Үкімет басшысы табиғи резерват аумағындағы орман тәлімбағы кешені мен ағаш тұқымы стансасын аралап көрді, онда заманауи швед жабдықтары арқылы жеделдетілген технология бойынша жабық тамыр жүйесі бар қарағай көшеттері өсіріледі.
Олжас Бектенов «Семей орманындағы» өртенген қарағайлы орманды қалпына келтіру жұмысын тексерді
1,920
оқылды

Премьер-Министр Олжас Бектенов Абай облысына жұмыс сапары аясында «Семей орманы» табиғи резерваты аумағын әуеден тексеріп, Мемлекет басшысының өртенген қарағайлы орманды қалпына келтіру және өрттің алдын алу, орман шаруашылығындағы мәселелерді шешу жөніндегі тапсырмаларының орындалуын тексерді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бүгінгі таңда былтырғы маусым айында орын алған, 66 мың гектарға жуық орман қоры зардап шеккен ірі орман өртінің салдарын жою мақсатында ағаштарды көбейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Үкімет басшысы табиғи резерват аумағындағы орман тәлімбағы кешені мен ағаш тұқымы стансасын аралап көрді, онда заманауи швед жабдықтары арқылы жеделдетілген технология бойынша жабық тамыр жүйесі бар қарағай көшеттері өсіріледі. Бір жылда мамандар екі рет: жалпы 3 млн көшетке дейін алады. Жабық тамыр жүйесі бар көшеттердің сапасы дәстүрлі әдіспен өсірілетіндерден жоғары, бұл орман дақылдарының жоғары деңгейде жерсінуін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ резерват аумағында Ертіс өңірінің таспа қарағайын өсіру және қалпына келтіру жобалары іске асырылуда. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Семей орманы» резерватының аумағына 70 мыңнан астам көшет отырғызылды.

Сонымен қатар сау көшеттерді дің зиянкестерінің таралуынан және қурап жатқан орманның жаңа ошақтарының пайда болуынан сақтау және қорғау мақсатында өртенген сүрекдіңдер кесіледі. Күйген ағаштарды кәдеге жарату және қайта өңдеу үшін өңірде дайын өнім – ЛАБТ, АЖТ, ББТ, отын брикеттерін шығаратын ағаш өңдеу кешенін салуға 7,5 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. Бүгінгі таңда Семей қаласының индустриалды аймағындағы 55 га жер телімін тіркеу рәсімі жүргізілуде. Бұл ретте өткен жылы табиғи резерват аумағында өз күшімен 38,3 мың текше метр жұмыр ағаш дайындалды. Жоба аясында 530 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Үкімет басшысы «Семей орманы» аумағында құқықтық тәртіптің сақталуын қатаң бақылау қажеттігін атап өтті. Бүгінде Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері прокуратураның үйлестіруімен орманды заңсыз кесу және ұрлау фактілерін анықтады.

«Өткен жылы алапат өрт орын алды – біз 66 мың га орман қорын жоғалттық. Бұл бүкіл “Семей орманы” алқабының оннан бір бөлігі, сондықтан орман өрттерінің алдын алу өте маңызды міндет. Біз Президенттің тапсырмасы бойынша биыл бірінші болып соққы қабылдайтын ТЖМ және орман шаруашылығы құрылымдарын техникамен жабдықтау бағдарламасын қолға алдық. Аталған бағдарламаны жалғастырып, сіздерді заманауи техникамен қамтамасыз етеміз. Айтқым келген тағы бір маңызды мәселе – заңсыз ағаш кесумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтар туралы. Олармен күресу керек. Сіздер олардың бар екенін менен жақсы білесіздер. Мен тіпті жекелеген қызметкерлерге заңсыз ағаш кесуге кедергі келтірмеу қаупі төніп тұрғанын білемін. Міне, мұнымен күресу керек. Бұл жерде Ішкі істер министрлігі өте мұқият назар аударуы қажет. Орман – біздің ұлттық байлығымыз. Заңсыз ағаш кесумен айналысатындар – мемлекеттің жауы. Мұнда бүкіл мемлекет күш салып, түбегейлі соққы беруі керек. Бұл сіздердің және құқық қорғау органдарының міндеті», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Премьер-Министр материалды-техникалық базаны жаңарту, орман шаруашылығы қызметкерлерін қолдау шаралары мәселелерін көтерді. Мәселен, 2023-2027 жылдарға арналған «Семей орманы» резерваты үшін материалдық-техникалық жарақтандыруды кезең-кезеңімен нығайту жөніндегі кешенді жоспар шеңберінде былтыр жалпы сомасы 1,4 млрд теңгеге 37 бірлік арнайы техника, оның ішінде өрт сөндіру машиналары, шағын орман өрт кешендері, трактор, патрульдік автокөлік сатып алынды. Жұмыс жалғасуда.

Президенттің тапсырмасы бойынша орман және табиғатты қорғау ұйымдары қызметкерлерін қолдау мақсатында өткен жылы мемлекеттік орман күзетінің 12 876 қызметкерінің жалақысы 100%-ға көтерілді. Биыл Үкімет қаулысымен 1 шілдеден бастап еліміздегі орман және табиғатты қорғау мекемелерінің қызметкерлері лауазымдық жалақыларына үстемеақы ала бастады. Орман өрт сөндіру бекеттерінің, орман шаруашылығы мекемелерінің, табиғатты қорғау және орман орналастыру ұйымдары қызметкерлерінің лауазымдық жалақысына 100%-ға дейін үстемеақы алады. Барлығы 3,3 мыңға жуық қызметкер қосымша ақымен қамтылды. Аталған мақсаттар үшін 2024-2027 жылдарға республикалық бюджеттен 8,4 млрд теңге қарастырылған.

Үкімет басшысы өрт қауіпсіздігінің маңыздылығына тоқталып, «Семей орманы» резерватының, Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен әкімдікке өртке қарсы қызметтердің күштері мен құралдарының тұрақты әзірлігін қамтамасыз етуді тапсырды. 

«Орман алқаптарын сақтау мәселесі және өртке қарсы шараларды қабылдау біздің ерекше назарымызда болады. Мұндай апаттардың қайталануына жол беруге болмайды. Апаттың алдын алу шараларын қағаз жүзінде емес, нақты іс жүзінде толықтай жүзеге асыру маңызды. Ол үшін біз резерватты жарақтандыруды жалғастырамыз, оның ішінде орман өрттерін ерте анықтау жүйесін орнатамыз», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Экология және табиғи ресурстар министрлігіне Абай облысының әкімдігімен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Семей орманын» материалдық-техникалық жарақтандыру және орман алқабын молайту жөніндегі жұмыстарды жалғастыру, сондай-ақ күйген ағаштарды кәдеге асыру жөніндегі жобаны іске асыруға қолдау көрсету тапсырылды.

Анықтама: Бүгінгі таңда Абай облысында табиғи өрттердің алдын алу және дер кезінде әрекет ету мақсатында 132 адамнан тұратын 32 мобилді топ құрылды. «Қазавиақұтқару» тікұшағы кезекшілікте және аумақты патрульдеу жүргізіледі. 404 рейдтік іс-шара өткізілді, 109 тәртіп бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.