Сарапшылар қызық құбылысты байқаған. Экономикалық қиындықтарға қарамастан, соңғы жылдары сәнді парфюмерия нарығы айтарлықтай өскен. Соңғы 20 жылда шыққан ең қымбат әтірлер тізімін ұсынамыз.
Әрбір құтысы 1,5 миллион  доллар тұратын жұпар иісі
Дағдарыстарға қарамастан соңғы жылдары сәнді парфюмерия нарығы айтарлықтай өскен. Фото aromacode.ru сайтынан алынды
2,642
оқылды

Экономикалық тұрақсыздық көптеген адамдарды шығындарды азайтуға мәжбүрлегенімен, жұпар иісті әтірлер нарығында қымбаттық сезілмейтінін Quartz сайты жазды. Aikyn.kz осы материалға сүйеніп, ең қымбат парфюмериялардың тізімін жариялайды.

Ритейл компаниялар парфюмерия мен әтір сатылымының өсуін жас тұтынушылармен байланыстырады. Фото aromacode.ru сайтынан алынды

Нақты көрсеткіштер парфюмерия мен әтірлер нарығы 2015 жылдан бері тұрақты түрде өсіп келетінін көрсетуде. Бұған дәлел тамаша жұпар иісті өндірушілердің сатылымдары туралы есебі. Tom Ford және Dior сияқты брендтер үшін жұпар иістер жасайтын Givaudan тобы өткен жылы сатылымының 14%-ға өскенін тіркеген.

Hugo Boss, Calvin Klein және Marc Jacobs үшін хош иістер шығаратын Coty компаниясы одан да асып түскен, оның премиум сегментіндегі хош иістерден түскен табысы 25%-ға өскен.

Бөлшек саудагерлер парфюмерия мен әтір сатылымының өсуін жас тұтынушылармен байланыстырады, әсіресе TikTok пайдаланушылары өз көрермендерін көптеген иістерге инвестициялауға шақырады.

«Біз жұпар иіс жинау TikTok сияқты әлеуметтік медиа платформаларында танымал болғанын байқадық», – деді Nordstrom компаниясының сұлулық жөніндегі ұлттық директоры Отемн Уэст (Autumn West) ақпан айында Bloomberg агенттігіне берген түсініктемесінде.

Z ұрпағы жұпар иісті өздерінің негізгі болмысының бір бөлігі ретінде көреді. Фото aromacode.ru сайтынан алынды

Бүгінгі жастардың одеколон мен парфюмерияға қатысты пікірлері аға буыннан бөлекше екенін зерттеулер көрсетуде.

«Z ұрпағы жұпар иісті өздерінің негізгі болмысының бір бөлігі ретінде көреді, олар басқаларды қуанту немесе басқаларға ұнау үшін емес, өздерінің сүйсінуі мен өзін-өзі жеке тұлға ретінде көрсету үшін қолданады», – дейді InterParfums Inc. төрағасы Жан Мадард.

Дегенмен кейбір тұтынушылар үшін сәнді жұпар иісті парфюмерия қысқамерзімді қызығушылық емес. Ондаған жылдар бойы люкс жұпар иістерді өндірушілер өздерінің өнімдерін сәнді бөтелкелерге оралған бірегей иістер жасау арқылы бәсекеге түсіп келеді.

Ең қымбат парфюмерия туралы анықтама беруден бұрын парфюмерия сөзінің шығу тегіне назар аударайық. Парфюмерия сөзі француз тіліндегі екі сөздің тіркесінен құралған: parfumer – жұпар иіспен толтыру, fumer – айналаны жұпар иіспен булау деген мағынада берілген.

Ең қымбат жұпар иістер коллекциясы

Imperial Majesty парфюмериясының бөлшек саудадағы бағасы 205 000 доллар. Фото Quartz сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Anthony Devlin 

Бесінші орын. Клайв Кристианның (Clive Christian's) №1 «Императорлық Мәртебелісі» – 205 000 доллар

2005 жылы Clive Christian's Imperial Majesty парфюмериясы коммерциялық қолжетімді ең қымбат парфюмерия бойынша Гиннестің рекордын орнатты. Оның бөлшек саудадағы бағасы 205 000 долларды құрады, олардың әрқайсысы сатып алушыға Bentley арқылы жеткізілді.

