Қазақ әуелден жағымсыз жағ­даяттарға үрке қарап, ол туралы айтпауға тырысып баққан. Тіпті, қауіп төндіретін заттардың да атын атамай, орнына басқа сөз қолдан­ған.
Ақпараттың кеселі – «Вертер әсері»
805
оқылды

Мысалы, қасқырды «ит-құс», жыланды «түймебас» деп атаса, со­қ­ырішек ауруын емдеу мүмкіндігі болмаған соң «көктүйнек» атаған. Ол түгіл жеңіл-желпі аурулардың атын атасақ, қағынып кетеді деп түсінген. Мысалы, көзге теріскен шықса, оны «керіскен» деп айтқан. Тіпті, қару-жа­рақтың атын тергейтін болған. Мұның артында да үлкен мән бар ау...

Вертер синдромы

Сәтсіз махаббат хикаясынан кейін атақ­ты Гете өзіне қол жұмсамақ болыпты. «Осы бір жаман ой мен көңілсіздіктен құтылып, өмір сүрейін деп шештім. Бірақ тыныш өмір сүру үшін, өмірімдегі сол маңызды кезеңде тартқан азабым, шеккен қайғы-мұңым, сезімім, арманым тоғысқан шығарма жазу­ым керек болды» депті. Ол өзі-өзіне қол жұ­м­сауды шынайы өмірде емес, әдебиетте жасайды. Яғни, катарсисті басынан кешкен. Осылай «Жас Вертердің азабы» туды. Романда Вертердің өз-өзіне қол жұмсағаны туралы жазады. Бұл роман Гетеге танымал­дылық әкелумен қатар, Еуропада суицидтің кең жайылуына да әкеп соғады. Өмірден түңілген жандар мен өлімді романтикаға балағандар үшін бұл қалыпты құбылыс болып саналды. Арада екі ғасыр өткен соң америкалық социолог Дэвид Филлипс әр­іп­тесі Карстенсенмен бірге бұл синдромды зерттеу барысында туынды шыққаннан кейін 7 жылда БАҚ беттерінен суицид туралы жаңалықтардан кейін 12 585 адам өзіне қол салғанын анықтайды. Ақы­ры әлеу­­меттану ғылымында «Вертер синдромы» деген ұғым, термин пайда бола­ды. Бұл синдром бойынша, бір рет жасалған жау­ыздық ақпарат құралдарынан кеңінен айтылып, жазылып, көрсетіле берген сайын қаніпезер әрекет домино әдісімен елдің әр қиырынан қылаң беріп, ұласпалыға айналады. Феномен күштілігі болғаны сонша­лық, кейбір елдердің үкіметі бұл кітапқа тыйым салған екен. Тағы бір мысал, Теодор Драйзердің «Америкалық трагедиясында» кедей жігіт жүкті болып қалған кедей қыз­дан құтыла алмай жүреді. Өйткені ол сол ара­лықта байдың қызымен көңіл қосып алған. Байдың қызына үйленсем ғана бақы­т­ты боламын, әйтпесе мынадай жоқшы­лық­тан құтыла алмаймын деп ойлайды. Бір күні газетті парақтап отырып бір оқиғаны оқиды. Біреу көл бетінде қайықпен серуендеп жүріп, әйелін суға лақтырып жіберген екен. Жігіттің ойы бұзылады. Сол сценарийді бұл да қайталайды да, әлгі кедей қыз­дан құтылады. Бірақ көп ұзамай тұты­лады. Америкалық трагедияның болған-біт­кен сюжеті осы. Яғни, бір газеттен оқы­ған ақпарат өзінің әсерін тағы бір кейіпкерге берді деген сөз. Психолог-зерттеушілердің айтуынша, газеттердің бірінші беттерінде танымал адамдардың өз-өзіне қол жұмсаған оқиғалары туралы жазылатын болса, біраз уақыттан соң осыны кең жариялаған гео­графиялық аудандарда өз-өзіне қол жұмсау жағдайлары ұлғаятынына көз жеткізді. 70-жыл­дары осыны зерттеген Филипс, пси­хологиялық ауытқулары бар адамдардың суицид жағдайлары жайында оқығаннан соң, еліктеу негізінде өзіне қол жұмсайты­нын айтады. Яғни, бұл – кейбір қиын жағ­дайлар кезінде, адамның басқалардың іс-әрекетіне сүйенеді деген әлеуметтік дәлел­дің бір мысалы. Мәселен, батыста атақты актриса Мерилин Монроның қайғылы өлімінен кейін де суицид фактілері жиілеген екен. Ал түрік әншісі Мурат Кекиллинің «Бүгін кешке өлемін» атты әнінен кейін де көп жас суицидке барғаны жиі жазылды. Тағы бір мысал, 1933 жылы венгер компози­торы, пионист Реже Шереш бір ән жазып шығады. Кейінірек әннің сөзіне журналист Ласло Явор кішкене өзгеріс енгізеді. Бұл әннің сөзінде ғашығы өмірден өткен жігіт­тің дүниеден баз кешіп, сүйгенінің соңына кетуге деген құштарлығы баяндалады. Ли­ри­ка­лық, қайғылы ән ел ішінде тез тарап кеткені сол еді, Еуропада өз-өзіне қол жұм­саушылардың саны да күрт көбейеді. Әлеуметтанушылардың айтуынша, ақпарат құралдары суицидтті жаппай жұртшы­лықтың қаперіне сала беріп, есіне түсіре берсе, бұл өзіне қол салу әрекеттерін одан сайын маздатып, өршітіп, ушықтырып алу қаупі жоғары. Өйткені өмірімен қош айтысуға оқталып жүрген адам теледидардан өзі сияқты суицид жасаған бейбақтарды көргенде өзін-өзі ақтай бастайды. Яғни, «мен ғана емес екем, мен сияқты өмірмен қоштасқысы келетін адам көп екен ғой» деген сияқты кереғар оймен өзін жұбата бастайды. 

