Ежелгі өнер туындысын жасауға, оны сақтауға деген мыңдаған адамның күш-жігерін смартфоны бар бір ақымақ жоқ қыла алады. Оны 6000 жыл бұрын салынған үңгірдегі суретті сумен шайып жіберген адамның әрекеті дәлелдеді.
6000 жылғы үңгірдегі құнды жәдігерді Facebook-те жариялау үшін сумен шайып жіберген
Ежелгі өнер туындысын сақтауға деген мыңдаған адамның күш-жігерін смартфоны бар бір ақымақ жоқ қылады. Фото elpais.com сайтынан алынды. Авторлығы: Griffith University
2,579
оқылды

Ежелгі тарихи жәдігерді бұзған адамның іс-әрекетін америкалық gizmodo.com сайтында жарияланған хабарламаға сүйеніп Aikyn.kz хабарлайды.

Сумен шайылып зақымдалған үңгірдегі ежелгі суреттер. Фото gizmodo.com сайтынан алынды. Авторлығы: Civil Guard

Құқық қорғау органдары Испанияның оңтүстігінде 6000 жылдық үңгірдегі жәдігерді бұзған істі тексеріп жатыр. Жергілікті тұрғын үңгір қабырғасына қашалған суреттерге  су төгіп тарихи көне ескерткішке нұқсан келтірген. Ол үңгірдегі суреттерді Facebook парақшасында жақсы көрсету үшін оларға су шашқан. 

Суреттер Испанияның Хаэн провинциясындағы Сьерра-Сур-де-Хаен тауларында орналасқан. Олар әлемдегі ең көне ескерткіштердің бірі деп саналады және БҰҰ олардың орналасқан жерін Стоунхендж және Ұлы Қытай қорғанымен бірге Дүниежүзілік мұра нысаны деп қабылдайды.

Испанияның El Pais газетінің хабарлауынша, полиция жақын маңдағы Лос-Вильярес қаласының тұрғыны 39 жастағы ер адамды қылмысқа қатысты тергеп жатыр. Оқиға мамыр айында, су астындағы үңгірлердегі суреттер желіде пайда болған кезде басталған.

Баға жетпес ежелгі өнер туындыларына Уақыттан басқа жаңа заманның вандалдары үлкен зиян келтіруде. Фото okg.kz сайтынан алынды

Адамдар өнер туындыларын, картиналарды суретке түсіргенді ұнатады және бұл қалыпты түсінікті инстинкт. Бірақ тарихи жәдігерлерді суретке түсіргенде олар жалтырап, жарқырап тұру үшін үстіне су құю ақылға қонымсыз жағдай. Фотосуреттерді түсіргеннен кейін ер адам оларды Facebook-ке жүктеп, орналасқан жерін белгілеген. Құқық қорғау органдарына оның ізіне түсіп, табу еш қиындық туғызбаған.

Әлеуметтік желіде ұпай жинауға тырысатын ақымақтар ежелгі жартас өнеріне де қауіп төндіре бастады. 2022 жылы вандалдар жақын маңдағы басқа үңгір суретінің үстіне үлкен испан туын салған. Тудың үлкен болғаны сонша, оны жақын маңдағы жолдан көруге болады. Австралияда (2022 жылы) вандалдар 3000 жылдық тасқа қашалған туындыларды бүлдірген.

Уақыт өте келе тасқа қашалған бейнелердің мүжілуі мен климаттың өзгеруінен бұзылуы сияқты қауіптер баға жетпес ежелгі өнер туындыларына төнген екі үлкен қауіп болса, жаңа заманның вандалдары олардан да жаман зиян келтіруде. 

Құнды жәдігерлерді сақтауға мемлекеттің қорғауынан басқа адамның ішкі мәдениетінің жоғары болуы да керек. Фото e-history.kz сайтынан алынды

Ғаламшар жылынып, мұхит деңгейі көтерілген сайын біз осы көркем ғажайыптарды жоғалта бастаймыз. Көп ұзамай ежелгі суреттерді әлеуметтік желіге жүктеу үшін бүлдіретін ақымақтардан қорғау да қиынға соғатын сияқты.

Францияның оңтүстігінде ежелгі теңіз өміріне, пингвиндер, итбалықтар, балықтар, арбалар мен аюлардың тасқа қашалған суреттеріне толы үңгір бар. Оған жету үшін Жерорта теңізіне сүңгіп, су астындағы үңгірден өту керек. Соңғы онжылдықта теңіз деңгейі айтарлықтай көтеріліп, үңгірге бару қиындай түсті. Ең сорақысы, толқындар кейбір өнер туындыларын біртіндеп шайып барады.

Қалай болғанда да бұл әлеуметтік желілерді пайдаланушылардың ықпалына байланысты болса да, адам қолымен жасалған климаттың өзгеруіне байланысты болса да барлығына да адам кінәлі болуда.

Ежелгі тасқа қашалған ғажайып петроглифтер қазақ жерінде де көптеп кездеседі. Мемлекет қарауына алынғанына қарамастан Тамғалы мен Құлжабасы, Қаратал (Текелі) мен Ешкіөлместегі (Көксу аңғары) құнды жәдігерлердің бүлінуі де байқалуда. Олардың сақталуына жанашырлық та, адамның ішкі мәдениетінің жоғары болуы керек шығар.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.