Елімізде атом электр стансасын салу тақырыбы мезгіл-мезгіл көтеріліп келеді. Қолдаушылар да, қарсы шығушылар да жетерлік. Қос тараптың да өзіндік уәжі бар.
АЭС: игіліктің ерте-кеші жоқ
1,571
оқылды

Десе де, бір нәрсе анық. Бұл мәселенің елімізде талқыланып жатқанына 30 жылға жуықтады. Егер тым тиімсіз болса, бұл идеядан әлдеқашан-ақ бас тартар едік. Сол себепті де қоғамдық пікірдің пісіп-жетілетін уақыты болды.

Үміт – референдумда

Елімізде АЭС салу мәселесі ең алғаш рет сонау 1997 жылы сөз болған екен. Бұл Ақтаудағы БН-350 реакторы әлі жұмыс істеп тұрған кез. Сол уақыттағы Ғылым министрі әрі Қазақстан ядролық қоға­мының президенті Владимир Школь­ник: «Қазақстанда ядролық энергетикаға деген қажеттілік туындап отыр» деп мәлімдеген болатын. Содан бері мұндағы талқылау толастаған емес. Тіпті, 2006 жылы жаңа АЭС-ты сол Ақтаудағы БН-ның базасында салу керек деген Үкіметтің қаулысы да шықты. Бірақ жобада қа­растырылған 300 МВт аз болатын­дықтан, құжат орындалмай қалды. Сондай-ақ 2010 жылы Курчатовта қуаты 600-1000 МВт болатын АЭС салу жос­­парланған еді. Ол жолы да жүзеге аспады. 2011 жылы Алматыда бірнеше эколо­гиялық үкіметтік емес ұйымның баста­масымен «АЭС салған қаншалықты дұ­рыс?» деген та­қырыпта үлкен жиын өтті. Онда оның экологиялық тазалығына баса назар аударылды. Ал 2015 жылы бұл жолы «ҚазАтомПромның» басшысы боп жүрген Владимир Школьник Курчатов пен Үлкен елді мекендерінде «300-1200 МВт-тық 2 АЭС салынады» деп тағы да мәлімдеді. Бірақ кейін оның мерзімі 2030 жылға ысырылды. 2017 жылы МАГАТЭ-де өткен бір сессияда Энерге­ти­ка министрлігінің сол кездегі Атом және энергетика жобаларын дамыту депар­таментінің директоры Батыржан Қаракөзов Қазақстанда АЭС салу туралы шешім 2018 жылдың аяғына дейін нақты қабылданатын болады деп хабарлады. Тізбелей берсе, мұндай фактілер көп. Сол себепті АЭС салу туралы мәселе ұзақ жылдар бойғы сан мың толғаныс пен пікірталас барысында пісіп-жетілді деуге болады. Қазақстан қоғамы референдумда дауыс беруге моральды түрде дайын. Осы тұста жиі қолданыла бастаған бұл тетіктің қоғамды жұмылдырудағы рөлін ерекше атай кеткен жөн. АЭС салу мәселесінде халықтың таңдауын референдум арқылы анықтап, соған сәйкес әрекет етуге бел будық. 

Баламасы жоқ қуат көзі

Қазақстанда атом электр стансасының құрылысын салу уақыты әлдеқашан өтіп кетті. Өйткені ол біз үшін ауадай қажет. Сондықтан да әртүрлі қорқынышты ойлар айтып, ел дамуын кейінге тарта беруге болмайды. Тездетіп іске кірісу керек. Бұл кезде біз «оны салу керек пе?» деп емес, жергілікті мамандарды дайын­дау, инфрақұрылымды дамыту жайын талқылап жатуға тиіспіз. Бұл – Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжіметдинұлының пікірі.