Қауіп қайдан?

Қазір көп ел бұл мәселеге аса сақтықпен қарауда. Әсіресе, журналистердің Вертер эффектісін үдетпеуін қатты қадағалайды. Неміс ғалымы Михаэль Йеттер адамның өмір мен өлім мәселесі журналистерге тікелей қатысты деп есептейді.  Батыс Аус­тр­алиядағы Перте университетінде қызмет атқаратын ғалым ұзақ жылдар бойы БАҚ пен терроризмнің байланысын зерттеген. Өз еңбектерінде ол 1970 пен 2012 жыл­дар аралығында 200-ден астам елде болған 60-тан астам терракт оқиғаларын зерттей келе, «терроризм туралы ақпараттар газет, журналдарда неғұрлым көп жазылып, экраннан жиі көрсетіліген сайын бұл құбылыс қайталана береді» деп қорытын­дылайды. Зерттеушінің сөзіне қарағанда мақаладағы терракт туралы аз ғана ақпарат немесе террорист және оның құрбандары туралы ашық көрсетілген сюжеттен кейін осындай оқиға кейінгі апталарда 1,4 есе қайталанған. «Біз бұл ақпараттарды азырақ таратсақ теракт оқиғалары да азая түседі» дейді Йеттер. Әсіресе бейне, фотолар бұл синдромның өршуіне басты себеп дейді ол. Журналист Бастиан Бербнер террорис­тер адамдардың өздеріне назар аударғанын, соларды талқы­лап, сөз еткенін қатты қалайды дейді. Мамандардың зерттеуінше, суицид тақы­ры­бында жазылған мақала немесе сюжетте суицидтің себебі, орны, оның қандай құ­рал­мен жасалғандығы секілді детальдар нақты жазылса, бұл синдромды одан әрі үдете түседі деп есептейді. Осыдан бірнеше жыл бұрын журналист, мәдениеттанушы Әсия Бағдәулетқызы facebook парақша­сында Sage Journals-тағы зерттеуге сүйеніп, әріптестеріне суицид тақырыбын дұрыс жазудың қарапайым қағидаларымен бөліседі. «Бюрода жүрген­де басшылықтың тапсырмасымен Ұлыбри­тания Денсаулық министрлігінің Суицид­тің алдын алу бө­лімімен, Samaritans сияқ­ты ірі қайырым­дылық ұйымдармен байланыста болдым. Психикалық саулық пен суицидтің алдын алу мәселесін біраз зерделедім дей аламын. Сондықтан әріп­тес­терімді қарапайым қағидаларды сақтау­ға шақырар едім: Суицидті сен­сация­ға ай­нал­дыруға болмайды. Яғни, та­қырыпқа «өзіне қол жұмсады», «асылып қалды» сияқты сөздерді шығару (әсіресе, «асылып қалды» туралы сәл кейін) қауіпті. Сіздің аудиторияңыз тек төрт құбыласы түгел адамдардан тұрмайды ғой. Жазбаңыз/сю­жетіңіз алдынан шыққанда әркім әртүрлі психологиялық күйде болуы мүм­кін. Ал мұндай айқайлап тұратын тақырып­тар жай-күйі мәз емес адам үшін триг­гер болуы ықтимал. Суицидті дәріптеу, әспет­теу – мұны саналы (өзгелерге қара­ған­да те­­р­ең, білімді, тағы басқа) адам­ның таң­дауы ретінде аһ ұрып жазу, әсершіл я пси­холо­гиялық, тағы басқа қысымдағы адам үшін триггер болуы мүмкін. «Қайда? Қан­дай жолмен?» деген сұрақтарға жауап беру. Фактіге сүйенгіш болсаңыз, басқа тақы­рыпта болыңыз. Ал суицид туралы «пәлен­ше көпірден секірді, түгенше жерде түген­ше бауға/жіпке асылды» сияқты хабарлау қауіпті. Ал «соңғы сөзі» деп қандай да хабарламасын жариялау өте қауіпті», – дейді ол.

