Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, гуманитарлық ғылымдар және өнер факультетінде оқитын Альфия Әділқызын Парижге сапары алдында университет ректоры Саламат Идрисов сәттілік тілеп, шығарып салды.
Атыраулық студент Париж паралимпиадасына қатысады
961
оқылды

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттері Парижде өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындарынан кейін басталатын XVII жазғы паралимпиадаға жолдама алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, гуманитарлық ғылымдар және өнер факультетінде оқитын Альфия Әділқызын Парижге сапары алдында университет ректоры Саламат Идрисов  сәттілік тілеп, шығарып салды.

ҚР чемпионатының жеңімпазы, әлем чемпионатының командалық белдесуінде қола жүлде, Финляндияда өткен халықаралық турнирде күміс жүлде иеленген Альфия паралимпиадаға парадзюдодан 57 келі салмақта күресуге жолдама алды.

" Осы уақытқа дейін Азия чемпионатында чемпион атандым. Бұл –  ең үлкен жетістігім», – дейді Альфия.

Спортшы қыздың жаттықтырушысы Жандос Қарақожаұлы Альфияның 2022 жылдан бастап парадзюдомен айналысып, көптеген жетістіктерге жеткенін атап өтті. 

"Қазіргі таңда ұлттық құрамадағы ең жас дзюдошы және болашағынан үміт күттіретін палуандардың бірі», – дейді  Альфияның бапкері.

Сондай-ақ Атырау университетінің денешынықтыру мамандығының 2024 жылғы түлегі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Али Махұлбеков пара үстел теннисінен жарысқа қатысуға лицензия алды.

XVII жазғы Париж-2024 Паралимпиада ойындары 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында өтеді.

Олимпиада қатысушылары 23 спорт түрінен 549 медальды сарапқа салады.

Баян Жанұзақова, Атырау облысы