Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына жұмыс сапарымен бар­ды.
Өндірісті өлке өркендеп келеді
547
оқылды

Президент іссапары Теміртау қаласындағы Qarmet металлургиялық комбинатын аралап көруден басталды.

Qarmet-тің баяғы даңқын қайтару керек

Президент №3 домна пешінің жұмысымен та­нысты. Мұнда жылына 3,8 миллион тонна шойын өн­діріледі. Qarmet акционерлік қоғамы Директорлар кеңе­сінің төрағасы Андрей Лаврентьев пен кәсіп­орын­ның бас директоры Вадим Басин өндірісті да­мыту үшін атқарылған және жүзеге асырылып жат­қан жобалар жөнінде баяндады. Бұл мақсатқа 3,5 миллиард доллардан астам қаржы қарас­ты­рыл­ған. Бұдан бөлек, 500 миллион доллар шамасында Көмір департаментіндегі және 978 миллион доллар кө­лемінде Темір рудасы департаментіндегі жоба­лар­ға қосымша инвестиция құю жоспарланған.

Кәсіпорын ғимараттар мен нысандарға ауқымды жөн­деу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Биылғы жаң­ғырту бағдарламасына 100-ден астам нысан енген. 50 мың шаршы метр шатыр ауыстырылуда. Соны­мен қатар бұған дейін қабылданған «Тазалық» бағ­дар­ламасына сәйкес 120 санитариялық-тұрмыстық ғи­маратқа күрделі жөндеу жүргізіле бастады.

Мемлекет басшысына сляб пен блюм шығаратын №2 конверторлық цех пен металл әзірлемелерін үздіксіз құю машинасының жұмысы таныстырылды. Кәсіп­орын басшылығы бүгінде мекеменің техника­лық жағдайын бабында ұстап тұру, жөндеу жүйесін, сондай-ақ кристалдандырғыш айналым жүйелері мен барлық машина сегменттерін жетілдіру басты міндет екенін атап өтті. Келесі жылы басқару және гид­равлика жүйелерін жаңғырту жұмыстары ат­қарыл­мақ.

Андрей Лаврентьевтің айтуынша, іске асырылып жатқан жобалар комбинат жұмысын тұрақтандырып, компанияның «5-9-5» бағдарламасының орын­далуы­на болжам жасауға мүмкіндік берді. Қабыл­данған стратегияға сәйкес кәсіпорын 2028 жылға қарай жылына 5 миллион тонна болат шығаруды, 9 миллион тонна көмір және 5 миллион тонна темір рудасы концентратын өндіруді жоспарлап отыр. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда орта есеппен 66 пайыз өсімді қамтамасыз етеді.

Мемлекет басшысы комбинатты табиғи газға кө­шіру маңызды шешім екенін атап өтті. Бұл бас­тап­қы кезеңде қоршаған ортаға келетін зиянды 30 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. Биыл күзде Теміртау қаласында экологиялық таза көлік түрі – трамвай желісі қалпына келтіріледі.

Президент өнеркәсіп қауіпсіздігі, өндірістің тиім­ділігін арттыру және жаңғырту, аймақтың эко­логиялық ахуалын жақсарту бағытында жүзеге асы­рылып жатқан жобалардың мерзімі мен жоғары сапа стандарттарын қатаң сақтау қажет екеніне баса на­зар аударып, бірқатар нақты тапсырма берді.

– Біз отандық инвесторды шақыру арқылы дұ­рыс шешім қабылдадық. Олар бірден іске кірісті. Ком­бинаттағы жағдай бұрынғымен салыстырғанда айтарлықтай жақсарған. Бірақ мұнымен шектелуге болмайды. Ең басты міндет – Qarmet кәсіпорнының бая­ғы даңқын қайтарып, әлеуметтік мәселелерді ше­шуге баса мән беру. Бұл бағыттағы жұмыс баста­лып кетті. Одан хабардармын. Мен комбинатқа жыл сайын келіп, оның даму барысымен танысып тұра­мын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазіргі кезде Qarmet акционерлік қоғамында 34 мың­нан астам жұмысшы еңбек етеді. Металлур­гия­лық комбинаттың өндірістік қуаты жылына 5,3 мил­лион тонна болат өндіруге жетеді. Былтыр кәсіп­орын 2,9 миллион тонна дайын өнім шығарған. Оның 2,1 миллион тоннасы Ресей, Қытай, Өзбек­стан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Гру­зия, Әзербайжан және Ауғанстан елдеріне экс­порт­талды.

Жас ұрпақтың креативті дамуының мәні зор

Бұдан соң Мемлекет басшысы Qarmet Креативті технологиялар ор­талы­ғын аралап көрді. Аталған орталық метал­лургтер қаласының белсенді әрі шы­ғармашыл жастарының басын қоса­тын орынға айналды.