Еліміздегі ахуалға алаңдауға негіз бар ма?

Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, 2022 жылы аяқ­талған суицидтен қайтыс болғандар саны ­4 мыңнан 3,7 мыңға дейін азайды. Егер бұл көрсеткішті соңғы бесжылдықпен салыс­тыр­сақ, орташа деңгейде. Ал 7% азаю динамикасы 2021 жылы суи­цид­тің көбеюімен байланысты. 2023 жыл­дың қаңтар-ақпан айларында 526 қазақ­стандық өз еркімен өмірімен қоштасса, бұл 2022 жылдағы сәйкес кезеңмен салыстыр­ғанда 5% аз. БП ҚС АЕК ресми деректері «Нелік­тен суицид жасаушылар мұндай қадамға баруды шешеді?» деген сұраққа толық және жан-жақты жауап бермейді. Су­и­цидтік мінез-құлық алдындағы факторлар туралы жарияланған деректерде олар 15,6% жағ­дайда ғана көрсетілген. Қалған 84,4%-ы «басқа» немесе «белгіленбеген» ай­дары­мен қалдырылған. Тізімде көрсетіл­меген және дамыған елдердегі өз-өзіне қол жұмсаудың жиі кездесетін себептері – депрессия немесе психикалық ауру (ДДҰ деректері). Егер стресс факторлары белгілі болған 15,6% жағдайды ғана статистиканы қарастыратын болсақ, онда олардың арасында бірінші орынға жалғыздық мәселесін қоюға болады. Былтыр осыған дейінгі психо­ло­гиялық проблемаларды тұжырым­дау арқылы суицидтен 230 қайтыс болды. Айтпақшы, 2021 жылмен салыстырғанда мұндай жағдайлардың саны 98-ге артқан. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының статистикасына сәйкес, былтыр яғни 2023 жылы суицид жағдайы бойынша Қазақстан әлем бойынша 19-орынға жеткен. Соның ішінде жасөспірімдер арасында 155 суицид жағ­дайы тіркелген. Бас прокуратураның Құқ­ық­тық статистикасы және арнайы есепке алу комитетінің дерегіне сай, Қазақстандағы өңірлер бойынша суицидтік жағдай Жамбыл облысы үштен он үшке дейін, Алматыда он екіден он алтыға дейін, Қостанайда алтыдан сегізге дейін, Солтүстік Қазақ­станда екіден беске дейін өскен. Түркістан облысында да суицидке қатысты 36 оқиға тіркелген. Дәл осындай жағдай Ақтөбеде он алтыдан он сегізге дейін, Атырау облысында сегізден он төртке дейін өзіне-өзі қол жұмсау дерегі анықталған.

