Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің екі бірдей түлегі Олимпиада жүлдегері атанды.
ҚазҰУ-дың қос түлегі Олимпиада жүлдегері атанды
6,359
оқылды

Биология және биотехнология факультетінің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының түлегі Елдос Сметов алтыннан алқа тақса, заң факультетінің түлегі – Ғұсман Қырғызбаев қола жүлдеге ие болды.

Елдос Сметов Токио төрінен жеңіспен оралған сәтте білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев қабылдап, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттады. Соңынан студент жастармен кездесу ұйымдастырылып, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері бес жасынан  спортпен айналысып келе жатқанын атап өткен болатын. Сонымен қатар  «Спорт – үлкен еңбек, сондықтан уақытты дұрыс басқарып, бағалау қажет. Егер сіз жаттығуға немқұрайды қарасаңыз, додаға шыққан кезде кері әсерін тигізері сөзсіз. Сондықтан өз жолыңызда қандай кедергілерге кезіксеңіз де, нақты мақсаттар қойып, жетуге тырысу міндет», – деген ойларымен бөліскен еді.

Спортшы өзінің келешектегі жоспарлары туралы да айтып, Парижде өтетін олимпиада ойындарына сол уақытта дайындықты бастап кеткенін жеткізген.

Елдос екінші жоғары білімді де қара шаңырақта алған. 2018 жылы заң факультетінде құқықтану мамандығы бойынша диплом қорғаған.

Тақырыбы: «Қазақстан Республикасының қылмыстық сот өндірісінде сот әділдігін тек соттың ғана жүзеге асыруы».

Ғұсман Қырғызбаев заң факультетінің мақтанышы, інісі Ғұмар екеуі бірге оқыған. 2016 жылы Қытайда қазақ күресінен өткен ІІІ әлем чемпионатында Ғұсман мен Ғұмар Қырғызбаевтар 60 және 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 2 алтын медаль жеңіп алған.

Ғұсман 2021 жылы дзюдодан әлем чемпионатының күміс жүлдесін иемденген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасында диплом қорғаған.

Ұстаздары Ғұсманның көп уақыты жаттығу залында өтсе де,  оқуға зерек болғанын айтады.