Мәжіліс Төрағасының орынбасары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Альберт Рау Қостанай облысына жұмыс сапары аясында Рудный қаласына барды.
Депутаттар өңір мәселелерімен танысты
636
оқылды

«Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ автомобиль цехының карьерлік машиналарының жүргізушілерімен кездесуде депутат «AMANAT» партиясының сайлауалды уәделерін жүзеге асыру, жүргізушілердің мерзімінен бұрын зейнетке шығу құқығын қамтамасыз ету, сондай-ақ Рудный қаласының коммуналдық инфрақұрылымын жаңарту туралы айтты.

Зиянды өндірістерде жұмыс істейтіндер үшін зейнет жасын 55 жасқа дейін төмендету туралы заң осы жылдың 1 қаңтарынан бас­тап күшіне енгені белгілі. Бұл ретте қызмет­керге зейнеткерлікке шығу немесе жұмыс бағытын өзгертіп, жеңіл жұмысқа көшу мүмкіндігі беріледі. Мәжіліс вице-спикері Альберт Рау ауыр жүк көліктерінің жүргізу­шілеріне арнайы әлеуметтік төлем алу құ­қығын қамтамасыз ету бойынша атқа­рылған жұмыстар туралы еңбек ұжымын хабардар етті.

– Мерзімінен бұрын зейнетке шығу мәселесі біздің партияның сайлауалды бағ­дарламасындағы басты мәселенің бірі бол­ды, Президент заңға өткен жылдың соңында қол қойды. Сіздер «AMANAT» партиясына сенім білдірдіңіздер, ал біз өз уәде­лерімізді орындап жатырмыз. Биылғы жартыжыл­дықта мен салалық ведомство­лармен кез­десулер өткіздім, еліміздегі карьерлік ауыр жүк көліктері жүргізу­шіле­рінің санын есеп­теп, әрқайсысының жұмыс сағатын санадық. Заң бар, енді Еңбек министрлігінің бұйрығы қажет, бұл бюджет қаражатын жұмсауға әкеледі. Сондықтан қазір республикалық бюджеттік комис­сияның келісімін алу үшін есептеулер жүр­гізілуде, бірақ қазірдің өзінде мәселенің оң шешілгенін айтуға болады. Мысалы, қазір еліміз бойынша шамамен 8 мың адам ар­найы әлеуметтік төлемдер алып отыр, – деді Альберт Рау.

Мәжіліс Төрағасының орынбасары жаңа Бюджет кодексі жобасы туралы да айтып берді. Депутаттар әрбір елді мекенде жеке табыс салығының толық көлемі, сондай-ақ шағын бизнестен түсетін пайда салығы осы елді мекеннің бюджетінде қалатындай түзе­тулерді мақұлдады. Осылайша, бұл қара­жатты белгілі бір қала немесе ауылдың қа­жеттіліктеріне, жергілікті билік пен мәс­лихат депутаттарының шешімімен пай­далануға болады.

Сонымен қатар кездесуге қатысушылар жергілікті инженерлік және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту мәселелерін талқылады.

– Қалаларға арналған біздің сайлауалды бағдарламамыздың негізгі тармақтарының бірі – коммуналдық инфрақұрылым. Рудныйда былтыр жылу желілерін рекон­струкциялауға алғашқы 4 млрд теңге бөлінді. Биыл да сол жұмыс шамамен 3-4 млрд теңгеге жалғасуда, оның ішінде қалалық желілерді жөндеу жұмыстары бар. Сондай-ақ жыл соңына дейін айналма жол мен көпір салуға тендер жарияланады, – деп атап өтті депутат.

Кездесу барысында Альберт Рау жинал­ғандарға Мәжіліс депутаттарының өткен сессияда атқарған жұмысы, Прези­денттің «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын жүзеге асыру, құмар ойындарға қарсы күрес туралы қабылданған заң және қаржылық алаяқтарға қарсы іс-қимыл туралы айтып берді.

Мәжіліс депутаты, «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшесі Болатбек Нажмет­динұлы Шымкент қаласындағы №2 маман­дандырылған халыққа қызмет көрсету орталы­ғына барды. Мәжілісмен орталық жұмы­сымен танысып, ұжыммен көлік иеле­ріне қызмет көрсетудің өзекті мәселелерін талқылады. 

Шымкент қаласындағы орталық күніне 300-ге жуық адамға қызмет көрсетеді. Биыл 35 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсе­тіп, 12 мыңға жуық жүргізуші куәлігін берген. Автодром жолдарымен жабдықталған орталықта азаматтар жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық және практикалық емти­хандар тапсырады, сонымен қатар медици­налық тексеруден өтіп, көлігін қайта тіркей алады.

– Екі жыл бұрын біздің халыққа қызмет көрсету орталығындағы адамдардың ұзын-сонар кезегі көпке мәлім болды. Тіпті, кей­біреулер кезекке тұру үшін қоршаудың үстінен секіріп жатты. Бұл келеңсіз жайт Түр­кістан облысынан келген азаматтардың көп болуынан болды, кейін ол жақта халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Бірақ қазір кезек азайған жоқ. Мекемеде компью­тер­лер жеткілікті секілді, дегенмен әлі де қағазбастылық мәселесі бар, – деді Шымкент қаласының тұрғыны Айдос Әбдіразақ. 

Мәжіліс депутаты Болатбек Нажмет­динұлы көлік иелері мен ХҚО қызметкер­лерінің мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады. Ол халыққа сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсетудің маңыздылығына тоқ­талды.

 – Халық жалпы мемлекеттің жұмысын халыққа қызмет көрсету орталықтары жұ­мысының сапасына қарап бағалайды. Қызметкерлердің ынтасын және кадрлық әлеуетін арттыру үшін соңғы екі жылда республика бойынша халыққа қызмет көр­сету орталықтары қызметкерлерінің ең­бек­ақысы 100 пайызға көтерілді. Біз маман­дар­дың еңбек жағдайын жақсартуды жал­ғастыра береміз, бірақ олардың да жұмыс деңгейіне қойылатын талаптар артып келеді. Партиямыздың «Халықпен бірге!» сай­лауалды бағдарламасында мемлекет, қоғам және азамат арасындағы қарым-қатынасты барынша цифрландырудың, қызметтер алудың барлық сатысынан адам факторын алып тастаудың маңыздылығы ерекше атап өтілді, – деді депутат.

Болатбек Нажметдинұлы дайын құжат­тарды беру секторының, операциялық зал­дың, автодромның және басқа да бөлімдердің жұмысымен танысты. Кездесу соңында депутат туындаған мәселелерді шешуге, оның ішінде мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарының балан­сында тұрған автодромдарды қаржы­лан­дыруға қатысты қажетті қолдау көрсетуге ықпал ететінін айтты. 

Еске сала кетейік, 2023 жылдың соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мәселелері туралы заңға қол қойған болатын. Депутаттар бастамашы болған заң азаматтардың жеке деректеріне қол жеткізе алатын халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлеріне тиісті жауапкершілік деңгейін қамтамасыз етеді, жасырын мемлекеттік қызметтерді анықтау механизмін енгізеді, сондай-ақ азаматтарға қосымша қызметтерді көрсетуге мүмкіндік береді.