Жұмыр жердің бетіндегі қазақ бала­сының басынан талай қилы кезеңдер өт­ті. Гималай асып, Үндістан мен Пәкістанды басып, арып-ашып, түбі бір Түрік жеріне атанын шөгеріп, шаңырағын түсіргеннің келесі жылында атақты Зуха батырдың ұлы Шәмидің шаңырағында бір перзент дүниеге келеді.
Аңыз батырдың абыз ұрпағы
4,637
оқылды

Тарих теңізінің толқындарында қазақтың туы талай мәрте шайқалды да. Рухы берік, санасы сергек, діңі мықты, тамыры терең қазақ баласы небір дауылдардан да, жауындардан аман-есен өтті. Жоғалтқаны да бар, әрине. Десе де намысы мен рухынан айырылған жоқ. Ұлтымыз қаншама құрбандық берсе де, тіл мен ділді, дәстүр мен салтты сақтады. Оның барлығы ғасыр бойы санаға сіңген ұлттық тәрбиенің тереңге тартқан тамыры мен тастай берік болмыстың арқасы. 

Сондай бір тарих дауылына Алтайдың арғы бетін, Ертістің басын, қазіргідей айтсақ, Қытай жерін мекендеген қазақтар да ұшырады. Әуел баста Алтай да, Тарбағатай да, Іле де жалпы қазақтың мекені еді ғой. Бұла қазақ бұландай жосып, бұйырғын белдер көшіп, сахараның бұлдыр сағымына шомып жүрген бір дәурендер еді. Шекара демекші, шекараның өзі бертін пайда болды. Атап айтсақ, патшалық Ресей мен Қытайдың Цинь империясы арасында 1864 жылғы 7 қазанда Шәуешек қаласында мемлекеттік шекара келісіміне қол қойылды. Осы келісім арқылы қазақ баласы Қытай–Ресей мемлекеттік шекара сызығының арғы бетінде қалған қазақтар Қытай азаматы болды да, бергі жағындағылар Ресей құрамындағы қазақтар болып қалды. Тарих үкімімен қараорман қазақ осылай екі бөлінді. Бұдан кейінгі қазақ тарихы шекараның арғы және бергі беті деп жазылды. 

Біздің сөз қозғағалы отырған әңгімеміз қылыштың жүзіндей қылпылдаған заманда осы бір қылдай жіңішке болса да қазақтың жүрегін қақ жарған шекара сызығының арғы-бергі жағында өткен қазақтың бүтін бір әулетінің тарихы. Бір әулеттің тарихы бүкіл ұлттың, жорық кешкен ұрпақтың тарихы болып отыр. 

Сәбит Да молла және Зуха батыр

Қазақта Зуха батыр десе елең етпейтін жан жоқ десек те болады. Еңіреген ер Зуха батыр Сәбитұлы – заманында аттан түспеген тіл мен діл, ұлт пен рух үшін қан кешкен күрескер ер. Атасы Абақ Керей Ителі руы ғана емес Орта жүзге аты мағлұм Нұрмұхаммед абыз еді. Жасынан ел ішіндегі билікке араласқан, сөзге шешен, ділмар, білімі жүйрік, әділдігімен танылған Нұрмұхаммед қиын сәттерде елі қасына жиналған абыз деңгейіне көтерілді. Ол заманда абыз деген атауға лайықты тұлға үш жүзде санаулы болса керек-ті. 

Абыздан тәлім алған оның ұрпағы Сәбит Абақ Керейдің ішінде мешіт-медресе салып, бала оқытты. Білікті білімін, имани келбетіне қарап, ел Сәбит бабаны «Да молла» деп атады. Негізінен, «Да молла» деген екінің біріне беріле бермейтін, білім мен парасатты ұштастырған тұлғаларға ғана ілуде бір берілетін атақ болса керек. Заманында қазақ даласындағы оқымысты ғұламалармен ишан, хазіреттер Сәбит бабаның біліміне тәнті болып, оның Да молла атағын мойындаса керек.

Сәбит Да молла атамыз қажымай, талмай, Шыңжаңның ұлан-байтақ солтүстік өлкесінде 40 жылға жуық имамдық жолында ұстаздық етіп, дін мен дәстүрді ұштастырып, қазақ баласын имандылық жолына тәрбиеледі. Сәбит Да моллладан тәлім алған өрендердің арасынан тек дін жолы ғана емес, ұлттың қамын жеп, қиын замандарда қазақты тура жолға бастап, елге бар пейілімен қызмет қылған қайраткерлер өсіп шықты. 

