Қазақ кескіндеме, сурет өнерінің негізін қалаған Әбілхан Қастеевтің туғанына 120 жыл толып отыр.
Гүлдария Қастеева, Әбілхан Қастеевтің қызы: Әкем суретпен тарихты жеткізді
6,138
оқылды

Жастайынан қой бағып, қара жұмысқа ерте араласқан Қастеев қаламынан қазақтың атын әлемге танытқан А.Құнанбаев, Ж.Жабаев, Ш.Уәлиханов, А.Иманов, К.Әзірбаев сияқты тұлғалардың портреттері мен қазақ халқының тұрмыс-салты, әдет-ғұрыптарынан мол мағлұмат беретін құнды өнер туындылары дүниеге келді. Тума талантымен қазақта бұрын болмаған таңсық өнердің негізін қалаушы Ә.Қас­теевтің қызы Гүлдария Қастеевамен сұхбаттасқан едік. Әңгіме барысында кәсіпқой суретшінің күрделі өмірі мен баға жетпес туындылары жайында сөз қозғады.

– Әңгімемізді суретшінің қандай әке бол­ғанынан бастайықшы. Әбілхан ата отба­сында қандай әке еді?

– Әке ретінде өте керемет адам болды. Әйеліне, балаларына дауыс көтеріп сөйлеген емес. Құлқынсәріде тұрып алып үйдің алдына өзі еккен гүлдерді суарып, ауланы сыпырып жүретін. Сөйтіп, шеберханасына кіріп кетеді де, өзінің жұмысымен кешке дейін айналысып отыратын. Бізге тек дастарқан басында ғана ақыл айтқан. Үлкен ағамыздан басқамыз орыс мектебін бітірдік. Сондықтан әке-шешеге, үлкендерге «сен» деп сөйлеп үйрендік. Бірде шай үстінде әкеміз үлкен кісілерге құрмет белгісі ретінде «сіз деп сөйлеген дұрыс» деп ақылын байыппен жеткізген. Отбасында анамыз қаталдау кісі болды. Егер біз анамызды тыңдамай, сөзін екі ете қалсақ бірден әкемізге шағымданатын. «Балаларға бірдеңе десеңші» деп ашуланып қоятын кезі де болған. Сондағы әкеміздің бар істегені – газетті дөңгелетіп орап алады да, қолын көтерген күйі «Ананың айт­­қанын істеңдер» дейді. Тіпті, газетпен де ұр­майды. Бірақ әкеміз не айтса да тыңдап өстік. Мектепте оқып жүргенде-ақ барлық отба­сында осындай әке-шеше болса екен деп ар­мандайтынмын. 

Ұрпақтарының бәрі мүсінші, суретші бо­луы әкеміздің қанымен берілген өнер деп ойлаймын. Өйткені әрқайсысымыз өз таң­­дауы­мызбен әке жолын қудық. Әкемнің өзі осы кәсіпті таңда деп ешкімнің таңдауына қарсы шыққан емес. 

– Әкеңіздің шаңырағына қазық қадап, ат байлап түскен тұлғалар болды ма? Сондай ерек­ше жүздесулердің бірін айтып беріңізші. 

– Үйдің есігі келген жанның бәріне әр­­­дайым ашық тұрды. Суретшілердің бәрі біздің үйге келіп әңгімелесіп, жиналыс өткізгендей өз ойын айтып кететін. Кіш­кентай болған соң, оларды танымай кім екенін әкеміздің өзінен сұрап алатын едік. Есім­де қалғаны – суретші Молдахмет Кәденов, Хәкімжан Наурызбаев, Жаңатай Шәрденов, Үкі Әжиев, Сахи Рома­­нов, Әуба­кир Исмайлов. Одан өзге Нұрғиса Тілендиев, Шара Жиенқұлова, Жа­­мал Ома­рова, Гүл­файруз Исмаилова дастар­қаны­мыздан дәм татқан. 

