Қазір алаяқтықтың сан алуан түрі бар, тіпті тәжірибелі, ақылды адам­дардың өзі оның құрбаны болып жатыр. Алаяқтармен күресудегі басты ереже – сақтық пен сананың сергектігі.
Сананың сергектігі алаяқтан сақтайды
526
оқылды

Бүгінде халықтың қаржылық сауаттылығының жеткіліксіздігі салдарынан пирамидалық ұйымдар ұсынған қомақты табыс пен жылдам орындалатын уәделерге көзсіз сену үлкен шығынға батыруда. Мә­селен, Шымкент қаласында 2023 жылы 960 адам қаржылық пирамидаға тіркеліп, 720 млн теңге шығынға батса, биыл жыл басынан бергі 6 айда 690 жәбірленуші қаржылық пирамиданың құрбаны болған. Олар айдың-күннің аманында 423 млн теңгесінен айырылып отыр. Бұл туралы Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Бақыт Қайшыбеков өңірлік коммуникация ал­аңында берген баспасөз конференциясында атап өтті.

Экономикалық тергеп-тексеру департаментінде жүргізіліп жатқан істің барлығы электронды форматта тіркеліп, тергеледі. Департамент мәліметіне сүйенер болсақ, жыл басынан бері қаржылық пирамидаларды құрудың үш оқиғасы тіркелген. Оның екеуіне қатысты сот үкімі шығып, алаяқтық схема жасаушылар бас бостандығынан айырылған. Ал бір іс өндірісте қа­ралуда. Өкініштісі, көлеңкелі экономикаға құмартатындардың басым көпшілігі әйелдер екен. «Олар аз көлемде ақша беріп, бірнеше уақытта миллионер боласың деген сөзге тез сеніп қалады» дейді мамандар. Сондықтан білім беру мекемелерінде, жоғары оқу орындарында да қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша семинар-тренигтер жиі ұйымдастырылады.

– Президент тапсырмасына сәйкес, көлеңкелі экономика деңгейін төмендету, заңсыз жолмен табылған мүлікті қайтару бойынша жұмыстар атқарылуда. Қаржылық пирамида – алаяқтар ойлап тап­қан жобалар. Бір қарағанда тиімді инвестиция сиқты көрінеді. Онымен күресу үшін Экономикалық тергеп-тексеру департаменті халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында форумдар мен түрлі конференция ұйымдастырады. Көп ретте алаяқтардың арбауына жастар жиі түседі. Ал түрлі айланы ұйымдастырушылардың дені – әйелдер. Жыл басынан бері 3 қылмыстық іс анықталып, 2 іс бойынша сот шешімі шықты. «Ақ үй арман» және «Гәп» деген қаржылық пирамидалар анықталды, –  дейді Бақыт Қайшыбеков. 

коллаж: Елдар ҚАБА

 

Сонымен қатар департамент тарапынан қар­жылық пирамиданың құрбаны болудың алдын алу шаралары ұдайы ұйымдастырылып тұрады. Қала көшелерінде және адам көп шоғырланатын және жиналатын жерлерде 9 баннер қойылып, 10 ЛЕД-экран орнатылған. Департамент басшысы «Абайлаңыз: қаржылық пирамида» тақырыбы бойынша бейнеролик жасалып, кинотеатрда ки­носеанс алдында көрсетіліп жатқанын, одан бө­лек 300-ден аса брошюра автобус аялдамаларында, сауда үйлерінде, базарларда ілінгенін атап өтті. Бы­л­тырдан бастап қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында жалпы 86 орта білім беру мектебінде, 2 колледж және 5 университетте сабақтар өткізілген.

Атап өтейік, агенттік жыл басынан бері Telegram мессенджерінде «Байқа, пирамида» деген бот жасап шығарған. Қазіргі уақытта кез келген азамат қан­дай да бір әлеуметтік желінің немесе сайттың сілтемесін алып, сол ботқа жібере алады. Жауап автоматты түрде келеді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің реестрінде бар-жоғын тек жеке тұлғалар мен сайттарды ғана емес, БИН ар­қылы компанияларды да тексеріп біліп алуға болады.

Ақпарат ағыны қарқын алған қазіргі шақта ин­тернеттегі заңсыз сайттар мен онлайн-қызметтерден сақтану және олардан жақындарымызды да қорғау аса өзекті болып тұр.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы