Өткен аптада әлеуметтік азық-түлік бағасының орташа индексі 0,1%-ға төмендеп, жылдық өсу қарқынын нөлге түсірді. Мұндай деректер вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын тұрақтандыру жөніндегі кеңесте айтылды.
Азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру
753
оқылды

Нарықтық факторлардың ықпалына қара­мастан ӘМАТ бағасының өсуін нөлдік деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік туды. Жедел әрі жүйелі шаралар қабылдай отырып, азық-түліктің 19 түрінің әрқайсысына бағаның ең төменгі өсуінің себептерін егжей-тегжейлі талдайтын өңірлермен маусымдық және апта сайынғы Үкіметтегі кеңестер ӘМАТ бағасының өсуін нөлдік дәлізде ұстап тұруға мүмкіндік береді.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова көкөніс бағасының маусымдық төмендеуі басталғанын хабарлады. Өткен аптада сәбіздің бағасы 1,1%-ға, картоп – 0,6%-ға арзан­дады. Тауық жұмыртқасы (-0,5%), күріш (-0,2%), қант (-0,3%), айран (-0,4%), қарақұмық жармасы (-0,2%), бірінші сортты нан мен ұн (- 0,1%), сиыр еті (-0,1%) бағасының төмендеуі жалғасуда. Сонымен қатар күнбағыс майының құны ұзақ уақыт төмендеуінен кейін 0,5%-ға, тұз (0,2%), май (0,3%) өсуі байқалды.

Алдағы уақытта Қазақстанға бидай импортына толық тыйым салудың енгізілуіне байланысты вице-премьер Азық-түлік корпорациясына қазақ­стандық және ресейлік бидай арасындағы ұн тарт­қыштар үшін баға теңгерімін теңестіру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар фермерлердің Қытай тарапынан бидай импортын тоқтата тұру туралы шағымдарын ескере отырып, Серік Жұманғарин ауыл шаруашылығы ми­нистрлігіне осы мәселе бойынша ҚХР-мен келіссөздер жүргізу мүмкіндігін пысықтауды тапсырды.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы барлық өңір маусымнан тыс уақытта көкөністердің күзгі өніміне жеткілікті көлемде келісімшарт жасағанын хабарлады. Өңірлер бойынша көкөністерге келісімшарт жасасудың жалпы көлемі күзгі маусымаралық кезеңге қажеттілік көлемінің 108%-дан 186%-на дейін құрайды. Енді көкөністер мен басқа да әлеуметтік азық-түлік өнімдерін қыс пен көктемгі маусым­аралық кезеңге арналған тұрақтандыру қорларына сатып алу үшін өңірлерде жәрмеңкелер басталады. Біріншісі 16-17 тамызда Қызылордада, одан кейін Түркістан, Жамбыл және Павлодар облыстарында өтеді.