Композитор, кең тынысты, жоғары тенордағы әнші Ғарифоллла Құрманғалиевтің туғанына биыл 115 жыл толып отыр.
Ғарифолла Құрманғалиевтің шығармашылығы әлі толыққанды зерттеуді күтіп тұр – Бөрібай Кәртен
Бөрібай Кәртеннің жеке мұрағаты
1,979
оқылды

Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғарифолла Құрманғалиев – қазақ ән мәдениеті тарихында айрықша орын алған дарынның бірі. Әншілік өнері кең диапазонмен, күрделі ырғақ-иірімдермен ерекшеленіп тұрады. Сол қадірменді ақсақалдың туғанына биыл 115 жыл. Осыған байланысты оның шәкірті Бөрібай Кәртенмен бірқыдыру сұхбат құрған едік, соны назарға ұсынып отырмыз.         

– Композитор, кең тынысты, жоғары тенордағы әнші Ғарифоллла Құрманғалиевтің туғанына биыл 115 жыл толып отыр. Сіздің қадірлі ақсақалдан өнеге алған шәкірттерінің бірі екеніңізді білеміз. Ұстазыңыз жайлы жазған біраз естелік, мақала, зерттеуіңіз бар. Алғашқы жазған көлемді еңбегіңіз «Ғарифолла сал» деп аталады. Қазақта осы «сал» деген атау қалай пайда болған және тырнақалды туындыңызды неліктен «Ғарифолла сал» атадыңыз?

– Ғарифолла Құрманғалиев жайлы алғашқы еңбекті академик А. Жұбанов жазды. «Замана бұлбұлдары» аталатын еңбегіне енгізген. Мұнда әншінің шығармашылық ғұмырына қатысты біршама мәлімет берілген. Бұдан кейін де мақалалар жазылған, алайда бірен-сараны болмаса, олардың көбісі елге белгілі деректерді қайталаудан әрі аспаған. Кейбірі тіпті сылдыр сөзге құрылған. Мұндай сараң ақпармен халық құрметтеген шоң дарынды терең тану мүмкін емес. Осы бек ойландырды. Өзім тікелей куә болған оқиғаларды, ұстаздың өз аузынан естіген мәліметтерді, шығармашылығына қатысты басқа да пайымдаған жайттарды қағазға түсіру керегін түсіндім. «Ғарифолла сал» атты кітабымды түзіп шығуыма осы түрткі болды. 1998 жылы Алматы шаһарында «М-Талант» баспасынан жарық көрді. Деректі хикаяттан, зерттеулерден тұрады. Аз-мұз кемшілігі болса да, бұл – тың деректермен толықтырылып жазылған ғарифоллатанудағы арнайы жеке еңбек-тін...

Бағзы заман өнерпаздары жайындағы қазақ жазушыларының шығармасымен, ертеректегі орыс, шетел саяхатшыларының еңбегімен, өзге де этнографиялық жазбалармен танысып, зерделей келгенде, қазақтың «сал» атауын бойында ақындық, әншілік, композиторлық қабілеттердің жоғары деңгейде тоғысып, орныққан дарынға таңғанын пайымдадық. Ғарифолла Құрманғалиевте де аталған осы қасиеттер бар. Ол – халқы алқаған кәсіби әнші. Жүзден астам әннің авторы. «Әнші дауысы» деген атпен баспадан шыққан. 1979 жылы. Соның біразы ел арасына кең тараған. Қайсыбірінің өлеңдерін өзі шығарған. «Сал» атауын ел ардақтаған ақсақалға таңуға осындай негіз болғандықтан, кітабымызға «Ғарифолла сал» деген атауды еншілеттік.

– Зерттеуіңіздің бірінде Ғарифолла атамыздың 1000-ға тарта қазақтың қара өлеңі мен әнін, толғауын білетінін, солардың біразын күйтабаққа жаздырып, шәкірттеріне үйретіп кеткенін айтыпсыз. «Репертуарымдағы жетік меңгерген әндерім 300-400, ал шала білетінім 500-дей» деген өзінің сөзін де келтіргенсіз. Осыншама мұраны есте сақтау үшін де ерекше жад керек қой, мұның сыры неде?

