Елімізде күнбағыс майы қымбаттауы мүмкін. Өйткені зауыттарда оның қоры қалған жоқ.
Күнбағыс майы қымбаттай ма?
2,114
оқылды

Ал Ұлттық статистика бюросы оны бар деп есеп беріп отыр. Сонда Үкімет шынайы жағдайды жасырғысы келіп отыр ма? Саланың одан да басқа проблемасы қандай?

Шикізат тапшылығы бұрыннан бар

Елімізде шикізат жетіспеушілігінен дәл бір күнбағыс майының бағасы өсіп кетуі мүмкін екені жайындағы дүрлігіс – жыл сайын қайталанатын жағдай. Кем дегенде соңғы 5-6 жылда осылай боп келеді. Өнім аз шыққандықтан, жұмысын тоқтатқан зауыт көп. Биыл да осындай әңгіменің ұшығы шыққан сияқты. Өйткені Ұлттық статистика бюросы «шикізат бар» десе, «Майлы дақылдарды қайта өңдеу­шілердің ұлттық қауымдастығы» (МДҚӨҰҚ) «жоқ» дейді. Мұндай дауға ҰСБ-ның кезекті бір онлайн отырысы кезінде куә болдық. Бюроның мәліме­тінше, 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақ­станда 419,8 мың тонна күнбағыс тұқымы бар екен. Оның ішінде май өңдеу зауыт­тарында – 165 мың тонна, нарыққа қа­тысушы өзге тараптарда – 254,6 мың тонна. Ал ұлттық қауымдастықтың ат­қарушы директоры Андрей Антонов елдегі күнбағыс тұқымдарының қал­дықтары туралы ресми мәліметтер дұрыс емес екенін айтады. Былтыр да осылай бол­ға­нын алға тартқан ол: «күнбағыс ше­міш­кесінің көлемі туралы ақпарат ша­мамен 33%-ға немесе 262 мың тоннаға ауыт­қып тұр» дейді. Ал оған қарсы уәж айтқан Ұлттық статистика бюросы Ауыл шаруа­шылығы статистикасы және ұлттық санақ департаментінің директоры Әсел Жар­тыбаева: «Майлы дақылдарды сақ­тай­тындардың барлығы бюроға есеп бе­реді. Оның ішінде қоймалар, май зауыт­тары, фермерлер, көтерме және бөлшек сауда дүкендері, яғни респон­денттердің ауқымы өте кең. Ал қауым­дастық тек май зауыт­тарындағы қалдықтардың бар-жо­ғын бақылайды» деп түсіндірді. Десе де, қос тарап та өз ұстанымдарынан қайтпады. Осылайша, жағдайға іс жүзінде көз жеткізу үшін бірге барып тексеруге уағдаласты. Ал ол тексерістен не шығатыны әзірге бел­гісіз. Белгілісі, жоқ шикізаттың орнын толтырмаса, күнбағыс майы қымбаттап кетуі мүмкін. Өйткені өндіріс маусымы шілде-ақпан аралығындағы 8 айды құ­райтын бұл кезеңде май зауыттары қам­баны астыққа толтыруға тиіс. Бірақ елі­мізде күнбағыс дәнінің тапшылығы бұ­рыннан бар. Мәселен, жыл сайын 1 мил­лион тоннаға жуық күнбағыс ше­мішкесі жиналатын болса, еліміздегі май зауыт­тардың өңдеу қуаттылығы 3 миллион тоннадан асады.

Бұл ретте отандық зауыттардың жүкте­месін арттыру үшін 2023 жылғы 1 ақпаннан бастап елімізден күнбағыс тұқымын әкетуге жүк құнының 20%-ы мөлшерінде, бірақ тоннасына 100 еуродан кем емес баж алымы қолданыла бастаған еді. Баж са­лын­­ғаннан кейін ішкі нарықта күнбағыс тұқымын сатып алу бағасы күрт төмендеді. Оған қоса, зауыттар Ресейден күнбағыстың үлкен көлемін импорттай отырып, жер­гілікті шикізатты сатып алуды тоқ­татты. Бұл туралы дихандар көп мәрте шағым­данғанымен, мәселе әлі шешімін тапқан жоқ. Бір сөзбен айтқанда, Қазақ­станда бұл дақылдың табыстылығы тө­мендеді. Ши­кізат тапшылығының бір себебі осында жатқан болуы да мүмкін.

