Кеше ғана алауын жаққан Париж төріндегі XXXIII жазғы Олимпиада ойындарына сайдың тасындай жан-жақтан жиналған сайыпқырандар ел намысын қорғауға аттанып, қалың ел спортшыларын үкілі үмітпен шығарып салған еді.
Елдіктің нышаны – рәміздер
513
оқылды

Олимпиада дегеніміз – тек әр елдің спорттағы бәсекесі ғана емес, жеңіс тұғырынан көрінетін елдердің елдік нышаны көрініс беріп, байрағы желбіреп, Әнұраны шырқалатын санаулы мүмкіндіктің бірі. Бұл ретте ел Рә­міздерінің алатын орны бөлек.

Көк Тудың желбірегені

Иә, рәміздер қайсыбір ел болмасын –­ елдіктің нышаны. Көк Туымыз, Әнұранымыз, Елтаңбамызды қанша қадірлесек те артық емес. 2020 жылдың қазан айында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік рәміздерді пайдалану туралы заңнаманы қайта қарау қажетін мәлімдеген болатын. Осыдан кейін Туды балконға ілуге ресми рұқсат берілді. Бірақ тек патриоттық сезім мен қазақы болмысты таныту үшін, Қазақстан мен ел азаматтарының жетістіктерін қол­дау мақсатында ілуге мүмкіндік берілді. Мемлекет басшысы сол кезде Twitter парақшасына: «Қолданыстағы заңнамада Туымызды пайдалануға қатысты шектеулер бар. Мысалы, пәтерлердің балконына немесе үйлердің қабырғасына Ту ілуге тыйым салынған. Заңнамалық және нормативтік актілерді, ең алдымен, Мемлекеттік рәміз­дерді пайдалану қағидаларын қайта қарау қажет. Парламенттің бірқатар депутаты мен азаматтарымыздың еліміздің Мемлекеттік рәміздерін, атап айтқанда, мемлекеттік Туын кеңінен қолдану туралы ұсынысын қол­даймын», – деп жазды. Осыдан келіп Мемлекеттік рәміздерді халықтың жаппай қолдануына қатысты бұрын қабылданған шектеулерді азайту, ел азаматтарының мемлекеттік Туды өз тұрғын үйлерінің бал­кондарына немесе қабырғасына ілуі­не заңнамалық тұрғыдан рұқсат беру қажеттігі жөнінде тапсырма берді. Осы­лайша, қазақстандықтар өз тұрғын үйі­нің балконына ұлттық стандартқа сай тігілген (көлеміне қарамастан) Туды іле алатын болды. Мемлекеттік Ту ұлттық стандартқа сәйкес келмеген жағдайда, ол ауыстырылады немесе жойылады. Туды бір қабатты және көпқабатты ғимараттарда экстерьерлі нұсқада орналастыру кезінде ғимараттың сәулет ерекшелігіне қарамастан пайдалануға болады. Тұрғындарға ғима­ратқа ілінген Туға қараңғыда жарық түсіріп тұру міндетті емес. Туды үйде адамға немесе затқа құрмет ретінде төмен түсіруге, теріс қаратып қоюға болмайды. Ту жерге, еденге, суға тиіп тұрмауы керек. Абайсызда суға тиіп кеткен жағдайда келесі қолданылғанға дейін мұқият тазалануға тиіс. Тудың өңін жоғалтпауына, табиғи құбылыстар сал­дарынан бүлініп қалмауына жіті назар аударуымыз қажет. Туды кірлетуге, был­ғауға, жыртуға, жазу жазуға, сурет салуға, майлық ретінде пайдалануға және басқа да бірреттік қолданыстағы заттарға, сон­дай-ақ белден төмен киілетін киім-ке­шекке, төсек-орынға бейнелеуге тыйым салынады. Тудың сабы көлденеңінен кө­­те­рілмейді. Үйде ілінетін Ту және оның бейнесі шаруашылық-тұрмыстық бөлмелерден, кіреберістен және киім ілетін бөлмелерден алыс орналасуы керек. Туды кез келген кәсіпорынның шығаруына рұқсат етілмейді, оны тек лицензиясы бар кәсіпорындар ғана шығара алады. Туды осы кәсіпорындармен келісімшартқа отырған дүкендерден сатып алу қажет. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексте ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келмейтін мемлекеттік Туды заңсыз дайындағаны үшін әкімшілік айыппұл қарастырылған. Жеке тұлғаларға – 25 АЕК, лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 50 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 75 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 АЕК (айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 2024 жылдың қаңтарынан бастап – 3 692 теңге

Таласқа түссе жан мен Ту

Мемлекеттік рәміздерімізді қорлау фактілері кездесіп қалып жататыны жасырын емес. 2012 жылы  ақпан айында Қостанай қаласында шаңғы фестивалінің ашылу  салтанатында  Әнұранымыздың орнына шетелдік әнші Рикки Мартиннің Livin La Vida Loca деген өлеңін қойғаны күллі әлемге тарап кетті. Сол жылдың наурыз айының 22 жұлдызында Кувейтте халықаралық жарыста нысана көздеуден еліміздің абыройын асқақтатқан жеңімпаз Мария Дмитриенконы марапаттау кезін­де  мемлекеттік Әнұранның орнына сай­қымазақ Саша Коэннің атышулы «Борат» фильміндегі ағылшын тіліндегі әуен қойылған. Өкінішке қарай, жеңіс тұғырына көтерілген спортшымыз еш саспастан, кеудесіне қолын қойып, сол әнге соңына дейін ұйып тұра берген оқиға болды.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Үндістанда су спорты түрлерінен жөспірімдер ара­сындағы Азия чемпионаты өтіп, қазақ­стандық қыздар командасы ұйымдастыру­шылар тоқтатып тастаған Әнұранымызды өздері айтып шыққаны көпшіліктің әлі де есінде болар. Жалпы, мұндай оқи­ға­лар әлемде жиі болып тұрады. Деген­мен халықаралық аренада еліміздің басты Әнұраны айтылып жатқандағы спортшыларымыздың әрекеті – еліміздің иммиджіне әсер ететінін ұмытпағанымыз жөн. 

Түйін: Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорда төрінде жиналған жұртшылықты Мемлекеттік рәміздер күнімен, елдігімізді нығайта түсетін мерейлі мерекемен құттықтауында: «Спортшыларымыз Туымызды талай рет жеңіс тұғырына көтерді. Жақында қазақтың қайсар қыздары Эверестке шықты. Туымыз әлемнің ең биік шыңында тағы да желбіреді. Алда Олимпиада ойындары келе жатыр. Намысты өрендеріміз Париж төрінде Туымызды тік ұстайды деп сенемін», – деген еді. Кеше ғана алауын жаққан Париж төріндегі XXXIII жазғы Олимпиада ойындарына отандастарымыз да белдерін түйіп, тас-түйін болып аттанды.  Жалпы, егемендік жылдары Қазақстан 7 жазғы олимпиадалық ойынға қатысып, 71 медальді ел қоржынына салды, оның ішінде 14 алтын медаль бар. Сондай-ақ еліміздің спортшылары қысқы Олимпиада ойындарынан түрлі дәрежедегі 8 медальді иеленді, оның ішінде 1 алтын бар. Демек, Әнұранымыз 15 рет шырқалып, көк Туымыз сол көлемде желбіреді деген сөз. Постсоветтік елдердің спортшылары тәуелсіздік жылдары жазғы Олимпиада ойындарындағы есеп бойынша Қазақстан үшінші орында тұр: 14+22+35=71. Биыл Парижде өтетін ХХХІІІ жазғы Олимпиадаға баратын Қазақстан командасы 25 спорт түрінен 83 лицензия алды. Еліміздің спортшылары осы жолы да көк Туымызды көкте желбіретіп, Әнұранымызды шарықтата береді деп сенеміз.

Наурызбек САРША