Елімізде қайырмалдық қаржы, садақа, жылу жинайтын ұйым қаптады. Құзырлы органдар оның біразының ісі көзбояушылық екенін, тіпті алаяқтары барын анықтады.
Асыл іс атқарылса адалынан
751
оқылды

Сондықтан Үкімет саланы жаңаша реттеуге кіріспек. Осы мақсатта уәкілетті органға жаңа құзыреттер беріледі деп жоспарланған. Сондай-ақ қайырымдылық қызмет туралы барлық ақпарат жинақталатын бірыңғай цифрлық платформа құрылады. Сарапшылар салада ре­форма жүргізудің қажеттілігі пісіп-жетілгеніне сенімді

Мұқтаж жандар неге жылу жинайды?

Қоғам белсендісі Сергей Кузнецовтың айтуынша, мүгедек немесе шұғыл ота жасауды қажетсінетін қазақстандықтарға өз бетінше қоғамнан жылу жинаудан басқа амалы қалмайтын жағдайлар кездеседі. Өкінішке қарай, медсақтандыру қорының МӘМС жүйесін толыққанды қаржыландырмауы, ондағы түрлі алаяқтық схемалар кесірінен сырқаттарға тегін медициналық көмек дер кезінде, толық көлемде көрсетіле бермейді. Ал қайырымдылық қорларынан көмек алу үшін кейде «көке» қажет екен: депутаттан, Денсаулық сақтау министрлігінен, билігі бар адамнан сұрау түсуі керек.

Мұндай проблема барын «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев жоққа шығармайды. Ол осының нақты бір дерегін Мәжіліс депутаттарына жауап хатында баяндады. Қалаулылар одан жас ұрпақты бөліп-жармай, екіжақты микротия және атрезиясы бар барлық баланы шетелдік клиникаларға емдеуге жіберу бойынша қайырымдылық көмек көрсетуді талап етіп, депутаттық сауал жолдаған болатын. 

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2023 жылдың басында Қазақстанда микротия және атрезия диагнозы қойылған 666 бала, соның ішінде екіжақты патологиясы бар 85 бала тіркелген. «Қазақстан халқына» қорына сол балаларға қайырымдылық көмек көрсетуге қатысты көп өтініш түседі. Азаматтар болса, қордан еш көмек ала алмағанына шағымданады. Қор 2 балаға ғана артықшылық жасапты. Жәмішев сол екеуіне көмектесу керектігін Денсаулық сақтау министрлігі қоярда қоймай қолқалағанын айтады.

– Денсаулық сақтау министрлігі мен Әлеуметтік медсақтандыру қоры (ӘМСҚ) 2022 жылғы 12 шілдеден 2023 жылғы наурыз аралығында біздің қорға қайта-қайта өтінішпен жүгініп, 2 балаға артықшылық жағдай жасауды, Американың California Ear Institute клиникасында емдетуге қайырымдылық көмек көрсетуді табанды түрде сұрады. Бірақ аталған клиникадағы дәрігер Робертсонның хирургиялық емдеу әдісі авторлық болып табылады: тиісінше, оған балаларды іріктеу      өлшемшарттары белгісіз. Дәрігер қолданатын емдеу әдістемесі ғылыми басылымдарда жарияланбаған, оны қолданудың тиімділігі және асқынулардың, оның ішінде сезілмейтін асқынулардың болуы туралы статистика­лық деректер жоқ, – деді Б.Жәмішев.

Оның мәліметінше, 2 балаға қайырымдылық көмек көрсету мәселесі «Қазақстан халқына» қорының Қамқоршылық кеңесінің отырысында екі рет қаралды және оң шешілді. Қор министрлік пен ӘМСҚ-қа бір шарт қойған: екіжақты микротиясы және атрезиясы бар өзге балаларды шетелде емдеуге жіберудің нақты жүйелі тәсілдерін әзірлеуі қажет. Министрлік тиісті міндеттеме алыпты. Алайда Б.Жәмішев уәкілетті орган аталған патологиясы бар балаларға көмек көрсету бойынша нақты, жүйелі тәсілдерді сол бойы ұсынбағанын хабарлады. 

Содан не шенділерден, не қорлардан қажетті көмек ала алмаған қарапайым азаматтар бұқараға жалына жүгініп, жылуды өз бетінше жинауға мәжбүр. Дәл осы кезде оларға волонтерлер, әлдебір қорлар шығып, қаражат жинауға көмектесуді ұсынады. Мүмкіндігі шектеулі балалары бар ата-аналардың чаттарында айтылатындай, аты ерікті болғанымен, қорлардың көбі тегін қызмет көрсетпейді, жиналған қаржының үлкен бір бөлігін өзінде қалдырады. 

Қазақстанның «Қызыл Жарты ай» қоғамының фандрайзинг бойынша үйлестірушісі Карина Тілепова банк аударымдары бойынша қаржы жинайтынның бәрі бірдей алаяқ емесін айтады. Олардың ішінде ауру балаға шынымен аяушылық көрсететін жанашыр жандар жетерлік. Тек алдау тұзағына түсіп қалмау үшін белгілі бір жайттарға назар аударған жөн. Айталық, жинаушылар өз сайттарында, әлеуметтік желіде қол жеткізген қаражат есебінен қандай іс-шаралар жасалғаны туралы есеп бермейтін болса, жылу жинаушының адалдығы сезік тудырады. Мысалы, салға (ДЦП) душар болған бала Тамерлан Сейчановтың анасы Айгүл қайырымдылық ісіне көлеңке түсірмеу үшін баласының әлеуметтік желіде @help_tamik парақшасын жүргізетінін айтты. Мүгедек балаға қандай операция жасалғанын, сауығу бағытында қандай жетістіктерге жеткенін баяндап отырады. Ата-анасының тынымсыз еңбегі, өз бетінше қаржы тауып, Қытай, Ресей, Өзбекстанда ақылы емдетуі нәтижесінде, туғаннан омалып жатқан Тамерлан біраз оңалып, тізерлеп жүруді, сөзден сөйлем құрап, сөйлеуді үйренген. Былтырдан бері мектепке барып жүр. 

– Қазақстанда ДЦП бойынша көмек ұсына алатын барлық дерлік клиникада болдық. Бейжіңде 2018-2019 жылдары Ли-Чао клиникасында емдедік. 2017 жылдан соғыс басталғанға дейін Ресейдің Челябі қаласында шетелдік озық әдістемелермен оңалтудан өтті. Ташкентте де ем-дом алды. Тынымсыз, үзбей емдеу арқасында Тамерлан алдымен аунап үйренді, кейін еңбектейтін жағдайға жетті. Бүгінде тізерлеп жүріп, сөйлей бастады. Отбасының азын-аулақ табысын емдеуге жұмылдырамыз. Жетпей қалғанда, жылу жинауға тура келеді. Салға ұшыраған балаларға бір жолғы емес, ұдайы көмек қажет. Медициналық оңалту-сауықтыру ем-шаралары доғарылса, баланың миы мен бұлшықеттері бәрін «ұмытып», бұрынғы сал қалпына оралады. Бұл – өмір үшін өмір бойғы күрес, – деді Айгүл. 

Қайырымдылық ұйымдары аккредиттелмек

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева республикада қайырымдылық қызметін тиімді бақылау және қайырымды істермен айналысатын ұйымдарға жұртшылықтың сенімін арттыру мәселелерін қарағанын жеткізді. Оның нәтижесінде, қайырымдылық саласын құқықтық реттеу жұмыстарын жетілдіру үшін қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Үкімет басшысы тиісті тапсырма берген екен.

– Премьер-Министрдің тапсырмасын орындау мақсатында біздің министрлік қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізу жұмысын қолға алды. Ондағы мақсат – қайырымдылық қаражаттардың мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз ету және қайырымдылықтың ашықтық деңгейін арттыру. Менің 2024 жылғы 6 мамырдағы №176-НҚ бұйрығыммен, министрлікте заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына мемлекеттік органдардың, қайырымдылық ұйымдардың, квазимемлекеттік және кәсіпкерлік секторлардың өкілдері кірді, – деді Мәдениет және ақпарат министрі Мәжіліс депутаттарына хатында.

Сарапшылар әзірленген заңнамалық түзетулер жұмыс тобы отырыстарында қаралады. А.Балаева бұл мәселені қоғамдық талқылауға шығаруды жоспарлап отырғандарын мәлімдеді. 

Жаңа заң жобасының бірқатар әлеуетті жаңалығы алдын ала айтылды. Мәселен, онда халықаралық тәжірибені ескеріп, ел аумағында әрекет ететін бүкіл халықаралық және қазақстандық қайырымдылық ұйымдарын Мәдениет министрлігінде аккредиттеуден өткізу, іріктеу ұсынылмақ. Сондай-ақ осы істі реттеумен айналысатын арнайы құрылымды – Қайырымдылық комиссиясын құру және басқа тәсілдер әзірленді. 

Ұсынылған тағы бір тетік – қайырымдылық ұйымдары демеушілік қаражатты, садақаны тек бір ғана арнайы шотқа жинауға тиіс. Сонда оны мемлекеттің бақылауы да жеңілдейді.