– Бұл – әсірелеп айтқандық емес, шындық! Қолда бар, әзірге анығы: күйтабақтарға, бейнетаспаларға түсірілген Ғарифолла Құрманғалиевтің орындауындағы ән-термелердің саны – 200-ге жуық. Өкінішке қарай, әнші ақсақалдың репертуарындағы халық мұрасы түгелдей жазылып алынбаған...

Атақты Мұрын жырау жырлаған «Қырымның қырық батыры» жеке-жеке батырларға арналған қырық тараудан тұрған. Нақты деректердің куәлік беруінше, әрқайсысының баяндалу ұзақтығы жеті, он күн аралығы екен. Бұл мұра шығыстың таңнан таңға жалғасатын көлемді шығармасы «Мың бір түннің» өзін жолда қалдырады дейді.

Бұл жағдайға, Ғарифолланың жадына қатысты қойған жаңағы сұрағыңа ғылым анықтаған мына жайт нақты жауап береді, онда: «адам миы – өте күрделі де нәзік миллиардтаған жүйке клеталардан тұратын аппарат» делінген. Мұндағы нейрондардың жалпы саны – 14-15 миллиардтай екен. «Олар өзара тығыз байланыста болып, түрлі операциялар жасағанда, миллиардтаған ақпараттарды қабылдап, тиісті шешімдерге келіп отырады» дейді. Сонан соң мұны «Бұл 300 шақырымға дейін созылған кітап сөрелеріндегі миллиондаған томның информацияларын адамның жадына сыйғызып, сақтай алатын мүмкіндігін көрсетеді» деп түсіндіреді. Біз осының тек 3-4 пайызын ғана пайдалана алады екенбіз.

Әрине, сан жүздеген ән мен жыр-термені, сан қилы әуезді жадында сақтау үшін оған әсерлену, қызығу, құмарлану қасиеттері өте жоғары деңгейде болуы шарт. Бұл – әрекеттің негізгі түрткісі, себебі. Ал әрекет – еңбек. Пікірімізді физик Томас Эдисонның мына сөзімен анықтай кетейік, ол: «Дарын – дегеніміз бір пайыз ғана қабілет, қалған тоқсан тоғыз пайызы еңбек» депті. Олай болса, Ұлы Жаратушының жаңа айтып өткен адам баласына сыйлаған мүмкіндіктерін пайдаланып, Ғарифолла Құрманғалиевтің де мыңға жуық шығарманы жадында сақтауы, өнердегі өзіндік ерекшелігін қалыптауы, дарақ сипатта танылуы – тек табанды, төзімді ізденісінің, еңбегінің нәтижесі-тін.

–  Ғарифолла Құрманғалиев «Біржан-Сара», «Евгений Онегин» секілді операларда талай кейіпкерді бейнелеп, партияны орындаған. Осыған байланысты көкейде «Ғарифолла атамыз  актер ретінде өз бағасын алды ма?» деген сұрақ туып отыр...

– Ғарифолла Құрманғалиев – 1934 жылы қазақтың операсын құруға өлшеусіз үлес қосқан дарын. Ол Елемес, Шеге, Сақан, Молда (Е.Брусиловскийдің «Жалбыр», «Қыз Жібек», «Ер Тарғын» және «Дударайында»), Естай (М.Төлебаевтың «Біржан-Сарасында»), Нарымбет (А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абайында»), Тито (З.П.Палиашвилидің «Даисиінде»), Латиф (М. Магомаевтың «Наргизінде»), Трике (П.К.Чайковскийдің «Евгений Онегинінде») т.б. бейнелерін шебер сомдап, партияларын кемеліне келтіре орындаған.          

1952 жылы «Жамбыл» фильмінде (реж. Ефим Дзиган) Жетісудің әйгілі ақыны Құлмамбеттің прототипі Шаймұхамбеттің ролін сомдаған. 1958 жылы «Ботагөзде» (реж. Ефим Арон) эпизодқа түскен. 1959 жылы «Біз Жетісуданбыз» (реж. Сұлтан Қожықов) фильмінде әншіні бейнелеген.

Ғарифолла Құрманғалиевтің актерлық дарыны әлі күнге зерттелінген жоқ. «Ғарифолла сал» алатын еңбегімізде 60-жылдардың аяғында сахналанған «Қыз Жібектің» мыңыншы қойылымындағы оның Шеге образына сәл тоқталып өткен ек...