Әкеміздің ең жақын досы – М.Ты­ныш­паевтың ұлы Ескендір Тынышпаев. Ол әкеміз дүниеден өткеннен кейін, шаңыра­ғымызға жиі келіп хал-ахуал сұрап тұратын. Жамбыл Жабаев музейінің директоры болған На­қысбек Оразбеков әкеміздің өмірінің қа­лай өткенін өз аузынан естіп, естеліктерді 1958 жы­лы машинкаға басып шығарып алған екен. Оның бір көшірме нұсқасын әкемізге берген. Сол біздің үйде тұрғанымен, бала кезде мән беріп оқымаппыз. Асқар тауымыз келмес­тің кемесімен кеткеннен кейін қағазды ашып оқысақ, әкеміздің өмірі түгел жазы­лыпты ғой. Сол жылы 2 000 суреті бол­ған екен. Одан кейін тағы қаншама сурет салды. Бәлкім суретінің бәрін қосқанда 4 000-нан асып түсер ме еді? 

Қазақстанда шетелден келген суретші­лердің көрмелері өтіп тұрған. Солар біздің үйге келіп, міндетті түрде дәм татып кеткен. Америкадан суретші Ракоел Кантпен бірге он шақты кісі келгені есімде. Армениядан, Моң­ғолиядан, Венгриядан келгендер де біздің үйге кірмей кетпеген. 

– Әбілхан Қастеевтің алғашқы ұстазы Хлудов болғаны белгілі. Ауыл баласы ұстазымен қалай жолыққан? 

– Хлудовпен қалай кездескенін былай айтайын: Әкем – ауылда өскен, мектепте оқы­маған, басында арабша, латынша, кейін ки­риллицаны өз бетімен үйренген кісі. Ауылға С.Саламатов деген фотограф келіп, әкем сал­­­ған картиналарға таңдана қараған. Сонда әкемнің өзіне байқатпай, сыртынан қолына сыпырғы ұстаған жыртық киінген жігітті суретке түсіріп алып, салған сурет­терімен бірге сол кездегі астанамыз Қызыл­ордаға жіберген екен. Бірақ көбі «Мұны қара жұмыста жүрген бала бар, сол салған» десе, бірі «Оны сурет оқуы­на жіберу керек қой» деген сөздер айты­лыпты. Содан кейін әкемді іздеп, Алматыға оқуға шақыру келеді. Алматыға барған кезінде әкемді мектепте оқысын деп бірінші сы­­ныптағы балаларға қосады. Әкем 27 жаста болған соң, кішкентай балалармен бірге оқуға намыс­танып бармапты. Сөйтіп, оқу бөлі­міндегі Қалымбетов деген кісі Хлудов­қа жіберген. Әкем орысша түсінбейтіндіктен, қасына аудармашы болу үшін студент боп жүрген Нұрғазы Оразымбетов пен Әбіл Дәл­денбаевты қосып жіберген екен. Хлудов сту­диясына келген соң, ол «Қазақтың ішінен сурет салып жүрген жігітті бірінші рет көріп отырмын» деп таңданыс білдіріпті. Әкемді өзінің кешкі сабақтарына шақырып, үйретіп жүрген. Жаз шығып, демалыс басталғанда Хлудов әкеме үлкен альбом мен бояу беріп жіберіпті. Екінші жаңа оқу жылына келгенде Хлудов қайтыс болыпты. 

Хлудов студиясынан кейін әкем Мәскеуге барғысы келіп жүргенде, қасындағылар «Се­нің қолыңда құжат жоқ, қалай барасың?» де­мей ме? Алған бетінен қайтпай барса, оқу орын­дары қабылдамай қойыпты. Ол кезде Мәс­кеуде көп қазақ оқып жүрді. Оқу­ға кірме­ген әкем үйге қайту үшін жиналып жатқанда, қазақ жігіттері келіп, барлығы бірге директор алдына кіруді ұйғарыпты. Дирек­тор – Фур­мановтың әйелі Анна Фурманова. Оған Әкем­нің оқығысы келетінін, бірақ құжа­ты жоқ екенін түсіндіргенде, А.Фурмано­ва жа­тақ­ханадан төсек-орын беріп, қасындағы әр жігіт әкеме бір сомнан жинап беруін айтқан екен. Мәскеуде де кешкі сабақтарға барып жүріп, күндіз музей, театр, цирктерді көріп танысып алады. Әкем сал­ған суреттерін музейге барып сатуға ұсыныс жа­­сап, күнін көрген. Кар­­­­тиналардың қалай баға­ланатынын білмеген әкем төмен бағалап қой­са, са­тып алушылар оны бірден түсініп, картина үшін екі-үш есе артық төлеген екен. Оны қа­сын­­дағы қа­зақ жігіт­те­ріне бөліп бергені әкеміз­дің жо­март­тығы ғой. Сөй­тіп жүргенде әкеме суық тиіп, қатты ауырып Алма­тыға оралады. 

