Жәрмеңкеде ұсынылған ең жоғары жалақы 500 мың теңгені құрайды, ал орташа жалақы – 200 мың теңге.
Астанада бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп жатыр
743
оқылды

Бүгін, 14 тамызда Астана қаласының Еңбек мобильділігі орталығы жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыруға арналған қалалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізуде. Іс-шара Жоғары Политехникалық колледж аумағында өтіп жатыр. Оған құрылыс, өндіріс, сауда, қаржы, көлік және қоймалау сияқты салалар бойынша 1 168-ден астам бос жұмыс орнын ұсынуға дайын 70-тен астам жұмыс беруші қатысуда, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Жәрмеңкеге 11 мемлекеттік орган, 11 акционерлік қоғам, 42 жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 6 жеке кәсіпкер қатысуда. Сонымен қатар 3 аурухана және 5 астаналық оқу орны ұсынылған.

Ұсынылған бос орындар арасында бас бухгалтер, SMM-менеджер, тергеуші, география пәнінің оқытушысы, мұнаралы кран машинисі, оңалтушы дәрігер және басқа да мамандықтар бар. Жәрмеңкеде ұсынылған ең жоғары жалақы 500 мың теңгені құрайды, ал орташа жалақы – 200 мың теңге.

Жәрмеңке аясында Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын түсіндіру бойынша жұмыс берушілермен кездесу ұйымдастырылды. Негізгі тақырыптар мыналарды қамтыды:

  • Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс берушілердің жалпы міндеттері –  Алпамыс Мұңайтпасов, Қалалық орта сапасы мен бақылау басқармасы.
  • Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру –  Гүлжан Шайхыбекова, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры.
  • Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі –  Гүлмира Ақбаева, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры.
  • Әлеуметтік осал топтарды жұмыспен қамту ерекшеліктері. Практикалық кеңестер –  Эмин Аскеров, әлеуметтік кәсіпкер.

Сондай-ақ жұмыссыз азаматтармен кездесулер өткізіліп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі мәселелері талқыланды. Бұл тақырыптар Гүлжан Тұрарқызы Шайхыбекова және Гүлмира Самарханқызы Ақбаева тарапынан баяндалды.

Биылғы жылы төрт қалалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу жоспарлануда. Жыл басынан бері екі жәрмеңке және 18 шағын жәрмеңке өткізілді, ал келесі үлкен жәрмеңке қыркүйек айына жоспарланған.

Қосымша ақпарат алу немесе сұхбат ұйымдастыру үшін Астана қаласының Еңбек мобильділігі орталығына хабарласыңыз.

Байланыс нөмірлері: 24 89 43, +7 708 956 3856 Аманжол Айтқазин (баспасөз хатшысы)