Әншінің кезінде операларда, фильмдерде сомдаған бейнелері сақталынған бірен-саран таспалар бар, суреттері бар. Замандастары баяндап кеткен естеліктері бар. Соларда қатталған мимикасы мен пантомимикасын, сөйлеу әуезін, екпінін, сондай-ақ кейіпкерлердің болмысын ашу сәтіндегі оның әлеуметтік перцепция механизмдерін қолдану дәрежесін мұқият зерделеу арқылы актерлық шеберлігін біршама айқындап шығуға болады деп ойлаймыз...

– Ғарифолла Құрманғалиевтің эстрада-цирк өнері студиясында басталған ұстаздық қызметі кейбір деректерде «1967 жыл» деп көрсетіліп жүр, ал сіз жазған еңбегіңіздің бірінде «1965 жыл» депсіз. Осының анығын айтып беріңізші...

–  Еске жақсы салдың. Басынан бастайын. Республикалық эстрада-цирк өнері студиясының ашылуына өлшеусіз еңбек сіңірген үлкен тұлға – Ғалиева Гүлжиһан Ғалиқызы (1917-1982). Көпшілік біле бермейді, насихаты аз болғандықтан. Сондықтан мәліметтер бере кетейік.

Г. Ғалиева Мәскеуде оқып, ГИТИС-тің актерлық қазақ студиясын 1938 жылы тәмамдаған. Қазақ ССР халық артисі. 

Бұрынырақта телеарнада болған бір сұхбатында белгілі композитор Мыңжасар Маңғытаев сөзінің ретіне қарай: «Эстрада-цирк өнері студиясының ашылу ісінде Гүлжиһан Ғалиеваны қолдаған сол кездегі мәдениет министрі Ғалымжанова Ләйла еді, екеуі өте жақсы дос құрбы болды», – деген-ді.

Сәл нақтылай кетейік мұны, Ғалымжанова Ләйла Ғалиқызы (1924-2017) Қазақ ССР мәдениет министрілігін 1961-1967 жылдары басқарған...

1947 жылдың 21 қаңтарында ҚК(б)П ОК-і «Қазақ ССР ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» деп аталатын қазақ тарихындағы атышулы қаулысын шығарады. Ұлттық Ғылым академиясында партия жиналысы өткізіледі. Тіл және әдебиет институты жоспарлаған ғылыми зерттеулер сүзгіден өтіп, Октябрь төңкерісіне дейінгі қазақ әдебиетіне қатысты тақырыптар түгел алынып тасталады. Көп шығармалар, атап өтсек, Алтын орда, Ноғайлы дәуірлеріне байланысты туған «Едіге», «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази», басқа да жыр-дастандар, сондай-ақ Шортанбай, Дулат, Мұрат Мөңкеұлы, Кердері Әбубәкір, т.б. социалистік қоғамға жат деп жарияланып, оларды оқытуды шектейді.

«Қазақтың қисса-дастанында елге үлгі қылатындай оңған кейіпкерлер жоқ, бәрі байшыл, федодалдық дәуірді аңсап, дәріптейді» деген үкім шығарылады. Мұнымен қатар халық әндерінің біразына тыйым салынады. Көбінің мәтіні отарлық саясаттың көңілінен шығатындай қылып, жаңартылып қайта жазылады. 

Аталған қаулыға байланысты жазған-сызғаны совет идеологиясына қауіпті саналған тарихшылар, әдебиет, өнер қайратерлері тұтқынға алынады, қуғындалады. Жазықсыз жазалау науқаны 1953 жылы И.В. Сталин өлгеннен кейін 60-жылдары ғана саябырсыған.

Заман сәл тыншыған уақытта Гүлжиһан Ғалиеваны халықтық үлгідегі ән орындау дәстүрінің сақталу, сабақтасу жәйі алаңдатады. Сонан білек түріп, іске кіріседі. Ұлттық эстраданың студиясы мен циркі болуы қажеттігін Дінмұхамед Қонаевқа өзі баяндайды. Қазақстан басшысы оның бұл өтінішін бірден қолдайды. Мәскеуден рұқсатын алып, көмегін береді.

Республикалық эстрада-цирк өнері студиясының ашылуы, кәсіби цирктің, «Гүлдер» ансамблінің құрылуы – Гүлжиһан Ғалиқызының төккен терінің, жанкешті еңбегінің нәтижесі-тін.

