Толқын Бегалиеваның 13 жасқа толған ұлы Тұрарбек Мұхамеджан құлақ ауруымен бірнеше жылдан бері зардап шегіп келеді. Жергілікті аудандық және облыстық дәрігерлерге көрініп, бірақ дер кезінде тиісті диагнозы анықталмай, баланың құлағынан ірің ағып, тіпті сүйектері шіри бастаған. Баланың құлағы ауруының себебі мен оны емдеу жолдары туралы Толқын біраз уақыт оздырып барып, елордадағы «Ана мен бала» орталығына барғанда ғана анықтауға мүмкіндік алады. Дәрігерлер шырылдап жүрген анаға ұлының құлағындағы дерттің әбден асқынып кеткенін, сондықтан тез арада баланың мүгедектік алуы қажеттігін қадап ескертеді.
«Балам Тұрарбек Мұхамеджанның құлағы ауырғалы бірнеше жылдың жүзі болды. Алғашқыда құлақтың қабынуы (отит) болып, ірің аға беретін. Мұнымен қоса, балам сабақта ести алмайтынын, басы ауыратынын айтып, ұзақ уақыт жата беретінді шығарды. Дәрігерге көрсетсек, алты айда бір рет қарайды да, «өзі кетеді» деп қайтарып жібере берді. Содан Көкшетауға облыстық ауруханаға әкеліп, КТ түсірттім. Мұндағы дәрігерлер де баланың құлақ ауруының нақты себебін тап басып айта алмады. Сөйтіп, республикалық «Ана мен бала» орталығына барып, қайта КТ түсірдім. Көкшетаудағы дәрігерлердің айтуы мен елорда дәрігерлерінің айтқаны жер мен көктей болды. Балаға шұғыл арада ота жасалуы керек екен. Өйткені ірің кеппей, ар жағындағы сүйектері шіри бастапты. Ота жасау да ұзақ уақытқа созылатын болды. Мән-жайды айтып, Денсаулық сақтау министрлігіне бардым. Содан екі құлағына бірдей ота жасалды. Бір ота өткен жылдың 3 тамызында, енді бірі осы жылдың 3 қаңтарында жасалды. Бірақ күні бүгінге дейін баламның жағдайы аса оңала қойған жоқ. Балам саңырау болып қалды. Құлағынан ағуы әлі тоқтамады. Балам айтқанды дұрыс естімейді. Қазір Көкшетаудағы №4 арнайы мектепке оқуға бердік. Мұнда да балаға арнайы аппаратпен оқытады екен. Сабақты оқи алмай қалды. Балама жақсы естуі үшін құны біз үшін аса қымбат аппарат алу керек екен. Бірақ біздің оны алатын жағдайымыз жоқ. Бұдан бөлек, тағы бір балам ақыл-есі кемдігінен Көкшетау қаласындағы №20 арнайы мектепте оқиды. Егер балаға мүгедектік рәсімделсе, мемлекеттен тегін аппарат беріледі екен. Бірақ ол құжатты бізге аудандық ауруханадан бермей отыр. Көмек сұрап аудан әкіміне де жүгіндім. Әкім бас дәрігерді шақыртып, ол әкімнің алдында бәрін істейтінін айтып уәдесін берген. Бірақ сол күйі мені алдап кетті. Жақында ауруханадан баланың құжаттарын медициналық-әлеуметтік сараптамаға жібереміз деп айтты. Бірақ менің енді сенімім де қалмады. Қайтерімді білмей, далбаса жағдайда қалғандықтан, сіздерден көмек сұрап отырмын, – дейді ашынған ана Толқын Бегалиева.
Мәселенің мән-жайын толығырақ анықтау мақсатында Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасына жүгіндік. Басқарманың ресми өкілі аудандық аурухананың бас дәрігерінен мән-жайды анықтауымызды сұрады. Сөйтіп, Зеренді ауруханасының қазіргі бас дәрігері Әуез Көпеновпен тілдестік. Бас дәрігер баланың жағдайы туралы тәптіштеп сұрағанымызды жақтырмай, соңғы сауалдарымызды жауапсыз қалдырды.
«Бұл бала туралы жағдайды жақсы білемін. Осы жылдың 12 сәуіріне дейін бала үшінші дәрежелі НСТ диагнозымен қаралған. Бұл диагноз мүгедектікті анықтау үшін медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдама берілуге жатқызылмайды. Бала үшінші топ мүгедегі болғандықтан, мемлекет тарапынан аппарат та берілмейді. Медициналық-әлеуметтік сараптамаға құжаттарды жіберуге төрт ай уақыт қажет болды. Енді 18 тамызда құжаттар МӘС-ке жолданады. Оған дейін жіберілсе, айыппұл салынады. 18 тамызды құжаттар жолданады, – деп қысқа қайырған бас дәрігер телефон тұтқасын тастай салды.
Бірнеше жылдан бері құлағы кеміс болып, екі бірдей ота жасалған балаға 4 ай уақыт күту қайдан шыққаны, мүгедектік берілу туралы шешім қанша уақыт қаралатыны туралы қойып үлгерген сауалдарымыз сол күйі жауапсыз қалды.
Мәселені нақтылау үшін тағы да облыстық Денсаулық сақтау басқармасына жүгіндік.
«Баланың анасы бізде басқармада болған. Басқарма басшысымен кездесті. Одан кейін ана мен баланы қорғау бөлімінің басшысымен сөйлесіп, оған барлығын түсіндіріп берген. Балада бастапқыда үшінші дәрежелі саңыраулық диагнозы қойылған. Кейін сәуір айында төртінші дәрежелі саңыраулық диагнозы расталды. Бірақ мүгедектікті алу үшін тағы төрт ай күтіп содан кейін расталуы тиіс. Тек содан кейін ғана мүгедектікті рәсімдеу мәселесі қаралады. Мұның өзі де бір күндік емес, күтуді қажет етеді. Тағы қосымша ақпаратты кейін тағы беремін, – деді Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Кәмила Әбделманова.
Сонымен, онсыз да бірнеше жыл бойы құлақ ауруының зардабын тартып, сүйектеріне дейін шіри бастаған балаға расталған мүгедектігін беру үшін нақты әлі қанша уақыт күту қажеттігі, ол әлі беріле ме, жоқ па екені де белгісіз болып шықты. Мүгедектігі расталғаннан кейін тағы бірнеше ай бойы күту, одан расталған құжаттарды рәсімдеу, әзірлеу үшін тағы күту денсаулығы төмендеп бара жатқан бала мен оның ата-анасына психологиялық-моральдық кері әсерін тигізетіні айтпаса да түсінікті. Бұл орайда бірінші кезекте саладағы заңнаманың өзгерісті, сондай-ақ тиісті құзырлы мекемелер мен аурухана дәрігерлерінен жауапкершілік жүгін сезінуді қажет ететінін түсініп, мәселенің дұрыс шешімін табуына ықпал етсе дейміз...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы