Токио Олимпиадасынан кейін тосырқап қалған жұртты Париж қуанышқа бөледі. Айта кету керек, әуелі таңдандырды, тамсандырды. Сена өзенінен бастаған круиз-шоуды көпке дейін ұмытпасымыз анық. Бәйгеге спорттың 25 түрінен 80 спортшы қостық. Асланбек Шымбергенов пен Ольга Сафронова туды тік ұстап шықты. Ә дегеннен спортшыларымыз қоржынға жүлде салып, толқыныс туғаны рас.
Париж-2024: көптен күткен алтын
1,620
оқылды

Сена өзеніндегі сиқыр

Иә, ашылу салтанатын сиқырға балағанымыздың әбестігі жоқ болар. Өйткені француз жұрты Париждің нақты бейнесін көрсеткендей. Олимпиада тарихында алғаш рет ашылу салтанаты стадионда емес, қаланың дәл ортасында өтті. Оған қоса, олимп алауы араға жүз жыл салып Франция жерінде тұтанды. 10 500 спортшы қайық арқылы Сена өзені бойымен Эйфель мұнарасына жүзіп барды. Осылайша, 600 мыңнан астам адам ашылу салтанатын тамашалады. Тікелей көрсетілім арқылы аузының суы құрып отырғаны қаншама?! Өйткені шоу өткен аумақ алты шақырымды алып жатты. Аустерлиц көпірінде түтінді отшашу арқылы Франция туын бедерлеп, артынша 200-ден аса елдің делегациясы қайықпен Париждің көрікті жерлерін тамашалады. Тіпті, бір сәт толастамаған жауын да қаланың көркін, вайбын сезіндіргендей. «Махаббат қаласындағы» спорт тойына қош келдіңіз!» деп тұрғандай. Айта кетерлігі, ашылу салтанаты кезінде қала көшелерінде тәртіп күшейіп, ажиотаж пайда болды. Дегенмен бұған спортсүйерлер қабақ шытпай, қайта құп көргендей. Халықаралық олимпиада комитетінің мәліметінше, спорт мерекесінің түндігін түруге 85 қайық, 71 үлкен экран мен 170 камераны іске қосқан. Алау жағу рәсіміне келсек, француз футболшысы Зидан, испан тенисшісі Рафаэль Надаль, америкалық Серена Уильямс қатысты. Аталғандар бір-біріне табыстаған алауды соңына таман Францияның ең қарт спортшысына әкеліп, ол дзюдодан үш дүркін олимпиада чемпионы Тедди Ринер мен жеңіл атлетикадан үш рет олимп шыңын бағындырған Мари Жозе Перекке тапсырды. Бұл көрініс спорттағы ұрпақ сабақтастығын нұсқағандай болды. Ринер мен Перек Эйфель мұнарасының жанындағы басты алауды тұтандырып, алып шарды көкке ұшырды. Артынша, мұнараның қақ ортасыннан Селин Дионның сызылта шырқаған әні әуеледі. Әннің мағынасы, халықтың ықыласы, Парижді, қаладағы дүбірді айқындап тұрғандай көрінді. 

 

Мергендер бастаған жорық

Қош, ашылу салтанатынан бір күн бұрын, 25 шілдеде мергендер Олимпиаданы бастап кетті. Садақ атудан ерлер арасындағы жекелей сынның рейтинг кезеңі өтті. Құрама сапынан Ильфат Абдуллин, Дәулеткелді Жаңбырбай, Алексанлр Ерменко бастаған жігіттер өнер көрсетті. Соның ішінде Дәулеткелді Жаңбырбай команда сапынан үздік нәтиже көрсетті. 668 ұпаймен 22 сатыға тұрақтады. Ильфат Абдуллин 663 ұпаймен 29 орынға, ал Александр Еременко 640 ұпаймен 59 орынға табан тіреді. Жекелей сынның 1/32 айналымы 30 шілде күні өтеді. Ал командалық 1/8 финалда Қазақстан құрамасы Италиямен кездесті. Біздің жігіттер 4:5 есебімен жол берді. Кездесу барысында олар жеңіліп жатып, есепті теңестіргені жігерлендірді. Дегенмен шешуші сәтте дәлдік жетіспей, «әтеген-айлап» қалғанымыз бар. 

Қоржынға түскен қола

Иә, Олимпиадағы алғашқы медальды еншілеген мергендер – Ислам Сәтпаев пен Александра Ле. Олар пневматикалық винтовкамен 10 метрден нысана көздейді. Ислам мен Александра жұбы іріктеуде 630.1 ұпай жинады. Үшінші орынға талас кезінде алғаш рет олимпиадаға қатысқан жұп Германия құрамасынан басым түсіп, қола медаль еншіледі. Осылайша, Қазақстан Париж Олимпиадасының алғашқы жүлдесін алған ел ретінде тарихқа енді. Қызығы, Сәтпаев пен Ле былтыр Ханчжоуда өткен Азия ойындарында да қола жүлде алған. Дабыра қылмай, дайындыққа күш салған мергендер нәтиже көрсетті. Бапкер сенімі ақталды деген осы болса керек. 