Бұл жөніндегі мәліметтер Алматы қаласы мәдениет басқармасының «Алматы қаласының мемлекеттік архивінде» сақтаулы тұр.

Қолдағы нақты дереккөздердің куәлік беруінше, Дінмұхамед Қонаевтың әкесі – Ахмет бай, атақты биші Шара Жиенқұлованың әкесі – Баймолда бай, осы күнгі Іле ауданы территориясының басым бөлігін иеленген Гүлжиһанның әкесі – Ғали бай бұрыннан арадан қыл өтпес достар болып бір-бірімен етене араласқан, ғұмырларының соңына шейін сыйласып өткен. Балалары да кішкентайынан бірге өскен күліп-ойнап. Бұл таныс-білістік, жақындық кейін ұлт мүддесі жолында пайдаға шықты.                 

Өкінішке қарай, біз баяндап отырған осы тарихи шындық «эстрада-цирк өнері студиясын ашқан Ілияс Омаров» деп өрескел бұрмаланып, үздіксіз насихатталып келеді.  

1989 жылы Алматы қаласынан «Қазақ ССР. Қысқаша энциклопедия» деген атаумен шыққан еңбектің 4-томында І. Омаров жайында: «1961-67 жылдары Қазақ ССР Министрлер Советі жанындағы Мемлекеттік жоспарлау комитеті председателінің орынбасары, 1-орынбасары, 1967-1970 жылдары Қазақ ССР мәдениет министрі болды» деген мәліметтер тайға таңба басқандай таңбаланған. Демек оның 1961-1967 жылдары атқарған қызметінің өнер саласына тіпті де қатысы жоқ. Маңайламайды. Өзге бағытта.

60-жылдардағы руханиятқа қатысты жетістіктердің бәрісі жапсырылып жүрген Ілияс Омаров Қазақ ССР Мәдениет министрі лауазымында ұзақ болмаған, үш жылдан кейін, 1970 жылы 58 жасында ауыр науқастан дүние салған.

Осы тұста көпшілік біле бермейтін мына жағдайды да айта кетейік. 1984 жылы эстрада-цирк өнері студиясын жабудың әрекеттері де болды. Әуелі оның құйтырқылықтары жасалды. Жоғары жақтан бұйрық беріліп, кейбір вокал кластары, бөлімдер қысқартылды. Студияның директоры Болат Кенжебаев Мәскеуге шұғыл аттанып, бір айға жуық сол жақта жүріп, сондағы қожайындармен келіссөздер жүргізді, білім ұясын әупірімдеп аман алып қалды. Жаңағы қысқартылған кластар, бөлімдер қайта қалпына келтірілді...

«Ғарифолла Құрманғалиевтың ән класы эстрада-цирк өнері студиясында 1967 жылы ашылды» деген тағы бір бұрмалаушылық тыйылар емес. Ақиқатында аталған өнер ордасына әншінің ұстаздық қызметке келуі – 1965 жылы. Оның 1967 жылы бітірген шәкірттері: Әскербек Еңкебаев, Нұрипа Омарова (Ә. Еңкебаевтың зайыбы), Әлмырза Ноғайбаев, Қажыбек Бекбосынов, Хайдар Өтеғалиев.

Ал Жүсіпбек Елебековтың ән класы эстрада-цирк өнері студиясында бұдан екі жыл кейін, 1967 жылы ашылған.

Студияда Ғарифолла Құрманғалиев он сегіз жыл үш ай сабақ берді, ал Жүсіпбек Елебеков тоғыз жыл ғана ұстаздық еткен...

Айдан анық талассыз ақиқат – осы!

– Ғарифолла Құрманғалиевтің ұстаздық қызметі таразыланып зерттелді ме, бұл тұрғыда нендей мәселелер бар?

–  Бұл мәселені зерттеу назардан тыс қалып тұр. Шәкірттеріне ән үйрету кезіндегі түрлі қимыл-қозғалыстарын, айтқан ақылын, кеңестерін, орын алған оқиғаларды, тағы басқа да жағдаяттарды жадта қайта жаңғыртып, соларды тарқатып мәнін ашу – ұстаздың сабақ берудегі педагогикалық шеберлігін айқындар еді. Бұған кейінгілер ниеттенгенімен, Ғарифолланың алдын көріп, куә болмағасын бұл қырын жан-жақты таразылап көрсету –  оларға қиын соғары анық...

