Алматы облысында жөндеу жұмыстары жылдарға созылып, қазы­наның қаражатын құмға сің­ген судай етіп, қылғытып жат­қан үл­кенді-кішілі жолдар бар.
Жауыр болған жол жыры
651
оқылды

Кеген, Нарынқол, Балқаш сынды шал­ғай ау­дандарды қоспағанда, берісі республикалық, арысы халықаралық маңызға ие күре жол­дардың арасында да жөндеу жұмыстары са­ғыздай созылып, жүр­гізушілерді зар илетіп, жо­лау­шыларды әбден түңілдірген жол бөліктері кездеседі. Соның бірі – қазіргі облыс орта­лығы Қонаев қаласы мен бұрынғы Күр­ті ауданының орталығы Ақ­ши­­ді жалғастырып, одан әрі Бал­қаш пен Қарағанды қала­ла­ры­на жет­кізетін, Астанаға апа­­­ратын күре жол. 

Осы аса маңызды күре жолдың «Күр­ті – Бурылбайтал» деген бөлігіндегі жөн­деу жұмыстарының жүріп жат­қа­ны­на жеті жылдан асты. «Қонаев – Күр­ті» бөлігінің жұмысы да жылдарға жалғасып, б­і­тіп болмады. Осы жылдар аралығында Алматы облысы екіге бөлініп те кетті. Жолдардың жыры әлі таусылған жоқ. 

Кейінгі жылдары экономиканың күретамыры саналатын жолдардың са­па­сына мемлекеттік тұрғыда баса назар ау­дарылып, жолдар салу мен бұрыннан бар­ларын жөндеуге талаптар барынша кү­шейтілді. Ел Президентінің өзі осынау ел­дік маңызы бар мәселеге айрықша көңіл бөліп, мемлекет дамуына қатысты ал­қалы жиындарда жиі қозғап, нақты мін­деттер жүктеп келеді. Осыған орай  Сы­байлас жемқорлыққа қарсы қызмет елі­міздегі жол салу және жөндеу саласын қа­таң бақылауға алып, өз міндеттері ауқы­мында аталған саладағы   жемқорлық тәуе­келдеріне тұрақты түрде сыртқы тал­­даулар  жүргізуде. 

Жол құрылысының сапасына ашық және тұрақты бақылауды қамтамасыз ету үшін мониторингтік жұмыс тобы құ­ры­лып­ты. Жұмыс тобына  жолаушылар кө­­лігі және автомобиль жолдары бас­қар­масы, «ҚазАвтоЖол» филиалдары, жол ак­тивтері сапасының ұлттық орталығы, сон­дай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер енгізілген. Осындай топ Ал­­­маты облысы бойынша да жұмыс жүр­гізуде. Жақында арнайы топ Алматы – Астана автотрассасына арнайы шығып, осы күре жолдың жұрт көңілін алаңдатып отыр­ған  «Қонаев – Күрті», «Күрті – Бу­рыл­байтал» бөліктеріндегі жөндеу жұ­мыс­тарының барысына назар салды. Шамалған айналма жолына да көңіл ау­дарды. Аталған жол нысандарында жүр­гізіліп жатқан жөндеу жұмыстары биыл немесе келер жылы толық бітіп, пай­далануға берілуге тиісті. Жобалардың құ­ны шамамен 25-46 млрд теңге ара­лығанда деп бағаланған.  Нысандардағы жұ­мыстарға мердігер ұйымдардың 775 қыз­меткері және 314 техникасы жұмыл­ды­рылыпты.  

Жұмыс тобы мониторинг барысында бас мердігерлермен бірлесе отырып,  жүр­­гізіліп жатқан және алдағы кезде жал­­ғасатын  жұмыстардың және қолда­ны­­лып жатқан  материалдардың сапа­сын, сондай-ақ олардың сметалық құ­жат­тамаға сәйкестігін мұқият тексерді. 

Бұған дейін «Күрті – Бурылбайтал» ны­санында 1,7 млрд теңгенің (жалпы құ­ны 29,9 млрд теңге) сапасыз орын­дал­ған жұмыстары анықталған. Өкінішке қа­рай, жұмыс сапасының нашарлығына қара­мастан, шала-шарпы атқарылған іс­тер бойынша төлем толық көлемде жүр­гізіліпті. Дегенмен нысанды тапсыру мер­зімі әлі келмегендіктен, кем­ш­і­лік­тер­ді жөндеуге мүмкіндік бар. Алдын ала жа­салған мөлшерлемелерден кеткен ауыт­қулардың кесірінен автожолдың есеп­тік пайдалану мерзімі және келесі орта­ша немесе күрделі жөндеуге қоюға дейін­гі уақыт кезеңі айтарлықтай қыс­қарады. Осыған  байланысты Алматы об­лы­сы бойынша Сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы күрес департаменті  тапсы­рыс берушіге анықталған бұзушы­лық­тар­ды жою туралы ақпараттық хат жол­дап, онда көрсетілгендер орындалды.  Жұмыс тобы бизнес субъектілерінің қыз­метіне араласпау туралы заң талап­та­рын сақтай отырып, жол құрылысы ны­сандарына мониторинг жүргізуді ал­дағы кезде де жалғастыра бермек. 

Болат АБАҒАН,

Алматы облысы