Британ билігі желіде жалған ақпарат таратқан әлеуметтік желілердің заң алдындағы жауапкершілігін қайта қарамақшы. Үкімет «Интернет қауіпсіздігі туралы» заңға өзгертулер енгізуді қарастыруда.
Әлеуметтік желілерге қойылатын заң талаптары күшейеді
Әлеуметтік медиа компаниялар Ofcom Ережелерін бұзса, олардың әлемдік табыстарының 10%-ына дейін айыппұл салынады. Фото dailymail.co.uk сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters
1,656
оқылды

Былтыр қазан айында ғана қабылданған заңды Британ үкіметі қайта қарайтынын  Reuters агенттігі жазды. Aikyn.kz осы материалға сілтеме жасай отырып, бұл өзгерістердің себебін түсіндіреді.

Ұлыбритания парламентінде «Интернет қауіпсіздігі туралы» заң қайта қаралуы мүмкін. Фото brookings.edu сайтынан алынды

Өткен жылдың қазан айында қабылданған, бірақ келесі жылдың басында ғана күшіне енетін заң бойынша әлеуметтік медиа компаниялардың британдық коммуникация саласын реттеуші орган – Ofcom – бекіткен Ережелерді бұзғаны анықталса, оларға әлемдік табыстарының 10%-ына дейін айыппұл салынады.

Aikyn.kz сайтында 2023 жылдың қыркүйек, қазан айларында Ұлыбритания парламенті қабылдаған заң туралы «Заңды бұзған әлеуметтік желілер 10 миллиард теңге айыппұл төлейді» және «Даулы заң интернетте балалардың қауіпсіздігін күшейтеді» атты материалдар жариялаған болатын.

Ұлыбритания үкіметі заңға өзгерістер енгізіп, әлеуметтік желілерге қойылатын талаптарды қайта қарамақшы. Фото vedomosti.ru сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters

Бұл материалдарда интернеттегі қауіпсіздік мәселесіне арналған заңдардың ұзақ уақыт талқыланғанын, қиындықпен қабылданғанын жазған едік. Енді Ұлыбритания үкіметі заңға өзгерістер енгізіп, әлеуметтік желілерге қойылатын талаптарды қайта қарамақшы.

Негізгі себеп – өткен аптада Ұлыбритания қалаларында болған жаппай тәртіпсіздік кезінде әлеуметтік желілер арқылы таралған жалған ақпараттың салдарынан қоғамдағы наразылықтың өршіп кетуі болған.

Қазіргі қолданыстағы ескі заң бойынша әлеуметтік желілер зорлық-зомбылыққа шақыру немесе өшпенділік сияқты заңсыз контентті бақыламаса ғана айыппұл төлейді. 

Ұсынылған өзгерістер, егер әлеуметтік желілерді иеленуші компаниялар жалған ақпарат түрінде «зиянды» контентке жол берсе, мемлекеттік реттеуші Ofcom-ға олардың қызметін шектеуге мүмкіндік береді.

Мигранттарға қарсы жаппай тәртіпсіздік полициямен қақтығысқа алып келді. Фото euronews.com сайтынан алынды

Ұлыбританияның жаңадан сайланған лейбористер үкіметі заң жобасын консерваторлардан мұра еткен еді. Консерваторлар заң жобасында сөз бостандығы мен онлайн желідегі зиянды контент тарату арасында теңгерім іздеп, бірнеше ай бойы нақтылағаны белгілі.

Жұма күні (9 тамыз) YouGov зерттеу орталығы 2 000-нан астам ересек адамдар арасында жүргізілген сауалнама нәтижелерін жариялады. Сауалнамаға қатысқан респонденттердің үштен екісі (66%) әлеуметтік медиа компаниялар қылмыстық әрекетке итермелейтін жазбалар үшін жауап беруі керек деп санайтыны анықталды. Тағы 70% респондент әлеуметтік медиа компаниялардың қызметі жеткілікті түрде қатаң реттелмегенін айтқан, ал 71%-ы өткен аптадағы қоғамдағы толқулар кезінде әлеуметтік желілер жалған ақпаратқа қарсы тұру үшін жеткілікті әрекет жасамағанын көрсеткен.

Министрлер кабинетінің мүшесі Ник Томас Саймондс: «Интернет қауіпсіздігі туралы» заңның кейбір аспектілері әлі күшіне енбегені анық. Қажет болса, өзгертулер енгізуге дайынбыз». Фото Reuters сайтынан алынды. Авторы: Hollie Adams

Министрлер кабинетінің мүшесі Ник Томас Саймондс жұма күні (9 тамыз) үкімет заң құрылымын қайта қарайтынын жариялады.

«Интернет қауіпсіздігі туралы»  заңның кейбір аспектілері әлі күшіне енбегені анық. Қажет болса, өзгертулер енгізуге дайынбыз», – деп мәлімдеді министр Sky News арнасында.

Бейсенбі күні (8 тамыз) Лондон мэрі Садик Хан Guardian басылымына толқуларға жауап ретінде «Интернет қауіпсіздігі туралы» заңға түзетулер енгізу қажет екенін айтқан.

«Менің ойымша, үкімет бұл (заң) мақсатқа сай келетін не келмейтінін тез тексеруі керек. Менің ойымша, бұл мақсатқа сай емес», – деді ол газетке берген сұхбатында.

Қайғылы оқиғаға күдікті «радикалды мұсылман-мигрант» деген жалған ақпарат желіде тарап, Ұлыбританияның бірнеше қаласында тәртіпсіздіктер болды. Фото telegraph.co.uk сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Peter Powell

29 шілдеде үш қызды өлтірді деген күдіктінің радикалды мұсылман-мигрант екені туралы жалған ақпарат желіде тарап, Ұлыбританияның бірнеше қаласында тәртіпсіздіктер болған еді. Кейбір қалалар мен елді мекендерде мигранттарға қарсылық білдірген тұрғындар полициямен қақтығысып, мешітке шабуыл жасаған. Кейіннен балаларға шабуыл жасаған адамның 17 жастағы Кардифф қаласында (Уэльс) туған британдық азамат екені анықталған.

Премьер-министр Кейр Стармердің өкілі жалған ақпаратқа сенбеуге шақырып, әлеуметтік желілерде жалған пікірлер таратпауға шақырған.

Осындай қайғылы оқиғадан кейін британдық парламент демократия мен адам құқығы, сөз бостандығы мен қоғамдық қауіпсіздік арасындағы теңгерім іздеуде қай жағына басымдық беру қажет деген күрделі дилемманы шешуге мәжбүр болуда.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.