Тереңдеп болмаса да, ән үйретудегі бір сәттерін аз-кем әңгімелеп өткен ек «Ғарифолла сал» атты кітабымызда. Мұны шама-шарқымызша әлі де кеңінен саралап, қарастырып шығу ойымызда бар...

– Ғарифолла Құрманғалиевтің өзіңіз анықтап ашқан басқа қандай қырлары бар? Осы жайлы да баяндасаңыз...

Көзі тірісінде де, бақи болғаннан кейін де әнші қарт жайында қисынсыз түрлі әңгімелер, өсек-аяң таратушылар болды. «Ғарифолланың айтқаны, берген сұхбаты» деп өздерінің ойдан құрағандарын «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан»  сынды басылымдарда жариялады.

Сондай парықсыздыққа барғандардың бірі – Марат Мәжитов деген жазарман. «Қазақ әдебиеті» газетінің 1991 жылғы 14-санында жария көрген «Кейінгі ұрпақтарым есіне алар» аталатын мақаласымағында ол: «Мен өзім әнші-композитор болғаныммен, сөз жинауға, зерттеуге жоқпын», – деген сөздерді Ғарифолланың аузына салады.

Ғарифолланың осылай дегені рас па, әлде бұл сөзді айтты қылып отырған Мәжитовтің өзі ме, тап қазір ақ-қарасына жетейік.

Ғарифолла Құрманғалиевтың жеке архивінен араб әріптерімен таңбалап, өз қолымен түсірген Ақпан ақын туындысының, «Құламерген» қиссасының, Бала Ораз (ХІХ ғ. екінші жартысы) айтыстарының көлемді қолжазбасы табылды. Бұлардың бірқатары басылымдарда жарияланды. Кітап болып шықты.

«Бабалар сөзі» сериясымен жарыққа шыққан жинақтардың бірінде түзілген мына сөздер де Ғарифолла Құрманғалиевтың этнограф, яғни фольклор жинаушы екенін дәлелдейтін нақты айғақ, онда былай делінген: «Батыс Қазақстан облысының қырық халық әні. Орталық мұрағаттың жеке қорында көк түсті 20 беттік оқушы дәптеріне әнші Ғ.Құрманғалиевтің айтуынан жазылған (ҚР ОМА, Ғарифолла Құрманғалиевтің жеке қоры: №1700, №1 тізбе, №6 іс, 10 парақ. Сборник 40 народных песен Западно-Казахстанской области / Сборник нот казахских народных песен. Рукопись на казахском языке. Сообщил: Заслуженный артист Казахской ССР Гарифулла Курмангалиев. г.Алма-Ата. 3 октября 1947 г.) қолжазба жинағы сақталған. Онда әншінің жеке орындауындағы, әсіресе Батыс Қазақстан аймағына тән «Өзен бойы», «Сағындым, ... жер», «Ал, Айнам», «Үміт сазы», «Білек», «Жұбай», «Шынар», «Қарға», «Бала жұбату», «Салауат», «Қайран да, халқым, жерім-ай», «Қайлаулай», «Әдемі-ай», «Ромтай», «Угай», «Қоныспай», «Әлібек», «Аралбай», «Көкжар», «Қожай», «Қоштасу», «Алпамыс», «Қалилау» сынды қырық жыр-термелердің, халық әндерінің нотасы мен мәтіні жазылған. Мәтіндер қазіргі қазақ әрпінде көк қалам сиямен жазылып, бәріне тақырып қойылып, жеке-жеке нөмірленген...»        

Ғарифолла Құрманғалиевтың фольклор үлгілерін жинаудағы баға жетпес еңбегі ескеріліп, 1964 жылы Алматы қаласынан шыққан «Қазақ әдебиеті тарихының» 1- томында (2-кітап) есімі шоң тұлғалармен қатар былай атап көрсетілген: «Совет өкіметінің алғашқы жылдарында бұрыннан жатталып келе жатқан ауыз әдебиетінің әр алуан үлгілерін... жаңа дәуірде туған өлеңдерді жинап бастыру жұмысы айрықша күн тәртібіне қойылды. Бұған қазақтың ақын-жазушылары: Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Сапарғали Бегалин, Есмағамбет Ысмайылов пен бірге Қаныш Сәтбаев, Қалибек Қуанышбаев, Әліби Жангелдин, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Әміре Қашаубаев, Мұқан Асқаров, Қуан Лекеров, Әлкей Марғұлан тәрізді халықтың қалың ортасынан шыққан әр алуан мамандық иелері қатысты».