«Әркімнің пікірі әртүрлі екені рас. Бірақ мен қашанда жай ғана айта сал­ғанды емес, нақты дәйектер келтіріп сөй­легенді құп көремін. Біздің елге кем дегенде бір АЭС салу керек. Салыстыр­малы түрде айтсақ, іргедегі көршіміз қытайлардың өзінде 18 атом электр стансасы бар екен, олар 54 өндірістік ядролық реакторлармен жұмыс істейді. Украинада сонау кеңес жылдарында 4 АЭС салынған. Оған қажетті шикізатты өзімізде өндіретінімізді ескерсек, сонау КСРО кезінде-ақ салып тастауға болатын еді. Енді, міне оны барлық дамыған ел­дерге сатып қана отырмыз. Өзіміз пай­далана алмай отырмыз. Ал сол уранды өн­діру мен өңдеу АЭС жұмысынан да қауіп­тірек. Сондықтан да бұл жағынан біздің үлкен әлеуетіміз бар. Оған алаң­дамауымыз керек. Көп сөзді қойып, іске кірісетін уақыт келді. Өндіріс саласында ұзақ уақыт қызмет еткен, мол тәжірибесі бар адам ретінде айтарым, қазір Қазақ­станда электр энергиясының тапшылығы қатты сезіліп отыр. Тіпті, экономиканың дамуына қатты кедергі келтіруде. Мәсе­лен, еліміздің оңтүстігі үнемі электр тап­шылығына тап болады. Былтыр көктемде оңтүстік өңірлердегі сұраныстың өзімізде өндірілген электр энергиясымен тек 57,2%-ын ғана жаба алдық, сол кезде 971,0 млн кВт/сағ жетпей қалды. Сарап­шылар 2030 жылға қарай тапшылық тек өсе түседі деп отыр. Ендеше осыншама тап­шылықпен жаңа зауыттар мен фаб­рикаларды қалай салуға болады?! Бұл бі­ріншіден еліміздің энергетикалық қауіп­сіздігіне айтарлықтай нұқсан келтіреді», – дейді «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі.

Оның айтуынша, атом электр стан­салары – экологиялық таза және ұзақ мерзімді перспективада арзан энергия. Бастапқыда көп шығынды талап етке­німен, кейіннен өзін-өзі тез ақтайды. Күн мен жел энергиясына қарағанда ауа райы жағдайына, күн мен жыл уақытына тәуел­ді емес. Ең басты артықшылығы – ол тұрақты түрде жұмыс істейді және өте ұзақ мерзімге пайдалануға жарайды. Ал бүгінгі технологиялардың қарыштап дамуын қосар болсақ, онда мұндай стан­саның қызмет ету мерзімі бір-екі ұр­пақтың ғұмырынан да ұзағырақ болмақ. АЭС пайдалануға берілген шақта электр энергиясының құны кВт/сағатына 2-ден 12 цент (Еуропалық стандарт) аралығында болады екен. Бір сөзбен айтқанда, мұндай энергия көзінің әлем бойынша баламасы жоқ, ал біздің елімізде оның өзі де жоқ.

АЭС салуға 5 себеп

Келесі бір спикеріміз «Қазақстандық энер­гиямен жабдықтаушы ұйымдар қаум­дастығы» ЗТБ Төрағасы Сергей Аго­фонов атом электр стансасы керек екенін 5 себеппен түсіндіріп отыр. Оның ең біріншісі – әрине, электр энгергиясының тапшылығы. Дәл қазір мезгіл-мезгіл жарық өшіп, жер-жерде тоқ болмай қалып жатпағандықтан, оны біздің се­зінбей отырғанымыз рас. Бірақ, оны жыл­дан-жылға электр энергиясы ба­ғасының қым­баттап келе жатқанынан аңғаруға болады. Өйткені оны біз көрші елдерден сатып алып отырмыз. Ал шын­дығында, оның жоғын таратушы ком­паниялар қатты байқап отыр. Әсіресе, жылыту маусы­мының бел ортасында мұндағы тапшылық 2 500 МВТ-қа дейін жетіп жатады екен. Ал бұл дегеніміз – біз үміт артып отырған болашақ АЭС-тің жобалық қуаты. Мұн­дағы көрсеткіш жылдан-жылға ұлғайып келе жатқанын ескерсек, бұл мәселені одан әрі соза беруге болмайды. Өйткені ішкі тұтыну көлемі артып келеді.

