Оқиға Жетісу облысы Алакөл ауданы Ақши ауылының маңында болған.
Алакөлде құлаған дельтаплан: Азаматтық авиация комитеті жаңа мәліметтерді жариялады
www.istockphoto.com
542
оқылды

Бүгін Қазақстанның Азаматтық авиация комитеті 25 шілдеде Алакөл көліне құлаған ұшаққа қатысты жаңа мәліметтерін жариялады.

"Бұл әуе кемесі азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізімінде тіркелмеген, тиісінше оның ұшуға жарамдылық сертификаты болмаған. Ұшқышта авиация персоналының қолданыстағы куәлігі жоқ. Әуе кемесінің құлау себептерін тергеумен құқық қорғау органдары айналысады",  деп хабарлады Азаматтық авиация комитеті.

Әлеуметтік желілерде әуе кемелерінде, шарларда және басқа да ұшу аппараттарында әуе сапарларын жарнамалау жағдайлары жиілеп кеткенін ескертіп, осыған байланысты біз барша азаматтарға үндеу жолдайтынын хабарлады.

"Әуе көлігін таңдау кезінде қауіпсіздіктің негізгі аспектілерін ескеру маңызды:

 әуе кемесі иесінің уәкілетті органдар берген барлық қажетті лицензиялары мен сертификаттары бар екеніне көз жеткізіңіз;

 әуе кемесіне техникалық қызмет көрсету қашан жүргізілгенін біліңіз;

 ұшқыштың тәжірибесі мен біліктілігі туралы біліңіз. Оның әуе кемесінің белгілі бір түрін басқару үшін жеткілікті тәжірибесі болуы қажет;

 әуе кемесінің иесі өзінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін, соның ішінде жолаушылар алдындағы жауапкершілігін сақтандырғанына көз жеткізіңіз;

 ұшу алдында қауіпсіздік бойынша нұсқама мен көрсетілім өткізілуі тиіс. Бұл сізге төтенше жағдайда қалай әрекет ету керектігін білуге көмектеседі;

 барлық апаттық-құтқару жабдықтары (мысалы, құтқару кеудешелері) жарамды күйде екеніне көз жеткізіңіз;

 ұшу алдында ауа райының ұшу үшін қауіпсіз екеніне көз жеткізіңіз. Қолайсыз ауа райында ұшудан аулақ болыңыз.

Ұшу қауіпсіздігіне күмәніңіз болса, ақпарат алу үшін Азаматтық авиация комитетіне және "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ-ға хабарласыңыз",  делінген хабарламада. 

Естеріңізде болса, оқиға Жетісу облысы Алакөл ауданы Ақши ауылының маңында болған. Көлге әуе кемесінің құлауының салдарынан екі адам зардап шегіп, ауруханаға түскен болатын.