Жатақхана жыры – студенттің мұңы

Жаймашуақ жаз маусымының аяқталуына небәрі бір ай ғана уақыт қалды. Бұл дегеніміз көп кешікпей қарбалас сабақ күндерінен дамыл тапқан оқушылар мен студенттер білім ордаларына оралады деген сөз.

Алайда жыл сайын оқу жылы жақындаған тұста студенттерге қатысты түйіні тарқамаған мәселенің шеті көрініп қалатыны жасырын емес. Әсіресе, елімізде студенттер ең көп шоғырланған Алматы шаһарында жатақхана мәселесі әлі күнге дейін толыққанды шешімін таппай келеді. Мәселен, биыл қалада 29 мыңға жуық студентке жатақхана жетпейді. Ал былтыр дәл осы уақытта бұл көрсеткіш 33 мың орынды құраған. Демек бір жыл уақыт аралығында атқарылған жұмыстың нәтижесі – 4 мыңға жуық студент жатақханамен қамтамасыз етілген.

Студенттердің 62 пайызы – өзге аймақтардан

Қазір шаһарда орын тепкен 35 жоғары оқу орнында жалпы саны 200 мыңға жуық студент білім алады. Олардың 62 пайызы (124 мың) – еліміздің түкпір-түкпірінен арман қуып, білім іздеп келген студенттер. Демек, Алматы қаласында жатақханаға деген сұраныс басым. Онымен қоса, алдағы 3-4 жылдың төңірегінде аталған мәселе өзектілігін жоюы екіталай. 

Былтыр жыл соңындағы көрсеткішке назар аударсақ, Алматыдағы барлық жатақ­хана саны – 149, ал төсек-орын саны 39 145-ті құраған. Ғылым және жоғары білім министрлігі 2022 жылы республика бо­йынша жатақханадағы орын тапшылығы 69 мың орынға жетсе, 2023 жылы тап­шы­лық саны 17 448 орын деген ақпарат берген еді. Десе де жатақхана жетіспеушілігі бо­йынша шаһарымыздағы дәл қазіргі көр­сеткіш өт­кен жылдың деректерінен асып түседі. Бұл – жаңа оқу жылының қар­саңында ушы­­ға түсетін жатақхана мә­селесінің әлі күнге дейін толыққанды ше­шімін таба ал­май келе жатқандығының көрінісі.

Төсек-орын тапшылығы күрделеніп барады

Біз жатақхана тапшылығы мәселесіне қатысты Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасына сауалдарымызды жолдаған едік. Жастар саясаты басқармасы сту­дент­тер оқу жылының қарсаңында, дәлірек айт­сақ, қыркүйек айынан бастап құрылыс есебінен тағы да жаңа жатақханалармен қам­т­ылатынын жеткізді. 

– Жаңа 2024-2025 оқу жылында (қыр­күйек айынан бастап) студенттерді 10,2 мың төсек-орынмен қамтамасыз ету жоспар­ланған. Оның ішінде, құрылыс есебінен 6 жаңа жатақхана – 1,2 мың төсек-орын, ал хос­телдер мен қонақүйлердегі қосымша орын­дар есебінен – 9 мың төсек-орын бар. 2024 жылдың соңына дейін барлығы 5 412 тө­сек-орыннан тұратын 11 нысанды, оның ішінде 7 құрылыс нысаны және 4 қай­та жөндеу жұмыстарынан өткен нысан­дарды пайдалануға беру көзделген, – дейді Алматы қаласы Жастар саясаты басқарма­сының баспасөз қызметі.

Ал биыл студенттердің игілігіне беріл­гелі отырған жатақханалар қаншалықты техникалық, санитариялық талаптарға жауап бере алады? Алматы – сейсмикалық аймақта орналасқан шаһар. Осы ретте құрылыста сейсмикалық талап басты на­зар­ға алынды ма? Сұрақтарымызға жауап берген тиісті мекеме өкілдері жатақхана мен ЖОО басшылығы арасында мемо­ран­думдар жасасу кезінде санитарлық нор­малардың сақталуы ескерілгенін, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі мәселесін уәкілетті органдармен бірлесе отырып бақылау жүргізілетінін атап өтті. Студенттік жатақ­хананы пайдалануға беру актісін алғаннан кейін нысанның сейсмикалық аймақ­тардағы құрылыс талаптары тексеріледі. 

Алматы қаласы бойынша студенттер омбудсмені Әділхан Төлепберген жыл санап Алматыға келетін студенттердің артып келе жатқандығын, сондықтан төсек-орын тапшылығы күрделеніп бара жатқанын алға тартты. 

– Қазір біз студенттермен бірге уни­верситет жатақханаларына бақылау жұмыс­тарын өткізіп, мониторинг жүр­гіземіз. Қаламызда 35 жоғары оқу орны бар болса, күніне 3-4 университетке барамыз. Жұмыс барысында студенттердің тұру жағ­дайларын бақылап, басшылыққа ұсыныс береміз. Оқу орындарының көпшілігі өті­ніштер мен құжаттарды онлайн фор­матта қабылдауға көшті. Әр уни­верситетте 10 тамыздан бас­тап студенттерді жатақ­ханадағы орын­дары­мен қамтамасыз ету бойынша Ахуал­дық орталық пен call-орта­лық ашылады. Ата-аналар мен студенттер көрсетілген орта­лыққа хабарласып, жатақ­хана туралы ақпаратты біле алады. Егер студентке жа­тақханадан орын жетпей қал­са, олар ке­лісімшарты бар жеке жатақ­ха­налардан орын алуға болады. Мұндай жа­тақха­налардың тізімі оқу орнының рес­ми сайты мен парақшасында жария­ланған, – дейді студенттер омбудсмені Ә.Төлеп­берген. 

Пәтер жағалап, жұмыс істеуге мәжбүр

Көптен бері күрмеуі шешілмеген мәселе төңірегінде студенттерді де әңгімеге тарт­қан едік. Өкініштісі, жатақханадан орын бұйырмаған студенттер амалдың жоқты­ғынан пәтер, хостел жалдап тұрады. Одан бөлек, Алматыдағы пәтер құнын ес­керсек, қолында жоғары білімі бар маман екенін дәлелдейтін қағазы жоқ студенттер баспа­наның ақысын өтеу үшін сабақтан тыс уақытта қосымша жұмыспен айна­лысуға мәжбүр. Кейбір студенттердің сабақ кестесі түстен кейінгі уақытқа сәйкес келсе, тіпті кешкі ауысымда жұмыс істейтін білім алушылар тағы бар. Студенттер «Әу баста мұнда білім іздеп келдік. Бірақ тіршілік етудің қамымен сол білімді толыққанды сіңіре алмай қалмаймыз ба?..» деп алаң­дайды. Иә, сапалы білім алып, әрмен қарай ғылымға бой түзеу үшін білім алу­шының жолында материалдық, әлеуметтік кедер­гілердің болмағаны жөн. Бұл ретте алма­тылық студенттер басшы­лықтан осы мәсе­ленің басты назарға алынуын сұрайды. 

Бүгінде Алматыда 109 жатақхана жұмыс істейді. Дәл қазір жатақхана тапшылығы 28,7 мың төсек-орынды құрайды. Мега­полис оқу орындарында білім алатын 200 мыңға жуық студенттің 36 мыңы жатақ­ханада тұрады. Шаһарда жатақхана мәсе­лесін шешу мақсатында екі бағытта жұмыс жүргізіліп отыр. Оның бірі жатақханалар жаңадан салынса, екіншісі ескі ғимараттар мақсатты бағытын өзгертіп, қайта құ­рылады. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы