Әлемде адамдардың әрі-бері жүріп-тұруы мен қозғалуына ең қолайлы тораптың бірі – теміржол. Шойын жол алғаш пайда болған күннен бастап-ақ бір сәтке де өзінің өзектілігін жойған емес. Ал осы салада еңбек ететін азаматтардың жұмысы оңай емес. Кейде еңбек еленеді, кейде жоқ.
Өмір жолын теміржолдан бастаған
877
оқылды

Теміржол демекші, биыл Қазақстан темір жолына 120 жыл толып отыр. Елімізде тамыздың алғашқы жексенбісі Көлік қыз­меткерлері күні деп белгіленген. Бұл – біз­дегі жүз мыңдаған теміржолшының да төл мерекесі. Бұл – уақытпен санаспай еңбек етіп, тәуліктің кез келген мезгілінде жұмыс орнынан табылатын теміржолшы деген жанкешті халықтың ерен еңбегі еленіп, лайықты бағасын алатын күн.

Теміржол саласының өзі ел экономи­касының күретамырына айналды. Еліміз бойынша жүк айналымының 68 пайыздан астамы, ал жолаушылар тасымалының 60 па­йызға жуығы осы теміржолдың үле­сінде болып тұр.

Алғашқы шойын жол

Алғашқы теміржол Ежелгі Грекиядағы Коринф деген қалада пайда болған деген дерек бар. Мұндағы жолдың ұзындығын ғалымдар 6 шақырым ұзақтыққа созылған деп болжайды. Бір қызығы, бұл жол те­мір­ден емес, қатты ақ тастан қашалған екен. Түрлі жүкті тасымалдау үшін үстіне ағаштан вагондар қойылған. Ауыр әрі жылжуы өте қиын осы ағаш жәшіктерді итеріп жүретін құлдар болған. Одан кейін орта ғасырда Еуропада ағаштан жасалған қос таспалы жолды шахталарда кен тасуға пайдаланған. Кейін келе ағаш жолдар біртіндеп темірмен алмастырыла бастаған. Болаттан жол салынған кезде өндірістің едәуір артқаны байқалады. Кен орындары бұрынғыдан екі есе, тіпті төрт есе көп кен рудаларын жер бетіне шығара бастаған. Осы тұста енді теміржолмен жүретін вагондарды адам күші арқылы емес техникамен шығару белең ала бастайды. Бұл тасымал саласын 100 пайызға дейін өзгертеді. Осылайша, XVIII ғасырда бу қозғалтқышының алғашқы түрлері өмір­ге келеді. Осы бу қозғалтқышын локо­­мо­тив­ке қою идеясы сәтті жүзеге асады. Дү­ние­жүзінде бу локомоти­він пайда­ланатын жолды 1825 жы­лы Англияда Дэк Стефенсон есімді ауқатты адам салдырған. Жолдың ұзындығы 21 ша­қы­рым болады. Поезд  «Стоктон – Дар­линг­тон» желісінде қа­тынады. Бұдан кейін бу локомотиві XIX ға­сырдың 30-жылдары Аустрияда, Германияда, Бельгияда және Францияда пайда болды. 1830 жылда АҚШ-та, 1837 жыл­да Ресейде теміржол желілері ашы­лады. 

Қазақстан жеріндегі тұңғыш теміржол магистралі 1894 жылдың 25 қазанында Покров слободасы (бүгінде РФ Саратов облысындағы Энгельс қаласы) – Орал тар табанды теміржол телімінің құрылысы аяқ­талғаннан кейін ашылды. Осы жолдың 130 шақырымы қазіргі Қазақстан жері арқылы өткен. Арада 4 жыл өткеннен кейін Урбах–Астрахан тар табанды теміржолы іске қосылды. Мұның да 77 шақырымы қа­зақ даласын басып өтті. 

Солтүстік Қазақстанның дамуы үшін 1891-1896 жылдары салынған Транссібір магистралінің, дәлірек айтқанда, оның «қа­зақстандық» 190 шақырымының маңы­зы зор еді. Бұл жол қазақтың батысқа деген жолын еркін ашты. 1901-1906 жыл­­дары Қазақ­стан жерінің 1660 шақырымдық аумағын алған, Орталық Азия мен Ресейдің орталығын қосатын, Орынбор–Ташкент теміржолы салынды.