«Екінші аспект – Қазақстанның өз мойнына көміртегі бейтараптылығына қол жеткізу жөніндегі халықаралық міндеттеме алғанымен байланысты. Оған сәйкес, біз 2060 жылға қарай көміртегі шығаратын отынды пайдаланбауымыз керек. Қазір, әрине, көмірмен істейтін 2 ТЭЦ, оған қоса ГРЭС-ке жапсарлас тағы бір құрылыс салынғалы жатыр. Бұлар – мәжбүрлі шаралар. Енді бір 35 жылдан кейін олар болмауға тиіс. Бірақ бұл жерде бір нәрсені дұрыс түсінуіміз керек. Көмір­тегі отынынан бас тарту ол біздің халық­аралық қауымдастық алдын­дағы ғана міндеттемеміз емес, болашақ ұрпақ ал­дындағы жауапкер­шілігіміз. Ал ондай бейтараптылыққа АЭС-тің көме­гінсіз қол жеткізе алмай­мыз», – дейді ол.

Үшінші себеп: атом энергетикасы жаңармалы энергия көздерінің (ЖЭК) қатарында «жасыл» энергетика боп сана­лады. Ауаға зиянды қалдықтар тарамайды, сол себепті де экологиялық таза. Осы тұста ел арасында АЭС-ке мін­детті түрде су қоймасы керек деген жаңсақ пікір бар. Оны сол үшін де Балқаш көлінің жаға­сында салып жатыр-мыс. Негізінен, олай емес. Энергетика заңында генерация қай жерде тұтыну көп, сол жерде болу керек. Міне, біздің елімізде тоқ өндіруші ірі ны­сандар шығыс және солтүстік өңірлерде орналасты да, оңтүстік өңір олардан шалғай қалды. Осылайша, теріскейде электр энергиясы көп те, күнгейде тап­шы. Тоқ тарату жүйесі де солай орналас­қан. Қазір «Солтүстік-Оңтүстік» желі­сінде 2 100 МВт электр энергиясы бар, бұл өңірлерді қуаттандыруға жетпейді. Міне, көзделіп отырған Балқаш өңірі сол екі инфрақұрылымдық энергожүйенің түйіскен жері болып саналады. Ол жерде демеп жіберетін генерация жоқ. Бұл жақ­сы емес. Өйткені алыстан тасымал­данған электр энергиясы жолда көп ысырап болады және керекті қуатта жететініне сенімділік жоқ. Сондықтан да Үлкен стан­сасында әу бастан, сонау кеңес ке­зінен-ақ қандай да бір тоқ өндіретін орталық салу қарастырылған екен. Міне, ол жерге көмірмен істейтін 2 000 мега­ват­тық станса салынар болса, оның сол ай­маққа, ауаға, көлге тигізер экологиялық зияны өте көп болар еді. Сондықтан да АЭС салынуы керек. Оған су керек екені рас, бірақ ол көлге ешқандай да араласпай одан оқшау тұрады.

© «Росатом» баспасөз қызметі (Фото)

 

«Төртінші аспект – экономикалық тұрғыда. Қай нәрсе де салыстырған кезде белгілі болады десек, АЭС арзанға шыға­ды. Біріншіден, олардың жұмыс мерзімі 100 жылға дейін барады, яки ол өзіне жұмсалған шығынды ширек ғасырда-ақ ақтап шығады. Одан кейін ұзақ жылдар арзан энергия өндіруге мүмкіндік бермек. Ал басқа генерация көздері, ол көмір, газ, ЖЖМ болсын не­месе ЖЭК болсын, қыз­мет ететін жылдарының жартысы сол жоба­ның өзіне жұмсалған ақшаны өтеу­мен кетеді», – дейді «Қазақстандық энер­гиямен жабдықтаушы ұйымдар қаумдас­тығы» ЗТБ Төрағасы Сергей Агофонов.

