Ел Үкіметі 2010 жылы қабылданған Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі «Балапан» бағдарламасында 2020 жылға дейін жас ұрпақты 100% балабақшамен қамтуға уәде еткен-тін.
Балабақшада қалады ақша...
1,860
оқылды

Жауапты шенеуніктер мен әкімдер бұл міндетті сол бойы орындамады. Қазіргі кезде салада жеке бағдарлама жоқ. Оның орнына Үкімет жаңа схеманы жолға қоймақ: Оқу-ағарту министрлігі оған «Ақша баланың соңынан жүреді» деген тосын атау берді. Соның аясында Indigo жүйесі жаппай енгізіледі. Бұл жоба пікірталас тудырды. Неге? 

Жүз пайыз – жеткізбейтін сағым

Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, 2024 жылғы І тоқсанның қорытындысында елімізде 2-6 жастағы балаларды  балабақшамен қамту көрсеткіші 91%-ға жетті. Бір жа­ғы­нан алғанда, жап-жақсы көрсеткіш. Ек­ін­ші жағынан, бұл көзбояуға ұқсайды. Өйткені ол тек балабақша кезегінде тұр­ғандарды ғана қарастырады. Мысалы, қан­ша балдырғанды отбасында үйбикелері (домохозяйки) бағып отырғаны ресми айтылмайды. Әрине, ананың әл­­пеш­тегені­нен, аялы алақанынан ардақты ештеңе жоқ. Әйткенмен, баланың қоғамға кірігуі, әлеуметтенуі, құрбы-құрдастарымен ара­ласып үйренуі үшін де балабақшаға баруы қажеттігін айтпағанның өзінде, мектепке дейінгі тәрбие мен білім дәл осы ұйымдарда берілетінін ұмытпаған жөн.

Сонымен, Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, бүгінде республикада мемлекеттігі, жекеменшігі бар, жалпы саны 11 мың 472 мектепке дейінгі ұйым (балабақша, миниорталық) жұмыс істейді. Онда 1 миллионға жуық бала тәрбие алып, оқиды. 

Салыстырсақ, Ұлттық статистика бюросының дерегінше, қазіргі уақытта Қа­зақстанда 2-6 жастағы 1 миллион 999,2 мың бала бар. Яғни, бұл жастағы балалардың тең жартысы балабақшамен қам­тыл­маған, анасының, ата-әжесінің, туысқанының тәрбиесінде.

Министрлік олардың таяу арада мектепке дейінгі біліммен толық қамтылатынына уәде бермейді. Себебі биыл, 2024 жылдың соңына дейін бүкіл Қазақстан бойынша мектепке дейінгі ұйымдарда тек 77 мыңдай жаңа орын ашылады. Мұндай қарқынмен үйінде отырған 1 мил­лиондай баланы мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету үшін 13 жылдай уақыт қажет болады. Алайда елімізде жыл сайын 400 мыңдай (2022 жылы – 403,8 мың, 2023 жылы – 388,4 мың сәби өмірге келді) бала дүние есігін ашатынын ескерсек, мұндай митың жүріспен шенділер «100% қамтудың» межесін ешқашан қуып жете алмайды. Оларға не серпін беретіні беймәлім.

Тағы бір алаңдатарлық жайт бар: жаңадан ашылып жатқан балабақшалардың басым көпшілігі – ұсақ. Барынша көп баланы сыйдыра алатын, түрлі тақырып пен саладағы кең кабинеттерден тұратын, заманауи жабдықталған тұтас кешендер жоқтың қасы. Астанадағы бір өзі 750 балаға дейін қамти алатын «Қарлығаш» балабақшасы» РМК сияқты ұйымдар енді тек қиял болып қалды. 

Бұл – осы саладан ірі түгіл, орта бизнес те теріс айнала бастағанын көрсеткендей. Оған кезінде қарқынды басталып, соңы сұйылып кеткен МЖӘ (мемлекеттік-жекешелік әріптестік) сияқты жобалардың тоқырауы да теріс әсер етті.

Оқу-ағарту министрлігі «балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқыту­мен қамтуды арттыру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған мек­тепке дейінгі ұйымдарды іске қосудың қадамдық жоспарын әзірлеп, бекіткенін» айтып мақтанады. Министрліктің Мектепке дейінгі білім беру департаменті директоры Манара Адамованың айтуынша, 2024 жылдың үш айында 8 849 орынға ар­налған 125 мектепке дейінгі ұйым аш­ыл­ды. Ендеше әрбір балабақшаға орта есеппен 70 орыннан келеді. 

– Жаңа балабақша орындарын ашуды – мектепке дейінгі ұйымдарды жаңадан салу арқылы ғана емес, сондай-ақ жұмыс істеп тұрғандарын реконструкция­лап, кеңейту, мектептер жанындағы және тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарындағы миниорталықтар желісін кеңейту, жекеменшік балабақшаларда мемлекеттік білім беру тапсырысын ор­на­ластыру арқылы ілгерілету жоспарланған. Соңғы бес жылда балабақша кезегі екі есе азайды. Бүгінгі таңда 2-6 жастағы ба­ла­ларды қамту 91%-ды құрайды. Биыл бұл көрсеткішті 92,5%-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Манара Адамова.

Балаға ерсе, ақша адал

Саладағы жағдайды жақсарту үшін министрлік «Ақша баланың соңынан жүреді» схемасын іске қосып жатыр. Бұл сондай-ақ «мектепке дейінгі білім беру сапасын да жақсартуы» тиіс.

Осылайша, Үкімет балабақшаларды субсидиялау қағидатын қайтадан реформауға кірісті. Оқу-ағарту министрлігінің түсіндіруінше, қолданыстағы бұрынғы модель бойынша мектепке дейінгі ұйым­дар – балабақшалар мен миниорталықтар нақ­тылы, шектеулі көлемде мемлекеттік тапсырыс алатын. Бұдан былай оның орнына Indigo ваучерлік қаржыландыруын енгізу ұсынылады.

«Бұл жүйенің негізінде «Ақша баланың соңынан жүреді» тұжырым-концепциясы жатыр. Мұндай тәсіл ата-аналарға балалары үшін ең жақсы балабақшаны таңдауға және көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылауға мүмкіндік береді. Мұ­ның сыртында жаңа қағиданы енгізу балалардың бір бақшадан екіншісіне ер­кін ауысуын көздейді», – деп хабарла­ды министрлік.

Сонда мемлекеттік қаржыландыру да баламен бірге басқа балабақшаға кетіп қа­лады. Ведомствоның пайымдауынша, осы схеманың арқасында жаңа ойыншылардың өз балабақшаларымен, шағын орталықтарымен жүйеге кіруі оңайлайды. Және бұл мектепке дейінгі мекемелердің еңбек шығындарын едәуір қыс­қартады.

Осы жобаны елімізде енгізуге кіріскен астаналық «КДС-Франчайзинг» жеке мекемесінің даму жөніндегі директоры Евгений Щербатовтың сендіруінше, жүйеге кіру еш қиындықсыз жүретін кө­рі­неді. 

– Мысалы, мектепке дейінгі білім беру ұйымы ашылды делік. Ол белгіленген тәртіппен құжаттарын жинап, жергілікті білім бөліміне өткізеді. Оның құжаттары расталса болды: ұйым осы қаржыландыруға қатыса береді. Балабақшаға енді ақшаны білім бөлімі емес, әрбір бала әкеледі. Осы арқылы балабақшалар мемлекеттік субсидиялау нарығына еркін қосылып, өзара бәсекелесе алады», – деді Евгений Щербатов.

Бүгінде жаңа цифрлық платформаға Қазақстанның 12 өңірі ғана қосылған екен. Олардың тәжірибесін ары қарай бү­кіл елге тарату жоспарланған. Яғни, болашақта бұл жүйеге қосылу өңірлер үш­ін ерікті іс емес, міндетті іске айналуы мүмкін.

Сын түзелсе, мін түзелер

Үкімет Indigo атты ваучерлік қаржыландыруды басқару мемлекеттік құрылымға «Қаржы орталығы» АҚ-ына жүктелгенін хабарлады. Бұл ретте Indigo жүйесі банктер, ұлттық білім беру платформасы және басқа да ведомстволар арасында деректермен алмасуды өз бетінше қамтамасыз етеді. Осы орайда, әлеуметтік желіде пікір білдірген ата-аналар Қазақстанның бүкіл жас ұрпағының дербес деректері тағы жеке компанияның уысына түсіп кеткелі тұр­ғанына алаңдаушылық білдірді. 

Жалпы, ваучерлік қаржыландыру деген жаңа бастама емес. 2021 жылдың күзінде Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру қағидаларына өзгеріс енгізді. Оған сәйкес, білім басқармаларына ваучерлік (персонификацияланған) қаржыландыруды пайдалану мүмкіндігі берілді. Мұндағы жаңалық неде? Басқармалар жан басына шаққандағы немесе ваучерлік қаржыландырудың қайсысын және қанша көлемде қолданатынын өзі шешеді. 

