Алматы облысы Жамбыл ауданының аумағы арқылы өтетін Алматы – Астана күре­жолының бойында, Балқаш көлінің жағалауында орналас­қан Үлкен атты ауылды бы­л­ай­ғы жұрт көп біле бермейді.
Үлкендіктердің үміті ақтала ма?
507
оқылды

40 жыл бұрын ГРЭС салмақ болған

Кеңес Одағы кезінде, нақтырақ айт­қан­да, өткен ғасырдың 80-жылдары елдегі энергия тапшылығының алдын алу мақ­сатында мұнда үлкен құры­лыс салынатын болады. 1984 жылы сол кез­­­­­­­­­дегі Жамбыл облысы Мойынқұм ауданына қарасты аумақта іргетасы қаланған елді мекен негізінде Оңтүстік Қазақстан ГРЭС құрылы­сының бастамасы ретінде ойластырылған. Алайда маңызды жоба дер кезінде жүзеге аспай қалды. 1986 жы­лы ауыл Алматы об­лысы Күрті ауданының құрамына беріліп, кейіннен 1997 жылы Күрті ауданы тарқа­ғанда, Жамбыл ауданы­ның қарамағына өткен. Осылайша, ал­ғаш­қы жылдары көпқабатты үйлерден тұратын, барлық тұр­мыстық жағ­дай ой­ла­с­­тырылған, инфра­құрылымы дамыған қала типтес кенті болуға және тұтас ай­мақ­тағы электр энергиясын өндіру орта­лы­ғына айналуға тиісті елді мекен ақыр соңында болашағы бұлыңғыр ауыл­дардың біріне айналған. Бірақ қазіргі жағдайы аяныш­ты болғанымен, кезінде барлығы керемет болған қала типтес кент­те бастап­қы кезден тұрған және әлі күнге табан ау­дар­маған байырғы тұрғын­дардың елді мекен түбі бір қайнаған тір­лік­тің ордасына айналар деген үміті ақта­латынына соң­ғы жылдары сенім арта түсті. 

Үлкен кенті орналасқан аумақта АЭС салу жайындағы алғашқы ұсыныстар сол 1997 жылы айтыла бастаған. Алайда бұл жоба жұрттан және экологтардан қолдау таппайды. 2008 жылы Үкімет осы жерде Балқаш ЖЭС салу туралы шешім қабыл­дайды. ЖЭС құрылысына дайындық 2013 жылы басталғанымен, бірер жылдан соң тоқырып, тоқтап қалған. 

Айтпақшы Қазақстанда АЭС салынар болса оған ең қолайлы орын Үлкен ауылы екенін сарапшылар жиі айтады. Осы жерде АЭС салуға қа­тысты түрлі деңгейдегі тал­қы­лаулар өткізіліп келеді. Қазір ал­ғашқы кездегідей емес, жобаны жүзеге асыруға қатысты қар­сы­лық азайып, халық дәл бүгінгі әл­ем­­ді электр қуаты тапшы­лығы жайлай баста­ған жа­ғымсыз кезеңдегі күрделі түй­інді тарқату­дың басты шешім­дерінің бірі АЭС екенін түсінгендей. Оған жа­қын­да ға­на Ал­маты облысының орта­лығы Қонаев қа­ла­сында өткен Қазақ­стан­да атом электр стансасын салуға қатысты қо­­­­­ғам­дық тың­дауда айт­ыл­ған пікірлер дәл­ел бола алады. 

АЭС мәселесін үлкендіктер де талқылады

Тамыздың 14-інде Қазақстанның Азаматтық альянсы ұйымдастырған кез­десуге сарапшылар, қоғамдық ұйымдар өк­іл­дері мен Алматы облысының, оның ішін­де Үлкен ауылының тұрғындары қатысты. 