Әзірге осымен шектелейік, келтіре берсек дәлел-айғағымыз өте көп.        

Демек «Мен өзім әнші-композитор болғаныммен, сөз жинауға, зерттеуге жоқпын» деген Ғарифоллаға таңылған сөздер – М. Мәжитовтың еш ақиқаты жоқ өз сандырағы!         

Жалпы «Кейінгі ұрпақтарым есіне алар» аталатын «мақаласы» бастан-аяқ жалған сөздерге құрылған.

Аталған дүниесінде Мәжитов сұрақ қойып, оған өзі Ғарифолла Құрманғалиев болып жауап қайырып отырады.

Бір жерінде шәкірт тәрбиесіне байланысты «Ғарифоллаға» әлгі жазарман: «...оларды қайтсең де, Ғарифоллаға ұқса деп тәрбиелегенім жоқ», – деген сөздерді айтқызады да іле оны бұл пікірінен айнытып,  «Жүсіпбектің қасында менікі құр далбаса. ...Шәкірттерімнен мынау құдды Ғарифолла екен дейтіні жоқ», – дегізіп қояды тағы оған. Бір өтірігі бір өтірігіне мүлдем қайшы.

«...Менен кейінгілер «Гурьев», «Жылой», «Қара қаншық», «Гүлжан-Сара» әндерін басқа әуенге түсіріп жібермесе болды ғой. (?) Осы күнге дейін бұл әндерді өзімше, Ғарифоллаша ешкім айта алмады. ...Осы әндерді елу жылда (?) менен ешкім үйрене алмады. «Шәкіртсіз – ұстаз тұл» деген осы емес пе, шырағым», – деп сөйлетеді «Ғарифолланы» бұдан әрі жазарман.

М. Мәжитов дегеннің ойдан шығарып, Ғарифолланың аузына «Гурьев», «Жылой», «Қарақаншық», «Гүлжан-Сара» әндерін елу жыл бойы менен ешкім үйрене алмады» деген сөздерді салуы да қисыннан тіпті алыс.

Қайталап айтамыз, ұстаз эстрада-цирк өнері студиясында елу жыл емес, он сегіз жыл үш ай сабақ берді. Ана аталған әндерге қатысты «елу жылда менен ешкім үйрене алмады» дегізуі де – Мәжитовтың беталды лаққан өз сөзі!  

Мұны кеңінен баяндаудағы мақсатымыз – Ғарифолла Құрманғалиевке қатысты М. Мәжитов сияқтылар таратқан лас, жала әңгімелерді кейінгілер біліп жүрсін, алыс болсын деген ниет.    

Біз білетін айдан анық жайт, 1990 жылы Ғарифолла ата төсек тартып, біржолата жатып қалған-ды. Бала-шағасы аялап күтімге алып, аузына су тамызып отырған шақта, сырқат әбден қажытқан әнші қарт М. Мәжитов дегенге 1991 жылы кең көсіліп, «сұхбат» беретін хәлде емес еді...

Міне, өзіңе әңгімелеп шыққан осы жағдай түрткі болды, «Ғарифолла – фольклор зерттеушісі» деген еңбек жаздық. Мұнда нақты мәліметтер келтіріп, Ғарифолланың жыршы болғанын, фольклорлық мұраларды жинаудағы ересен еңбегін қаузап, айғақтап шықтық. «Жұлдыз» журналына, басқа да басылымдарға  ұсынып ек, біреуі де баспады. Кейін «Ғарифолла сал» атты кітабымызға енгіздік. Мұны жиырма алты жылдан соң соны деректермен толықтырып, жетілдіріп, «Ғарифолла Құрманғалиев – фольклор жинаушы һәм жыршы» деген атпен «Түркістан» газетінің 2024 жылғы 5-санында жарияладық...      

– Көп нәрсеге қанығып қалдық. Ұстазыңызға қатысты бұдан өзге де әлі айтылмай жүрген тағы қандай мәселелер бар?

