«Агросауат» жемісті жобаның жалғасы

Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мен «AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев Жамбыл облысына барып, «Қарызсыз қоғам» жобасы аясындағы атқарылып жатқан жұмыспен танысты.

Биыл сәуір айында партия бастама­сы­­мен Жамбыл облысы Меркі ауда­нын­да «Агросауат» агробіліктілік ор­та­лығы ашылды. Онда егін, құс және мал шаруашылығын жүргізуге қатысты тео­рия­лық және тәжірибелік курстарды ақы­сыз негізде оқыту жұмысы ұйымдастырыл­ды. Тамара Дүйсенова бұл бастаманы жо­ғары бағалап, оны ары қарай кеңінен та­рату мүмкіндігін қарастыру қажет екенін айтты. 

«Банктерге қарызданған, есепшоты бұғатталған адамдарды «Қарызсыз қоғам» жо­басы аясында оқытып, олардың өз кә­сі­бін ашуына және бере­шегінен құтылуына мү­мкіндік жасалуда. Бұл жо­­баны жал­ғас­тырамыз. Бұл үшін оқу корпустары ашы­ла­ды. Сол корпуста ірі кәсіпкерлер тә­жі­рибе жүзінде де оқытуды мойнына алып, өзге өңірлерге таратуын қарастырамыз. Ты­ғырыққа тірелгендерге «AMANAT» пар­тиясы демеушілермен бірге тауар­лық не­сие беріп, өнімін сатуға көмектеседі», – деді Тамара Дүйсенова. 

Бұл ретте вице-премьер тауарлық не­сие беру механизмін жетілдіру қажет еке­нін айтып, тауар­лық несие беруші мен алу­­­шы арасында сақтандыру енгізуді ұсынды. 

«Қарызсыз қоғам» жобасының ав­то­ры, «AMANAT» партиясының Хатшысы Эль­дар Жұмағазиев барлық ауылға ск­рининг жасалғанын, Мерке ауданында 9 ба­ғытта кәсіп бастауға бола­тынын жет­кіз­ді. Жаңадан ашылған «Агросауат» орта­­лы­ғында несие төлеу мерзімін 90 күннен ас­там кешіктіргенде басымдық беріледі. 

«Себебі олар «Ауыл аманаты» секілді мем­­лекеттік бағдарламаға қатыса алмай­ды, несие берілмейді, «қара тізімге» енген. Мұндай аза­мат­тардың саны саны елімізде 1,5 миллионнан асты, бұл үлкен әлеуметтік мәселе деп есептейміз. Соған байланысты «Ауыл аманаты» мен «Қарызсыз қо­ғам» бағдарламаларын ұштастыруды ұйғардық. Мы­салы, бір қатысушының мойнында 8 несие бар, оған қаржылай несие берілме­ге­сін, 5 күн оқытып, тамшылап суару жүйе­сі, пленка және 10 мың көшет түрінде тауар­лы несие бердік. Осылай қолдау көр­сет­песек, өздігінен қарызынан құтыла ал­­майды»,   деп түсіндірді Э.Жұмағазиев. 

Жоба қатысушылары өндірген өнім­дер­ді сату және өңдеу мәселесі де жолға қойыл­ған. Борышкер тапқан табыстың 50 пайызын кешіккен несиені жабуға жұмсай алады, ал 25 пайызы тауарлы несиені жа­бу­ға жұмсалса, қалған 25 пайызы – өзіне қалады. 

«Біздің ойымызша, қарызын өтей ал­май жүргендерге «Ауыл аманаты» бағ­дарламасы ая­сында тауарлы несие берілуі ке­рек. Сосын өнімдерді өңдейтін кәсіп­орын­дар керек. Қазір өнім күйінде са­ты­лып жатыр, қосымша құнын өтей­­­тіндей тауар өндіріп жатқан жоқпыз. Соған бай­ланысты осы жоба аясында көршілес Т.Рыс­құ­лов ауданында құлпынай, таң­қу­рай өңдейтін цех аштық. Ең басты мәселе – технологиялық талап­тарды сақтай оты­рып, тауар өндіру және табыс табу», – деді партия Хатшысы. 

Бүгінде «Агросауат» оқу орталығын­да 130 адам дәріс алып, олар мал шар­уа­шылығы, құс шаруашылығы, құл­пы­най, таңқурай егу секілді түрлі бағыт­тар­ды таңдаған. 

