Жаз туып, аптап басталысымен көпшілік жағажайларға, өзен-көлдерге ағыла бастайды. Егер қауіпсіздік ережелерін сақтамаса шомылу ләззаты әп-сәтте-ақ қауіп-қатердің өзіне айналуы мүмкін. 
Судан келер қауіп көп
753
оқылды

Алайда қауіпсіздік ережелерін елемеген азаматтар тек өздерінің ғана емес, балалары мен жақындарының өміріне қауіп төндіріп жатқанын біле бермейді. Себебі шомылуға тыйым салынған жерлер елімізде аз емес. Жалпы, елімізде 85 мыңнан астам өзен мен 48 мың көл болса, оның ішінде шомылуға тыйым салынған 4 598 орын анықталған.

2022 жылы елімізде 242 адам суға батып көз жұмған. Оның ішінде 77 жасөспірім бар. Бұл деректерді 2021 жылмен салыстырсақ, ересектердің өлімі – 43, кәмелетке толма­ғандар арасында қауіпсіздік ережелерін сақтамағандар қатары 41 пайызға азайған. Ал былтыр шомылу маусымы кезінде 136 адам, оның ішінде 51 бала судан құт­қарылған екен. Төтенше жағдайлар министр­лігі мамандары «тұрғындармен жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстарға қарамастан, жаздың үш айында 177 адам және олардың арасында 53 кәмелетке толмаған бала суға батып кетті» деп отыр. 

Бұл мәселе биыл да ушығып тұр. Шомылу маусымы басталғанына екі айға жуық уақыт болғанымен осы аралықта республика бойынша 87 адам батып кеткен. Оның 35-і – бала. Төтенше жағдай мамандары су ай­дындарына рейд шараларын күшейткен. Төтенше жағдайлар министрлігінің мә­ліметінше, қайғылы жағдайлардың басым бөлігі шомылуға тыйым салынған орындарда болған. Бүгінде қауіпсіздік үшін су айдындарында 399 объектілік құтқару бекеті бар, онда 3 800 құтқарушы жұмыс істейді. Олар 160 адамды, оның ішінде 44 баланы құтқарған.

Суда қаза табудың негізгі себептері – өз күштерін асыра бағалау, мас күйінде шомылу және жүзе алмау көрінеді. Сондай-ақ ересектердің қарауынсыз қалған балалар көп жағдайда қайғылы жағдайға душар болады екен. Сондықтан мамандар жағажай дема­лысын құп көретіндерге міндетті түрде суға жүзуді үйренуге кеңес береді. Егер нашар жүзетін болсаңыз үрмелі матрастар мен шеңберлерге сенудің қажеті жоқ деп отыр. 

107 адамға – 2 млн теңге айыппұл

Жалпы шомылу маусымы басталғалы бір ғана елордада 3 адам суға кеткен. Арнайы рейд жүргізу кезінде әкімшілік құқық бұзған 107 адамға 1 миллион 800 мың теңге айыппұл салынған. Мамандардың айтуынша, бас қалада суға түсуге болмайтын 21 аймақ бар. Төтенше жағдай департаменті тұрғындарды аса мұқият болуға шақырады. 

«Шомылу үшін қалада арнайы 5 орын белгіленген. Алайда рұқсат етілмеген жерге барушылардың қатары сиремей тұр. Көбі қарсылық танытады. «Мен осы жерде бұ­рыннан суға түсем ғой, сендер қайда жүр­діңдер?» деген сөздер айтады. Қауіптің алдын алу үшін құтқарушылар тыным таппайды. Сағат сайын ауысыммен жұмыс істейді. Қазір жедел құтқару жасағының өзінде 40 сүң­гуір құтқарушы бар. Оның ішінде 8 қайық бар. Рұқсат етілмеген жерлерде ешқандай жағдай қарастырылмаған. Судың түбінде не болып жатқанын ешкім білмейді. Темір шығып тұр ма, бетон бар ма – бәрібір. Биыл 60-қа жуық баланы ұстадық. Оның ішінде 40 баланы Полиция департаментіне апарып, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Жауапсыз ата-аналарға қанша жерден айып­пұл са­лынғанымен, мәселе оңалмай тұр. Рейд ке­зінде бірнеше рет ұсталған балалар мен азаматтар да болған. Соған қарамастан құтқарушылар тексерісті күн сайын күшей­тіп жатыр», – дейді Астана қаласы ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Азамат Жұмекешов.

Өлімнің 95%-ы тыйым салынған орындарда тіркеледі

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов таяудағы Үкімет отырысында елімізде шомылу маусымы басталғалы бері қанша адам суға батып кеткенін айтып есеп берген еді. ТЖМ басшысының айтуын­ша,  халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында еліміздің су айдындарында Тө­тенше жағдайлар министрлігінің 42 құт­қару бекеті жұмыс істейді. 2025 жылы Шалқар, Имантау көлдерінде және Қосшы қаласында үш модульдік стансаның құрылысы аяқ­талады. Ірі су қоймаларына тағы 15 стан­са қажет. Жазғы кезеңде қосымша мобильді бекеттер құрылады. Онда судағы кезекшілік және патрульдеу жұмыстары жүргізіледі. Жыл басынан бері 76 адам, маусым айының басынан бері 24 адам құтқарылды. 

«2020 жылдан бері судағы адам өлімінің саны 437-ден 227-ге дейін азайды. Қазір за­манауи катерлер, жүзу құралдарын және дрондарды жоспарлы түрде сатып алып жатырмыз. Сонымен қатар Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауында Ұлттық теңіз жасағын құру жұмыстары жүргізілуде. Әкімдіктермен бірлесіп шомылу мен демалуға рұқсат етілген орындарды жылдан жылға ұлғайтып жатырмыз. Олар­дың саны бүгінде 708-ге жетті және барлығы 2GIS платформасында көрсетілген», – деп хабарлады Әрінов.

Оның айтуынша, балалардың қауіп­сіздігіне ерекше көңіл бөлінеді. Құтқару­шылар балаларға жүзуді, құтқару және ал­ғашқы көмек көрсету дағдыларын үй­ретеді. Сондай-ақ балалар лагерлерінің тәрбие­­шілерімен және ата-аналармен түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Су айдындарының жанында орналасқан 30-дан астам балалар лагерінің тек 19-ында ғана балаларға арна­­лып жабдықталған суға шомылу орындары бар. Жыл басынан бері 26 мыңнан аса рейд жүргізілді. Мас күйінде шомылғаны үшін 3 мыңға жуық тәртіп бұзушыға, 1 маусымнан бастап 49 адамға айыппұл салынды.

 

ТҮЙІН:

Жер шарында жыл сайын орта есеппен 320 мың адам шомылу маусымы кезінде суға кетеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бұл әлемде күтпеген оқыс оқиғалардан болатын өлім-жітімнің үшінші себебі саналады. Әсіресе, өмір сүру деңгейі төмен қара құрлықта қауіп жоғары. Ал дамыған АҚШ-тың өзінде тәулігіне ондаған адам суға кетіп, қаза табады. Кәрі құрлықта жыл сайын 20 мың адам суға батып, қайтыс болады. Өлім көрсеткіші Болгария, Венгрия, Румыния сияқты Еуропаның шығысындағы елдерде жоғары. Мұнда, әсіресе 5 пен 14 жас аралығындағы балалар мен 49 жасқа дейін ер-азаматтар жиі судың құрбаны болады. Ал елде соңғы 10 жылда 2 мыңнан аса адам суға батып, қайтыс болған, оның мыңға жуығы – бала. Соған қармастан, шомылу маусымы кезінде құтқарушылардың ескертуін елемейтіндер азаймай тұр. Жалпы, республика бойынша суда жаппай демалуға рұқсат етілген 612 орын бар. 4 598 орын суға түсуге қауіпті деп танылып, суға түсуге тыйым салынған орындар тізіміне енгізілген. Судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамаған азаматтар  Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 364, 412 және 440-баптары бойын­ша жауапкершілікке тартылады. Сондықтан көпшілік қауіпсіздік ережелерін сақтағаны жөн. Себебі еліміздегі ең басты құндылық – адам капиталы!

Наурызбек САРША