Сала мультипликативті әсерге ие

Майлы-қоңды өнім өндірісі, яки сұйық өсімдік және қатты кілегей майын өндіру агроөнеркәсіп кешенінің маңызды бөлігі деуге болады. Бұл саладағы кәсіп­орындар өсімдік майы, маргарин, тоң май, майонез, соустар сияқты әлеуметтік маңызы бар өнімдерді шығарады. Олар тек азық-түлік мақсатында ғана емес, сонымен қатар агроөнеркәсіп кешенінің аралас салаларында да: құс шаруашылығында, мал шаруашылығында, жемшөп және кондитерлік өнеркәсіпте пайдаланылады. Май өнімдері лак-бояу, сабын, жуғыш заттар өндірісінде де қолданылады. Бұл сегментіндегі өзгерістер экономиканың өзге салаларына мультипликативті әсер беруге қауқарлы. Мысалы, майлы дақылдар шикізаты тапшы болса, өсімдік майы ғана емес, ет те, сүт өнімдері мен жұмыртқа да қымбаттауы мүмкін. Өйткені ақуызы мол жемшөп тапшылығы туындайды. Оның сыртында тұрмыстық химияның бағасы өсу ықтималдығы тағы бар. Десе де, әзірге Үкімет бағаны ауыздықтай алып отыр.

Биылғы наурыз айының қоры­тын­дысында елімізде өсімдік майының бөлшек саудадағы бағасы былтырғы жылдың сәй­кес кезеңімен салыстырғанда 23,5%-ға төмендеген. Бұл ретте күнбағыс майы 24,6%-ға арзандаса, зәйтүн майы, кері­сінше 18,7%-ға қымбаттапты. Мұндай мә­ліметті Energyprom.kz келтіріп отыр. Биылғы бірінші тоқсанда елімізде 194,4  мың тонна өсімдік майы өндірілген екен. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 13,4%-ға артық. Әдеттегідей ең көп көлем Шығыс Қазақстан облысына тиесілі – 80,1 мың тонна, яки бір жылда өндіріс 26,3%-ға артқан. Екінші орында Абай облысы – 35,2 мың тонна, үшінші орында Ақмола облысы – 20,7 мың тонна.

Ал тазартылмаған өсімдік майын өндіру 15,9%-ға 156,8 мың тоннаға дейін, тазартылғаны 4%-ға 37,6 мың тоннаға дейін өскен. Рафинадталмаған май өндірісі ШҚО, Абай және Ақмола облыстарында шоғырланған болса, рафинадталған май өндіруде Шығыс Қазақстан облысы, Шымкент және Алматы қалалары көш бастап тұр. Осылайша, өсімдік майының жалпы өндірісінің 80%-ы тазартылмаған түріне тиесілі болса, оның ішінде күнбағыс майының үлесі басым.

«Бұл көрсеткіштерге өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған мемлекеттік шара­лардың арқасында қол жетіп отыр. Бұл жердегі бір мәселе – шикізат болса, елі­мізде күнбағыс, рапс, соя, мақсары, мақта, зығыр және қыша сынды майлы дақылдар қарқынды өсірілуде. Олардың жалпы егіс көлемі биыл 3,1 миллион гек­тардан асты. Ауыл шаруашылығы министр­лігінің жоспарына сәйкес, Қазақ­стан майлы дақылдар алқабын 373 мың гектарға ұлғай­ту арқылы астық алқаптарын қысқартуды көздеп отыр», – дейді Майлы дақылдарды қайта өңдеу­шілердің Ұлттық қауымдас­тығының (МДҚӨҰҚ) басқарма төрағасы Ядыкар Ибрагимов.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта өсімдік майын өндіруге 80 кәсіпорын жұмыл­дырылған екен. Оған қоса, тағы да 3 зауыт­тың құрылысы жүруде. Мұның барлығы саладағы өнімділікті арттыра түсу үшін жасалып отыр.

«2023 жылы Қазақстанда 672 мың тонна өсімдік майы өндірілді. Ал биыл жыл со­ңына дейін бұл көрсет­кіш­ті 750 мың тон­наға дейін ұлғайту болжанып отыр. Бұған егіс алқаптарын кеңейту, шикізат сатып алуға айналым қаражатын беру және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен қол жеткізілетін бо­лады. Сондай-ақ осы жылдан бастап Сол­түстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында жалпы қуат­тылығы 100 мың тонна болатын үш жобаны іске асыру басталды. Мақсат – Қытай нарығына күнжара мен жом тү­ріндегі дайын және жанама өнімдерді өткізу», – деп мәлімдеді Ауыл шаруашы­лығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында.

Орталық Азиядағы халық санының жыл сайын өсуіне сәйкес күнбағыс майына деген сұраныс та тек қана арта түсетіні белгілі. Бұл өз кезегінде еліміздің әлеу­меттік маңызы зор осынау өнімнің ай­мақтағы негізгі өндірушісі болуға мүм­кіндік бермек. Мысалы, 2022-2023 жыл­дары Тәжікстанға өсімдік майын жеткізу үлесі 70%-ға дейін өсіп, Қазақстан Ресейді жетекші орыннан ығыстырып тастаған екен. Өзбекстан мен Ауғанстан нарығына да май өнімдерін жеткізу үлесі артып келеді. Егер агроөнеркәсіп ке­шеніндегі саясатты дұрыс жолға қоя білсек, орта­мерзімді перспективада Орталық Азиядағы сұранысты толық қанағат­тандыруға мүм­кіндігіміз бар. Ал жалпы, қазіргі кезде май өнімдері Ресей, Қырғызстан, Өзбек­стан, Тәжікстан, БАӘ, Эстония және Қытай сияқты елдерге экспортталады. 2016 жыл­дан бері Қазақстанның Экспорттық-несие агенттігі экспорттаушыларға 1 триллион теңгеден астам сомаға қолдау көрсеткен екен.