Шойын жолшы қазақтар

Қазақстан теміржолының 120 жылдығы биыл аталып өтуде деп сөз басында айттық. Сонымен бірге осы жылы озық қазақ, ұлт көсемдерінің бірі, «Алаш» қозғалысының көрнекті өкілі, Түркістан автономиясы үкіметінің тұңғыш төрағасы Мұхамеджан Тынышпаевтың туғанына 145 жыл толып отыр. Мұхамеджан Тыныш­паев – қазақтар арасынан шыққан тұңғыш теміржол инженері, Түркістан–Сібір ма­гистралін жобалауға және салуға тікелей қа­тысқан. Осы бір ұлы жол торабының негізін жасап картасын қағазға түсір­­ген­дердің бірі. Мұха­меджан Тынышпаевқа ҚТЖ теміржол кө­лігінің орталық мұра­жайында алғашқы «Қазақ темір жол инже­нері» деп ерекшелеп, арнайы орын бө­лінген. Оның барлық құжаты мен жеке фо­тосуреті сол жерге жиналған. 

Ал сонау 1930 жылдардың аяқ шелінде қазақ арасынан тұңғыш теміржолшы қыз шығады. Есімі – Забира Жүсіпова. Забира жәй ғана теміржолшы емес, ол қазақтар қыздарының ішіндегі алғашқы паровоз машинисі. Қыздар түгілі анау-мы­нау жі­гіттердің де оң жамбасына келе бер­мейтін мұндай шаруаның құлағын ұс­тау шы­нымен де ерлік еді ол кезде. Бү­­гінде Жам­был облысы Рысқұлов ауданы Луговой ауылында (Түрксіб стансасы) қазақ қыз­дары арасынан шыққан тұңғыш паровоз машинисі Забира Жүсіпова атындағы көше бар. 

Теміржолшы әулет

Забира мен Мұхамеджаннан кейін қазақ ұлтының талай ұлы мен қызы бар өмірін болат жолға арнап, тынбай еңбек етіп келеді. Теміржолдың аса күрделі сала екенін мұнда қызмет еткен жандар жақсы біледі. Бір сәтті қалт жіберуге болмайтын ерекше саланың ерлері мен үздіктері жыл сайын мереке қарсаңында анықталып, шын мықтылар кеуделеріне орден мен медаль тағады. Бір қызығы, мемлекетіміздегі аса бір күрделі құрылымда еңбек ететін жан­дардың өздері ғана емес, түгел әулет­терімен теміржол саласын таңдайтындары бар. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан мұндай ең­беккерлерді ел болып елеп-ескеру де ма­ңыз­­ды. Сондай әулеттердің бірі – Қара­ғандының Ағадыр стансасында тұратын Шәкеновтер әулеті. Күллі ұрпағына мирас болған мамандық теміржолшылық Ібікен Шәкеновтен бастау алады. Ол Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тылда еңбек еткен жан. Ібікен қарт 30 жыл бойына Ағадыр жол стансасында жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан. Саналы ғұмырын қарапайым теміржол­шылықпен өткерген қарияның бүгінде бар ұрпағының қазақ теміржолына сіңірген еңбегі 300 жылдан асады екен. 

Ата кәсібін ұрпақтан ұрпаққа жалғас­тырған әулетте түрлі кезеңде еңбек еткен және жалғастырып жатқан 17 теміржолшы бар. Бұл көрсеткіш алдағы уа­қытта өсуі де ғажап емес. Себебі нәсібін болат жолдан табу – бұл әулетте ерекше үрдіске айналған. 

Ағадыр стансасының белгі беру және байланыс дистанциясында механик қыз­метінен бастаған Ібікен қарт өз ісінің ше­бері болды. Ібікен ақсақалдың екінші ұлы Борантай Шәкенов те 45 жылын темір­жол саласына арнап, Ағадырда ШЧ-да СЦБ монтері, диспетчер қызметтерін атқарды. Оның інісі Бейбіт 30 жыл бойы Ағадыр жол дистанциясында жолшы болды. Одан кейінгі Жанболат Шәкенов болса саналы ғұмырының 48 жылын табан аудармай болат жолға арнады. Еңбегін жол дистан­циясында жолшыдан бастап, бас теміржол инженері сосын директор қызметтеріне дейінгі жол­дан өтті. Ал Ібікен қарттың 4 қызының бірі Гүлнар 25 жылдан бері Құлайғыр стан­сасында ОПД операторы қызметін атқарып келеді. Одан кейінгі екі қызы да осы саланың шоқтығын ұстаған. Бүгінде 76 жасқа келіп отырған қарт темір­жолшы Жанболат атамен арнайы сұх­­бат­тасқан шақта өмірден түйген көп дүние ай­тылды. Ең бастысы, адал еңбек еттім дейді. 