Зуха батыр Сәбитұлы 1869 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданына қарасты Қалба тауының етегінде Кендірлікте дүниеге келген деп жазылған. Әйгілі Сәбит Да молла өмірден өткен соң баласы Зуха отбасын, жақындарын ертіп, Қытай жаққа ауып, Жеменейдің Сауыр өңіріне қоныс тебеді. Бұл кезең шамамен 1883 жылдар болса керек. Сондағы қазақтың төбе биі Жеңісхан гүн діни білімі терең Зуханы қасына алып, медресеге мұғалім етіп тағайындайды. Зуха Жеңісхан гүннің жанында жүріп, әділетсіздікке тап болған халыққа жаны ашып, елдің мұң-мұқтажын терең сезініп, күреске шығады. Ол 1904 жылы қажылыққа барып келген соң, күрескерлігін шыңдай түседі. Зуха батыр қай жерге бармасын маңына биліктің әділетсіздігіне тап болған қазақтар ғана емес өзге ұлт өкілдері топтасады. Туабітті зерек, көсемдік қасиеті оны көшбасшылыққа көтерді. Ат жалында өмір кешкен Зуха батыр қапияда 1928 жылы қазан айында Белқұдық деген жерде ел үшін шейіт болды. Аумалы-төкпелі заманда өз заманының аңыз тұлғасы болып, осылай Зуха батыр да тарих көгінен жұлдыздай ағып өте шықты. Соңына аңыз болып ерлігі мен ұрпағы қалды. 

Зуха батырдың қазасынан кейін ұлы Солтаншәріп бірнеше руды бастап Баркөлге барып қоныстанады. Сосын Тибет арқылы 1950 жылдары Үндістан, Пәкістанға ауады. Ол жақта бірнеше жылдай өмір сүрген қазақ қауымы Түркияға барып тұрақтайды. Осылайша, қазақтың қилы тарихының бір парақтары Түрік жерінде жазыла бастайды.

Бүгінгінің абызы Шыңғысхан Зухабатыр кім?

Сонау тоқсаныншы жылдары Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдерінде қазақ қоғамында исламға, салт пен дәстүрге деген аңсарлық пайда болды. Жетпіс жыл рухани бұғауда болған қазақ үшін азаттық алтыннан қымбат сый еді.

Ел азаттық алған сағаттан бастап тарихтың толқынымен жыраққа ауған қазақ баласы да байырғы баба мекенге қарап елеңдеп, көк Тудың түбіне топтасуды мұрат тұтты. Атажұртты бетке алған қазақтың алғы легінің ішінде ел деп еңіреп өткен, кешегі аңыз баба Зуханың ұрпағы Шыңғысхан қажы да бар еді. 

Шыңғысхан ағамыз да еркіндік аңсаған бабаларының аманаты орындалып, Қазақ елі өз байрағын көтеріп жатқан осынау тұста Түрік елінде қарап жата алмай, Қазақ жеріне аяқ басты. Бұл 1991 жыл еді. Еліміздің тәуелсіздігін басқалардан бұрын таныған Түрік елі алғаш болып Алматының төріне өз елшілігін ашып, ай бедерлі жалауын желбіретті. Шыңғысхан Зухабатыр ағамыз Тәуелсіз қазақ елінің керегіне жарайын, жыртығына жамау болайын, қажет болса жүрегімнің жартысын берейін деген ізгі ниетпен, зор құлшыныспен Түрік елшілігінің діни координаторы болып келді. 

Түрік елінің әйгілі Мәрмәра университетін дінтану, теолог мамандығымен тәмамдаған, Шыңғысхан Зухабатыр діни дипломатия саласында әбден төселген еді. Ол өз мамандығы бойынша баба дініміз исламның асыл құндылықтарын насихаттап қана қоймай, халықаралық ірі діни мәселелерді шешу, дінді заманға сай қағидаттармен құндылықтарға бейімдеуге барын салған білікті тұлға еді. 

Ол түрік тілінде «Құран кәрімнің терминдері», «Ислам дініндегі халал-харамдар», «Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз» қатарлы үш кітабын шығарған. Бұл туындылар діни білім саласындағы жоғарғы деңгейдегі зерттеу бағытындағы көлемді еңбек болды.

