Шекара шебінде – батыр бабалар
Шекара шебінде – батыр бабалар
671
оқылды
Қаракерей Қабанбай батыр қар­тайған шағында ақ бұйрықты ажал сағатын күтіп, төсек тартып жатқан­да туған-туысын арнайы шақырып, өсиет айтыпты. «Мен өлгенде сүйе­гімді шығыс шекараға апарып жер­леңдер. Өмір бақи бір жапырақ жер үшін жоңғармен жағаласып өтіп едім, енді өлігім де шекараны күзе­тіп жатсын!» депті Дарабоз. Бір қы­зығы, бұл аңыз ұлан-ғайыр қазақ да­ласының әр түкпірінде әртүрлі ба­тырға теліне береді. Демек, ар жа­ғында ақиқат бар деген сөз. Ертеде алты алашқа аты шыққан, даңқы мен дақпырты қазақтан асып, көрші елдерге жеткен батырлар әдейі шекараға жақын отырады екен. Сонда жерімізге көз алартқан дұшпандар әлгі батырдың айбарынан алыстан ығып, аяғын тартыңқырап жүріпті. «Қиыр жайлап шет қонған, жау алдына бет қонған» деп ақындар ондай ерлерді жырға қосыпты. Олардың бейіті де шекара түбіне қойылып, «бұл – қазақтың жері» деген месседжді меңзеп тұрған. Мұның бәрін неге еске түсірдік? Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл қазіргі шекара заставаларына аруақты батырлардың атын беру керек деген мәселені көптен бері көте­ріп келеді. Осыған орай, жақында Солтүстік Қа­зақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданында орналасқан «Қарақоға» шекара заставасының атауы «Батыр Баян атындағы шекара заста­васы» деп өзгеруі мүмкін. Премьер-Министр Асқар Маминнің айтуын­ша, депутаттың ұсы­нысын жүзеге асыру мақсатында тиісті құжат­тар әзірленіп, Президент Әкімшілігіне және Үкімет жанындағы Республикалық ономас­тика комиссиясының қарауына жолданбақ. Бұған дейін Бақытбек Смағұл бастамасы­мен ШҚО Зайсан ауданындағы «Василий Кондюрин атындағы шекара заставасына» Қасым Қайсеновтің есімі берілгенін көзі қарақты жұрт жақсы біледі. Қылышынан қан тамған қызыл командир Василий Кондюрин бәзбіреулер үшін қа­һарман шығар. Бірақ жергілікті тұрғындардың ол туралы пікірі белгілі. Кәріқұлақ қариялар «Кондюриннің қылмаған қиянаты, салмаған лаңы жоқ» дейді. Қазақтар «Қандыірің» атап кеткен шекарашының жауыздығы халық жадында жатталып, тарих бетінде хатталып қалған. Сондықтан заставаға атақты парти­занның аты әбден лайық. Сол сияқты қазір Атырау облысы Құр­манғазы ауданындағы «Кудряшов атындағы шекара заставасы» Ер Қосайдың атымен аталады. Ал Жағалау күзеті өңірлік басқар­масы 2016 әскери бөліміне қарасты заставаға Исатай батырдың есімі берілді. Б.Смағұл ұсы­нысымен Қызылорда облысындағы «Қы­зылқұм» шекара застава­сы атауы Жанқожа Нұр­мұхаммедұлының атына ауысты. Айт­пақшы, Жанқожа батыр да дәм-тұзы тау­сыларда: «Мен жатқан жер еншім болады, тек жатқан жер көршім болады» деп болжапты. Рас, бүгінде марқұмның моласы кең шарбақ­пен қоршалған. Сәл әрі қарай – Өзбекстан аумағы. Сондай-ақ Жанқожа ба­бамыз: «Мені Қоқанмен шекараға қойыңдар, жай жатқанша аяғыммен қазақтың қасиетті жерін тіреп жатайын» деп аманат еткен деседі. Алайда егемен елдің Қарулы Күштерінде баяғы кеңестік-орыстық атаулар әлі күнге мұрты бұзылмастан сақталып отыр. Бес мемлекетпен шектесетін және жалпы ұзын­дығы 15 мың шақырымға созылатын шека­рамыздың өн бойында 300-ге жуық застава құрылған. Қазақ батырларының есімін иеленген бөлімшелерді жаңа тізіп өттік. Санасақ, он саусаққа да толмайды. Бақытбек Смағұлдың пікірінше, осы заставаларға батыр бабаларымыздың атын беру – кезек күттірмейтін жұмыс.
– Батыр бабалар атымен аталған шекара­лық заставалар – шетел азаматтарына Қазақ­стан тарихын және ер ұландарын ұлықтайтын, ұмытпайтын, солардың биік рухымен рухта­натын өр әрі өркенді ел ретінде көрсетіп тұ­ра­ды. Сонымен қатар бұл меценаттардың ше­кара заставаларына көмек көрсетіп, қам­қорлық жасауына жол ашады. Өйткені шека­рашылар өз қызметі үшін қажеттінің барлы­ғымен қам­тамасыз етілгенімен, шекаралық застава­лардың көбі кеңес заманында тұрғы­зыл­ған және материалдық-техникалық база­сы тоза бастаған, – дейді Ауған соғысының ардагері.
Бақытбек Смағұл тиісті орындарға депу­таттық сауал мен ұсыныс жасаған. Қарасай, Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, Ер Жәнібек, Райымбек, Жалаңтөс баһадүр және басқа да батырлардың есімін әр өңіріндегі шекара заставаларына беру мәселесін қарастырып, тиісті нұсқау беруді сұраған. Өйткені Қазақстанның ежелгі және кейінгі тарихындағы ұлы тұлғаларды ұлықтау ұлттық сананы жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам екені анық. Мұндай оң өзгеріс елдің шетінде, желдің өтінде отырған шекарашы­ларды рухтандырар еді. «Ауылыңның қасында төбе болса, ерттеп қойған атпен тең» дейді қазақ. Шамасы, төбеге шығып қарауыл қарап, алыстан қара шалынса, аттан салып атқа қонатын жаугер­шілік заманда шыққан мақал болса керек. Қазақстанды шет-шетінен айнала қоршаған шекара заставаларын біз сондай қарауыл төбелерге теңер едік. Олар барда атымыз ерттеулі, бес қаруымыз сай.    width=Еркебұлан НҰРЕКЕШ