2023 жылдың күзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні нормативтік тұрғыда реттеу қажетін айтқан болатын. Қазір 120-дан астам ел бұл мәселені шешу үшін әртүрлі заңнамалық акті қабылдаған.
Жасанды интеллектіге – жаңа саясат
681
оқылды

 Мемлекет басшысы еліміздің де бұл саланы құқықтық тұрғыда реттеуі шетелдік компаниялардың нарыққа келуін ынталандыратынын мәлімдеген. Иә, жасанды интеллект қарқынды дамып келе жатқандықтан салаға қатысты ұлттық саясаттың болуы маңызды.  Осы ретте күні кеше ел Үкіметі  «Жасанды интеллектіні дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» қабылдады. Еліміз жасанды интеллект саласы бойынша қандай деңгейде? Жаңа тұжырымдамада не қамтылды? Алдағы жоспарымыз қандай болмақ? Талдап көрелік...

ЖИ өнімдері саны 5 есеге өсуге тиіс

Премьер-Министр Олжас Бекте­нов­тің төрағалығымен өткен Үкімет оты­рысында экономиканың түрлі са­ласына жасанды интеллект тех­но­ло­гияларын енгізу үшін стратегиялық құжат қабыл­данды. Қазақ­станда ЖИ дамыту және цифрлық ортаны құ­қықтық реттеу мә­селелері бойынша Ғылым және жоғары білім министрі Сая­сат Нұрбек, сондай-ақ Цифрлық даму, ин­новациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев баяндады. Жа­санды интеллектіні дамыту жөніндегі тұжы­рымдама биылғы 7 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген оты­рысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсыр­масы бойынша әзірленіп жатыр.

Бүгінде Қазақстанда 93 ақпараттық база қосылған Smart Data Ukimet-те мемлекеттік органдардың деректерін жи­нау бойынша шаралар кешені жүзеге асырылуда. Инфрақұрылымды дамыту шеңберінде елімізде суперкомпьютерді орналастыру, деректерді өңдеу орталық­­тарын салу, Ұлттық ЖИ платформасын құру және талшықты-оптикалық бай­­ланысты дамыту көзделген. 

Премьер-Министр жасанды ин­теллект құралдарын қолдану көп­теген күнделікті міндетті автоматтандыруға мүмкіндік беретіні баса айтылды. Атап айтқанда, бірқатар өндірістік про­цестер, денсаулық сақтау саласындағы тәуекелдерді және төтенше жағдай болжамдарын есептеп, әртүрлі қауіптер мен кибершабуылдарды анықтай алады. Жасанды интеллектіні енгізуге арналған экономиканың басым сек­торлары айқындалды. Олардың қата­рында мемлекеттік басқару, мұнай-газ, тау-кен өндіру, энергетика, көлік, логистика, сумен жабдықтау және ауыл шаруашылығы салаларындағы табиғи монополия субъек­тілері бар.

«2029 жылға қарай жасанды интел­лектіні қолданып жасалған өнімдер саны 5 есеге өсуге тиіс. Осыған сәйкес, білім беру бағдарламаларының немесе жасанды интеллект бойынша пәндердің үлесі артуы керек. Бізге осы саладағы білікті мамандар қажет. Бұл ретте отандық компаниялардың мүмкін­­діктері мен қажеттіліктерін ба­­рын­ша ескеру маңызды, бұл тұтастай эко­­но­микаға мультипликативтік әсер бере­ді», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы Цифрлық даму ми­нистрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, тұжырымдамадағы іс-шараларды жү­зеге асыруға кірісуді тапсырды. Супер­­­компью­тердің есептеу қуатын пай­далану оны бизнес пен ғылыми ортада пайдалану мүм­кіндігін қарастыру өте маңызды. Осыған байланысты Қаржы министрлігінің ал­дына ақпараттық-коммуникациялық инфра­құрылым нысандарын жалға алу рәсімін жеңіл­дету міндеті қойылды.

Ғылым министрлігіне жыл соңына дейін KazLLM үшін деректер жинауды аяқтау тапсырылды – бірінші үлкен тілдік модельді сынақтан өткізу ІІІ тоқсанда жүргізілуге тиіс.

