Министрлік тарапынан материалдық көмек көрсету үшін қажетті шаралар жасалмаған.
Ұлынан айырылған келіншек Сыртқы істер министрлігін сотқа беріп, жеңіп шықты
www.istockphoto.com
2,705
оқылды

Қазақстан Республикасының Кореядағы елшілігінен көмек күтпей-ақ, ұлын елге жеткізу шығынын өз бетінше төлеген қазақстандық әйел Сыртқы істер министрлігін сотқа берді. Бұл туралы Астана ауданаралық мамандандырылған соттың судьясы Жанар Дүйсенова Facebook парақшасында жариялады.

Оның мәлімдеуінше, Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Оңтүстік Кореяда көз жұмған Қазақстан азаматының мәйітін жеткізу шығынын Сыртқы істер министрлігіне жабуға мәжбүрлеу туралы істі қарады. 

– Қазақстандық әйел 23 жастағы ұлының қатерлі ісігін емдетуге Оңтүстік Кореяға апарған. Алайда жігіт сол елде көз жұмған соң анасы мәйітті елге жеткізуге қаржылай көмек сұрап, Қазақстанның Кореядағы елшілігіне хабарласқан. Алайда олардың ақша аударғанын күтпей, әйел қарыз алып, қайырымдылық көмек арқылы барлық шығынды өзі көтеріпті. Сыртқы істер министрлігі мұны мемлекеттік көмектен бас тарту деп бағалап, әкімшілік рәсімді тоқтатқан. Сол үшін әйел сотқа жүгінді. Себебі ол қарыздарын министрліктің қаржысымен жабамын деп ойлаған екен, – деп түсіндірген судья.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, азамат шетелде көз жұмған жағдайда консулдық оның жерлеуін қамтамасыз етуге немесе мәйітті отанына жеткізуді ұйымдастыруға міндетті (ҚР Консулдық жарғысының 84-бабы).

"Сот қазақстандық дипломаттар марқұмның жерлеу немесе мәйітін жіберу шараларын қолдануға міндетті деп санады. "Шетелде Қазақстан Республикасының мүддесін қорғау" бағдарламасы азаматтарға багажды жөнелту, 200 жүкті рәсімдеу, денені бальзамдау және мәйітханада сақтау шығындарын төлей отырып, азаматтарға материалдық көмек көрсетуі керек, – деді Дүйсенова.

Әйел жерлеу рәсімін өзі төлесе де, мемлекет шетелде қиын жағдайға тап болған азаматтарына материалдық көмек көрсету міндетінен босатылмайды. Сотта консул әйелге ұлының қаза болғаны туралы куәлік беріп, материалдық көмек көрсету үшін қажетті шаралар жасалмағаны атап өтілді. Сыртқы істер министрлігі әкімшілік рәсімді қайта жүргізіп, талапкердің пайдасына шешім қабылдауға міндетті.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.