Әдетте, дипломатиялық қызметке қай елде болмасын кадрларды іріктеп, сараптап алатындығын ескерсек, соның ішінде әсіресе ислам діні бойынша мәселелерге түрік елі Шыңғысхан Зухабатыр ағамызды араластыруы – оның дін саласында білікті, исламның барлық ілімін игерген білімдар, мәмілегер адам екендігінің куәсі. Бұл қазақ азаматы үшін де зор мерей десек болады. 

Шыңғысхан Зухабатыр 1981-86-жылдары Германияда Түрік елшілігінде діни қызметкер болып қызмет істепті. Шыңғысхан қажы ағамыздың телегей-теңіз білімі, бабаларынан дарыған ұстамды мінезі, турашылдығы қазақы кең пейілі Түрік дипломатиясын дамытуға көрші елдерімен жылы қарым-қатынас орнатуға да аса қажет болғандығын осыдан аңғаруға болады. 

Елшіліктің қызметінде болған жылдары Шыңғысхан ағамыз барған елдерінде Түрік елінің дін саласындағы реформаларын насихаттап, дін саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге өлшеусіз үлес қосыпты. Діни экстремизмнің қаупі қай кезде де тіпті сонау пайғамбарымыздың (с.ғ.с) заманынан бері де сейілмегендігі белгілі. Шыңғыс ағамыз батыс елдеріне Исламның бейбіт дін екендігін, түрік тектес халықтың ұлттық болмысы ортақ, бейбіт, еңбеккер, имани таразысы биік ұлт екенін ұғындырды. 

Осылайша, Түркия мемлекеттік ресми қызметтерін абыройлы атқарған Шыңғысхан ағамыз баба жұрты Тәуелсіздік алып жатқан тұста Алланың қалауымен, қызмет жолымен қазақ еліне оралады. Әсресе, сол бір жылдары қазақтар исламмен қауышып, құдды бір шөл далада қайнар бұлақ тауып бас қойғандай күйде еді. Бабаларымыз ұстанған асыл дініміздің Әбу Ханафи мазхабымен Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың дамытып кеткен ілімімен қауыштырып, сол жолға салу сол кездегі ең бір үлкен миссия еді. Осы шаруаның бастауында діндар Шыңғысхан Зухабатыр сынды тұлға тұрды. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы сол кезде Өзбекстаннан бөлініп жаңа құрылып жатқан-тын. Шыңғыс қажы ағамыз елшілікте қызмет атқара жүріп, Қазақстанды ислами діни кітаптармен қамту, қасиетті Құранның қазақша аудармасын жасату оны Қазақстанға әкелу қатарлы жұмыстарды өз қолымен күн демей, түн демей атқарды. 

Елшілікте координатор бола жүріп, Шыңғыс ағамыз «Бейнелі намаз», «Құранды оқып үйрену», «Пайғамбарымыздың өмірбаяны» атты үш кітапты Анкараға аудартып, миллиондаған данамен Қазақ еліне тегін таратты. Халықтың дұрыс діни жолға түсуіне зор септігін тигізген үлкен қолғабыс, толағай еңбек еді бұл.

Шыңғысхан Зухабатыр ағамыз жасында қазақ тілінде білім алған жоқ. Түрік елінде сол кезде ондай мүмкіндік болмады. Бірақ жасынан отбасы тәрбиесінде қазақша сөйлегендіктен ана тілін ұмытпай, қай елге, қай жерге барса да қазақ іздеп, ұлт мұратын биік қойды.

Шыңғысхан ағамыз тек Қазақстанмен шектелмей, алғаш рет Мәскеу арқылы 1991 жылы Моңғолиядағы қазақтарды қажылыққа апарды. Моңғолиядан Түрік еліне жүздеген қазақ жасын оқуға апарғаны да осы жылдар еді. Сол түлектер бүгінде әр мемлекетте әр салада еңбек етіп жүр. Мұның өзі басқа елдің құрамындағы аз қазақтың діни руханиятын түгендеген, ұлы істің басы болды. 

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ағамыз кітап бастырып қана қоймай, түрлі бағдарламаға да қатысты. Жеті жыл бойы Qazaqstan ұлттық арнасының «Таңшолпан» бағдарламасында уағыз айтты. «Жұма күндері мемлекеттік Әнұраннан кейін азан айтып, Құран оқып бастаушы едім» дейді ағамыз. Халықтың рухы көтеріліп, рухани толысуына ықпал етсін деген ниет еді. Сол кездегі дін саласына бет бұрған ғалымдар мен мамандар, діни қызметкерлер Шыңғысхан қажының тұшымды уағызын тыңдап, діни бағытын айқындады. Онлайн уағыз айтудың басын осы Шыңғысхан қажы ағамыз бастаған екен.

