Ұлт тәрбиесі ұяттан құтқарады

Жасөспірімдер ара­сын­дағы ерте жүктілік ста­тис­тикасының артуы алаң­да­тар­лық жағдайға жетіп от­ыр. Бүгінде кәмелет жасқа толмаған қыздар арасында жүкті болып, жасанды түсік тастай­тындар мен ерте ана болатындар саны өсіп ба­рады.

Соңғы бірнеше жылда 15-18 жас ара­лығындағы қыздардың бала туу көрсеткіші 50,5 пайызға артқан. Былтыр күзде «Ranking.kz» агент­тігі таратқан мәліметке сүйенсек, 2017 жылы 3,4 мың қыз бала босанса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 5,2 мыңға жеткен.

Медициналық көрсеткіштер бойынша 19 жасқа дейінгі жүктілік ерте деп саналады. Соған қарамастан, елімізде жасөспірімдердің 70 пайызы 15 жасқа дейін алғашқы жыныстық қатынасқа түседі. БҰҰ деректері бойынша, Қазақ­стандағы әрбір алтыншы жүктілік абортпен аяқталады. Ерте жүкті болып қалған жасөспірімдердің 70%-ы жасанды түсік жасатса, 15%-ы өздігінен түсік тастайды. Қыздардың тек 15%-ы ғана сәбиін аман-есен жеткізіп, босана алады. Бұл –  өзекті мәселе ғана емес, дабыл қа­ғарлық жағдай. Еуропада бұл статистика әлдеқайда төмен. Біздің елде бесік­тен белі шықпай жүкті болатындар саны дамыған елдермен салыстырғанда 6-7 есе көп. Әрине, мәліметтер 2023 жылдың қорытындысына сәйкес жинақталғанымен жайғдай көп оңала қойған жоқ.

АИТВ жұқтырғандардың 40%-ы – жасөспірімдер

Мамандардың айтуынша, ерте жүктілік немесе кәмелет жасқа толмай босану жасөспірімнің физиологиялық және пси­хологиялық дамуына деструктивті әсері бар, денсаулыққа да өте қатерлі ке­зең саналады. «Ойнап жүріп, от басқан» қыздың жан жарасын да, тән жарасын да емдеп жазу оңай болмайды. Өкініштісі сол, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар – жас қыздарда туындайтын ең басты проблема.

– Алғашқы жыныстық тәжірибені алғаннан кейін екі жыл ішінде жасөспірім қыздардың жартысы жыныстық жолмен берілетін хламидиоз, трихомониаз, гонорея секілді үш аурудың кем дегенде бір­еуін жұқтырады. Ал 19 жасында және одан кейін жыныстық қатынасты бастағандарға қарағанда, 15 жасында жыныстық қатынасқа түскен қыздарда жатыр мойны обыры 2 есе жиі кездеседі. Себебі жы­ныстық өмірді бастағанда, жасөспірімдерде қажетті ақпарат толық болмайды, сондықтан жыныстық жолмен берілетін инфекциялар қаупі күшейеді. Олар қандай контрацептивтерді қолдану керегін және дәрігерге қашан бару керегін білмейді. Кездейсоқ жыныстық қатынас кезінде репродуктивті денсаулыққа аса зиянды жыныстық жолмен берілетін ин­­­фекцияларды жұқтыру жиі кездеседі. Олар жыныс мүшелерінің ауыр қабынуын, олардың функциясының бұзылуын тудырады, кейде хирургиялық емдеуді қа­жет ететін қабыну ісіктері пайда болады, – дейді Астана қаласы бойынша «AMANAT» партиясы филиалы жанындағы Әйелдер қанатының төрағасы Салтанат Дженалаева.

Егер статистиканы сөйлетер болсақ, елімізде 21 мың АИТВ (ВИЧ) жұқтырған адам болса, соның 40%-ы – 15-29 жас аралығындағы жастар. Сондай-ақ акушер-гинеколог Галина Гребенникованың айтуынша, 15 жаста аяғы ауыр болған бойжеткендердің қайтыс болу қаупі ересектерге қарағанда 20 есе көп.

– 15 пен 19 жас аралығындағы қазақстандықтардың үштен бірі белсенді жыныстық өмір сүреді. Сонымен қатар осы жастағы сауалнамаға қатысқан жасөспірімдердің 91%-ы АИТВ туралы жеткілікті білмейді, 65%-ы жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды емдеу керек екенін түсінбейді, 47%-ы түсік түс­ірудің қауіпті салдарын ұқпайды және 20%-ы қорғалмаған жыныстық қатынасқа түседі, – дейді Салтанат Мұқанбетпанақызы.

Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлейменова келтірген деректерге сәйкес, елімізде 18 жас­қа дейінгі балалар саны 7 миллионға жуық, оның 51,3%-ы  – ұл,  48,7%-ы – қыз. Еліміздің жарқын болашағы, Отанымыздың қорғаны саналатын бұл өрімдей жастарға сауатты, салауатты тәрбие мен білім беру – ең басты міндет. Алайда «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқ па, неліктен жасөспірімдер арасында жүктілік статистикасы жаға ұстатарлық жағдайға жетіп отыр? Мамандар ерте жүктіліктің басты себебі сауатсыздық деген уәж айтады.

Қоғам болып күрескеніміз жөн

Елімізде 12-15 жас аралығындағы, тіпті 10 жастағы қыз баланың жүкті болып қалғаны туралы статистика бар. Ал 14 жас­тағы жасөспірімдердің 10%-ы, 15-17 жастағы жасөспірімдердің 21%-ы кемінде бір рет жыныстық қатынаста болған. Салдарынан 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдердің 16,7%-ы кемінде бір рет жүкті болған, олардың ішінде 62%-ы босанған, 22%-ы жасанды түсік жасатқан болса, 16%-ында жүктілік өздігінен түсік тастаумен аяқталған.

Бұл сандардың ұлт саулығы, ұрпақ саулығы мәселесіндегі зардабын айтпасақ та түсінікті. Қазір мектеп бағдарламасына жыныстық тәрбие сабағын енгізу туралы мәселе қоғамда қайта-қайта талқыланып келеді. Бірақ жыныстық бі­лім мен тәрбиені жүйелі, сауатты түрде қалай жүргізуге болатыны туралы нақты шешім мен айқын бағыт-бағдар жоқ. «Дерттің» дендегені сонша, 10 жасар қыздың жүкті болғанын, 12 жаста өрімдей жастың ана атанғанын құлақ естіп отыр.

– Ерте жүкті болып қалатын жасөспірім қыздардың жыныстық қарым-қатынас жайлы білімі өте таяз. Олар жүкті болудан сақтану туралы мүлде білмейді. Қазір республика бойынша Алматы және Түркістан облыстары көш бастап тұр, –  дейді Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс балалар гинекологы Елена Лущаева. 

Ranking.kz агенттігі келтірген дере­ктерге сәйкес, Қазақстанда қала мен ауыл жасөспірімдерінің босану көрсеткішінде айтарлықтай айырмашылық бар. Былтыр ірі елді мекендерде жас­өспірімдер арасындағы туу көрсеткіші 15–19 жас аралығындағы 1 мың қыз балаға шақ­­қанда 15,3, ауылдарда 25,9. Бұл – Қа­зақ­стан бойынша орташа көрсеткіштер. Мәліметтерді өңірлер бойынша егжей-тег­жейлі қарастырған кезде кейбір облыстарда ауылдық жерлердегі жасөспірімдердің босану көрсеткіші республикалық деңгейден жо­ғары екені байқалады. Мы­салы, Маңғыстау, Жамбыл облыстарында коэффициент 35-тен, Түркістан облысында 30-дан жоғары. Мәселен, Жетісу облысында жыл басынан бері 15-18 жас аралығындағы қыздардың 14%-ы жүкті болған. Оның ішінде 57%-ы босанса, 27%-ы жасанды түсік, ал 16%-ы өздігінен түсік тастаған.

– Қазір өңірде жасөспірімдердің репродуктивті денсаулық мәселелері үлкен дауға айналуда. Мектепте оқып жүріп жүкті болған оқушылар аз емес. Өк­інішке қарай, жыныстық қатынастың ерте басталуы және де алдын ала контрацепция әдістері туралы хабардар бол­мауы жасөспірімдердің денсаулығына кері әсерін тигізіп отыр. Егер алдын алу жұмыстары жүрмесе, жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығының нашарлауына алып келеді. Жауапкершілікті әр адам өзі сезінуі шарт. Ата-ана мен ұстазға міндет артпай, қоғам болып күресуіміз керек, – дейді Жетісу облысы Денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Жанета Нұрманбетова.

Ерте жүктілік – суицидтің себебі 

Жүкті болмаудың бірден-бір жолы кәмелет жасқа толмай, мүлдем жыныстық қатынасқа түспеу десек, күлкісі келетіндер де табылады арамыздан. Сондықтан балаларды ерте жастан жыныстық сауаттылыққа баулу қажет. Ұят деп бұл та­қы­рыпты қозғамаудың түбі жақсылыққа әкелмейді дейді мамандар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары да жасөспірімдер жүктілігі білім деңгейі немесе экономикалық жағдайы төмен халықтар арасында жиі кездесетінін айтады. 