Елімізде атом электр стансасын салуға қатысты ұсыныстың кейінгі жылдары қарқын алып, мемлекеттік, қоғамдық дең­гейде талқылана бастауының басты себе­бінің бірі әрі бірегейі – дәл қазіргі кез­де еліміздегі ең өзекті проблемалардың көш басында тұрған электр энергиясына деген сұраныстың артуына байланысты туындап отырған тапшылық мәселесін түбегей­лі шешу. Осы орайда қоғамдық тыңдауға арнайы келген сарапшылар атом энергетикасын дамыту жоспары туралы егжей-тег­жейлі баяндап, оның қауіпсіздігі, эко­логиялық тазалығы және экономикалық тиім­ділігін жіліктеп талдап берді. Мұндай талқылаулар бұған дейін де болған және оларда да сарапшылары, экологтары және тағы басқа электр энергиясын өндіруге тікелей және жанама қатысы бар салалар­дың мен деген мықты мамандары жұрт көңі­лін алаңдататын жағдайларды жан-жақты түсіндірген. Соның әсері болар, бұл жол­ғы тыңдау кезінде талқылауға қатыс­қан­дар тарапынан қарсылық барынша азайғаны байқалды. 

Аймақ тұрғындары пікірталасқа белсене қатысып, өздерін толғандырған қау­іп­сіздік, экономика, экология мәселе­леріне қатысты сұрақтарын түгел қойды және тиянақты жауаптар алды. 

«Өркениеттің жетістіктерін тиімді пай­даланатын мемлекет қана заман кө­ші­нен қалыспай дамып, алға басады. Кез келген мемлекет қуатты электр көзімен қамтамасыз етілмесе, дамудың жоғары деңгейіне жете алмайды. Экономиканы өркендету, өндірістер мен жаңа кәсіп­орындарды іске қосу үшін бізге АЭС салу қажет. Қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аудара отырып, заманауи технологияларды дұрыс пайдаланған жағдайда ғана біз жетістікке жетеміз», – деген Алматы облысындағы Семей полигоны мү­ге­дектері мен ардагерлері қоғамдық бір­лестігінің төрағасы, Талғар ауданының құрметті азаматы Нұрлыбай Мұсапир­ов­тың сөзін қостаушылар қарасы мол болды. 

Сарапшылар Қазақстандағы атом электр стансаларында МАГАТЭ-нің қатаң стандарттарына сәйкес келетін III және III+ буынындағы реакторлар орнатыла­тынын көлденең тартты. Ең бастысы атом электр стансаларының экологиялық қау­іп­­­сіздігі және СО2 шығарындыларының ауаға тарамауына баса назар аударып, айрықша тоқталды. Сондай-ақ мамандар қазір бүкіл әлемде қолданылатын радиоактивті қалдықтарды қайта өңдеудің озық технологиялары туралы жан-жақ­ты ақ­пар­ат берді.

«Үлкен Су» ӨК бас инженері Сергей Третьяков атап өткендей, қазір энергия тапшылығының алдын алуға бағыттал­ған шаралардың барлығы атом энергетикасын барынша қауіпсіз және экология­лық таза ету мақсатына негізделген. 

 «Әлем жедел қарқынмен өзгеруде, соған сай электр энергиясын тұтыну мөл­шері де жылдам артуда. Өткен ғасырдың 70-жылдары салынған электр стансаларымыз ескірген. Бізге тұрақты қуат көз­дері қажет, ал атом энергетикасы дәл осы мәселені шешетін және қиындықтан алып шығатын бірден-бір жол. Иә, алаңдау­шы­лық бар, оны жоққа шығара алмаймыз. Ал­айда қазіргі реакторлар қауіпсіз екенін де ескерген жөн. Қазақстанның ауыр апат­­тарсыз атом технологияларымен жұ­мыс істеуде 57 жылдық тәжірибесі бар. АЭС арқылы таза энергия өндіріп, сыртқы энер­гетикалық тәуелділіктен арыламыз және жаңа жұмыс орындары құрылып ха­лық­тың тұрмысының жақсаруына жол ашылады. Үлкенде АЭС салу еліміздің ғылыми әлеуетін пайдалануға және тол­ық­қанды атом саласын құруға мүмкін­дік береді», – дей келе, өзінің 1985 жылдан бері осы құрылысты күтіп жүргенін, атом стан­сасы біздің балаларымыз және бола­шағымыз үшін керек екеніне тоқталды. «Егер көрші елдер бізге электр энергиясын беруден бас тарта қалса, онда басқаны айт­пағанда, күнделікті жарықсыз қалу қау­піміз бар. Бұл жоба елімізді тығырықтан шығаратын халықаралық аренада беделін ат­тыратын үлкен мүмкіндік. Қытайда АЭС­ бар, Өзбекстан құрылысын жүргізуде. Мен де ұрпағымның жарқын болашағын ойлай отырып, АЭС салу ісін қолдай­­мын » –  деп сөзін қортындылады.

Энергетикалық тәуелсіздік кепілі

Қоғамдық талқылау барысында АЭС салуы арқылы еліміздің энергетикалық тәу­елсіздігі қалыптасатыны, жаңа жұ­мыс орындары құрылып, сабақтас сала­лар­дың дамуына даңғыл жол ашылатыны айтылды. Осы орайда қазір атом электр стансаларына қызмет көрсету үшін жо­ғары білікті мамандарды даяр­лауға ерекше назар аударылып отырғаны да ортаға салынды. Алматы облысының тұрғын­дары бейбіт атом энергетикасына қарсы емес­тіктерін білдірді. АЭС салу идеясын энер­гетика саласының ардагерлері де қолдап, энергетикалық дағдарыс­тан шығудың жалғыз шешімі осы екенін сенімділікпен жеткізді. Қоғам қайраткер­лері АЭС қазақ­стандықтардың өмір сүру сапасын арттыратынын айтса, жастар жағы жаңа техно­ло­гиялардың дамуын атом энергетикасымен байланыстырды. Қонаевтағы жария талқылау қазақстан­дық қоғамның атом эн­ер­гетикасын одан әрі дамытуға дайын екенін көрсетті. Жиналғандар еліміздің жаңа заманның, яғни атом энергетикасы дәуірінің табал­дырығында тұрғанын оны болашақ ұрпақ үшін енгізіп, дамыту аса қа­жетін жария түрде мәлімдеп,  жобаны бір­ауыздан қол­дады.

Қазір Алматы облысы 608,4 МВт элек­тр энергиясын тұтынады. Осының 303,31 МВт өзімізде өндірілсе, жалпы өндіріс кө­ле­міндегі жаңартылатын энергия көз­дерінің (ЖЭК) үлесі 547,809 млн кВт/сағ (62,36 МВт). Басқа өңірлерден 305,09 МВт сатып алынады. Дегенмен бұл көр­сет­кіштер энергия өндіруші стансалардың жұ­мыс режимдеріне сай өзгеріп отыруы мүм­кін.

Алматы энергия торабын, атап айт­қан­да Алматы қаласын электр энергиямен ЖЭО-3 қамтамасыз етеді. 2026 жылға дейін ЖЭО-2 және ЖЭО-3-ті 600 МВт-қа кеңейту және ұлғайту жоспар­ланған. Алматы облысына энер­гияның 50%-ын неме­се 300 МВт беру жоспар­ланған. 

Алматы облысы қазір орта есеппен 550-630 МВт электр қуатын тұтынса, об­лыстың дамуын ескерсек бұл көрсеткіш 2050 жылға дейін 3000 МВт-қа дейін артуы және өндірілген қуаттарды бөлуде проблема туындауы мүмкін. Бұл мәселені шешу жа­ңа қосалқы стансалар салуды талап етеді. 

Болат АБАҒАН,

Алматы облысы