«Жаңа оқу жылының басында бала­ларды мемлекеттік қолдау туралы – жал­пыға бірдей оқыту және «Мектепке жол акциясы» аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәм­шие­ва өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференция­сында мәлімдеді.
Қайырымдылық акциясы қарқын алды
588
оқылды

Айта кетейік, Шымкент қаласында «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясын ұйымдастыру және өткізу бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген. Биыл қайырымдылық акциясы аясында 56 183 балаға көмек көрсетілмек. Жоспарланған қаржы – 2 400,9 млн теңге (әр балаға 43 500 теңге). 

«Бүгінде 3 406 балаға 156,7 мың теңге аударылды. Биылғы 10 тамызға дейін 30 мыңға жуық бала қаржыландырылатын болады. 20 тамызға дейін барлық қаржы игеріледі», – деп атап өтті брифинг барысында Нұргүл Ақылбекқызы.

Сонымен қатар брифингте аталған көмек беру бойынша ережелер түсіндіріліп, кімдердің қаржыландыратыны туралы айтылды. Мемлекеттік мектептерде жүзеге асырылатын «Мектепке жол акциясы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне және жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балаларға, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға және өзге де санаттағы білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қаржылай және материалдық көмек көрсетуге бөлінетін қаражатты қалыптастыру, жұмсау бағыты мен оларды есепке алу қағидаларын бекіту туралы» №64 Қаулысы негізінде жүзеге асырылады. 

Еске сала кетейік, Шымкент қаласында «Мектепке жол» жыл сайынғы республикалық акциясы 1 тамызда басталды. Акцияның мақсаты – аз қамтылған, көпбалалы, тұрмысы, жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларға, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік көмек көрсету, әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке келмеуінің алдын алу. Бұл көмек бірқатар санаттағы отбасының балаларына, атап айтсақ, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шық­қан балаларға (11 390), мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балаларға (39 841), отбасыларда тұратын жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға (399), төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға, сондай-ақ білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына (4 553) беріледі. Қаржылай және материалдық көмек көрсетуге бөлінетін қаражатты қалыптастыру, жұмсау бағыты мен есепке алу тәртібін айқындайды. Қамқоршылық кеңес білім беру ұйымының алқалы басқару органы болып табылады.

Айта кетейік, «Мектепке жол» қайырымдылық шарасы басталғалы қаланың бірқатар мекемесінде осы игі шара жалғасып жатыр. Жуырда Шымкент қаласындағы орталық мешітте «Мектепке жол – 2024» қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылды. Республикалық акцияға ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Қалалық дін істері басқармасының басшысы Бақтияр Әлтаев, қаланың бас имамы Бақдаулет Нұрматұлы арнайы қатысып, құттықтау лебізін білдірді. 

Іс-шарада Бас мүфти оқушыларға білім-ғылымның мәртебесі, артықшылығын атап өтіп, жаңа оқу жылында сабақтарын жақсы оқуға шақырды. Орталық мешіттегі қайырымдылық акциясында «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйытқы болуымен 500 оқушыға мектеп сөмкелері мен қажетті құрал-жабдықтар үлестірілді. Игі іс-шара тамыз айының соңына дейін Абай, әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау, Тұран аудандық мешіттерінде жалғасады.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы