Артаев қалған спортшыларымыздың бәрінен үміт күтетінін жеткізді.
«Хейт іздеп, тәуіптік жасамайық»: Бақтияр Артаев Париж Олимпиадасына қатысып жатқан боксшыларға қолдау білдірді
Фото: instagram.com/ bakhtiyar_artayev
4,442
оқылды

Афина Олимпиадасының чемпионы, Вел Баркер кубогының иегері Бақтияр Артаев Париж Олимпиадасына қатысып жатқан Қазақстан боксшылары туралы пікір білдірді,  – деп хабарлайды Aikyn.kz.  

«Алланың бұйыртқаны болады. Бәрі адамның еңбегіне байланысты. Алдын-ала тон пішіп, жігіттерді сөге алмаймын. Олардың еңбегі бар. 4 жыл аянбай тер төкті.  Сондықтан да қазір хейт іздемей, тәуіптік жасамайық. Боксшыларымыз, өкінішке қарай, сәтсіздікке ұшырап, қысымшылық көріп отырғанда оларға тіреу болудың орнына аяғынан шалмау керек. Былғары қолғап  шеберлері  әлем чемпионатында топ жарғанда бәріміз марқайып қуандық. Ал ұтылып қалған кезде, жерден алып, жерге салғанымыз ұят болар. Ол тектілікке жатпайды. Бұл – әлсіздердің әрекеті. Қазір керісінше есе жіберген жігіттерімізге де қолдау жасап, жұбатып, жігерлендіріп, болашақта жақсы өнер көрсетуіне тілектес болуымыз қажет. Алла нәсіп етсе қалған жігіттерімізге алтын бұйырсын», - деді Бақтияр Артаев Malim.kz тілшісіне.

Париж Олимпиадасында қай боксшы алтын алады деген  сауалымызға Артаев  қалған спортшыларымыздың бәрінен үміт күтетінін жеткізді.

«Барлығына құрметім зор,  бәрінің де қолынан келеді. Ең бастысы Алла бағы мен сәтін салсын. Қыздардан да үміт күтемін. Алтын жүлде уысымызға түседі.  Жақсы жаңалықтар болады әлі» - деп жауап берді Олимпиада чемпионы.

Енді Сәкен Бибосынов (51 кг), Мұхмедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг) және Нұрбек Оралбай (80 кг) Олимпиада жүлдесі үшін таласатын болады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.