Мәскеуде өткен концерт 1923 жылы 24 қазанда өткен екен. Өткен жері – Мәскеудің политехникалық мұражайы. Бұл – сол кездегі ғылым мен білім орталығы. Үш ай бұрын дәл осы сахнада Сергей Есенин жеке шығармашылық кешін берген.
1923 жылғы Мәскеудегі қазақтың алғашқы ән мен күйінің концерті
3,094
оқылды

Бүгінде шетелге шығып, домбырамен ән салып, қобызды күңіренте күй тарту әдеткі жағдай болып қалған. Ол жаңалықты оқысақ та, көбіне мән бермейміз. Бірақ осыдан бір ғасыр бұрын алысқа барып, ән мен күйді өзге ұлтқа таныстыру сенсация іспетті еді. Бүгінгі күні ән мен күйдің алыстағы алғашқы концертінің бірі (мүмкін ең алғашқысы да болар) деп Мәскеудегі іс-шараны айтуға болады. Ол 1923 жылы өткен әрі құжатпен де дәлелденген. Концерт бағдарламасы да белгілі.

Концерт 1923 жылы 24 қазанда өткен екен. Өткен жері – Мәскеудің  политехникалық мұражайы. Бұл – сол кездегі ғылым мен білім орталығы. Үш ай бұрын дәл осы сахнада Сергей Есенин жеке шығармашылық кешін берген.

Ұйымдастырушысы – Александр Затаевич. Қазақтың ән мен күйін жинап, хаттап жүргеніне үш жыл болып, үлкен сахнаға сол табылғанды көрсетпек ниетте болған. Сондықтан «Халық ағарту комиссариатының» тапсырмасымен бүкілодақтық халық шаруашылығы жәркеңкесі уақытында үлкен концерт жоспарланады. Мақсат біреу – қазақтың дәстүрлі музыкасын таныстыру. Концерт екі бөлімнен тұрған.

Бірінші бөлім

Кеш шымылдығын орыс халық аспаптар ансамблі ашады. Жетекшісі – Г. Любимов. Осы кеш үшін А.Затаевич бірқатар ән мен күйді түрлі аспапқа лайықтап шықса керек. Любимовтың ансамблі де осы өңделген шығармаларды халыққа ұсынады. Олар: “Әгугай”, “Сайраса бір”, “Қалқам-ау”, “Балқадиша” әндері.

Келесі болып сахнаға Әли Ербалин шығыпты. Ол “Қорлан” пен “Үш тас” (“Үш дос” болуы мүмкін) әндерін айтыпты. Бағдарламада бұл Семей өңірінің әндері деп ерекше көрсетілген екен.

Осы Әли Ербалин жайлы Затаевич “Қазақтың мың әні” жинағында келесідей мәлімет береді: «Ербалин – “Шығыс елдері жұмыскерлерінің коммунистік университетінің” студенті. 1923 жылы Мәскеуде таныстым. Ән айтқанда, бет-әлпеті қоса өзгеріп тұрады. Басқа қазақ әншісінің дәл осылай сезімге салып айтқаны есімде жоқ. Бұл қасиеті оның дауыс әуелетінің аздығын басады. Менің ұсынысыммен оны 1923 жылғы “Қазақ әндері” кешіне қостық».

Кезек Сара Құрманалиеваға келеді. Түркістан әндері деп “Ақкүміс” пен “Жазды күнін” шырқайды. Келесі Уәли Орынбаев есімді әнші шығады (Затаевич “Ували Орымбаев” деп жазады). Оның айтқан “Қарындасыма” және “Елигай сәулем” әнін Зайсан әндері деп таныстырады.

Ендігі кезек Үрия Тұрдықұловаға келеді. Ташкент әндері деп “Жалған ай” мен “Алқаракөкті” айтса керек. Үрия Тұрдықұловаға – ұлттық опера өнерінің негізін салушылардың бірі, 1939 жылы Қазақстанның халық әртісі атағын алған.

Бірінші бөлімнің соныңда Затаевич роялға отырып, өзі өңдеген әндерді орындап береді. Ол әндер “Ұмтыл, қазақ”, “Әлди бөпем”, “Аттари” (орысша осылай жазылған), “Жылау” (жоқтау болса керек) және “Айда былпым” күйі.

Екінші бөлім

Концерт жалғасын сол кезде Мәскеуде аты ел құлағында жүрген Ирма Яунзем есімді белорус әнші бастап береді. Ол “Ақбозат”, “Үкілім-ай” мен “Абайкөк” әндерін айтыпты.

Сегізінші болып концерт бағдарламасында Қостанай әндері деп “Қараторғай”, “Ун тогуз” және “Кадиш” (соңғы екеуі орысша осылай жазылған) жазылған. Әндерді айтқан Исхак Ускин, ал қобызбен сүйемелдеген Қайып Айнабеков. Егер Қ.Айнабековтің аса танымал ақын екенін білсек, Исхак Ускин деп жазылған өнерпаз жайлы Затаевичтің “Қазақтың мың әні” жинағының түсіндірмесінде екі-ақ ауыз сөзі бар: «Қарапайым әнші, 1923 жылы Мәскеудегі концертке қатысқан, дауысы зор болмаса да, әнді құлпыртып айтады», дейді.

Келесі Семей әндері деп К. Оспанова, Б. Алин және Ә. Ербалин шығыпты. Бағдарламада үшеуінің есімі қатар жазылғанына қарай, барлығы бірігіп трио ретінде ән айтса керек. Айтқан әндері: “Жеңеше” мен “Екі жирен”.

Соңғылардың бірі болып сахнаға А.Доливо шығады. Ол Мәскеу консерваториясының ұстазы еді. Және де ұстаздықпен қатар, алыс-жақын шетелді аралаған әнші болған. Осы концертте қазақтың “Жиырма бес” пен “Кәмшат бөрік” әндерін шырқапты.

Енді соңында концерт басындағы Любимовтың ансамблі “Маңмаңгер”, “Теріскей”, “Сералы ақын” және “Боғда” күйлерін орындаған.

Концерт аяқталып, бес күн өткеннен кейін А. Мелковтың қатысуымен жиын өтіп, хаттама жазылады. А. Мелков сол кезде қазақтың астанасы Орынбордағы “Қазақты зерттеу орталығының” (бүгінгі тілмен айтқанда) басшысы еді. Мәскеудегі іс-шараны да ұйымдастырған – сол. Затаевич жинақтаған ән мен күйіне құжатпен есеп беріп, қаражат алып отырған да – сол ұйым.  А.Мелков концерт жақсы өткенін хабарлап, тағы да осындай концерт өткізуге “Кеңес ағарту комиссариатына” сұраныс жіберетінін айтыпты.

Тура бес жылдан кейін 1927 жылы Мәскеуде тағы үлкен концерт өтеді. Ол концертке Жұмат Шанин мен Әміре Қашаубаев бастаған саңлақтар өнер көрсетеді. Ал осы 1923 жылғы кеш соның алғышарты болса керек.

“Әміре Қашаубаев туралы 1925 жылы жазылған мақала” жайлы оқи отырыңыз.