Ауыл шаруашылығы – партия бақылауында
Ауыл шаруашылығы – партия бақылауында
265
оқылды
Соңғы 5 жылда ауыл ша­руашылығын субсидиялау ережесі 47 рет өзгеріпті. Nur Otan партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұл саясатын қолайсыз көріп отыр. Ке­йінгі 10 жылда аграрлық са­лаға республикалық бюд­­­жеттен 2 трлн теңге­ден астам қаржы бөлін­геніне қарамастан, фер­мер­лердің 60%-ы ға­на мем­­лекеттік қолдау ша­ра­ларымен қамтылған. Негізінен, субсидия ірі кәсіп­­орындарға бөлінеді, ал ша­ғын қо­жалықтарға мұның еш қатысы жоқ. Кеңес мү­шесі, Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова субси­дия берудің дұрыс тәр­тібі бол­мағандықтан, берілген қа­ра­жатты теріс пайдалану­шылық орын алып отыр деген пікірде. – Qoldau субсидиялаудың ақпараттық жүйесі процестерді жеңілдетуге және сыбайлас жемқорлықты жоюға бағыт­талған. Іс жүзінде біз оның дұ­рыс жұмыс істемейтінін көріп отырмыз. Электронды кезек қолда қаражат болған кезде ғана іске асады. Жүйе алдағы уақытқа бейімделмеген, «күту парағы» арқылы кезекке тұру мүмкіндігі жоқ. Мұндай мүмкіндік неге берілмей отыр? – дейді халық қалаулысы. Бұл пікірді кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мү­шесі Омархан Өксікбаев та қолдады. – Ауылшаруашылық өнер­кәсібін дамытудың стратегия­лық бағытын анықтап, субсидия беруді тұрақтандырып және оның тәртібін заңдастыру ке­рек, – деп атап өтті Nur Otan пар­тиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қо­ғам­дық ке­ңестің төрағасы. Ауыл шаруашылық ми­нистрі Сапархан Омаров субси­дия беру тәртібінің жиі өзгеруі агроөнеркәсіп кешені са­лаларының дұрыс қаржылан­дырылмауынан деп түсіндірді. Оның берген ақпараты бойынша қазір жылына 300 млрд теңге, қажет болған жағдайда 400 млрд теңге бөлініп отыр. – Мемлекеттік қолдау ша­ра­ларын тұрақтандыру үшін заңнамалық деңгейде 5 жылға норма енгізу жоспарланған. 2018 жылдан бастап министрлік субсидиялау саласындағы сы­байлас жемқорлықтың алдын алу және жемқорлық тәуе­кел­дерін азайту жөніндегі жұ­мыс­тың тиімділігін арттыру мақ­сатында өз процестерін автоматтандырып жатыр. Бүгінде субсидия берудің өтініш беруден бастап мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін алғанға дейінгі аралықтағы 16 бағыты автоматтандырылған, – деді министр. Алайда ауыл шаруашылығы саласындағы күрделі мәселелер мұнымен бітпейді. АШМ анықтамалардың көбін бәз-баяғыша қағаз түрінде ұсынады. Бұл мал дәрігерлік анықтаманы беру, ауыл шаруашылық техникасын басқару құқығына куәлік алу, техниканы және т.б. кепілді тіркеу. Сондай-ақ кеңес мүшелері бұл қызмет түрлерін egov.kz. электронды үкімет базасына өткізуді ұсынып отыр. Кеңестің пікірінше, бұл сыбайлас жемқорлық тәуе­келдерін айтарлықтай төмен­детуге мүмкіндік береді. Өйткені фермерлердің министрліктің лауазымды тұлғаларымен ті­келей байланысы болмайды. Отырыс қорытындысы бойынша Nur Otan партиясы жанындағы Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл жө­ніндегі республикалық қоғамдық кеңес ауыл шаруашылығы ми­нистрлігіне аймақтық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің қызметіне бақылауды күшейтуді және бөлінетін субсидиялардың заңдылығы бойынша тұрақты тексерулер жүргізуді ұсынды. Сонымен қатар кеңес жер иелерінің мүдделерін ескере отырып, Qoldau субсидиялаудың ақпараттық жүйесін жетілдіру керек екенін алға тартты.   Әбілмансұр ЖАСАН