«Биылғы қаңтар-ақпан айларының қорытындысында жергілікті компаниялар өсімдік майына сұранысты, яки ішкі нарықпен қоса экспортты 84,9%-ға қам­тамасыз етіп отыр. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 79,7% болатын. Ал импорттың үлесі, тиісінше, ресурстардың 15,1%-ын құрады. Экспорт бірден 61,9%-ға өсіп, 86,6 мың тоннаға жеткен. Бұл – өндірілген жалпы көлемнің 59%-ы. Ал ішкі нарықтағы сатылуы 60,2 мың тоннаны құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан 30,5%-ға аз. Егер нақты күнбағыс майы туралы айтатын болсақ, қазақстандық кәсіпорындар еліміздегі сұраныстың 89,3%-ын қамтамасыз ете алды, былтыр ол 83,7% еді. Ішкі нарықтағы сату көлемі 12,6%-ға, 53,5 мың тоннаға дейін төмендеп кеткен. Ал экспортқа 72,5 мың тонна өнім жолданды, бұл бір жыл бұрынғыдан 73,8%-ға артық», – дейді МДҚӨҰҚ басшысы Ядыкар Ибрагимов.

Десе де, аталған кезеңде майлы дақылдардың өзге түрлерінің – рапс (56,8%-ға, 9,6 мың тоннаға), мақсары (48,4%-ға, 755 тоннаға) және соя (6,5%-ға, 6,4 мың тоннаға) майларының өндірісі төмендеп отырғанын айта кету керек.

Меже – 1 млрд доллар

Майлы-қоңды өнім өнеркәсібі құс шаруашылығы, мал шаруашылығы және жем өнеркәсібі үшін дамудың негізі екенін айттық. Өйткені ақуызы мол жемге не­гізінен май зауыттарының жанама өнімі – күнжара мен жом қосылады. Отандық өңдеушілер елімізді осы өніммен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортты да арттырып отыр. Өткен маусымда бұл көрсеткіш 51%-ға артып, яки 239 мың тоннаға жетіп, еліміздің бүкіл тарихындағы рекордты көрсеткен екен.

Еурокомиссияның мәліметі бойынша, биылғы маусымның сегіз айында (шілде-ақпан) Қазақстан ЕуроОдақ елдеріне күнбағыс күнжарасын экспорттау­шылар­дың үздік бестігіне еніпті. Елімізден ЕО-ға майлы-қоңды өнімдердің жалпы экспорты 2022 жылы 91%-ға артып, 75,53 мың тон­наға жетті. Ақшалай есептегенде 118%-ға, яки 32 млн долларға дейін өсті. 2023 жылы бұл көрсеткіш екі есе дерлік өсіп, 145,56 мың тоннаны құрады, шетел валютасымен есептегенде 47%-ға өсіп, 47 млн ​​долларға жетті. Көріп отырғаны­мыздай, қазақ­стандық тағамдық май өнімдерін жеткізу географиясы дәстүрлі нарық­тармен шектеліп қалмай, жылдан жылға кеңейіп келеді.

«Сұйық май мен күнжара сатудан тү­сетін валюталық түсім тұқым, яки ши­кізат сатумен салыстырғанда, қашан да жоғары боп келеді. Мәселен, өткен мау­сымда күнбағыс шемішкісін экс­порт­таудан түскен валюталық кіріс 111 мил­лион долларды құраса, май мен күнжара 129 ми­л­лион доллардан асқан, сондай-ақ бұл алдынғы маусыммен салыстырғанда 17%-ға көп», – дейді МДҚӨҰҚ басшысы Ядыкар Ибрагимов.

Қауымдастықтың болжамы бойынша, алдағы үш маусымда қазақстандық майлы-қоңды өнімдердің жалпы валюталық түсімі 700 миллион доллардан асып, 2028 жылға қарай 1 миллиард долларға жетуі мүмкін. Мәселен, 2022-2023 маркетингтік жылдағы қорытынды 509 миллион долларды құраған. Түйіндей айтқанда, елімізде бұл саланы дамыта түсу үшін барлық мүмкіндіктер бар. Олар – қолайлы географиялық орналасуы, логистикалық мүмкіндіктер мен экспорттық нарықтар, шикізат базасы мен оны дамытуға субси­диялар жыл сайын ұлғайып, егістік ал­қаптары да кеңейіп келеді. Майлы да­қылдарды өңдеу мен өсімдік майын өндіру саласындағы бүгінгі ахуал осындай. Биз­нес те, мемлекет те қамсыз емес, ал күн­бағыс майының бағасы өсе ме, өспей ме оны енді-енді басталып жатқан маусым көрсетпек.

Нұрлан ҚОСАЙ