Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытындағы апаттан зардап шеккен 8 адамның төртеуі қайтыс болып, төртеуі жансақтау бөлімінде жатыр
Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытында осыған дейін де адам күйген
737
оқылды

Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытындағы апаттан зардап шеккен 8 адамның төртеуі қайтыс болып, төртеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл облыста өндірістік апат болды десе, ойға бірден Кеңес заманынан бері игеріліп жатқан шахталар оралатын әдеті бар. Олармен салыстырғанда ферроқорытпа зауыты мүлде жаңа деуге болады. Мемлекеттің ашық дереккөздеріндегі осы зауытқа иелік ететін  YDD Corporation  жауапкершілігі шектеулі серіктестігі туралы мәліметтерге Kazinform шолу жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Құдандалы бизнес және Кипрмен байланыс

20 шілденің таңында болған өрттен кейін әлеуметтік желі мен БАҚ-та бұл зауыттың иесі Мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің сыңары Ерлан Нығматулин екені туралы дерек қаптады.

Шынымен де шойын, болат және ферроқорытпа өндірумен айналысатын  YDD Corporation  ЖШС алғаш 2016 жылдың 11 қарашасында тіркелген кезде құрылтайшысы Ерлан Зайруллаұлы Нығматулин екені көрсетілген.

Кейін құрылтайшылар құрамы кеңейіп, бірнеше рет өзгерген. Құрылтай құжаттарына енгізілген соңғы толықтырулар мен өзгерістерге сенсек, қазір бұл кәсіпорынға үш тұлға иелік етеді. Олар: Imperiyumcy Holdings Limited, Нигматулин Ерлан Зайруллаевич және Аппаз Жармухамед Динмухаметулы (құжаттағы орфография сақталды - ред.).

Ерлан Нығматулиннің атында бұл кәсіпорыннан басқа тағы үш компания тіркелген:

  •  Asia FerroAlloys ЖШС (бұрынғы атауы Qaz Carbon – ред.);
  • EkibastuzFerroAlloys ЖШС;
  • QAZ ENRICHMENT ЖШС.

Екінші құрылтайшы Жармұхамед Аппаздың атында  YDD Corporation  ЖШС-нан бөлек, «Қазақстан коммуналдық жүйелері»,  Ordabasy Group, «Жаркент Фрукт» ЖШС-лары бар.

Бұл құрылтайшының есімі былтыр күзде БАҚ-та көп тарады. 2022 жылдың 28 желтоқсанында Алматыдағы Little Brazil мейрамханасында болған төбелесте осы Жармұхамед Аппаз зардап шегушілердің бірі ретінде танылып, 7 адам 6 және 6,5 жылға сотталған еді. Солардың арасында танымал актер Асқар Жұмабек те болған. Сол кезде Жармұхамед Аппаздың миллиардер Дінмұхамет Ыдырысовтың ұлы екені мәлім болған. БАҚ бұл адамның Нұрлан Нығматулиннің құдасы екенін талай рет жазды.

Ал үшінші құрылтайшы Imperiyumcy Holdings Limited 2019 жылдың 2 қазанында Кипрде тіркелген. Сондықтан Қазақстанның мемлекеттік ашық дереккөздерінде бұл кәсіпорын туралы ресми мәлімет жоқ.

сот
Фото: Kazinform

Екеудің соты

Сот дегеннен шығады, ашық дереккөздерден  YDD Corporation ЖШС-ның қатысуымен 18 сот ісі қаралғанын көруге болады. Оның ішінде 3 іс «адам денсаулығына келтірілген зиянды өтеу» талабымен байланысты.

Үш істің екеуінде қарсы тарап – бір тұлға. Зауыт аумағындағы оқиғаның кесірінен екінші топтағы мүгедектікке душар болған жүк тиеуші «YDD Corporation» ЖШС-нен моральдік шығынның өтеуі ретінде 10 млн теңге талап етіп, сот шешімі бойынша 1,5 млн теңге өндіріп алған. Сот материалдарынан жұмыс беруші компанияның арнайы комиссиясы мүгедектікке душар еткен оқыс оқиғада жүк тиеушінің кінәсі 90 пайыз, жұмыс берушінің кінәсі 10 пайыз деп қорытынды шығарғанын көруге болады. Қарағанды қаласы Ә. Бөкейхан ауданының азаматтық соты комиссия  қорытындысын теріске шығарып, жұмыс берушінің кінәсін 100 пайыз деп белгілеген.