Өзіне-өзі қол жұмсауға алып келетін жағдайдың бірі – күйзеліс, депрессия десек, депрессияның таралуы бойынша биыл Қазақстан 180 елдің арасында 93-орында екен. Countrycassette халықаралық тәуелсіз интернет журналының мәліметінше, депрессиялық аурумен ауыратын қазақ­стан­дықтардың үлесі – 4,4%. Есепке сүй­енсек, біздің елде депрессияға бейім аза­мат­тардың саны 732,7 мың адамға жетеді. Айта кетейік, депрессияға ұшыраған қазақстан­дықтардың жоғарыда аталған саны – 732,7 мың адам – болжамды көр­сеткіш. Нақты сан тек дәрігерлерге қара­лып, психиатрия­лық диагноз қойылған аза­маттарға ғана берілуі мүмкін. Депрессия ең көп тараған елдердің бестігінде осы психикалық бұзылыстың белгілері бар халықтың үлесі 6,3%-ды құрайтын Украина алда. Одан кейін АҚШ, Аустралия және Эстония тұр, оларда бұл көрсеткіш 5,9%. Қазақстанға жақын елдердің ішінде халық­тың 5,5%-ы депрессиялық бұзылулардан зардап шегетін Ресейде ғана жағдай нашар. Өзбекстанда, Қырғызстанда және Тәжік­станда психика­лық денсаулықтың бұл көрсеткіші төмен: 4,2%-дан 3,8%-ға дейін. Демек, аса байбалам салатын жағдай емес тәрізді.

 

ТҮЙІН:

Вертер әсерін еліміздегі ақпарат көздерінен жиі байқауға болады. Мысалы, осыдан бірнеше жыл бұрын нәрестелердің ойдан-қырдан, қоқыс арасы, әжетханадан көп табылуына қатысты ақпараттар жиілеп кеткен еді. Сол ақпараттардан іле-шала дәл осыған ұқсас жағдайлар еліміздің әр өңірінде саңырауқұлақша қаптады. Әйелдердің зорлық-зомбылығы жайлы деректердің әсері де осыған ұқсас. Әлеуметтік желіде қыз-келіншектерді ұрған-соққан видеолар көрілімі жағынан өзге контенттерді басып озды. Бұл да бір Вертер әсерінің негізі болса керек. Себебі «рейтинг, қаралым, оқылым, тренд» деп айқайқа сүрең қосқан бұқаралық ақпарат жаңалықтың пайда-зиянын көңіл сүзгісіне салып, салмақтамады да. Мысалы, сексенінші жылдары Аустрияда метрода суицид көбейді. Сонда бұл келеңсіздік ақпарат құралдарының басты тақырыбына айналады. 1987 жылы Вена дағдарыс орталығы және Вена метросы ақпарат құралдарына бұл тақырыпқа шектеу қоюға, яғни «теміржолдағы өлім» тақырыбында жазбауға, ең болмаса «сенсация» жасамаулары туралы үндеу тастағаны сол екен, көбісі құп алған екен. Нәтижесінде, 1 айдың ішінде суицид 3 есе азайған. Шыңғыс Айтматовтың: «Адамның миы не болса соны сіңіріп ала береді, ол «жақпайтын тамақты құсып тастай салатын» асқазан емес» деген сөзі бүгінгі «жегені жантақ, арқалағаны алтын» журналистерге ұстаным болуы қажет пе екен, әлде?!

Наурызбек САРША