Париж қаласында отыз үшінші жазғы Олимпиада ойындары мәресіне жетті. Салтанатты шара «Стад де Франс» стадионында өтті. 26 шілдеде басталып, 11 тамызға дейін жалғасқан дүбірлі доданы Қазақстан құрамасы 7 медальмен аяқтады. Біздің біршама спортшымыз жүлдеге қолсозым жерден тоқтады.
PARIS 2024: Жеті медаль бұйырған аламан
1,690
оқылды

Француз әнұраны шырқалған соң Олимпиадаға қатысқан коман­да­лардың туын көтерушілер алаңға шық­ты. Қазақстан Туын таэквондошы Батыр­хан Төлеуғали мен гимнаст Елжана Тә­ние­ва алып шықты. 

Байрақты бәсекенің барлық медалі са­рапқа салынып, АҚШ 40 алтын, 44 кү­міс, 42 қоламен командалық есепте топ жар­ды. Ал екінші орын Қытай құрамасына бұйыр­ды. Үздік үштікті Жапония түйін­деді. Қазақстан 43-орынға тұрақтады. Соңғы жарыс жолына жерлестерімізден Әлішер Ерғали мен Жанна Мамажанова шыққан еді. Еркін күрес шебері жұбаныш белдесуінде ирандық спортшыға 1:6 есе­бімен есе жіберді. Ал марафоншы аруы­мыз 2 сағат 30 минут 51 секунд көрсет­кіші­мен 33-орынға тұрақтады. Осылайша, Қа­зақстан құрамасы Париж Олим­пиа­дасын 43-орынмен аяқтады. Ел қор­жы­нын­да бір алтын, үш күміс және үш қола. Ес­теріңізге сала кетейік, бұған дейінгі То­кио ойындарында ел спортшылары тек 8 қоламен шектелген болатын. Ал Қазақ­стан үшін ең жақсы көрсеткіш Атланта және Лондон олимпиадаларында тіркел­ген еді.

Қазақстандық спортшылар Олим­пиада ойындарында спорттың 25 түрінен сынға түсті. Еліміздің атынан 80 спортшы 92 жолдама жеңіп алған болатын. Қазақстандық спортшылар бокс, дзюдо, спорт­тық гимнастика, жеңіл атлетика, байдарка мен каноэде есу, оқпен ату, сем­серлесу, грек-рим күресі, еркін күрес, са­дақ ату, стендтік ату, теннистен сынға түсті. Сондай-ақ олар велошоссе, жүзу, за­манауи бессайыс, таеквондо, велотрек, батут гимнастикасы, бадминтон, акаде­мия­лық есу, көркем гимнастика, триат­лон, үстел теннисі, құзға шығу және брей­­­кингтен жарыс жолына шықты.

Алтын жүлдені Олимпиаданың алғаш­қы күні ел қоржынына дзюдодан Елдос Сметов (60 келі) салды. Қазақстандық балуан осылайша ел құрамасынан Олим­пиадада үш мәрте медаль алған спортшы бол­ды. Ол 2016 жылы Рио Олимпиа­да­сында күміске қол жеткізсе, 2020 жылы То­кио Олимпиадасында қола алды.

Ал күміс жүлдені спорттық гимнас­ти­кадан Нариман Құрбанов, грек-рим күре­сінен Демеу Жадыраев (77 келі) және бок­стан Нұрбек Оралбай (80 келі) қор­жынға салды. Сондай-ақ нысана көздеу­ден командалық жарыста Ислам Сатпаев пен Александра Ле (тапаншамен 10 метр­ден ату), дзюдодан Ғұсман Қырғызбаев (66 келі) және әйелдер боксынан Назым Қызайбай (51 келі) қола медаль жеңіп алды.

Кеше Париж Олимпиадасында бок­стан күміс жүлдеге ие болған Нұрбек Оралбайды Астана халықаралық әуе­жайында қарсы алуға жанкүйерлері, туыс­қандары және БАҚ өкілдері жинал­ды.

