Бұл жаңа өнім осы жылдың соңында нарықта сатыла бастайды. Гель әртүрлі жарақат алған кезде қанды бірнеше секундта тоқтатады.
Бірнеше секундта қан кетуді тоқтататын гель жасалды
FDA орташа және ауыр қан кетуді тоқтататын препаратты мақұлдады. Фото Cresilon компаниясының Facebook-тегі аккаунтынан алынды
1,832
оқылды

Қолдану ауқымы кең жаңа медициналық өнімнің әсер ету мүмкіндіктерін Aikyn.kz америкалық Quartz сайтында жарияланған материалға сүйеніп түсіндіреді.

Өмірге қауіп төндіретін қан кетуді бірнеше секундта тоқтататын гель әскерилер, денсаулық сақтау мекемелері мен жедел медициналық қызметтер үшін керек. Фото ibtimes.co.uk сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images

АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы (FDA) бейсенбіде (15 тамыз) орташа және ауыр қан кетуді тоқтататын гель түрінде жасалған медициналық препаратты қолдануды мақұлдады. Жаңа өнім оқ пен пышақ жарақаттарынан қан жоғалтуды болдырмайды деп болжануда.

Бруклинде орналасқан Cresilon компаниясы өзінің Traumagel өнімін осы жылдың соңында шығаруды жоспарлап отыр. Компанияның баспасөз хабарламасына сәйкес, Cresilon's Traumagel – бұл «өмірге қауіп төндіретін қан кетуді бірнеше секундта тоқтатуға» арналған және әскерилердің, мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелерінің және жедел медициналық қызметтердің қажеттіліктерін қанағаттандыратын өсімдік негізіндегі алғашқы гель» деп жазылған.

Cresilon компаниясының негізін қалаушы және бас директоры Джо Ландолина өзінің арнайы мәлімдемесінде: «Жедел көмек көрсету кезінде қан кетуді тез тоқтату және өмірге қауіп төндіретін қан кетуді тоқтату мүмкіндігі травматикалық жарақат алған адамдардың өмірін сақтау үшін керек», – дейді.

Traumagel алдын ала толтырылған 30 мл піскектерде (шприцтерде) шығарылады. Фото ems1.com сайтынан алынды. Авторлығы: Cresilon

Traumagel 2024 жылдың соңында қолжетімді болады деп күтілуде және гель ыңғайлы алдын ала толтырылған 30 мл піскектерде (шприцтерде) шығарылады. Қазіргі уақытта Cresilon Бруклинде орналасқан 2 700 шаршы метр аумақты алатын биоөндіріс кешенінде өндіріс жұмыстарын бастаған.

Өткен жылы FDA өнімнің 5 мл нұсқасын шағын жарақаттарға қолдануға рұқсат берген еді. Компанияның гелін ветеринарлар да қолданған. Cresilon қатты қан кетуді тоқтату үшін қазіргі қолданыстағы әдістер, мысалы, дәке таңғыштары тиімсіз екенін айтады. Өйткені олар арнайы дайындық пен ұзақ орауды қажет етеді. Ал Traumagel болса қан тамырларын қыспай, жараға қысым жасамай-ақ қанды жылдам ұйытып, қан кетуді тоқтатады.

«Бұл (Traumagel) пышақ жарақаттары, оқ жарақаттары, жол-көлік оқиғалары үшін – жалпы, бұл өнім жарақат алған адамның өмірін сақтауға арналған, көптеген жағдайға арналған», – дейді 17 жасында гельді ойлап тапқан Джо Ландолина.

Америкалық Қызыл Крест ұйымының мәліметі бойынша, әлемде жарақаттан қайтыс болғандардың шамамен 40%-ы қан кетуден болады екен.

FDA АҚШ-тың Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету федералды министрлігінің құрамына кіреді. Фото natlawreview.com сайтынан алынды

Қысқаша анықтама

U.S. Food and Drug Administration (FDA) – Америка Құрама Штаттарының Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы. Басқарма Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету федералды министрлігінің құрамына кіреді.

Басқарма азық-түлік өнімдерінің, дәрі-дәрмектердің, косметиканың, темекі өнімдерінің және басқа да тауарлардың сапасын бақылайды, сондай-ақ осы саладағы заңнама мен стандарттардың сақталуын қадағалайды. Бұл басқарма 1906 жылы «Азық-түлік және дәрі-дәрмек туралы» заңға сәйкес құрылған және алғашында Химия бюросы деп аталды. 1931 жылдан бастап қазіргі атауымен жұмыс істейді.

FDA өте ықпалды құрылым, оның басшысын АҚШ президенті ұсынып, Сенат бекітеді. 

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.