Олжас Бектенов National Center for AI базасында «жастарды тарту, адам капи­талын дамыту және жасанды интеллект мәдениетін ілгерілету жө­ніндегі эко­жүйені» қалыптастыру қа­жетін атап өтті.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев болса «2024-2029 жасанды ин­теллектті дамыту тұжырымдамасымен» ел­де жасанды интеллект экожүйесін құру­ды мақсат етіп отырғандарын мә­лімдеді. Мәдиев тұжырымдаманың дерек­тер, ин­фра­құрылым, адами ка­питал, ғылыми зерттеулер, реттеуші орта және жеделдету бағдарламалары сияқты 6 негізгі саладан тұратынын атап «Біз елде 5 мил­лион адам­ды жа­санды интеллект дағды­ларына үй­ретуді, 500 мың сала сарапшысын оқы­туды және 2029 жылға қарай IT экс­портын 5 миллиард долларға жеткізуді мақсат етіп отырмыз», – деді.

Ал Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министр­лігінің Жасанды интеллект және ин­новациялар комитетінің төрағасы Ғиззат Байтұрсынов мемлекет саясатын үйлестіру және жасан­ды интеллектіні дамытуға қолдау көрсетуді тиімді жүзеге асыру үшін ЦДИАӨМ жаны­нан Жа­санды интеллект және иннова­циялар комитеті құрылғанын атап өтті.

«Комитеттің негізгі міндеттері – есеп­теу қуаттары бар инфрақұрылымды құру, қазақ тілі моделі KazLLM құру, жасанды интеллектті қауіпсіз, жауапты және этика­лық пайдалануға жағдай жасау, жасанды интеллектті салаларға енгізу, сондай-ақ адами капиталды дамыту. Жалпы, коми­теттің қызметі цифрлық техноло­гияларды дамытуға, түрлі цифрлық жобаны интегра­ция­лауға, цифрлық трансформацияға және цифрлық шешімдерді дамытуға бағыт­талады», – деді Ғиззат Байтұрсынов.

Цифрлық даму министрлігіне Ғы­лым, Оқу-ағарту, Еңбек министр­лік­терімен бірлесіп білім алушы маман­дардың, өңір­лік құзырет орталықтары мен бағдар­ла­малау мектептерінің санын жыл сайын арттыру мақсатында бағ­дар­ламаны қалыптастыру міндеті бекітілді.

Сонымен қатар Олжас Бектенов Әді­лет министрлігіне жасанды ин­тел­лектіні қолдану саласын реттеу үшін заңнамалық базаны жетілдіру жөніндегі жұмысты кү­шейтуді тапсырды.

ЖИ мектепте оқытылады

Мемлекет басшысы Жол­дауында: «Жасанды интеллек­тінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халық­аралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даяр­лауымыз қажет. Кемінде үш белгілі жо­ғары оқу орны жасанды интеллект сала­сына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүр­гізумен айналысуы керек» деп тапсырма берген еді. Ал Премьер-Министр Олжас Бектенов әлемде жа­санды интеллектті қолдану 2030 жылға қарай 70 пайызға қосымша эконо­микалық әсер тудыруы мүмкін еке­нін және жасанды интеллектінің арқасында көптеген күнделікті жұмыс ав­то­маттан­дырылатынын атап өтті. «Осы­ған сәйкес, білім беру бағдар­лама­ларының немесе жасанды интеллект бойынша пән­дердің үлесі артуы керек. Бізге осы сала­дағы бі­лікті мамандар қажет. Бұл ретте отан­дық компаниялардың мү­мкіндіктері мен қа­жеттіліктерін барынша ескеру маңыз­­­ды, бұл тұтастай экономикаға муль­ти­пли­ка­тивтік әсер береді», – деді ол. Со­нымен қатар ол бұған дейін Президент страте­гиялық құжат әзірлеуді тапсыр­ға­нын, заң жобасы қазір Мәжілісте жатқа­нын, ал саланы дамыту үшін білікті ма­мандар қажеттігін атап өтті. 

«Жасанды интеллектіні да­мытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжы­рым­дамасында да» сала бойынша озық ма­мандарды даярлауға жоспар жасалған. Соған сәйкес еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында машиналық оқыту, data science, кибернетика, жасанды интеллект, роботтехника сияқ­ты білім беру бағ­дар­ламасын енгізу көзделген. Бұған қоса машиналық оқыту және жасанды ин­теллект ма­ман­дарының қауымдастығы құ­рылады. Мектептерде де оқу бағ­дарла­масына жасанды интеллект модульдері енгізілуге тиіс.