Ал бесінші, ең үлкен себеп – оның экономиканың локомотиві екенінде. Ол тек өзі орналасқан Жетісу – Алматы өңі­рінің ғана жағдайын мықтап қоймай, бү­кіл елдің де экономикасын аяғынан тұрғызуға көмектеспек. Тіпті, құрылыс уақытынан бастап-ақ ол өзінің тиімділігін көрсете бастайды. Біріншіден, онда жұ­мыс орындары ашылады. Құрылыс салу кезінде 8 мыңға дейін адам жұмыспен қамтылса, стансаны пайдалану кезінде 2 мыңға дейін адам жұмыс істейтін бо­лады. Екіншіден, құрылысының жар­тысынан көбіне жергілікті мате­риалдар пайдала­нылатын болады. Сұх­баттасымыз басқаратын қауымдастық пен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жоба жүзеге аса қалған жағдайда алдына осын­дай мақсат қойып отыр екен. Өйт­кені АЭС салу кі­шігірім қала салумен бірдей. Ол өзінің айналасына қалақұ­­­раушы жүйе құруға қауқарлы. Сол арқылы экономиканы алға сүйрейді.

Мультипликативті әсері де бар

Қазақстанға АЭС салу мульти­пли­кативті әсер беретінін көзі қарақты оқырман түсініп отырған болар. Өйткені аты айтып тұрғандай, ол тек энерге­тикалық генерация бермейді, сонымен қатар қозғаушы күшке де ие. Бұл саланы дамыту сол ауылда жаңа заманауи тұрғын үйлер, жолдар, ғимараттар, мәдени-әлеу­меттік инфрақұрылымдар салуға мүмкін­дік береді. Ал елімізде ғылым дамиды.

«Қазақстан атом электр стансалары» келтіретін мәліметтерге қарасақ, АЭС салынар болса, ол пайдалануда болған жылдар бойы ел қазынасына 2,5-3 мил­лиард доллардан астам салық түседі екен. Ал құрылыс-монтаж жұмыстары ке­зеңінде жергілікті бизнеске шамамен 2,5-3,5 миллиард доллар көлемінде қар­жы құйылмақ. АЭС-те ашылған 1 жұмыс орны сабақтас салаларда 10 жұ­мыс орнын ашуға мүмкіндік тудырмақ. Қағида бо­йын­ша стансада жұмыс істейтін 2 000 адам­­ның 20%-ы ғана, яки 400-і ядро­лық салада арнайы білімі бар маман болуға тиіс. Ал бізде қазірдің өзінде бұл салада 17,9 мыңнан астам адам жұмыс істейтінін ескерсек, атом электр станса­ларын пай­далану үшін кадрлық әлеуетіміз жет­кілікті. Оның ішінде уәкілетті мемле­кет­тік орган Энер­гетика министрлігінде – 36, реттеуші ғылыми-техникалық ұйым­дарда – 2,9 мың; Қазатомөнеркәсіпте 15 мыңға жуық маман бар. Сонымен қатар 150-ден астам қазақстандық Түр­киядағы Ақкую атом электр станса­сының құрылысына қатысуда. Елімізде бірнеше жылдан бері ядролық қаруды бейбіт мақ­сатта пайдалану саласындағы мамандарды дайындау үшін ғылыми-білім беру базасы белсенді түрде дамып келеді. Мәселен, 2022-2023 оқу жылына арналған мем­лекеттік білім беру тапсырысы аясында мамандандырылған білім беру бағдарла­малары бойынша 2 848 грант бөлінді. Ал атом өнеркәсібінде оқитын студенттердің саны 4 070 адам: бакалавриатта – 3 590, ма­гистратура – ​​397, докторантура – 83 адам», – дейді сарапшы Тельман Шуриев.