– Бір әніне байланысты басы ашылмай, бұрмаланып жүрген жайтқа тоқталайын. «Шолпан қаққан» аталатын ән бар. Мәтіні былай-тын:  

                                        – Сұлулығың ақ Шолпан атыңа сай,

                                        Қарақат көз, ақша жүз, жазық маңдай.

                                        Ақ күмістей ажарың жарқырайды,

                                        Сенен сұлу артық жан болсын қандай.

                                        Сенен сұлу ақ Шолпан, көкте ай жоқ,

                                        Іздемеске сағынып менде жай жоқ.

                                        Әдейі іздеп барғанда елемесең,

                                        Махаббатқа болғаның атқандай оқ.

                                        Қайырмасы:

                                        Сәулетті жарық айымсың,

                                        Бақытымсың, барымсың.

                                        Асыл туған ақ Шолпан,

                                        Таңдап та сүйген жарымсың.

Бала кезден таныс едім, Ғ. Құрманғалиевтің орындауында Ташкент қаласындағы Т. Ташмухамедов атындағы «Мелодия» грампластика зауытынан «Казахские народные песни» деген атаумен жарық көрген күйтабаққа (ГОСТ 5289-68. Д-27252) түсірілген. Бірақ авторы көрсетілмеген. Әуезінің жалпы нобайы жадымда сақталып қалған-ды.

Бұл әуенді ұстаздан 1984 жылы егжей-тегжейлі үйрендім. «Шолпан қаққан» – өз әнім» деп еді сонда Ғарифолла ата.

Осы жылдың наурыз айында Гурьевтен (қазіргі Атыраудан) Елемес Мағазов деген әнші жігіт білім жетілдіру курсына келіп,  біздер, Республикалық эстрада-цирк өнері мен опера студияларында оқитын студенттер, түрлі концерттік ұжымдарда қызмет істейтін артистер тұратын Байзақов пен Жандосов көшесінің қиылысындағы Қазақ ССР Мәдениет министрлігіне қарасты жатақханаға орналасты. Содан етене танысып, бір айдай уақыт дәмдес болдық...

Ел-ағаң бірде біздің бөлмеге келді. Сонда әңгіме арасында  ән салды «аты – «Қол жетпес», халықтікі» деп. Әуені Ғарифолланың «Шолпан қаққанын» қаз-қалпында қайталайды екен. Аңғалдықпен мән бере қоймаппыз. Тек іштей таңырқап қана қойған едік. Бұл жағдай ұмыт болды содан кейін.

Арада біраз жылдар өткен соң, «Қол жетпесті» алғаш рет Ғарифолла Құрманғалиевтің орындауында оның әндері жазылған үнтаспадан тыңдадық. Бұған дейін бұл нұсқаны бұрын әншінің дауысы түсірілген күйтабақтардан ұшыратпадық. Не шәкірттерінің бірінен естімедік. Эфирден де өте сирек берілген сияқты...       

«Шолпан қаққанның» әуезімен Ғарифолла Құрманғалиев орындайтын осы «Қол жетпес» соңғы жылдары еш дәлелсіз Мұхитқа телініп жүр. Мұның сөзі былай:                                           

                                     Мінген атым астымда алқара көк,

                                     Сені ойласам көңілдің бүтіні жоқ.

                                     Беу, қарағым, есіме сен түскенде,

                                     От жанады ішімде түтіні жоқ.

                                     Мінген атым астымда алқара сұр,

                                     Қайыңнан да құрыққа тал жарасар.

                                     Сен – қырмызы болғанда, мен – алтын зер,

                                     Қырмызыға алтын зер бек жарасар.

                                     Қайырмасы:

                                     Ұсынғанда қол жетпес,

                                     Шыңдағы өскен шынарсың.

                                     Сен сықылды құрбыны,

                                     Көрмей қайтіп тұрасың?!

Түсініксіз бір жайт: Ғ. Құрманғалиевтің «Әнші дауысы» кітабына «Шолпан қаққан» әні «Шолпан» делініп, нотасымен берілген. Көз жүгіртіп қарағанда, «Қол жетпестің» әуенімен басталады да, екінші тармақтың соңғы тұсында мүлдем үйлесімсіз басқа бір әуезге ауысып кетеді. Келесі үшінші, төртінші жолдардағы мелодия да осылай қайталанады. Соған қарағанда баспаға әзірлеу кезінде терілімде қате кеткен, не әуенді нотаға түсіру барысында әуелідегі түзуші бізге белгісіз бір себептермен жаңсақтасқан тәрізді деп топшылаймыз.