Елімізде оқытушылардың қа­ты­суынсыз, peer-to-peer әдіснамасына не­гізделген практикалық оқытуды ұсы­натын бағдарламалау мектептерін іске қосу жос­парланып отыр. Бұл сту­дент­тердің өзара әрекеттесуіне және зерттеу тәсіліне ықпал етеді.

Сондай-ақ зерттеу орталықтарын құру үшін халықаралық компаниялармен және институттармен (оның ішінде Berkeley) ынтымақтастық орнатылмақ. Бұл жасанды интеллект саласындағы ғалымдарға озық әріптестермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. 

Айта кетейік, жасанды интеллект бо­йынша сертификат беретін оқыту курсын әзірлеу және ол ашық әрі қолжетімді болады. Ал 2029 жылға қарай 80 мың адам жасанды интеллект бойынша білім алуы қажет. Сонымен қатар тұжырымдамада ада­ми капиталдың өсуі үшін бірқатар білім беру және акселерациялық бағ­дарлама­ларды іске асыру жоспар­ланған. Қазір 17 жоғары оқу орны ЖИ бойынша 15 ба­ғытты енгізді. Осы мамандықтар бойынша пәндерді 2 196 студент оқиды.

Сондай-ақ адами капиталды дамыту аясында жасанды интеллект экожүйесін дамыту үшін кешенді инновациялық инфрақұрылым әзірленуде. Ел бойынша peer-to-peer әдістемесімен, яғни оқыту­шылардың қатысуынсыз жобаларды жү­зеге асыру арқылы практикалық оқы­туға негізделген бағдарламалау мек­тептерін іске қосу жоспарлануда. Бұл студенттердің өзара әрекеттесуіне және зерттеу тәсіліне ықпал етеді.

Халықаралық компаниялармен және институттармен ынтымақтаса отырып, елде зерттеу орталықтарын құру жасанды интеллект саласындағы ғалымдарға озық серіктестермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Үкімет жасанды интеллект бойын­ша білім беретін ЖОО үлесін 2025 жылы 20%-дан 2029 жылы 60%-ға дейін арт­тыруды көздеп отыр. Бұл туралы Цифр­лық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев «Жалпы, азаматтар өмірінің әртүрлі сала­ларында жасанды интеллект тарату бағ­дарламасы пысықталып жатыр. Жыл сайын 10 мың талант, 1 мың жа­санды интеллект маманы, 100 жасанды интеллект стартап және 10 ғылыми жоба дайындау жоспарланып отыр. Нысаналы инди­катор – жасанды интеллект саласын оқы­­татын жоғары оқу орындарының үлесін 2025 жылғы 20%-дан 2029 жылы 60%-ға дейін арттыру», – деген болатын.

Ғылым және жоғары білім министр­лігінің мәліметінше, елімізде жасанды интеллект са­ласындағы қандай да бір зерт­теулермен немесе әзірле­ме­лермен айна­лысатын 24 жо­ғары оқу орындары мен ғы­лы­ми орталық бар. Соның ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­­тық уни­верситеті, Л.Гу­ми­­лев атындағы Еуразия ұлт­тық университеті, Қ.Сәт­баев атын­дағы Қазақ ұлт­тық техни­калық зерттеу универ­ситеті, А.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті қазақ тілі кор­пусын әзірлеу бойын­ша жұмыс атқарып жатыр. Ал Астана халықаралық универ­ситеті табиғи тілді өңдеу, қазақ тіліндегі білімді семан­тикалық өңдеуді, Ә.Бөкейхан универси­теті Abai IT Valley техноло­гиялық кластері жасанды интеллект элементтері бар сайтты әзірлеуді, Nazarbayev University ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты қазақ тілін қолдануға қатысты 4 жобаны іске асыруды қолға алған. Бүгінде еліміздегі 4 жо­ғары оқу орны ғана, атап айт­қанда, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қ.Сәтбаев атын­дағы Қазақ ұлттық техникалық уни­верситеті, Назар­баев универ­ситеті де­ректерді өңдеуге және терең зерттеу ал­горитмдерін оқы­туға арналған тиісті жаб­дық­тармен қам­тылған. Бүгінде 17 жо­ғары оқу орны жасанды интеллект, меди­ци­надағы жа­санды ин­теллект сияқты бағытты қоса алғанда, ЖИ бойынша 15 жаңа білім беру бағ­дар­ламасын енгізді. Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда универ­ситетінде Сеул ұлттық ғылым және техно­логиялар уни­вер­ситетінің ЖИ және ин­форматика мектебі ашылды, ал Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-да City University of Hong Kong филиалы құрылды. Қыркүйек айында Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-да ЖИ бойынша халықаралық зерттеу орта­лығын ашу жоспарлануда. Astana IT University «бизнеске ЖИ» бағдарламасын әзірлеу үшін University of Genoa-мен ке­лісімге қол қоюды жоспарлап отыр, ал М.Ломоносов атындағы ММУ 2024/2025 оқу жылында енгізілетін «ЖИ есептеу технологиялары мен әдістері» бағдар­ламасын әзірлеуде.

