Орталық Азия ел­де­рімен тауар айналымы 5,1 млрд долларды құрады. Бұл ретте Өз­бекстан Қазақстанның өңірдегі ірі сауда әріптесі са­налады. Қазақ елінің бауырлас елдермен өзара саудасының 60 пайыздан астамы Өзбек­станның үлесіне тиесілі. Сауда­ның өсу қарқыны 2017 жылдан бастап жалғасып, орта есеппен 30,7 пайызды құра­ған. Өткен жылы көрсеткіш төрт мил­лиард­тық шектен асып, бес мил­лиардқа жақындап қалды. «Сондықтан ХСЫО құру – елдеріміздің экономикалық коопе­рациясын одан әрі кү­шейтуге әсер етеді және «Оң­түстік-Солтүстік, Солтүстік-Оңтүстік» дәлізінің маңызды жобаларының бірі болып табы­лады. Ол өңірден басқа елдерге бағытталған үлкен тауар құбы­рының бір бөлігі болмақ. Өз­деріңіз білетіндей, қазіргі уа­қытта Қазақстанда көтерме-тарату орталықтары мен агро-логистикалық орталықтар желісін қамтитын тауар өткізу жүйесін құру жұмысы жүргі­зілуде. Осыған ұқсас инфрақұры­лым көрші Өзбекстан мен Қыр­ғызстанда да құрылуда» деп атап көрсетті Б.Сұлтанов. Жалпы, ХСЫО жобасын іске асыру Қазақстан үшін оңтүстікке қақпа ашып қана қоймай, осы мемлекеттердің үшінші елдерге, бірінші кезекте Ресейге, Еуропа мен Қытайға тауарларды бірлесіп экспорт­тауы үшін бірыңғай тетік құруға мүмкіндік береді. Өйткені ХСЫО-ға өте жақын маңда 2 ірі агломерация – Шымкент пен Ташкент орналасқан. Тікелей жақын жерде ірі және дамыған инфрақұрылымдық тораптар – Сарыағаш теміржол стансалары, «Жібек Жолы» халықаралық өткізу бекеті, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолы бар.   Тәуекел ДУМАНҰЛЫ