1994 жылы белгілі жазушы Қалтай Мұхамеджанов Шыңғысхан Зухабатыр туралы алғаш Turkystan  газетінде жазушы Нұрқасым Қазыбековке тапсырма беріп, кең көлемде мақала жаздырған еді. Сол кезде белгілі жазушы ағамыз «Қажы көп, бірақ Шыңғыс қажы жалғыз» деген тәмсіл айтса керек. Сол уақыттарда жұрт Шыңғысхан қажы ұстаздың уағыздарын күтіп отырады екен. Демек, Шыңғысхан ағамыз халықтың діни сауатын арттыруға бір кісідей үлес қосты деп айта аламыз. 

 Ол өзінің Қазақстандағы Түрік елшілігінің қызметінде алты жылын діни координатор болып, жұмыс атқарды. Осы кезде ел игілігі үшін қыруар шаруа тындырды. «Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйінерге жарар ол» деген ұлы Абай атамыздың айтқан сөзін осы жерде Шыңғысхан Зухабатыр ағамызға қаратып айтсақ, бек жарасар еді. Ағамыз Түркия діни басқармасындағы қызметін аяқтап, зейнеткерлікке шыққан соң Еуропа елдеріне Ислам діні бойынша насихат айтатын қызметке тағайындалды. Алайда көп өтпей-ақ бұл жұмыстан бас тартып, Қазақ елі үшін жұмыс істеуді мұрат тұтты. «Басқа елде сұлтан болғанша, өз елімде ұлтан болайын» деп Шыңғысхан ағамыз елге оралды. 

Шыңғысхан қажы біраз жыл ҚМДБ-ға қарасты жоғарғы Ислам институтында басшылық қызметте болды. Бұл уақытта Исламнан ғылыми лекциялар (тәпсір, хадис, ахида, фиқһ (шариғат), тасауф, (суфизм руханият), сияр шарип (пайғамбарымыздың өмірбаяны) оқып, жоғары білімді діни ғалымдар даярлау ісіне зор үлес қосты. Бұл аралықта Шыңғысхан ұстаз ағамыз елімізді діни кадрлармен қамту, имамдардың біліктілігін шыңдап, кәсіби дінтанушы, исламтанушы даярлау ісіне де өлшеусіз еңбек сіңірді.

«Талай өткелектен өттік. Ең басты ұстаным – исламды қазақтың дәстүрімен байланыстыра дамыту, Қожа Ахмет бабамыз ұстанған сара жолды жаңғырту болды» дейді Шыңғысхан ағамыз. Қазіргі аға буын имамдар, діни бағыт-бағдарын айқындаған басты толқын кадрлар осы Шыңғысхан ағамыздың шәкірттері десек қателеспейміз. 

Бабаларынан бастап бар қазақты діни білім жолына үндеген, салтын сақтауды дәстүрді дәріптеуді мақсат еткен бір әулеттің ұрпағы Шыңғыс ағамыз қарапайымдылығы сондай, бабам Зухабатырдың ұрпағымын, пәлен елде елшілікте қызмет істедім, ананы-мынаны атқардым деп еңбегін пұлдаған жан емес. Білімді адамға тән қарапайымдылық, дипломатия саласы қайраткерлерінде болатын қырағылық пен мәмілешілдік Шыңғысхан ағамыздың бойында тұнып тұр. 

Ағамыз жасы жетпіске таяса да қолынан қаламын тастаған жоқ. Шәкірттерімен бірге ол «Құранның» сөзбе-сөз қазақша аудармасын бұрындары шығартқан болатын. Қазір сол еңбекті толықтырып, кемелдендіру үстінде. «Бабаларының туған жерінде отырып, ойыма көп дүние оралды. Бабаларымның кіндік қаны тамған жердің қасиеті шығар», – дейді Шыңғысхан ағамыз. 

Қазіргі ұрпақ көргіміз келетін абызға тән қасиеттер: көрегендік, даналық пен данышпандық, кемеңгерлік, кемелдікті іздесек, Шыңғысхан Зухабатыр ақсақалдың бойынан іздейік. Басқа жұрттан абыз бен көсем іздегенше, өз ұлтымыздың кемеңгерін ұлықтайық. 

Аскерхан АҚТАЙ, 

Қазақстан Жазушылар 

одағының мүшесі