Жасанды интеллекттегі қазақ тілі

Тұжырымдамадағы маңызды бағыт­тардың бірі – нейрондық желілерге не­гізделген ұлттық тіл моделін әзірлеп, енгізу. «Ұлттық тіл моделін іске асыру жасанды интеллект бойынша түрлі жобада қазақ тілін қолдануға мүмкіндік береді, осы­лайша шетелдік сервистерге тәуел­ділікті азайтады. Сонымен қоса, аталған бағыт бойынша отандық са­раптама жасауға мүмкіндік береді, цифр­лық ортада өз мәдениеті мен құнды­лықтарын сақтауға ықпал етіп, бір тілдік топқа кіретін тілдік модельді дамытуға серпін береді», – де­лінген жарияланған құжат жобасында.

Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігі мәдени және тілдік мұраны дамыту үшін заманауи үлкен тіл моделін (LLM) құру бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінде бірнеше білім беру ұйы­мынан – Ақпараттық және есептеу тех­нологиялары институтынан, Сәтбаев университетінен, Назарбаев универ­ситетінен, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ҰҒПО, А.Байтұрсынов атын­дағы Тіл білімі институтынан және ҚазҰУ-дан консорциум құрылды. Ма­мандар шамамен 6 млрд сөз қолданысын жинады, жиын­тықты шешімдер арқылы супер­компью­терді қолдана отырып, LLM моделі үйретіліп жатыр.

Осы ретте біз А.Байтұрсынұлы атын­дағы Тіл білімін институты, Қолданбалы лингвистика бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ.д. Айман Жаңабековадан пікір алуды жөн деп таптық. Ол А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институт заман сұранысына жауап беретін қолданбалы ба­ғыттағы жобалар бойынша қызу жұмыс істеп жатқанын айтады.

 «Бүгінгі жаһандану үдерісі азаматтық қоғамның барлық саласында өркениеттің даму деңгейін көрсететін бір көрсеткіш болып отыр. Бұл кезең, әсіресе адам еңбегін автоматтандырумен тығыз бай­ланысты. Қоғамдық қызметтің барлық саласында бұрынғы қол жұмысы арқылы орындалатын қызметтер қазір роботтарға жүктеліп, адам ең­бегі әлдеқайда жеңіл­детілді. Ал бұндай роботтарды іске қо­судың түрлі жолы бар, бірі алгоритм ар­қылы жұмыс істесе, енді бірі көлемді материалдарды оқу ар­қылы жұ­мыс істейді. Жасанды ин­теллект де­геніміз – оқу ар­қылы білік-дағдыға ие бола­тын автоматты бағдарлама. Жасанды интеллект тек қо­ғамның жара­тылыстану са­ласында ғана емес, гумани­тар­лық салаларын да авто­мат­тандыруға мүмкіндігі бар. Ай­талық, ол көлемді мә­тіндерді оқу арқылы тілдік заң­ды­лықтарды өз бетінше үйрене ала­ды. Дұрыс құрылған сөй­лемдер, дұрыс же­т­кізілген ойдың көлемді жиын­тығы – ;асанды интел­лектіні оқытудың тілта­нымдық базасы болады. Осы ретте А. Бай­тұрсын­ұлы атындағы Тіл білімі ин­ституты Қазақ тілінің ұлттық корпусын жасау ісін біраз уа­қыттан бері қолға алып, бүгінгі күнде оның мәтіндік базасының көлемін 40 миллион сөзқол­даныстан асырды. Қазір де корпус базасына салуға дайын­далып, өңделіп жатқан қыр­уар мә­тіндік қор бар. Қазақ тілінің ұлттық корпусы тек мәтіндік қор ғана емес, линг­вистикалық бі­лімдермен қам­тамасыз етілген ақылды жүйе. Бұл линг­вистикалық база келешек жа­санды интеллектіні оқытуға өз үлесін қосатыны даусыз. Семан­тикалық, морфологиялық, фоне­тикалық тағы басқа білімдер мәтіннің формальды-жүйелік құ­­рылымын ғана емес, тақы­рыптық-семанти­калық маз­мұнын авто­матты танудың кілті болмақ», – дейді фило­логия ғылым­дарының докторы.