2014 жылы Лондондағы Harrods дүкенінде Salon de Parfum бутигінің ашылуын атап өту үшін арнайы шығарылымдағы әтір жасалды. Фото Quartz сайтынан алынды. Авторлығы: Clive Christian

Төртінші орын. Клайв Кристиан, №1 жолаушы – 228 000 доллар

Клайв Кристиан 2014 жылы Лондондағы Harrods дүкенінде Salon de Parfum бутигінің ашылуын атап өту үшін арнайы шығарылымдағы әтір жасады. Ол кезде жұпар иістің әдеттегі бөлшек сауда бағасы $720 болды. 228 000 доллар тұратын арнайы шығарылымда бірегей дизайн элементтері бар, оның ішіне 2000 гауһар тас пен 24 карат алтын тор дизайны кіреді.

DKNY зергерлік бұйымдар дизайнері миллион доллар тұратын Golden Delicious парфюмерия құтысын әзірледі. Фото Quartz сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Slaven Vlasic

Үшінші орын. DKNY Golden Delicious – 1 миллион доллар

2011 жылы DKNY зергерлік бұйымдар дизайнері Мартин Катцпен бірігіп, Action Against Hunger қайырымдылық ұйымының пайдасы үшін аукционға миллион доллар тұратын Golden Delicious парфюмерия құтысын әзірледі. Бұл арнайы шығарылым құтысында гауһар тастар мен сапфирді қоса алғанда мыңдаған асыл тастар болды. Ал құтыға құйылған парфюмерия шамамен $50 тұрады және гүлді, жеміс ноталарын қамтиды.

Shumukh араб тілінен аударғанда «ең жоғарыға лайық» дегенді білдіреді. Фото Quartz сайтынан алынды. Авторлығы: Spirit of Dubai

Екінші орында. Дубай рухынан Shumukh 

Shumukh араб тілінен аударғанда «ең жоғарыға лайық» дегенді білдіреді. Shumukh жұпар иісі алғаш рет 2019 жылы Дубайға құрмет көрсету ретінде «зергерлік бұйымдар мен жұпар иіс өнерін біріктіру» тәсілімен жасалды. Жұпар иістің бір құтысы 1,25 миллион доллар тұрады, бұл бөтелкенің өзі хош иістің жоғары бағасына ықпал етеді. Парфюмерлік құты алтын, күміс, інжу, топаз және 3571 гауһар тастармен безендірілген. Хош иістің өзінде сандал ағашының, түрік раушанының және пачулидің ноталары бар.

Le Monde sur Mesure жұпар иісі $20 миллионға дейін сатылуы мүмкін еді. Фото jadero.ro сайтынан алынды

Бірінші орын. Le Monde sur Mesure – 1,5 миллион доллар

Morreale Paris's компаниясының Le Monde sur Mesure желісінің жұпар иісі теориялық тұрғыдан $20 миллионға дейін сатылуы мүмкін еді. Дегенмен желінің бірінші расталған сатылымы $1,5 миллион болды. Әрбір құты мен хош иісті 35 маманнан тұратын топ ауқатты жеке тапсырушыға арнап әзірлейді.

Le Monde sur Mesure «бай адамдарға, өнер және зергерлік бұйымдарды жинаушыларға, сондай-ақ парфюмерия әуесқойларына» арналып шығарылғанын» брендтің креатив директоры Максим Рэнсон да мойындайды.

Парфюмерияға қызығушы қауымға мұндай астрономиялық бағаларға таңғалудың қажеті жоқ. Фото Quartz сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Oleksandra Yagello

Парфюмерияға қызығушы қауымға мұндай астрономиялық бағаларға таңғалудың қажеті жоқ. Өйткені Максим Рэнсон сияқты мамандар мұндай бұйымдар коллекционерлер мен қымбат жұпар иіс арқылы инвестиция салуға бейім адамдарға арналғанын жасырмайды. Қазіргі химия мен технологияның арқасында дәл осындай сәнді жұпар иістерді арзан бағамен сатып алуға жаппай тұтынушылардың толық мүмкіндіктері бар. Ал жүздеген мың немесе миллион долларға жұпар иістің өзі емес, оның зергерлік өнердің туындысы, алтын, күміс және бағалы тастармен әрленген құтысы бағаланатынын ескеру керек.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.