«Өкінішке қарай, екінші орын болып қал­ды. Сіздер үшін алтын алғым келіп, қа­зақ елін қуантып, Әнұранды шыр­қат­қым келген еді. Осы жолы бұйырмапты. Ке­­­лесі Олимпиада ойындарында барым­ды салып, Алла қаласа, елге абыроймен ора­лып, қазақ елін қуантам деп ой­лай­мын», – деді боксшы әуежайда күтіп алған қа­зақстандықтардың алдында. 

80 келіге дейінгі салмақта өнер көрсет­кен Нұрбек үшін Париж рингі финалға шы­ғып, күмісті қанжығасына байлаған ал­ғашқы Олимпиада болды. 

Сонымен қатар сол күні әйелдер бок­сы­нан 50 келі салмақта жұдырықтасып, қо­ла жүлдегер атанған Назым Қызайбай да елге оралды. Боксшы қызды туыстары мен жанкүйерлері Алматы әуежайында сал­танатты түрде күтіп алды. Спортшы әуе­жайға келіп, домбырамен ән салып, ша­шу шашып қарсы алған жақындары мен жанкүйерлеріне алғысын білдірді. 

– Жеңіске жеткенімді енді ғана сезініп жа­тырмын, халық өзі күтіп алуда. Барша жанкүйеріме мың алғыс. Барлық жағынан қолдаулары сезілді. Бүкіл қазақ елі сенімін білдірді. Бауырларым, ата-анам, әкемнің ауылдастары да маған үлкен сенім артты. Сондай-ақ италиялық жанкүйерлер де қол­дау көрсетті, – деді боксшы Н. Қызай­бай.

Айта кету керек, биыл Олимпиада рей­­­­тингінде үздік ондық жаңарды. 

Париж Олимпиадасында қоржынға жүл­де салмаса да, кей отандық спорт­шыларымыз үздік ондыққа енді. Спорттық құзға өрмелеу шебері Әмір Маймұратов жылдамдық бойынша сынға тү­сіп, рекорд өзгерткен алғашқы спортшы болды. Бірақ артынша бұл көрсеткіш те жаңарды. Ол Олимпиаданың ширек фи­налына жетіп, жазғы ойындардан бесінші орын алды. Шпагамен семсерлесуден Қа­­­­зақстан командасы Олимпиадада ал­ғаш­қы алтылыққа енді. Ширек финалда біздің спортшылар Венгрияға жол беріп, кейін Египетті жеңді. Ал бесінші орынға таласта Италия құрамасынан жеңіліп, Париж ойындарын алтыншы  орынмен тәмамдады. Командалық сында Қазақстан намысын Руслан Курбанов, Ерлік Сертай, Эль­мир Алимжанов пен Вадим Шар­лаи­мов қорғады. Біздің нояндар  алғаш рет командалық сын бойынша Олимпиадаға қатысып отыр. Сонымен қатар шпагамен сем­серлесуден жекелей сында қазақстан­дық Руслан Курбанов алтыншы  орын алды. Бұл да отандық семсерлесу  тари­хын­дағы үздік нәтиже. Сондай-ақ бокстан Қа­зақстан командасының мүшелері де алғашқы ондыққа кірді. Нұрбек Оралбай күміс медаль алса, Сәкен Бибосынов (51 ке­лі), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 ке­лі) және Айбек Оралбай (92 келі) бе­сінші  орын иеленді. Махмұд Сабырхан (57 келі) мен Қамшыбек Қоңқабаев (92 ке­лі) тоғызыншы орында. Грек-рим күре­сінің шеберлері Нұрсұлтан Тұрсынов (87 ке­лі) пен Әлімхан Сыздықов (130 келі) тиі­сінше жетінші және сегізінші орын ал­ды. Еркін күрес шебері Әлішер Ерғали (97 келі) да жетінші орында. 

Айта кетейік, келесі жазғы Олимпия ойын­дары 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анд­­­желес қаласында өтеді.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