Басқармалар олардың аралас түрін пайдалана алады: бюджеттік ақшаның бір бөлігін жан басына шаққандағы қаржыландыру, екінші бөлігін – сынақ түрінде ваучерлік қаржыландыру арқылы өткізуіне рұқсат етілді. Содан өңірлерде ваучерлік қаржыландыруды игеруге делдал болатын «Индиго», «Балабақша» сияқты порталдар ашылды.

«Ваучерлік қаржыландыру бойынша балабақшалар бұдан былай ешқандай конкурстан өтпейді, олар бірден әлеуетті жеткізушілер тізіліміне қосылып, қызметін ұсына бастайды. Бұл үшін небары 3 құжатты тіркесе, жеткілікті. Тізілім-реестрге енген кез келген бала­бақшаға ата-аналар жолдама ала алады. Білім басқармасынан жолдама алғаннан кейін ата-ана екінші деңгейдегі банк­тердің бірінде арнайы электронды әмиян (эскроу-шот) ашып, соған бала­бақша үшін бір айлық ақының алдын ала төлемін аударуы қажет», – деп тү­с­ін­­дірген еді сонда Білім және ғылым ми­нистрлігі.

2021 жылы сол кездегі Нұр-Сұлтан қа­ла­сының Білім басқармасы тұңғыш болып, ваучерлік қаржыландырудың пи­лоттық жобасын енгізді: ата-аналардан өтінімдер қабылдап, 200 орын бөлді. Бір қарағанда тиімді көрінетін бұл схеманың өмір шынайылығымен қабыса бермейтіні тез анықталды. Балабақшаларда онсыз да орын тапшы болғандықтан, ваучерлік қаржыландыру ая­сында квота алған ата-аналар қызметіне көңілі толмаған балабақшадан басқаға кете алмайтынын білді. Кетпесе, ақша да ба­с­қа балабақшаға еріп бармайды.

Өз кезегінде осы жүйеге мойынсұнған жеке балабақшалар жете қаржыландырылмайтынын айтып, әкімдіктер мен Үкіметке арыз жолдады. Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығы Indigo эл­ектронды жүйесін жетілдіруге қатысты ұсыныстармен шықты. Қауымдастық мамандары жүйенің автоматтандыруға, интеграциялауға қатысты олқылықтарын атады. Жүйедегі кемшіліктер қаржыландырудағы үзілістерге соқтырмағаны абзал.

Сарапшылардың айтуынша, ваучерлік қаржыландыруда ақша сомасы әрбір балаға жеке есептелетіндіктен, бұл тұр­ғыда жүйені барынша айқын, егжей-тег­жейлі ету керек. Мысалы, әрбір бала үшін әрбір айда қандай балабақшаның қанша қаржы алғанын жеке көрсеткен жөн. Бұл та­лап мемлекеттік стандарт деңгейінде бе­к­ітілуі керек. 

Мұндай функция бақылаушы органдар, аудиторлар тарапынан қаржы сомасына қатысты қажетсіз сын-ескертпелерді туғызбау, айып тағылмауы үшін қажет көрінеді. Әңгіме әрбір бала үшін мемлекет пен ата-аналардың қанша ақша жұмсағанын бүге-шігесіне дейін автоматты түрде көрсету турасында болып отыр. Әрбір ата-ана өз баласына қатысты қаржылық есептілікті көруі қажет. Онсыз тағы да сыбайлас жемқорлық көріністері белең алып, балабақшаларда «өлі жандар» проблемасы белең алуы мүмкін. 

Қалай болғанда, бір ғана ваучерлік қаржыландырумен саладағы барлық мәселе шешілмесі сөзсіз. Мектепке де­йінгі білім беру сапасының төмендігіне, қазақтілді балабақшалар мен топтардың тапшылығына, балдырғандарға мемлекеттік тілді үйрету жағының ақсап жатқанына және басқасына қатысты мәселелер сол бойы шешімін таппай, қордаланып жатыр. Балабақшалардағы тамақтандыру проблемалары да бір төбе. Парламент депутаттары оның бәріне көңіл бөліп, шешімін ұсыну үшін жеке бағдарлама әзірлеуді ұсынып жүр. Ол да ескерілсе, дұрыс болар.

Елдос СЕНБАЙ