Ал пневматикалық тапаншамен нысана көздеуден ерлер арасындағы жекелей сында Никита Чирюкин жарысты 15-орынмен аяқтап, финалға өте алмады. Одан кейін Ислам Сәтпаев пен Константин Малиновский іріктеуге қатысқанымен, үздік сегіздікке ене алмады. Әйелдер арасындағы 10 метрге нысана көздеген Ирина Юнусметова 11-сатыға табан тіреді. Жекелей сынға қатысқан тағы бір мергеніміз Александра Ле алғашқы кезеңде 6-орынға тұрақтап, финалға өтті. Алайда финал кезінде жүлдеге бір табан жақын қалғанымен, ұтылып қалды. 

 

Теңдеу болған теннис

Олимпиададан жүлде салар жүйрікті түйіндегенде сарапшылар теннисші Елена Рыбакина есімін сан рет қайталаған. Жанкүйер де оның олимпте бақ сынайтынына сенімді болды. Тіпті, жеребе тартылып, қарсыласы да белгілі еді. Рас, алтынға апарар жол ауыр көрінді. Сөйтіп жүргенде Рыбакинаның денсаулығына байланысты Олимпиадаға қатыспайтыны белгілі болды. Тартысқа бір апта қалғанда Түркияда демалып жүрген спортшының жағдайы ел-жұртын алаңдатып қойды. Бұл жаңалықтан ес жия алмай жүргенде команда капитаны Юлия Путинцева да жарыс жолына шықпайтынын айтты. Федерация тарапы екі теннисшінің денсаулық жағдайы турасында мәлімдеме жасап әлек болды. Алайда жарақатына қарамастан Олимпиада үшін ат арылтып келген талай спортшы тағы бар...

Тек азайту амалын қолданып жүргенде теңдеу қиындай түсті. Жекелей сында өнер көрсеткен Александр Бублик америкалық Тейлор Фрицқа жол берді. Ерлер арасындағы жұптық бәсекеде Бублик пен Недовесов жұбы алғашқы айналымда бразилиялық жұптан жеңіліп қалды.

 

Әбиба, Әбибажан, Әбиба қыз...

Ресми ашылу салтанатынан кейін дзюдоның көрігі қызатыны белгілі. Себебі бұдан бұрынғы Олимпиада ойындарында да осы спорт түрінен сүйінші сұрайтынбыз. Бұл жолы да дәстүр бұзылмады. Дегенмен 48 келі салмақта ел сенім артқан Әбиба Абужақыноваға сәттілік жолдас болмады. Ол карьерасындағы алғашқы олимпиадасын 5 орынмен аяқтады. Іріктеу кезінде тәжірибелі Шира Ришониден басым түсті. Артынша, Лень Чэнь-Хаоны 19 секундта иппонға түсіріп, үйіне қайтарды. Бірақ ширек финалда испан Лаура Мартинестен айласын асыра алмады. Ал жұбаныш белдесуінде Габриэла Нарваэстің жауырынын жерге тигізгенімен, қола жүлде үшін таласта Тара Бабулфатқа есе жіберді. 18 жастағы айлакер дзюдошы Әбибаның аяғында жарақаты барын білгендей қайта-қайта сол тұстан «шабуылдағаны» тағы бар. Жігерлі ару жеңісті уысынан шығарып алғанын білгенде отыра қалып егілді. Оған күллі Қазақстан қосылып көзінің жасын сығып алды. Кездесуден кейін журналистерге берген сұхбатында «сенімді ақтай алмағаным үшін Қазақстан халқынан кешірім сұраймын» дегенінде ел жүрегі езіліп кетті, білем. Әлеуметтік желіде Әбужақынованы қолдаған жанкүйер көбейді. «Елі үшін тірескен аруды ағалары жылатып қоймайды» деп жұбатқандар жетерлік. Әбиба болса мұнымен тоқтамай, келесі Олимпиадада барын салуға уәде берді.

 

Ерлеген Елдос

Дзюдодан ерлер арасында 60 келі салмақта топқа түскен Елдос Сметов ел сенімін ақтады. Рас, Сметовке Олимпиадаға жолдама алу оңай болған жоқ. Рейтингтегі орны төмен болған соң құрамадағы қос балуанмен өзара күресіп, оқ бойы озып шықты. Бұдан өттім бе дегенде Париж жеребесі аяған жоқ. Іріктеу кезеңінде Торнике Чкадуамен түйістірді. Оны ескерту санымен жеңгеннен кейін украиналық Дильшот Халматов күтіп тұрды. Аталған спортшыны айналып өткен соң, ширек финалда Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Янг Юн Вэймен кездесті. Осы тұста демін ішке тартып, ақырын күтті. Жамбылдың жанпозы бір «вазари» ұпайымен қарсыласын қапы қалдырып, жартылай финалға жолдама алды. Мұнда әлем чемпионы, Еуропа чемпионатының үш дүркін жеңімпазы Франсиско Гарригосты қосымша уақытта қапы қалдырды. Ал финалда франциялық Лука Мхеидземен күресті. Иә, финал оңай болған жоқ. Сметов күллі Франция жұртымен татамиге шыққандай әсер қалдырды. Дегенмен өзіне сенімді спортшы қыранша қарсыласып, түрлі шабуылға төтеп берді. Осылайша, дзюдодан Олимпиада алтынын еншілеген тұңғыш қазақ балуаны ретінде тарихқа енді. Бұл Сметовтің үшінші Олимпиадасы еді. 2016 жылы күміс, 2020 жылы Токио Олимпиадасында қола еншіледі. Мойнына алтын медаль тағып, еліміздің әнұраны шырқалғанда еңкілдеп сала берген спортшы күллі қазақты жылатты. Ақ тер ақталған күні арқасынан жүк түскендей болды. Қуаныштың көз жасы екені түсінікті. Өйткені бұл алтынды қазақ 44 жыл күткен еді. Кезінде Жақсылық Үшкемпіров «Олимпиададан алтын алатын балуан сен боласың, Елдос» деп батасын беріп, тілеуін тілеген екен. Даңқты спортшының батасы қабыл болып, Елдос ел мерейін асырды. 

 

Ғұсман жасаған «ғажайып»

Басқа-басқа, Олимпиада басталар тұста ешкім дзюдошы Ғұсман Қырғызбаевтан жүлде күткен жоқ. Иә, ол төртжылдықты түйіндер додаға аутсайдер ретінде барды. Рейтингте 26-орында тұрды. Бірақ рейтингтің ештеңе шешпейтінін дәлелдеген екінші қазақ атанды. Өйткені алтын еншілеген Елдос Сметов те рейтингте 22-ші болып тұрған еді. Естеріңізде болса, бұл – Олимпиада. Спортшы бабы мен бағын бәйгеге тігіп, сәттілікті «сұрап» алатын жер. Сондай тұста Ғұсманның жолы болды. Жолы болды дейміз-ау, дұрысы – бағы мен бабы қатар шапты. Себебі 66 келіге дейінгі салмақта Хифуми Абе, Ан Ба Уль, Валид Хяр сияқты тұлпарлар тұяғымен жер сызып тұрған-ды. Алғашқы айналымда-ақ Қырғызбаевқа Давид Гарсия Торне жолықты. Еуропа чемпионы атанған испан мықтысын қазақ жігіті қапы қалдырды. Одан өте бергенде Рио Олимпиадасының күміс, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, атағы айға жеткен Ан Ба Уль күтіп тұрған. «Олимпиада осы жерден бітті ме?» деп отырғанымызда Ғұсман ерлік жасап, бір «вазари» ұпайымен алға шықты. Осылайша, Оңтүстік Кореяның үмітін сөндірді. Сенсация! Жұрт өз көзіне өзі сенбеді. Іштей «француз Валид Хияр жібермейді-ау» дегенімізде мықты балуанды айналып өтті. Күллі Франция аяғынан тік тұрды. Ал жартылай финалда бразилиялық Виллиан де соуза Лимаға қарсы тұрды. Қанша тірескенімен, қосымша уақытта есе жіберді. Күміске қол созым жерде сүрінді. Қола үшін таласта серб Страхиня Бунчичті жығып, қоржынға жүлде салды. Өзі де жеңгенін білген сәтте татамиге жата қалды. Көзіне жас алды. Талай жылғы еңбегі ақталды. Карьерасында халықаралық үш-ақ жүлдесі бар азамат Олимпиаданың қоласына қол созды. Тарқатып айтсақ, 2021 жылы әлем чемпионатында күміс медаль алған. Сол сәтте 60 келіде өнер көрсеткен-ді. Одан кейін Азия чемпионатының қос қоласын қалтаға салған-ды. Мансабын аяқтар тұстағы алғашқы Олимпиадасында топ жарды. Содан болар, Қырғызбаев алтынға бергісіз қола медаль алды. Аталған жүлде жолында аңызға бергісіз бірнеше кездесу өткізді. Кейінірек кимоносын сандықтан шығарғанда ұрпағына мақтанышпен айтып берер естен кетпес Париж ертегісінің басты қаһарманына айналды. 

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