– Ал шәкірттері кім?

– Әкемнің жеке тә­лі­мін алып оқыған шә­­­кірт­тері жоқ. Бірақ үлкен су­­­ретшінің көзін көріп, ақыл-кеңесін алған жастар өздерін «Қастеевтің шәкіртіміз» деп жүретін. Сурет­шіліктің жолына біржолата түскеннен кейін, әкем ауыл-ауылды аралап, сурет салауға ма­шығы бар, мүсін жасауға икем­­ді балаларды іздеп жүрген. Сөйтіп, үйі­мізге мүсінші Хәкім­жан Наурызбаев пен суретші Молдахмет Кен­баевты алып келді. Олар әлі жас бала еді. Анам­ның айтуынша, екеуі де кейін біздің үйде қалып қойған. Үстерінде таза киімі болмаған соң, анамыз өз қолымен киім тігіп берген екен. Х.Наурыз­баев оқуға түскеннен кейін атақты мүсінші бол­­ды, Абайдың мүсінін жаса­ғанын білеміз. М. Кен­баев та атақты суретші болғаны бел­гілі. Осы­ларды әкемнің шәкірті деуге бо­латын шығар. 

– Жазба еңбектер сияқты картина да цен­зурадан өтпейді деген мәселе болды ма? «Халық жауы» дейтін жала Ә.Қастеевті де айналып өтпегені белгілі. Бұл туралы не дейсіз?

– Әкем Кенесарының, Амангелді Има­новтың әскерлері арасындағы суретін салды. Бірақ Кенесарыны шынайы түрінен гөрі ертегі кейіпкеріне жақын, соған ұқсастырып салып­ты. Кейіннен жұрттың «Кенесарыны қалай салды екен? Салуға болмаушы еді ғой» деп жүр­гендерін естіп қалдым. Бұл картинаны бір галерея сатып алыпты, сол архивте көпке дейін ешқайда шықпай сақтаулы тұрып, біраз уақыттан соң ғана қайта шығыпты. 

Ал «халық жауы» дегенде, әкем түрмеге оты­­­рып, не айдалған жоқ. Алматыға енді кел­ген кезде үйі жоқ, қайда тұратынын білмей, Жан­кин деген кісіден ақыл сұрап үйіне ба­рыпты. Жаз болса керек. Сонда Жанкин аға өзінің Медеу­дегі саяжайынан орын беріп, күзгі салқын басталғанда басқа бір амалын таба­ты­нын ай­тыпты. Күн суыта бастаған кезде әкем тағы келген ғой, сонда Жанкин аға өзінің үйіндегі бір бөлмені босатып беріпті. Арада көп өтпей, үй иесін «халық жауы» деп алып кеткен. Сол үйде тұрып жатқан әкемді де әб­ден тек­серіп, тергей бастаған. «Сен кімсің, халық жауының қолына қайдан келдің?» де­гендей сұрақтың астына алыпты. Ал әкем оқымаған кісі, еш­қандай құжаты жоқ. Солай тереңірек зертте­генде, әкесінің 3-4 жасында қайтыс бол­ғаны, біреудің қолында қарапайым жұмысшы болып күн көргені белгілі болған. Сол себептен әке­мізді қанша жерден қудаласа да, оған жала жа­была қоймаған. Ал жаңағы Жанкин ағаның әйелін де артынша алып кетті. Екі баласы болып, бірін туыстары алып кетті, екіншісін балалар үйіне өткізді. Ал әке-ше­шемізді сол үй­­ден қуып шығып, есігін жауып қойған. 