Үшінші іске келсек,  YDD Corporation ЖШС-нан тапсырыс алған жеке кәсіпкер бояу жұмыстарына сырттан адам жалдайды. Бояушыны зауыт аумағында кен балқытатын пештің жалыны шарпып, беті мен құлағы, екі қолының білезігі, қос жауырыны, екі бөксесі күйген. Іс материалында кен балқыту пеші жұмыс істеп тұрған кезде оның маңайына бөгде адамдарды жіберу қауіпсіздік ережесіне қайшы екені айтылған. Арызданушы компаниядан күйік шалған қолын қалпына келтіру үшін Оңтүстік Кореяда пластикалық ота жасатуға 19,2 млн теңге, моральдық шығын өтеуі ретінде 100 млн теңге талап етеді. Сот Бәтпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының қорытындысын негізге алып, мұндай пластикалық отаны медициналық сақтандыру аясында жасатуға болатынын алға тартып, 19,2 млн теңге өтемақы төлеу туралы талапты қанағаттандырудан бас тартқан. Ал өтеуге жататын моральдық шығын көлемін 100 млн теңге емес, 2 млн теңге деп белгілеген.

Бұдан шығатын қорытынды,  YDD Corporation зауытында 20 шілдедегі апатқа дейін де, нақты айтсақ, 2022 жылдың 12 мамырында өндіріс кезінде адамды күйік шалу фактісі тіркелген. Сол кезде сот шешіміне негіз болған қорытындыны жасаған Бәтпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының комбустиолог дәрігерлері осы жолғы апатта зардап шеккендерді емдеуге тартылып отыр.

салық
Фото: Pixabay

8 жылда 12 млрд теңге салық

Зауыттың ресми сайтындағы мәлімет бойынша, өнімдерін әлемнің 50 елі тұтынады. Арасында Жапония, Оңтүстік Корея, Еуропа мен Америка елдері де бар. Кәсіпорын негізінен ыстыққа төзімді болат, конструкциялық болат, рессор мен серіппелер жасауға арналған болат, электр-техникалық болат сияқты шикізат түрлерін өндіреді. Соның ішінде ең көп экспортталатын өнім – болат, шойын қорытпаларын мүжілу мен тот басуға төзімді ететін ферросилиций (FeSi75). Ол конструкциялық құрылыстарда, кеме, әуекөліктерін құрастыруда, автомобиль жасауда кең қолданылады. Жыл сайын осы ферросилицийдің 240 мың тоннасын өндіреді. Бұған қоса, жыл сайын 10 мың тонна ферросилиций шлагын (қож), 18 мың тонна микрокремний (силикат тозаңы) шығарады. 

Зауытта металл балқытып, ферроқорытпа алатын 4 пеш бар. Әрқайсысының қуаты – 85,5 мегавольт-ампер.

Statsnet.co ресурсының мәліметі бойынша,  YDD Corporation  жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2016 жылдан бері бюджетке 12 млрд 388 млн 676,5 мың теңге салық төлеген. Соның ішінде 2022 жылы барынша көп салық аударған – 5,3 млрд теңгеге жуық. Ал былтыр төлеген салығының көлемі 1,9 млрд теңге ғана болған.

Мемлекеттік сатып алулар ресурсында да, «Самұрық-Қазына» қорының квазимемлекеттік сатып алулар тізбесінде де  YDD Corporation  ЖШС-ның мәліметтері табылған жоқ.

Vlast.kz ресурсында жарияланған журналистік зерттеуде Ерлан Нығматулин үш бірдей ферроқорытпа зауытын (YDD Corporation, Asia FerroAlloys, EkibastuzFerroAlloys) салуға мемлекеттен 177 млрд теңге тартқаны айтылады. Оның ішінде  YDD Corporation  ЖШС салуға мемлекеттен 36,6 млрд теңге несие бөлінген. Зерттеуде бұл зауыттардың сәтті салынып, нарыққа дендеп кіруіне «Қазақстан даму банкі» қаржылай қолдау көрсеткені туралы деректер келтірілген. Қаңтар оқиғасынан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл институтты «таңдаулы ортаның жеке банкіне айналғанын» сынаған сәтті де еске салады.

Мұның сыртында Сыртқы істер министрлігінің салалық комитетімен жасалған келісімшарттың арқасында аталған үш зауыт кеден бажынан, импортқа қосылған құн салығынан босатылып, заттай грант алған. Автор заттай грант ретінде зауыт құрылысына қаланың өндіріс ошағына қажет инфрақұрылым сақадай сай аумағынан 126 гектар жер берілді деп топшылайды.