– Ерте жүктіліктің себептері өз еркімен немесе зорлық-зомбылықтың салдарынан болуы мүмкін. Жасөспірім қыздың ағзасы психологиялық және физиологиялық тұрғыдан жүктілікті көтеруге әлі бейімделмеген. Статистикаға сәйкес, жасөспірімдер арасында мың қыздың үшеуі түсік жа­са­тады. Оған дәрігер-гинеколог ретінде өзім куәмін, – дейді гинеколог дәрігер Гүлжанар Мақашева.

инфографика: Елдар ҚАБА

 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бір рет түсік жасатқан анадан туған сәбидің көбі гемотологиялық ауруға шалдығып, тумай жатып мүгедек болады немесе туысымен шетінеп кетеді. Мәселен, статистика бойынша бедеулік диагнозы қойылатын 100 әйелдің 75-сінде оның бірден-бір себебі алғашқы жүктілікте жасатқан түсік болып саналады. Ерте жүктілік салдарынан бір рет түсік жасатқан ағзада жүктіліктің асқынуы жиілеп және кейінгі босануларда қан кету, уақытынан бұрын босану 2 есе артады, кейде қайта бала көтере алмау секілді зардаптары да шаш етектен. Ал дүниежүзінде түсік тастаудың асқынуы салдарынан жыл сайын 500 000-ға жуық әйел қайтыс болады екен.

– Көбіне жүкті болған жасөспірім қыз дәрігерлердің кеңесіне жүгінбестен, орынсыз жүктілікті қалай да болдырмау мақсатында, сенімсіз ақпараттарды кездейсоқ естіп алып, әртүрлі дәрі-дәрмекті ішіп, тампон салып, денсаулығына нұқсан келтіріп, кейін бедеулікке ұрынып жатады. Тіпті, суицидке де барады. Соларды болдырмас үшін жасөспіріммен психологиялық тұрғыдан сөйлесіп, бір шешімге келу керек, – дейді гинеколог. 

Мамандардың сөзінше, көбіне дәстүрлі құндылықтарға негізделген отбасыларда өскен қыздар үлкендерге жүктілігі туралы айтудан қорқады, пси­хо­логиялық тұрғыда ана атануға дай­ын емес, салдарынан кейбір жағдайда олар өздерін ғана емес, сәбиін де өлімге қиятын кездері болады, бұл өз кезегінде жасөспірімдер суицидінің статистикасына әсер етуші фактордың бірі болуы мүмкін.

Жыныстық тәрбиені жүйелі оқыту керек

2019 жылдан бері мектептерде жаратылыстану, биология сияқты жалпы пәндерге тақырып ретінде адамтану ба­ғытында жыныстық тәрбие курсы ара­гідік енгізіліп жүр. Алайда нақты бағдарламасы бекітілмегендіктен, қайбір жылдары Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы сынды мекемелердің мамандары мектепте өз дәрістерін оқып, мүшеқап жарнамасын жүргізіп, оқушыларға таратып бергені туралы шу шыққан-тын. Ата-аналар өре түрегеліп, наразы болғаны бар. Бұрын анатомия сабағы 8-сыныптан басталатын болса, енді ма­мандар бұл пәнді  3-4-сыныптан бастау керектігін алға тартады. Олар 3-4-сынып­тан бастап-ақ балаларға жыныстық сауаттылық туралы оқыта беруге болады дейді. Егер 3-4-сыныптағы бала 8-9 жаста деп есептесек, оларды кішкентайынан жыныстық тәрбиеге үйрете беру туралы ұсынысты қолдайтындар «қазіргі балаларды бұрынғы балалармен салыстыр­ғанда физиологиялық, жыныстық өсіп жетілуі өте ерте әрі тез дамиды» деген уәж айтады. 

Жалпы, жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын қорғау мақсатында жасөспірімдер мен жастарға тегін білікті медициналық, психологиялық, әлеуметтік және заңгерлік көмек көрсетудің қолайлы жағдайларын қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан көптеген жоба қолға алынған. Мәселен, 2023 жылы МАМ отбасылық құндылықтарды нығайту және отбасы институтын дамыту мақсатында 5 гранттық жоба бекітті. Жо­ба ерте жүктілік, түсік түсіру, жыныс­тық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу және репродуктивті денсаулықты сақтау туралы жасөспірімдердің сауатын арттыруға бағытталған. Аталмыш бастаманы жүзеге асыру үшін 350 волонтер оқытылды. Өкінішке қарай, грант есебінен қаржы бөлініп, қолға алынған істің нәтижелі болғаны туралы ақпарат қолымызға түсе қойған жоқ.

