Депутатқа «грант алмаған жағдайда не істеу керек?» деген жазбасынан кейін әлеуметтік желіде бірнеше мың сұрақ пен өтініш келіп түскен.
«Грант алмаған жағдайда...»: Асхат Аймағамбетов тегін білім алудың 10 түрлі тәсілін ұсынды
Фото: parlam.kz
904
оқылды

Экс-білім министрі, Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов грантқа түсе алмаған талапкерлерге кеңес-пост жариялады. Жоғарғы оқу орнында тегін білім алудың 10 түрлі тәсілін ұсынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

 

Депутатқа «грант алмаған жағдайда не істеу керек?» деген жазбасынан кейін әлеуметтік желіде бірнеше мың сұрақ пен өтініш келіп түскен.

«1. ЖОО-лардың ішкі гранттары немесе «ректорлық» гранттар бойынша.

а) Бұл гранттар, әдетте, стипендияны қамтымайды, тек тегін оқуға құқық береді.

б) Олар конкурс негізінде және университеттердің сайттарында көрсетілген нақты критерийлер бойынша бөлінеді.

Университеттер мұндай гранттарды көптеп бере алмайды, өйткені бұл университеттің бюджетіне қосымша жүктеме болып, оқытушылардың жалақысын көтеру немесе құрал-жабдықтар/зертханалар сатып алу мүмкіндігін азайтады.

2. Бірінші семестрдің қорытындысы бойынша бос білім гранттары туралы. Әдетте, әр семестрден кейін мемлекеттік гранттар босайды: студенттер оқу үлгерімі бойынша оқудан шығарылады немесе гранттан бас тартады. Бұл гранттар әр семестрдің соңында ішкі конкурс нәтижелері бойынша ақылы бөлімде оқитын студенттерге тағайындалады. Сондықтан сіздер өз GPA көрсеткіштеріңізге және басқа да критерийлерге назар аударуларыңыз керек — сіздің үлгеріміңіз бен белсенділігіңіз қаншалықты жоғары болса, бос грант алу мүмкіндігіңіз де соншалықты артады.

 3. Игерілмеген немесе «бас тартылған» гранттар туралы. Тамызда гранттарды тағайындау нәтижелері жарияланғаннан кейін белгілі бір бөлігі игерілмей қалады (негізінен «Серпіннің» гранттары), ал тағы бір бөлігі студенттердің өздерінің бас тартуына байланысты бос қалады (негізінен бұл студенттердің 2, 3, 4-ші таңдаулары бойынша жеңіп алынған гранттары). Бұл гранттар әдетте қыркүйек айында қайта бөлінеді. Бірақ мынаны түсіну керек: Министрлік гранттарды өз қалауымен немесе «кімге жетпеді» деген принцип бойынша емес, еңбек нарығының қажеттілігі мен жиналған баллдарға сүйене отырып бөлуі тиіс. Демек, бұл гранттарды квоталарға байланысты грант ала алмағандарға ғана қайта бөлуге болмайды. Сондықтан басқа мүмкіндіктерді де қарастырған жөн», – деп жазды экс-министр. 

Биыл 90 балдан жоғары жинаған 10,6 мыңға жуық талапкер грантқа түсе алмады.

«4. Облыс әкімдіктерінің гранттары туралы. Мұнда да гранттарды бөлу және тағайындау ережелері нақты белгіленген. Әкімдіктер белгілі бір облыстың кадр қажеттіліктеріне баса назар аударады және оқу аяқталғаннан кейін осы аймақта міндетті түрде жұмыс істеу шартын қояды.

 5. Әр түрлі коммерциялық ұйымдардың гранттары. Бұл гранттар, ең алдымен, осы мекемені білікті кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталады. Олар компаниялардың ішкі іріктеу ережелері бойынша беріледі. Гранттарды іріктеу және тағайындау ережелері туралы ақпаратты осы компаниялардың сайттарынан біле аласыздар.

6. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған санаттағы азаматтар үшін оқу ақысын төмендету бойынша жеңілдіктер алу мүмкіндіктері туралы. Университеттер өз деңгейлерінде түрлі жеңілдіктерді ұсына алады, бірақ бұл шешімдер қатаң реттеліп, коллегиалды түрде қабылданады. Тікелей университеттерден ақпарат сұрау керек», – деп кеңес берді депутат.

Айта кетерлігі, әкімдіктер талапкерлерге 2,5 мыңға жуық грант бөлді.

«8. Мемлекетаралық келісімдер аясында шетелдік мемлекеттерден бөлінетін гранттар туралы. Олардың саны өте көп. Ақпаратты «Болашақ» сайтынан табуға болады: bolashak.gov.kz. Бұл гранттар оқу және/немесе тұру шығындарын қамтуы мүмкін. Мысалы, гранттарды Венгрия, Түркия (250 орын), Қытай (155 орын), Оңтүстік Корея, Польша тб. береді. Гранттар сондай-ақ ТМД елдерінің кейбір елдерінен де беріледі.

 9. «Қазақстан халқына» гранттары. Бұл гранттар 29 жасқа дейінгі тұлғаларға, яғни жетім балалар, аз қамтылғандар, ерекше қажеттіліктері бар тұлғалар және т.б. алты жеңілдік санатының біріне жататын тұлғаларға қолжетімді. Толығырақ ақпаратты Қордың сайтынан қараңыз.

10. Кадрларды даярлауға 1% шеңберінде жер қойнауын пайдаланушылар бөлетін гранттар да бар.

Олар гранттарды тұрақты түрде береді, бірақ, өкінішке қарай, бұл процедура жиі ашық емес және сыбайлас жемқорлыққа бейім болады. Ақпаратты олардың сайттарынан табуға болады.

Шынтуайында гранттардың негізгі бөлігі бөлініп болды. Ал әлі де бөлінетін гранттар бойынша (олар көп емес) қатаң тағайындау ережелері бар. Сондықтан грант алмағандардың барлығына да грант беріледі деп үміттенудің қажеті жоқ. Айтпақшы, гранттарды тағайындау ережелері осында. Баршаңызға сәттілік тілеймін!» – деп жазды экс-министр.

Биыл гранттарды тағайындау конкурсына қатысу үшін 104 мыңнан астам талапкер құжат тапсырды. 20 мыңнан астам түлек су басқан өңірлерден бітірген.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Telegram  арнасынан таба аласыз.