Сонымен қатар кейіпкеріміз жа­санды интеллектіні оқыту тілдік ма­териалдарды алгоритмдеу, авто­матты тану сияқты істер арқылы жүзеге аса­тынын айтады. «Ин­ститут осы ретте «Мәтінді автоматты тану» та­қырыбы бойынша нысаналы қаржы­ландыру аясында біршама жұмыс атқарды. Сурет мәтіндерді анықтау үшін (CNN мо­делі) компьютерлік есептеу құрал­дарында виртуалды нейрондық байла­ныстар құру арқы­лы бейнелерді қатпар-қатпарға бөлу негі­зінде талдай алатын жасанды нейрон жүйелерінің моделін (бағдар­ламасын) жасады. Бұл фотоәріптерді тануға мүм­кіндік береді. Сондай-ақ қазақ тілін­дегі электронды кітап­тарды конвер­тация­лайтын ридер-конвертор әзір­ленді. Мәтін ішіндегі сөздерге тү­сіндірме беретін элек­торонды сөз­діктер жасалып, олар Ридер-кон­верторға байланды. Мұн­дай тілта­нымдық база келешекте Жасанды интел­лектіні оқытуды жеңілдету үшін аса қажет интел­лектуалды ресурстар болып та­былады.

Мәтін ішінде кездесетін барлық тілдік бірліктерді автомат тану үшін Тіл білімі институтында қорланған тілтанымдық база жасанды интел­лект жұмысына бейім­деліп, ХЛ-файлдарға түсірілді. Мәтін ішін­де кездесетін қателерді автоматты тану үшін Ор­фограммалар сөздігі жа­салды. Мәтін ішінде кездесетін жал­қы есімдерді тану үшін Онимдер базасы (кісі есімі, жер-су атаулары тағы басқа) дайын­далды. Мәтін ішін­де кездесетін кел келген сөз ма­ғынасын түсіндіретін Семан­тикалық анализатор, кез келген дыбысты тал­дайтын және буынға автоматты түрде бөлетін Фо­не­тикалық ана­лизатор әзірленді. Мәтін жазу кезінде жазу­шының сөз­дік қорын түрлендіруге көмекші құрал болатын Сино­ни­май­зер іске қосылды. Бұдан басқа да әлі іске қосылмаған линг­вистикалық ре­сурстар дайын­далып жатыр», – дейді Айман Жаңабекова. Қорыта кел­генде, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі ин­ституты қазір заман сұ­ранысына жауап беретін қолдан­балы бағыттағы жобалар бойынша қызу жұмыс істеп жатыр. Бұл істі қа­­зір институт бас­шысы Анар Фа­зылжан тікелей өзі басқарып отыр. 

Түйін:

Ғалам жасанды интеллектіні то­лық пайдалануға, ашуға барын са­­лып жатыр. Кейбір бағалаулар бо­йын­­ша, 2030 жылға қарай бұл сала әлем­­дік ІЖӨ-нің 7 пайызын қам­та­­масыз етпек. Ал 2027 жылға та­ман жаһандық жасанды интеллект нарығын капиталдандыру 400 миллиард доллардан асады. Бұл ретте барлық мемлекет ғылымның жаңа саласын барынша игеруге толық жігерін салуға даяр. Осы жарыста біздің еліміз де көш соңында қалмас деп үміттенеміз. Қабылданған тұжырымдама соның алғышарты болар деп сенеміз.

Наурызбек САРША