Президентке Qarmet акционерлік қоғамының профильдік емес активтерді басқару жөніндегі директоры Алмас Сиранов Орталықта роботты техника, автомоделдеу, ұшқышсыз басқарылатын дрондар секциялары, бағдарламалау, блогерлер, журналистика, доку­мен­талис­тика мектептері, подкаст студиясы және басқа да шығармашылық бағыт­тағы үйірмелер ашылғанын жеткізді. Оның айтуынша, Орталық тек метал­лургиялық комбинаттың ғана емес, Теміртау қаласының көрнекті нысанына айналады. Мұнда жастар кәсіби бағдар алып, өздерінің инженерлік дағдыларын шыңдайды.

Президент кәсіпорын жұмысшы­ларымен және ардагерлерімен, сондай-ақ кәсіподақ өкілдерімен әңгімелесу барысында еңбек адамы ең жоғары құрметке лайық екенін атап өтті. Бұл ретте мемлекет тарапынан олардың әл-ауқатын жақсарту үшін барлық жағдай жасалып жатқанын жеткізді.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды қаласының Пришахтинск ықшамауданында таяуда ғана ашылған «Кәусар» оқушылар сарайының қызме­тімен танысты.

Мемлекет басшысына мұндағы 13 үйірме мен секцияға 1600 бала қатыса­тыны жайында мәлімет берілді. Оқушы­лар игілігі үшін орталықта HI-TECH цех, шығармашылық шеберхана, хореография залы, ART-студия, дыбыс жазу, телевидение және фото студия­лары, VR-архитектура және WEB-дизайн кабинеттері, Intellectum-студия, Интернет заттары кабинеті, роботты техника және техникалық шығарма­шылық зертханасы, STEM-зертхана, музыкалық студия, экологиялық орта­лық, спорт және ойын алаңдары ашыл­ған. Жалпы, ауданы 3,3 мың шаршы метр болатын ғимарат сапалы қосымша білім алуға қажетті құралдармен толық­тай жабдықталған.

Мемлекет басшысы жас ұрпақтың шығармашылық және креативті дамуы­ның мәні зор екеніне назар аударды. Сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауға, соның ішінде «Таза Қазақстан» эко­логиялық акциясын өткізуге баса мән беретінін атап өтті. Президент оқу­шыларды осы маңызды бастамаға бел­сенді түрде атсалысуға шақырды.

Жергілікті кәсіпорындар жұмысымен танысты

Бұдан соң Мемлекет басшысы Саран қаласында тұрмыстық және электр техникасын шығаратын Silk Road Electronics кәсіпорнына барды. Жалпы ауданы 61 мың шаршы метрден астам өндіріс бұрынғы «Қарағанды­резина­техника» зауытының аумағында орна­лас­қан. Жобаның құны – 25 миллиард теңге.

Президентке Meridian Company жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің техникалық директоры Александр Кри­т­ский кәсіпорындағы өндіріс про­цессі туралы айтты. Зауыт жыл басынан бері тұрмыстық техника шығарып, оны еліміздің электроника бұйымдарын сата­тын сауда желілеріне жеткізеді. Бүгінге дейін кәсіпорында 97 мың тұр­мыс­тық техника өндірілген. Компания 2027 жылға қарай толық өндірістік қуатына көшіп, 1,1 миллион тұрмыстық техника шығаруды және өз өнімін ТМД елдеріне экспорттауды жоспарлап отыр.

Samsung Electronics Central Eurasia компаниясының басқарма төрағасы Минки Чу аталған өндіріс алаңында Samsung брендімен теледидар және автоматты кір жуу машинасын шығару көзделіп отырғанын жеткізді.

Президентке қазір зауытта Қараған­ды, Саран, Шахтинск және Абай қалаларының 232 тұрғыны жұмысқа орналастырылғаны туралы мәлімет берілді. Зауыттың өндірістік қуаты толы­ғы­мен іске қосылған кезде жұмыс­шылар саны 1200 адамға дейін ұлғаяды.

Сонымен қатар Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Саран қаласындағы көлік дөңге­лектерін шығаратын KamaTyresKZ зауы­тын аралап көрді. Президентке кәсіп­орын­ның өндіріс циклы мен даму пе­рс­пек­­тивасы таныстырылды.

Мемлекет басшысына «Татнефть» ЖАҚ Бас директоры Наиль Маганов пен KamaTyresKZ зауытының директоры Радий Бурганов құрылыс-монтаж жұ­мыс­тары аяқталып, технологиялық құрал-жабдықтар толықтай жеткізіл­генін айтты. 234 миллиард теңге көле­мін­де ин­вес­тиция салынған зауытта өнім­нің сериялық өндірісі басталды. Өткен айда KamaTyresKZ 30 мың дөң­гелек шығарған. Зауыт алғашқы жылы өнім көлемін 1 миллионға дейін жеткізе алады.

Президентке дөңгелек құрастыратын цехтар мен өндіріс желілері таныс­тырыл­ды. Зауыттың құрал-жабдығы Латвия, Италия, Португалия, Жапония­дан және тағы да басқа елдерден әкелін­ген. Жалпы, кәсіпорында 800-ге жуық технологиялық құрылғы орна­тылған.

3ауыт 2027 жылға қарай 3,5 миллион дөңгелек шығарады деп жоспарланып отыр. Қазір кәсіпорында 590 жұмысшы еңбек етіп жатыр. Келешекте қызметкер­лер саны 1125 адамға дейін көбейеді. Өндіріс жұмысшылары «Татнефть» ком­паниялар тобының дөңгелек шығаратын кәсіпорындарында оқу-тәжірибеден өткен.

Зауыт өнімі Attar брендімен таны­лады және халықаралық стандарттарға сай сертификат иеленген. Отандық дөңгелектер шілде айынан Қазақстан мен шет мемлекеттердің нарығында сатыла бастады. Биыл елімізде құрас­тырылатын JAC маркалы автомобильдер конвейерден Attar дөңгелектерімен шығады.

Мемлекет ауылға баса мән береді

Мемлекет басшысы Нұра ауданы Шахтер ауылындағы бірқатар әлеуметтік нысанды аралап көрді. Қасым-Жомарт Тоқаевқа ауылдағы денешынықтыру-сауықтыру кешені таныстырылды. Мұнда волейбол, баскетбол, футбол, үстел теннисі, қазақ күресі секциялары және жаттығу залы бар. Кешенде Мұз­бел, Егінді және Байтуған ауыл­дарының балалары да спортпен шұғыл­данады.

Президент жүзу бассейнін және жақында жөндеуден өткен жергілікті Мәдениет үйін аралап көрді. Қасым-Жомарт Тоқаев «Шахтерское» ЖШС директоры Георгий Прокоп бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында түрлі жобаны жүзеге асыруға үлес қосқанын атап өтті. Сондай-ақ оның ауданда спорт­ты, мәдениетті және өнерді дамы­туға қолдау көрсетіп келе жатқанын айтты.

Мемлекет басшысы Шахтер ауылы­ның Үрмелі аспаптар халық оркестрінің ұжымымен әңгімелесіп, оларға шығар­ма­шылық табыс тіледі. Президент өңір­лерде спорт және мәдениет жобаларын іске асыру маңызды екеніне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Нұра ауданы Шахтер ауылының еңбеккерлерімен әңгімелесті. «Шахтерское» жауапкер­шілігі шектеулі серіктестігінің дирек­торы Георгий Прокоп ауыл шаруа­шылығы кәсіпорынында 245 жергілікті тұрғын жұмыс істейтінін айтты. Шаруа­шылық негізінен дәнді және майлы дақылдар, сондай-ақ картоп егумен айналысады. Директордың айтуынша, агробірлестіктің техникалық паркінде John Deere, Buhler, CLASS, Lovol, Valtra, РСМ, Acros маркалы заманауи шынжыр табанды және доңғалақты тракторлар, астық жинайтын комбайндар бар. Бүгінде шаруалар егін жинау науқанына сақадай сай.

Президентке жергілікті тұрғындар ауылда жұмыс істеуге және өмір сүруге қолайлы жағдай жасалғанын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет ауыл­ды дамытуға және шаруаларды қолдауға айрықша мән беретінін атап өтті.

Еңбек қауіпсіздігін сақтау маңызды

Президент Qarmet акционерлік қо­ғамы­ның диспетчерлік-талдау орталы­ғын аралап көрді. Компанияның бас директоры Вадим Басин Қасым-Жомарт Тоқаевқа көмір өндірісі бөлімшесін дамыту жөнінде баяндады. Атап айтқанда, былтыр көмір тек 3 шахтадан өндірілсе, енді Президент тапсырмасына сай қысқа мерзім ішінде барлық 8 шахтадағы жұмыс қалпына келтірілді. Өндірістік қауіпсіздікті күшейту үшін ауқымды жұмыстар қолға алынды.

Президент шахтерлердің өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қабылданған тың шаралармен танысты. Диспетчерлер нақты уақыт режимінде барлық шахтадағы ахуалды бақылап, газ деңгейіне талдау жүргізе алады. Бұдан бөлек, кеншілердің жұмысын үйлестіріп, олармен бейнебайланыс орнатады. Сонымен қатар орталықта жүйедегі қауіпсіздік бақыланып, өндірістік көрсеткіштер мен процестердің орын­далу барысына мониторинг жүргізіледі. 2025 жылдың соңына дейін барлық 8 шахтадағы кеншілердің жүрген жері мен денсаулық жағдайын нақты анықтайтын қондырғы жүйесі орна­тылады.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы «Саран» шахтасында, 620 метр терең­дікте жұмыс істеп жатқан кеншілермен бейнебайланыс арқылы сөйлесті. Кәсіп­орын жаңа alarmphone құрылғысымен жабдықталған. Қорғаныс деңгейі аса жо­ғары гаджетте қызметкер­мен жедел байланысуға арналған смарт­фон функ­циясы бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев кеншілерге жанкешті жұмысы үшін алғыс айтып, шахтерлердің қызметінде еңбек қауіп­сіздігін сақтау маңызды екеніне назар аударды.