«Мұнда еш іріктеу жүргізілмейді, орта­лық туралы естіген, оқуға ниетті адамдар ке­­леді және арнайы топ құрылады. Тың­даушылар бірден кәсіп бастап кетпейді, өз ба­ғыттарын, неге икемі барын нақ­ты­лай­ды. Бүгінде құлпынай бағыты бойынша кооператив құрылды, джем, тосап жа­сай­тын кішігірім цех ашылды. Тізбек толық жа­былды деуге болады. Енді тігін цехы, жартылай фабрикат секілді басқа да бағыт­тарды қолға аламыз, жобаның ауқымын кеңейтеміз. Сарапшы сүйемелдеген жұ­мыс­тардың нәтижелі болатынын көріп отыр­мыз», – деді «Агросауат» оқу орта­лы­ғының жетекшісі Айман Ақынбекова.

«Қарызсыз қоғам» жобасының қа­ты­су­шысы, «Агросауат» орталығының түлегі Та­лантбек Сокушбаев мүгедектігі бар бала тәр­биелеп отыр. Бала күтіміне байланысты не­сие алуға тура келген және шалғайға жұ­мыс істеуге шыға алмаған. 

«Бұған дейін өзге қалаларда вахтада жұ­мыс істедім, сауда-саттықпен айналыс­тым, зауыттарда еңбек еттім. Бала өскен сайын үйден шығу қиын­дады, сонда көр­шім­нің жерін жалға алып таңқурай өсіруді бас­тадым. Әрине, алғашында оңай бол­ма­ды, алатын өнім ауа райына тікелей бай­ла­нысты. Биыл көктемде жоба туралы ес­тіп, құлпынай бағытына жазылдым. Ор­талық керекті жабдықтардың бәрін әкеп береді. Осылайша, мол өнім алып, бір­тіндеп қарыз төлеп жатырмын. Ауылда жұмыс көп, тек істейтін адам жоқ. Кейде ең­бек қолы жетіспейді», – деді жоба қаты­сушысы Т.Сокушбаев. 

Сонымен қатар Тамара Дүйсенова Мойынқұм, Шу және Меркі ау­дан­дарына барып, мал шаруашылығын өрістетуге, әсіресе түйе шаруа­шылығын жүр­гізуге қолайлы орта бар екенін атап өтті. Алайда мұндағы шаруалар әзірге ет пен шұбат өндірумен шектеліп отыр. 

«Үш аудандағы 200-ден астам түйе өсіретін азаматтарды басқа облыстан келген компа­ниялармен кездестірдік. Онда түйе бағу, сүт алу, сүтті қайда өңдеу мә­селелерін қарастырдық. Егер де осы облыс азаматтары қаласа, алматылық кәсіпорын шұбаттан ұнтақ жасайтын цех ашуға дайын. Сол компания ары қарай Қытайға өнім экспорттау мәселесін қарас­тырады. Бұл – ауылдағы жұмысын жаңа бас­таған қосалқы шаруашылықтарға үл­кен мүмкіндік», – деді Т.Дүйсенова. 

Сонымен бірге, «Қарызсыз қоғам» және «Ауыл аманаты» жобалары арқылы же­ке шаруашылығын дамытып, қары­зы­нан құтылған табысты кейстер көрсетілді жә­не барлық қатысушылармен кездесу өтті. 

Айта кетейік, «Агросауат» – қазақстан­дық­тардың қаржылық сауатын арттыруға ба­ғытталған «Қарыз­сыз қоғам» жобасының қи­сынды жалғасы болмақ. Жаңа орталықта жи­дек өсіру, қант қы­­­зылшасын егу, жем-шөп, сүтті ірі қара, етті ірі қара, құс шаруа­­­­шы­­лығы секілді кәсіп ашып, 150 адам­­ды қарыздан шығару мақсаты қойыл­ған. Қара тізімнен шыққан тұрғындар ары қарай мемлекеттің бизнесті қолдау бағ­дарла­­маларына, «Ауыл аманаты» бағдар­­ма­сы­ның 2,5 пайыздық несиесіне жүгіне ала­ды. 

«Қарызсыз қоғам» жобасы былтыр 2 мамырда басталған болатын. Биыл Пре­зидент тапсыр­масымен еліміздің барлық 20 өңірінде, оның ішінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында халықты қаржы­лық сауатқа жаппай оқыту жұмысы ұйым­дастырылды. 

«Қарызсыз қоғам» жобасына демеу­шілік көр­сететін банктер саны артып ке­ле­ді. Атап айтқанда, Freedom Bank, Банк Центр Кредит, Halyk Bank, Altyn Bank, Bereke Bank, Еуразиялық банк, Forte Bank, Home Credit, Jusan, Nurbank, Bank RBK жоба­ның серіктесі атанды. 

Оқу курсының қатысушыларына ыңғайлы болу үшін www.qogamfin.kz онлайн-платформасы әзірленді. Сайт ар­қылы оқуға жазылып, пайдалы мате­риал­дар мен бейне сабақтарды жүктеп алу­ға болады.

Берік БЕК