– Жазушылар болмысты сөзбен суреттесе, суретшілер бояумен суреттейді. Әкеңіздің суретпен не айтқысы келгенін қалай түсіндіре аласыз?

 – Қарап отырсақ, әкемнің салған сурет­тері тек тарихты көрсетеді. Не болса да, заман­ның шынайы көрінісін айтқысы келгені көрініп тұрады. Халық тұрмысындағы қиын уақыттарды суретпен жеткізген. Бай мен кедейдің суға таласып тұрғаны, қарақ­шылар­дың қыздарды зорлап алып бара жат­қанда шешесінің жібермей жылағанын бейнелеген суреттер – қазақтың басынан өткен күндер. Той үстіндегі сәтті де көзімен көрген соң са­палы сурет шығарды деп ойлаймын. Түрк­сібте пойыздың бірінші рет жүргенін де, Медеуді, Қапшағайды, атақты колхозшылар, жазу­шылардың порт­терін салып, бізге тарихты көзбен көретіндей дүние қалдырды. Қазір біз­де үйімізде акварель, графика жөніндегі жұмысы өте көп. Ал мұра­жайда табиғат кес­кіндері, тарихи суреттер сақтаулы. Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік музейде әкемнің бірталай жұ­мыстары сақтаулы тұр екен. Оны биыл көрдім. 16 май­лы жұмыс бар, қалғандары акварель жұмыс­тары. 1963 жылы архивке тізім бойынша әкеміздің көп суреті өткізіліпті. 2011 жылы өзім тексеріп көру үшін барғанымда 20 жұ­­мыстың жоғалып кеткенін айтты. 2004 жылы әкемнің 100 жылдығында өткізілген шара­ларға ұсы­нылған екен. Бәрі сол кезде жоғалған деп ойлаймын. Ал қазір әкем­нің суреттері еш жерде сатылымда жоқ.

– Биыл Әбілхан Қастеевтің туғанына 120 жыл толып отыр. Бұл мерейтойға елімізде қаншалықты көңіл бөлініп жатыр, қымбат суретші ретінде еңбектері қалай бағалануда? 

– Биыл біз үшін үлкен той. Әр аймақтар өздерінше іс-шаралар ұйымдастырып, Қастеев ұрпақтарын шақырып жатыр. Әкем өзі не көргенін, өміріндегі қиындықтарды бізге ай­тып бермеген кісі. Бұл туралы әкемнің көзін көргендердің жазбаларынан, есте­ліктерінен біліп отырмыз. Осындай есте­ліктерді айта отырып, ол кісінің өмірде көрмегені жоқ екен ғой деп тағы бір күрсініп аламыз. Нақысбек Оразбековтің естелігін оқығанда көз алды­­мызда әкеміздің соқпақты жолы кино болып көрінді. Бар түйгеніміз, әкем ғажап өмір сүр­меген. Сондықтан әке­міздің өмірі мен еңбек жолы туралы деректі фильм түсірілсе екен, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби су­ретшіні жұрт білсе ғой деген ниетіміз бар. Мұны бірнеше режиссер ескеріп, киноның сценариін де жазып шық­ты. Дегенмен бәрі қаржыға келіп тірелген соң, оны елеп-ескеріп жатқан ешкім болмай отыр. 

Біздің мұражайымызда үлкен көрме ашылды. Бұл мұражай – әкемнің өзі тұрған қара шаңырағы. Дәл мұндай көрме бұрын ашылмаған еді. Архивтен 320 жұмыс шыға­рылды. Соларды реттеп қабырғаға іліп қойдық. Шынын айтқанда, ілулі картина­лардың бәрін алғаш көруіміз, өйткені біз әлі кішкентай кезімізде салынған сурет болған, балаларына көрсете бермепті. Одан кейін бұрынғы ескі суреттерге жан бітіріп, ком­байнның, желмен қозғалып тұрған бидай­дың картиналары тура сол кезде жүргендей әсер қалдырады. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