Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырған Астанадағы бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысты. Іс-шарада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мен Астана қаласының басшылық құрамы да болды.
«Жастарға жұмыс»: 25 мың жас жолдама алды
1,176
оқылды

Бос орындар жәрмеңкесі елорда ор­талығындағы Нұржол бульварында ашық аспан астында өтті. Онда мемле­кеттік органдар, квазимемлекеттік сектор және жеке компаниялар арасынан 100-ге жуық жұмыс беруші 2 мыңға жуық бос жұмыс орнын ұсынды. Олардың ішінде: Қаз­атомөнеркәсіп, Halyk bank, Қазпошта, Samruk-Kazyna Construction, «Хабар» агенттігі, Қазақтелеком, Qazaq air және басқа да ұйымдар бар. Іс-шараға 3000-ға жуық адам қатысты.

Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партия­сының Төрағасы Ерлан Қошанов жас­тармен және жұмыс беруші ұйым өкіл­дерімен әңгімелесті. Партия Төрағасы Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында 2029 жылға дейін ке­мінде 2,3 млн жасты жұмысқа орна­лас­тыру міндетін қойғанын атап өтті.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамының еліміздегі алар орнын ескере отырып, оларға ерекше құрмет көрсетілу керегін атап өтті. Колледждер мен жоғары оқу орындарын кеше ғана тәмамдаған еңбек өтілі мен тәжірибесі жоқ жастар үшін жаңа жұмысқа орналасу оңай емес. Мемлекеттің, қоғамның, бизнестің міндеті – бұл процесті жеңілдету, жас мамандарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу. Осылайша, әрбір түлек еңбек нарығында өз орнын тауып, елдің дамуына мейлінше тез үлес қоса бастайды. «Жас­тарға жұмыс» партиялық жобасы аясында ұйымдастырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі де соған бағыт­талған. Екі жыл қатарынан барлық өңірде өткізіліп жатқан жоба өз тиімділігін көрсетуде», – деді ол.

Жәрмеңке аясында Еңбек министр­лігінің өкілдері келушілерге Enbek.kz электрондық еңбек биржасының мүм­кіндіктерін көрнекі мысалмен көрсетті. «Самұрық-Қазына» АҚ өкілдері бос лауа­зымдарға кандидаттарды іріктеудің ашықтығын арттырудағы цифр­лан­ды­рудың рөлі туралы, Астана әкімдігінің өкілдері NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі Joltap жобасын, ал елордалық еңбек орта­лығының қызметкерлері түлектерге ар­налған «Алғашқы жұмыс орны» және «Жас­тар практикасы» жобалары туралы хабардар етілді.

«Жастар Рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен өтіп жатқан бос жұ­мыс орындары жәрмеңкесі елордада ғана емес, еліміздің барлық облыс орта­лық­тарында өтуде. Оған кем дегенде 50 мың жас қазақ­стандық қатысады деп жоспар­лануда. Жәрмеңкелер бір терезе қағидаты бойын­ша жұмыс істейді. Онда жұмыс іздеуші бос жұмыс орындары туралы біліп қана қой­май, егжей-тегжейлі мәліметтер де ала алады. Жәрмеңкеде жұмысқа ор­наласудан басқа, жастарды әлеуметтік қолдаудың барлық мем­лекеттік бағ­дар­ламасы бойын­ша кеңес алуға болады. Атап айтқанда, баспана немесе ем алудан бастап, бизнес ашу және оны меңгеруге дейін ақпарат бар.

«Жастарға жұмыс» жобасы 2023 жыл­дың қаңтар айында бастау алды. Осы уақыт ішінде Қазақстан бойынша екі жүзден астам бос жұмыс орындары жәр­меңкесі өтті. Оған 160 мыңнан астам адам қатысып, 30 мың жас жұмысқа орналасуға жолдама алды. Ал 25 мыңға жуық жас маман кәсіпкерлікті дамыту үшін 2,5% жеңілдікпен несиелеу бойынша кеңес алды.