Тағы бір еске салар жағдай: ұстаздың орындауындағы «Шолпан қаққан» (немесе «Шолпан») мен «Қол жетпестің» әуені бір-бірін қаз-қалпында қайталағанымен, қайырмаларындағы тақпақсазды қысқа әуездері сәл басқашалау.

Ғарифолла Құрманғалиевтің жаздырып тапсыруындағы «Барқын құм» деп аталатын шығарма Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақтаулы тұр. Мұны да  ұстаз өзім шығардым деп үйреткен «Шолпан қаққан» (немесе «Шолпан») аталатын әнінің әуенімен орындаған. Қайырмасыз. Сөздері мынадай:  

                                         Көшіп ауылым барады Барқын құмға,

                                         Қайда кетіп барасың, мені тыңда!

                                         Малын беріп бір жаман әкеткесін,

                                         Баулы ұстай мен қалдым талпындым да.

                                         Көрінесің сен маған ай көзіндей,

                                         Жан туған жоқ дүнияда бір өзіңдей.

                                         Сендей ару асыл ай артық туған,

                                         Алып кетті бір жаман ерік бермей».

Айтылған осы жағдайларды саралай келіп, пайымдағанымыз Ғарифоллла ата Құрманғалиев бұрынырақта ел ішіне кең тараған қара өлең мәтінін өзі шығарған «Шолпан қаққанның» (немесе «Шолпан») әуенімен орындап жүрген. Кейін Мақсұтбек Майшекин шығарған шумақтарға жұптап, күйтабаққа да түсірген, «Әнші дауысы» жинағына енгізген.

Ғарифолланың алғашқы шәкірттерінің бірі – Әскербек Еңкебаев теле-түсірілімде ұстазға арналған бір кешті жүргізіп тұрып айтып еді: «Асылжан» әнін Ғарекең бізге «халық әні» деп үйретіп еді, кейінгі шәкірттеріне «авторы өзім» деп меңгертіпті» деп. «Асылжан» әні де ұстаздың «Әнші дауысы» аталатын жинағына енген. Сөзін Бәкір Тәжібаев жазған. Бұл дерек әліндегі пікірімізді бекіте түседі.

Музыкатанушы ғалым Б. Ерзакович  Алматы шәрінен 1987 жылы жарық көрген «У  истоков казахского музыкознания» атты кітабында біз әңгімелеп отырған осы жағдайға ұқсас жайтты баяндаған. Ол 1939 жылы белгілі композитор, әнші Естай Беркімбайұлының өз орындауында оның «Сандуғаш» әнін қағазға түсіреді. Кейін С. Рыбаков есімді этнографтың 1901 жылы «Соқыр кыз әні» деп түзген нотасымен танысады. Сонда куә болған мына оқиғаны былайша баяндайды: «Песня «Соқыр қыз әні» вызывает интерес тем, что ее значительно трансформированный вариант был записан, мною в 1939 г. в совхозе «Акколь» Краснокутского района Павлодарской области с напева известного народного композитора, певца и акына Естая Беркимбаева (1868—1946 гг.) под названием «Сандугаш» («Соловей»). К сожалению, в те годы, не зная записи Рыбакова, я не спросил композитора, его ли это авторская песня или преобразованный им народный образец. В «Сандугаш» совершенно иное содержание».

Осыған қарағанда, қалаған әуенге не мәтінге салып орындай беру бағзыдағылар үшін қалыпты үрдіс болған сықылды...

Қысқасы, «Қол жетпестің» әні – Мұхиттікі емес, оған ешқандай дәлел жоқ! Анығында авторы – Ғарифолла Құрманғалиев!

– Байқаймын ұстазыңыз Ғарифолла Құрманғалиев жайында әлі де кең көсілетін сыңайыңыз бар. Көпке беймәлім мәліметтер бердіңіз деп ойлаймын. Алда тағы да әңгіме-дүкен құрармыз, сұхбатымызды осы жерден әзірге үзе тұрсақ деймін...

– Жақсы. Ғазиз ұстаз жайында тағы да әңгімеге шақырып жатсаң білетінімді ортаға салудан қашпаймын...

– Иә, рақмет сізге!