Бұл туралы елорда әкімі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жазды.
Жеңіс Қасымбек өрттен қыз баланы құтқарған тұрғынға 2 миллион теңге берді (ВИДЕО)
562
оқылды

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек 12 тамыз күні өртеніп жатқан үйдің балконынан кіріп, қыз баланы құтқарып қалған Алтынбек Алтаевты және оның ұлын қабылдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бұл туралы елорда әкімі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жазды. Суреттен көріп отырғанымыздай, Жеңіс Қасымбек Алтаевқа 2 млн теңгенің сертификатын табыстаған.

«Алтынбек Алтаевпен және оның ұлымен кездестім. Ер адам тұрғын үй кешенінің жоғары қабатында болған өрттен қыз баланы құтқарып қалды. Алтынбектің айтуынша, қызыл жалынға оранған пәтерді көргеннен кейін балконнан өртеніп жатқан терезеге еш ойланбастан секіріп кірген. Оның осындай жауапты сәтте үрейге бой алдырмай, қауіпке бел буғаны таңғалдырады әрі бұл әрекеті құрметке лайық»,  деп жазған Жеңіс Қасымбек.

Алтынбек Алтаевтың өзі болса оқиғаны бастан-аяқ баяндап берген. Оның айтуынша, өрт 12 тамыз күні таңғы сағат 09:00 шамасында болған. Айқай-шуды естіген Алтаев жан-жағына қарап, өртті байқаған. Құтқарушылар есікті енді бұзғалы жатқанын көрген ол ашық тұрған балконнан секіріп кіріп, пәтердегі токтарды ажыратқан.

«Қарасам, өрт шәйнектен шығыпты. Бүкіл токтарды ажыратып, пәтердің ішінде жылап жатқан қызды іздедім. Тауып алған соң, қорықпа деп оны алып шықтым. Бұл менің ғана емес, өрт сөндірушілер мен тұрғындардың ерлігі»,  дейді ол.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.