– Бұл жұмыс Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, қайырымдылық ұйымдары үшін арнайы шоттарды енгізу қарас- тырылды. Мұның сыртында бұдан былай қайырымдылық саласындағы заңнаманы бұзғаны, сондай-ақ жиналған қаражатты мақсатсыз пайдаланғаны, яғни қайырымдылық іске емес, басқа мақсатқа шығындағаны үшін жаза-жауапкершілікті күшейтетін нормаларды енгізу ұсынылады, – деді Мәдениет және ақпарат ведомствосының басшысы.

Ортақ платформаның маңызы неде?

Жуырда Мәжіліс депутаттары Үкіметке ұсыныспен шығып, республикада осы салаға арналған бірыңғай реттеуші орган құру бастамасын көтерді. Қалаулылардың байламынша, бұл орган елдегі барлық қайырымдылық ұйымын бақылап, қызметін үйлестірумен айналысуға тиіс. Бұдан бөлек, саланы реттеудің бірыңғай стандарттарын орнатады, оны өзектендіріп отырады. Қайырымдылық қаражаттарын пайдаланудағы, шығындаудағы айқындылық-транспаренттілікті де сол кепілдендірсе орынды. 

Парламентшілердің келесі бір ұсынысы – Қазақстандағы қайырымдылықтың ортақ онлайн-платформасын құруға қатысты болды. Онда мысалы, жалпыреспубликалық тұрғын үй кезегі үлгісінде, емдеуге, сауықтыруға, оңалтуға мұқтаж балалардың, ересектердің, сондай-ақ әлеуметтік-материалдық көмекке мұқтаж жандардың республикалық ортақ тізімін қалыптастыруға болар еді. Ол болмаған соң әрбір қайырымдылық ұйымы төл тізімдерін жүргізеді, олар бірін-бірі қайталауы мүмкін. Бірыңғай онлайн-платформа, депутаттардың пікірінше, қайырымдылық ұйымдар мен олардың қызметі туралы ақпараттың дұрыстығын және қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Осы саладағы арамза, алаяқтық тәжірибелермен тиімді күресуге септеседі. 

Қазіргі кезде eGov.kz «Электронды Үкімет» порталында «Қазақстан Республикасының қайырымдылық қорлары» деген бөлім бар. Алайда онда көрсетілген ұйымдардың саны аз. Мұқтаж жандарға көмектесетін «қара бетперде киген жігіт» деген сияқты анонимді қамқоршыларды айтпағанның өзінде, тіпті салада ашықтан ашық әрекет ететін ойыншыларды да қамтымайды. Мысалы, «Электронды Үкіметте» әлеуметтік бағыттағы – 35, білім беру бағытындағы – 11, мәдени бағыттағы – 8, ғылыми бағыттағы – 5, шығармашылық бағыттағы – 5, халықаралық бағыттағы – 4, тұрғын үй бағытындағы 2 қор мен ұйым ғана тіркелген. Оның өзінде Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қоры сияқты ұйымдар біраз бағытта қайталанады.

Сол себепті Мәдениет және ақпарат министрлігі ақпараттың қолжетімділігі мен дұрыстығын қамтамасыз ететін бірыңғай онлайн-­платформаны құру бастамасын қолдады. Аида Балаеваның айтуынша, қазіргі уақытта министрлік пен Қаржылық мониторинг агенттігі бірлесіп, қайырымдылық қызметі туралы ақпарат жинақталатын бірыңғай цифрлық платформа құру мәселесін пысықтап жатыр.

Ал депутаттарды қайырымдылық ұйымдарының қызметін үйлестіретін, қайырымдылық қаражатын пайдалануды реттейтін жаңа, бірыңғай реттеуші орган құру бастамасын қолдаудан Үкімет бас тартты. Министр А.Балаева ондай ортақ орган онсыз да бар дегенге келтірді. 2022 жылы «Қайырымдылық туралы» заңға енгізілген толықтыруға сәйкес, Мәдениет және ақпарат министрлігі – қайырымдылық саласындағы уәкілетті орган болып айқындалды. Уәкілетті органның құзыретіне осы саладағы мемлекеттік саясатты іске асыру, құрметті атақ беру және «Қайырымдылық туралы» заңда көзделген өзге де өкілеттіктер кіреді. 

Дегенмен жаңа заң мен реформа біраз жаңалық әкелетіндіктен, министрлікке тиісті жаңа құзыреттер беру қажет болады. Уәкілетті органға елдегі барлық қайырымдылық ұйым мен қайырымдылық волонтерлерін аккредиттеу, сондай-ақ бірыңғай цифрлық платформаның қызметін жүзеге асыру бөлігінде құзыреттер беру ұсынылады. 

Елдос СЕНБАЙ