Ең жоғары күндік номиналды мөлшерлемені 1 пайыздан 0,3 пайызға дейін төмендету ұсынылды.
Елімізде несие бойынша жылдық пайыздық мөлшерлеме төмендемек
www.istockphoto.com
1,232
оқылды

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаржы ұйымдарының әдіснамасы мен пруденциалдық реттеу департаментінің директоры Дәурен Сәлімбаевтің айтуынша, бұған дейін Қазақстанда қысқа мерзімді микрокредиттер үшін жылдық тиімді пайыздық мөлшерлемеге шектеу болмаған.

"Мұндай несиелер үшін ең жоғары номиналды мөлшерлеме белгіленіп келді. Мысалы, 20 пайыздық 45 күндік мөлшерлемеде нақты жылдық тиімді мөлшерлеме 346 пайызды құрады. Тәулігіне 1 пайыз және 20 күнге 20 пайыздық мөлшерлемемен жылдық тиімді пайыздық мөлшерлеме 2600 пайыздан асып кететін", – деді департамент директоры.

Агенттік ұлттық банкпен бірлесіп, несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін төмендетуді көздейтін қаулы жобасын әзірледі.

"Атап айтқанда, 45 АЕК-ке дейінгі (166 140 теңге) 45 күнге дейінгі мерзімге шағын несиелер бойынша бір мезгілде ең жоғары күндік номиналды мөлшерлемені 1 пайыздан 0,3 пайызға дейін төмендету ұсынылды, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің ең жоғары мөлшерін 179 пайыз деңгейінде белгілеу ұсынылды. Осылайша, мұндай шағын несиелер үшін ең жоғары сыйақы мөлшерлемесі үш есеге төмендейді", – деді Сәлімбаев.

Сонымен қатар агенттік өкілінің айтуынша, қазір банктер мен микроқаржы ұйымдарының кепілсіз несиелері бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 56 пайызды құрайды. Бұл сан 2012 жылы белгіленіп, содан бері қайта қаралмаған. 

"Әзірленген қаулы жобасында кепілсіз банктік несиелер бойынша ең жоғары жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемелерін 56-дан 46 пайызға дейін, кепілмен берілген несиелер бойынша 40-тан 35 пайызға дейін төмендету көзделген. Микроқаржы ұйымдарының классикалық шағын несиелері үшін жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 56 пайыздан 46 пайызға дейін төмендейді", – деді Дәурен Сәлімбаев.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram   арнасынан таба аласыз.