Теннисші Парижге ұшып келіп, ойындарға белсенді дайындалған болатын.
Юлия Путинцева да Олимпиада ойындарына қатысудан бас тартты
ҚТФ
1,059
оқылды

Юлия Путинцева Париждегі Олимпиада ойындарына қатыса алмайды, - деп мәлімдеді Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі. 

"Өкінішке қарай, украиналық Марта Костюкпен бастапқы ойын алдындағы дайындық кезінде қазақстандық теннисші тізесінің қатты ауырғанын сезінді. Қысқа медициналық тексеруден кейін матчтан бас тарту туралы шешім қабылданды", -  делінген хабарламада.

Еске салсақ, Уимблдонда әлемнің бірінші ракеткасы Ига Швентекті жеңгеннен кейін Юлия тізесінің ауырғанына шағымданған болатын. Соған қарамастан, ол Олимпиадаға мақсатты түрде дайындалып, барлық қалыпқа келу шараларынан өтті.

Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев жағдайды түсіндірді:

«Париж Олимпиадасы біз үшін нағыз сынақпен басталды. Бұрнағы күні Елена Рыбакина денсаулығына байланысты жарыстан шет қалды, бүгін біздің командада жарақатына орай Юлия Путинцева қатардан шықты. Біз оларға үлкен үміт артқан едік, өте қапалымыз. Елена мен Юлия да Олимпиадада ойнау мүмкіндігінен айырылғанына өкінеді. Біз жанкүйерлерді осындай күрделі кезеңде барлық ойыншыларымызды қолдауға шақырамыз. Қиындықтарға қарамастан, біз алға шығып, еліміздің жалауы астында жаңа жеңістерге ұмтылатын боламыз», - деді ол.