«Өзім әкемнің ізін қуып теміржолға кел­дім. Ол уақытта жағдай бүгінгіге мүлде ұқ­самайтын еді. Қыста ақ қар, көк мұзда жа­мы­лып жүріп жол жөндедік. Бірде рельс ауыс­тырсақ, енді бірде босаған шегені бе­кем­дейміз. Арқамызға ауыр балғамызды асып, қолға шойын ломдарымызды ұстап, жол жағалап кете беретін едік. Біздің кезі­мізде бүгінгідей жол бойында жолшы­ларға ар­налған жылы будка қайдан болсын?! Қар­­ды үңгіп жіберіп, астын пана еттік. Көп отыр­­­маймыз. Отыра берсең үсіп қаласың ғой. Сондықтан қимылдау керек. Ал жаз­дағы аптап ыстық пен жаң­быр­дағы бей­нет­тің де машақаты көп еді», – деп жастық ша­­ғындағы бейнетті еңбегін есіне алды қария.

Қанша жерден бейнет арқалап, алагеуім күнелткенімен, оған өкініш білдірмейді. Керісінше, бүгінгі жастарды, қазіргі темір­жолшыларды жігерлендіріп, намысын қай­рап отыр. 

«Біз бір отбасында тоғыз ағайындымыз: бес ұл, төрт қыз. Соның бесеуі теміржолшы мамандығын таңдады. Мен отбасында бе­сіншімін. Мектеп бітіріп, Ағадыр жол дистан­­циясына жолшы болдым ғой. Осы дистанцияда қарапайым жұмысшыдан мекеме директорына дейін көтерілдім. 2011 жылы зейнеткерлікке шығып, тағы 3 жыл еңбек еттім. Тәубә. Қазір Қара­­ған­ды­да тұ­рамын. Осындай үлкен әулеттің ізін жалғап өттік. Болат жолдағы Шәкеновтер динас­тиясын қалыптастыруға атсалыс­қа­нымды мақтан етемін. Бұл із біздің ке­йінгі ұрпақ­тарымызға да жалғасып, тамырын терең жаярына мен сенемін. Себебі темір­жол­­шылық – біздің ата кәсіп. Теміржолшы бо­лу­дан қорықпаймыз. Керсінше, осы са­ладан алыстап кетуге қорқамыз», – дейді Жанболат Шәкенов ақсақал.

Міне, осылайша теміржол саласынан береке тапқан әулеттің бүгінде үшінші буын өкілдері ішінде 12 теміржолшы ата жолын жалғастыруда. Болат жолдағы Шәкенов­тердің немере буынының көшін Азамат Ордашұлы бастайды. Механик болып еңбек жолын бастаған ол 20 жылдан бері Ағадыр стансасында диспетчер болып қызмет атқарып жүр екен. 

«Өзімнің де, ұрпағымның да ел дамуына шойын жол саласы арқылы қосып жүрген үлесіміз бағаланса, бұдан асқан мәртебе болмас. Ең бастысы, адал әрі таза қызмет етуіміз керек. Теміржол ешқашан әділетсіз­дікті, арамдықты, қателікті кешпейді», – дейді ардагер теміржолшы. 

Саланың сапасы мен ел экономикасына қосар үлесін жыл санап арттыру – елдің негізгі жоспары. Әрине, қарт теміржол­­шының айтқаны мен арманы орынды. Осы бір игілігі мол, берекесі бекем теміржол сала­сының игілігін көрген алдыңғы буын ке­йінгілерге шойын жолдың заманауи бо­луын және оның өткен уақыттардан да ырыс­­ты бо­­­луын тапсырып, қолдарына тұтқызғандай.

Бердібек ҚАБАЙ