«AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысы өтті.
Білім сапасы – партия назарында
838
оқылды

Онда Президенттің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында еліміздегі білім сапасын жақсарту, партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы шеңберінде жаңа оқушы орындарын құру сынды маңызды мәселелер талқыланды.

Сондай-ақ жиынға қатысушылар су тасқыны болған өңірлердегі білім беру нысандарының жай-күйін, апатқа бай­ланысты сабақтан қалып қойған оқу­шылардың білім сапасын жақсарту, әлеуметтік осал топ санатындағы отба­сы­ларда тәрбиеленетін балаларды мек­теп формасымен, оқу құралдарымен қам­тамасыз ету мәселелерін назарға алды.

Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың өкіл­дері және бейнеконференц-бай­ланыс арқылы өңірлік кеңес мүшелері мен білім басқармаларының қызмет­керлері қатысты. 

Сөз басында Мәжіліс депутаты, Кеңес төрағасы Жұлдыз Сүлейменова Президент пен партияның сайлауалды бағдарламаларын жүйелі жүзеге асыру­дың мәні мен маңызына тоқталды.

«Сапалы білім еліміздің әрбір тұр­ғыны үшін қолжетімді болуға тиіс. Бұл бағытта «AMANAT» партиясы орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп ауқымды жұмыс атқарып келеді. Басты мақсат – инфра­құрыл­ым мен білім беру мазмұнына қатысты мәселерді шешу. Үш ауысымды және апатты жағдайдағы білім ошақ­тарына қатысты проблемаларға да жіті мән беріледі. Білім беру сапасын жақ­сарту шаралары да басты назарда. Ең бастысы, алға қойған жоспарлар сапалы әрі уақтылы орындалуы қажет», – деді ол.

Өз кезегінде, Оқу-ағарту вице-ми­нистрі Еділ Оспан білім беру саласына қатысты ел аумағында атқарылып жат­қан жұмыстарды баяндады.

«Бүгінде ел аумағында 7 859 мектеп бар. Оның 2 906-сы бір ауысымда, ал 4 847 мектеп – екі ауысымда, 106 мек­теп – үш ауысымда жұмыс істеп тұр. Осы үш ауысымды мектеп, яғни орын тап­шы­­лығы мәселесін шешу мақсатында 2023 жылы ел аумағында 137 мың оқу­шыға арналған 165 мектеп пай­далануға беріл­ді. Бұл жұмыс биыл да жал­ғасуда. 2024 жылы 536 мың оқушыға арналған 302 мектепті пайдалануға беру көзделіп отыр», – деді вице-министрі Еділ Оспан.

Вице-министрдің айтуынша, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының және жеке инвесторлардың есебінен 75 мың оқушыға арналған 85 мектепті пайдалауға беру жоспарлануда. Бүгінде 10 мектеп қолданысқа берілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 461 мың оқушыға арналған 217 мектеп құрыл­ысын жыл соңына дейін аяқтау көзделуде. Биыл 1 қыркүйекке дейін 118 мың оқушыға арналған 61 жаңа мектеп ашылады. Жалпы, 2023-2025 жылдар аралығында 1 млн жаңа оқушы орнын енгізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде, үш ауысымда білім беру мәселесі толық шешіледі деп күтілуде.

«Президенттің сайлауалды бағдарла­масын іске асыру шеңберінде білім беру сапасын жақсарту бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. Биыл 1 қыркүйектен бастап еліміздегі 7,9 мың білім беру ұйымдарында 3,9 млн бала білім алады. Онда 360 мың бала 1-сыныпқа қабыл­данады. Сондай-ақ өңірлерде оқушы­ларды оқулықтармен қамтамасыз ету деңгейі 90%-ды құрап отыр. 26 тамызға дейін барлық аймаққа оқулық толық жеткізіледі. Бұған қоса, білім алушылар­ды тегін тамақпен қамтамасыз етуге қажет қаражат әкімдіктер тарапынан бөлінді. Биыл 1 қыркүйектен бастап 1,7 млн оқушы тегін тамақтанады», – деді вице-министр.

Сонымен қатар Еділ Оспан әлеу­меттік осал топ санатындағы отбасы­ларда тәрбиеленетін 510 мың баланың мектепке дайындалуына көмек көрсе­т­іле­тінін мәлімдеді. Осы мақсатта жер­гілікті бюджеттерден 22,6 млрд теңге қара­жат қарастырылған. Бұған қоса, орта білім беру пәндерінің оқулықтары 100% электрондық форматқа өткен екен. 

«Сондай-ақ биыл 1 383 робот техни­касы, химия, биология, физика, STEM пәндері кабинеттерін сатып алу көз­делуде. Өздеріңіз білетіндей, Президент­тің сайлауалды бағдарламасы аясында жыл сайын 1 мың кабинетті жабдықтау жоспарланған болатын. Мемлекет бас­шы­сының бұл тапсырмасы артығымен орындалып келеді. Бұл жұмысты жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен бөлек, кәсіпкерлер қауымы да атсалысуда», – деді ол.

Сондай-ақ шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда 7 бағыт бойынша кітапханаларды, асха­на­ларды, жиһаздарды жаңарту, күрделі жөн­деу жүргізу және қауіпсіздік шара­ларын қамтамасыз ету бағытында 1 мың мектепті жаңғырту жұмысы қолға алы­нуда.

«Биыл көктемгі су тасқыны кезінде еліміздегі 6 өңірде 40 білім беру ны­санына зақым келді. Оның ішінде – 11 балабақша, 22 мектеп және 7 қосым­ша білім беру нысаны бар. Жергілікті атқарушы органдар білім беру инфра­құрыл­ым­дарын қалпына келтіру жұ­­мыс­ын жүйелі жүргізуде.  Мәселен, Ақ­төбе облысында су астында қалған 13 нысан­ның 8-інде күрделі және ағым­дағы жөн­деу жұмысы жүргізіліп жатыр. Ал 5 ғи­марат қалпына келтіруге кел­мейді. Бұл нысандарды қайта салу үшін Үкімет резервінен 6,2 млрд теңге бөлі­ніп, құрылыс жұмыстары басталды. Атал­­ған білім беру ұйымдары 2025 жылы пай­да­лануға беріледі», – деді Еділ Оспан.

Айта кетейік, жаңа оқу жылы қар­саңында «AMANAT» партиясының «Ба­ланы мектепке даярлайық!» жалпы­республикалық қайырымдылық акция­сы бастау алды. Партияның «Бақытты отбасы» жобасы аясында қолға алынған дәстүрлі іс-шара 12-30 тамыз аралығын­да өтеді. Мұндағы басты мақсат – көпбалалы және аз қамтылған отбасы­лардағы балаларды жаңа оқу жылына дайындауға көмектесу.

Акцияға партияның Орталық аппа­ра­ты мен аймақтық, аумақтық филиал­дарының қызметкерлері, партия депу­таттары мен белсенділері, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері қатыса­ды. Оның барысында балаларға мектеп формасы, жаңа оқу жылына қажет оқу­л­ық­тар мен кеңсе тауарлары салын­ған рюкзактар ұсынылады. Биыл 15-ші мәр­те ұйымдастырылғалы отырған акция аясында 45 мыңнан астам баланы жаңа оқу жылына даярлау жоспарлануда.

Бердібек ҚАБАЙ