Диёра Келдиёрова – Өзбекстан тарихында дзюдодан алтын алған тұңғыш спортшы.
Диёра Келдиёрова: Менің мақсатым – Өзбекстандағы әйелдердің өмірін өзгерту
Фото: ijf.org
3,270
оқылды

Халықаралық дзюдо федерациясы Париж Олимпиадасында алтын медаль алған Диёра Келдиёрованың жеңісі нағыз ерлік екенін әрі жас қыздарға шабыт беретінін атап өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.  

Спортшы жеңістен кейінгі әсерімен бөлісіп, бұл сәтті көп күткенін, алдағы мақсатын айтты.

«Менің мақсатым – Өзбекстандағы әйелдердің өмірін өзгерту», – деді Диёра Келдиёрова.

Диёра Келдиёрова – Өзбекстан тарихында дзюдодан алтын алған тұңғыш спортшы. Ол Токиода өткен Олимпиададағы 1/16 финалдық алғашқы кездесуінде моңғолиялық Сосорбарам Лхагвасурэнге есе жіберіп, жарысты аяқтаған болатын.

Фото:  ijf.org

«Мен өте бақыттымын, бірақ сене алар емеспін. Әрине, алтын алуға тырыстым, дегенмен әлі өз-өзіме келе алмай жатырмын. Токио Олимпиадасынан кейін үш жыл ұйықтамадым деп айта аламын. Жеңілгеніме қатты көңілім түсті. Үш жылдан кейін алтын медальға қол жеткізіп отырмын. Барлығына – ата-анама, жолдасыма, бірінші бапкеріме мың алғыс. Президентіміз айтқандай, әйелдерге жағдай жасасаңыз, олар кез келген шыңды бағындыра алады», – деді ол «Өзбекстан 24» телеарнасына берген сұхбатында.

 Фото: ijf.org

Биыл Абу-Дабиде өткен әлем чемпионатының финалынан кейін күміс жүлдеге қол жеткізген Диёра Келдиёрова тарихта қалды. Ол чемпиондық атаққа жету жолында бес жыл бойы жеңіліп көрмеген қазіргі чемпион, жапониялық Ута Абэні жеңіп, финалда 48 келі салмақта Токио Олимпиадасының чемпионы болған косоволық Дистрия Красникиден басым түсті.

«Маған бұл жерге жету өте қиын болды. Барлық уақытта тек Олимпиада ойындары туралы ойлаумен болдым. Ойым тек медаль емес, нақтырақ айтсам, алтын медаль туралы болды. Бүгін мен үшін, ата-анам, отбасым, бәріміз үшін маңызды күн. Бұл медаль бүкіл командамыздың, Марконың (жаттықтырушысы Марко Шпитка – ред.), бәріміздің еңбегіміздің жемісі. Бұл Өзбекстанның «алтыны», – деді ол жеңіске жеткен кезде. 

Фото:  ijf.org Жаттықтырушы Марко Спитка Олимпиада чемпионының алдында.

Ата-анасы Бахтиёр Мардонов пен Дилором Шодиева қыздарының өнерін Самарқанд облысының Пастдаргом ауданында орналасқан үйінде тамашалаған. Дзюдошының анасы Олимпиада чемпионы Ута Абэні жеңген сәтті ерекше атап өтті. 

Фото: gazeta.uz

«Ол Абэнің жауырынын жерге тигізді, қуаныштымын. Көп жылғы еңбегінің нәтижесі. Оның жапондық Абэге қарсы шығатынын айтқан кезде, қатты қобалжыдым. Өйткені ол бірнеше жыл бойы жеңісті ешкімге бермей, көш басында тұрған спортшы. Оны құлатқан кездегі әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын», – деді ол.

Спортшының ата-анасы елдегі спортшыларға жасалып жатқан жағдай үшін ел басшылығына алғыс білдірді.

Диёра Келдиёрова – Азия чемпионы, әлем чемпионаттарының екі дүркін күміс жүлдегері, дзюдодан әлемдік рейтингтің қазіргі көшбасшысы, қазір Олимпиада чемпионы. Оның жаттықтырушысы  – бұрынғы неміс дзюдошысы, 1996 жылы Атлантада өткен жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Марко Спитка.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Telegram  арнасынан таба аласыз.