Тағы бір сарапшы – «Ұлттық ядролық орталықтың» бас директоры Ерлан Батырбеков Балқаш көлінің суын АЭС-ке салқындату үшін пайдалану көлемі жылына 63 млн текше метрден аспай­тынын айтады. Көл бетінен судың табиғи булануы 0,3% деген есеп бар, ендеше бұл станса көлдегі су деңгейіне іс жүзінде ешқандай әсер етпейді деген сөз. Сондай-ақ су реактор тізбектерінде ешқайда кетпейді, үнемі айналып тұрады.

«Қалдықтарды кәдеге жарату мәсе­лесіне келсек, қуаты 1 200 МВт болатын реактордан жылына 50-60 текше метр радиоактивті қалдықтар түзіледі. Оны қауіпсіз өңдеудің тиімді технологиялары бар. Пайдаланылған ядролық отын қал­дықтарға жатпайды, өйткені онда жан­баған уран қалады және одан әрі плутоний түзіледі. Ол – ядролық отында қолда­нылатын тағы бір элемент. Пайдаланылған ядролық отынды өңдегеннен кейін ма­мандар одан да үлкен энергетикалық компоненті бар жаңа отынға шикізат алады. Атом электр стансасынан еш­қандай зиян болмайды, өйткені оның өзегі ретінде III және III+ буынды реак­торының құрылысы ұсынылып отыр. Бұл реакторлар белсенді және пассивті зама­науи қауіпсіздік деңгейлерімен жаб­дықталған. Реактор қалыпты күйден шыққан жағдайда қауіпсіздік жүйесі оны оңтайлы жұмыс режиміне қайтарады. Реакторлардың бұл түрі барлық қауіп­­сіздік талабына сай келеді, әсіресе эко­логиялық көрсеткіштері жоғары. Бірін­ші кезекте радиациялық фон жоқ, екіншіден, атмосфераға шығаратын СО2 қалдықтары ЖЭО-лармен салыстырғанда өте тө­мен», – дейді ол.

АЭС салуды жақтағандардың пікірін, әрине толассыз келтіре беруге болады. Өйткені оның айтылып жүргеніне сөз басында айтқандай, 30 жылға жуықтады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, біз талқылаймыз деп жүріп осыншама уа­қытты зая кетіріп алдық. Әйтпегенде, бір емес, екі АЭС салып, ендігісі игілігін кө­ріп отырғандай уақыт өткен екен. 2035 жылға қарай елдегі электр қуатының тапшылығы 2 400 МВт-тан асады деп болжануда. Сондықтан бізге екі блокты бір АЭС-тың орнына жалпы қуаты 4 800 МВт болатын төрт блокты екі атом электр стансасы керек.

Қарсы уәж айтатындардың қарасы әлі де азаймай тұрғаны рас. Олардың ең бірінші алға тартатыны, еліміздегі ас­қынып тұрған жемқорлық мәселесі. Бірақ «Шегірткеден қорыққан егін екпейді» демекші, ондай келеңсіз құ­былыс қай елде де бар және ешқашан түбегейлі жоғалып кетпейтіні анық, сондықтан онымен ымырасыз күрес жалғаса бермек. Ал «Германия АЭС-тен бас тартыпты» дегендерге келер болсақ, Еуропа елдері ортақ энергетикалық жүйеге біріккен, олар тоқты бір-бірінен кез келген уақытта ала береді, біздегідей тапшылық жоқ. Немістер электр энер­гиясы көп болып кеткен соң осындай қадамға барып отыр. Сондай-ақ оларда жаңармалы энергия көздерінің үлесі 50%-ға жеткен. Ал бізде жел мен күннен алатын энергиямыз небәрі 6%. Айтып-айтпай не керек, Қазақ­станның өзінің АЭС-ы болған еді. Ол тек тоқ өндіріп қойған жоқ, сонымен бірге суды да тұ­шытты, сол себепті де ол комбинат деп аталды. МАЭК атауы содан шыққан. Ен­деше ол жабылғалы бір буын ауыс­а­тын уақыт өтті. Десе де, игіліктің ерте-кеші жоқ, дұрыс шешім қабыл­дайық, ағайын!

Нұрлан ҚОСАЙ