Тарих пәні мұғалімі Өмір Шыныбек, алдымен, мамандар мектептегі тәрбие жоспарына нақты нені енгізу керек, нені енгізудің қажеті жоқ, соны нақтылап алса дейді.

– Жасөспірімдер жүктілігі бұрын да болған, келешекте де бұл мәселені айналып өте алмаймыз. Бүгінде үлкен проблемаға айналуының себебі ашық ақпараттың көптігінен деп ойлаймын. Бұрын мектептерде қыздар кеңесі деген болатын. Әрбір сынып жетекшісі қыздармен оңаша сынып сағаты секілді арнайы сабақ өтетін. Қазір де сынып жетекшілері бар, бірақ оларды жоғарыға өтірік есеп тапсыру секілді артық жұмысқа жегіп қойған. Қыздармен ашық, оңаша сөйлесуге уақыты мұршасы бола бермейді, – деді ұстаз. 

Ал журналист Бэлла Орынбетова егер елімізде ерте жүктілік, ерте жыныстық қатынас мәселелері ушыққан болса, қоғамдағы «Он үште отау иесі» деген секілді архаикалық түсініктердің әсері болуы мүмкін екенін айтады.  

– Мектепте валеология сабағының сапасы сын көтермейді. Сондай-ақ баланың құқығын бұзу жағдайы көбіне ашық айтылмайды, кейбір инцидент болған жағдайлар «жабулы қазан күйінде» өзара келісім негізінде жабылып қалады. Дегенмен жалпы ерте жыныстық қарым-қатынас немесе ерте жүктілік мәселесінің алдын алуға болады, – дейді Б.Орынбетова. 

Оның айтуынша, мектепте жыныстық сауат пәнін оқытатын болса, алдымен педагог маманның да жауапкершілігі мен сауатына мән берілуі керек. Мектепте ғана емес ата-анамен де жұмыс жүргізілуі, қоғамның да пікірі, көзқарасы өзгеруі тиіс. 

Алайда мамандардың пікірінше, көптеген ата-ана мектепте жыныстық білім беруді енгізуге қарсы. Біреу мұндай тақырыптарды тек отбасы ішінде талқылау керек деп санайды, ал басқалары бұл әдепсіз деп санайды, ал басқалары нақты не және қай жастан бастап балаларды оқытатынын түсінбейді және жаңашылдықтан қорқады. Сондықтан ата-анаға да ұл мен қызға да жыныстық сауат туралы ашық әңгіме айтудың еш сөкеттігі жоқ екенін түсіндіру маңызды болып тұр. Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесi Назым Жанғазинованың айтуынша, өңірлердегі медициналық мекемелері қыз балалар­дың анасымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу қажет.

– Жыныстық сауат туралы еш қысылмай, балаларға 11 жастан бастап айта беру керек. «Дене бітімің өзгеріп жатыр. Гормондар дамиды. Бұл – қалыпты жағдай. Одан ұялудың қажеті жоқ» деп түсіндірмеген соң, бұдан ақпараты, білімі жоқ ер бала гормон мен эмоцияға жол бе­реді. Сондықтан да бізге ағарту­шылық-ақпараттық жұмысты күшейту қажет. Біз мектеп бағдарламасына арнайы қосымша пән енгізу жөнінде ұсыныс айттық. Сыныптағы тәрбие сағатында қыздарды ғана тәрбиелеу дұрыс емес. Мұны қызға да, ұлға да бірдей айту керек. Өйткені жыныстық қатынасқа итермелейтін дом­инант ер бала ғой, – деді ол. 

Жалпы, қазақта «Тәрбие басы – тал бесік» деген тәмсіл бар. Егер ерінбей ұлт­тық тәрбиенің қайнар көздеріне, мөл­дір бастауларына үңілер болсақ, жыныстық тәрбиені «жалаңаштамай-ақ», «қыз – қонақ» деп құрсақта жатқанда-ақ ұрпақ тәрбиесіне аса сақтықпен қарағанын ұғуға болады. «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» деген қағиданы заман талабына сай бейімдеп, жеткіншектің жетесіне жеткізе алатын аналар қалай жыныстық қатынасқа түсу емес, керісінше ғасырлар тезінен өткен қазақы биязы ұғымдарға акцент бере отырып, бала тәрбиесін қолға алуы керек сияқты. Психолог Зарина Қаһарманның айтуынша, ата-анасымен жылы қарым-қатынас орнатқан болса, бала назарды сырттан іздемейді. Сенімге негізделген әңгіме, жанұядағы бір-біріне деген жылы көзқарас, мейірім – осының бәрі қыз баланың тікелей психологиясына әсер ететінін ұмытпау қажет... 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