Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың 1 қыркүйегін­де еліміздегі АЭС құрылысы ту­ра­­лы мәселені жалпыхалықтық референдумға салу туралы ұсы­н­ыс білдірді.
АЭС: Талдықорғанда жария талқылау өтті
641
оқылды

Ақпарат көздерінің болжамы бойынша АЭС құрылысы жайлы жалпыхалықтық рефер­ен­дум биылғы күзде өтуі мүмкін. Соған орай болар дәл қазір Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылы аумағында АЭС салу жөніндегі мә­селеге қа­тысты жер-жерде жұртшылықтың қатысуымен жария талқылау өткізілуде. Жа­қында сондай тал­қының бірі Тал­дықорғанда ұйым­дастырылды.

Талдықорғанда өткен Қазақстанда атом электр стансасын (АЭС) салу жоба­сына қатысты жария талқылауға АЭС құры­лысына қатысты өз пікірлерін біл­діруге барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңестердің, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, энер­гетика саласының жетекші мамандары, ғалымдар мен облыс орталығының белсенді тұрғындары келді. Қазақстанның Азаматтық альян­сы ұйымдастырған шараға сарапшылар ретінде Энергетика министрлігі, «Қа­зақстандық атом электр стансалары» ЖШС, Ұлттық ядролық орталық және Ядро­лық физика институтының өкілдері де шақырылыпты.

Жауапты тұлғалар мен маман сарап­шылар талқылау барысында Қазақстанда атом энергетикасын дамытудың жос­пар­лары мен перспективалары жай­ында жан-жақты баяндап, ұсыныстарын ортаға салды. Қауіпсіздік, экология және АЭС құрылысының экономикалық тиім­ділігіне қатысты сұрақтарға жауап берді. Жетісу облысының тұрғындары АЭС құрылысына қатысты өз ой-пікірлерін біл­діріп, көкейдегі сауалдарын қойды.

Дәл қазіргі кезде қазақстандықтарды алаңдатып отырған басты мәселелердің бірі – еліміздегі электр қуаты тапшылығының алдын алудағы шешімнің бірі әрі біргейі АЭС салу екені айтылғалы талай болды. Алайда оны құптаушылармен бірге қарсылық білдірушілер де жеткілікті. Қоғамды бірінші кезекте қауіпсіздік мәселесі толғандырады. Сондықтан бо­лар, Талдықорғандағы талқылауда атом электр стансаларын салудағы заманауи технологияларды қолдану мәселесі кеңінен сөз болды. Бұдан өзге атом электр с­танс­асының құрылысын қаржыландыру жайлы да әңгіме қозғалды. Сонымен қатар облыс тұрғындары АЭС-тен шыққан қалдықтарды кәдеге жарату, кадрлық ресурстарды жергілікті жерден жасақтау және АЭС-ке қызмет көрсету үшін қажет­ті жаңа жұмыс орындарын ашу мүмкіндіктерге қызығушылық танытып, көкейлеріндегі сауалдарына тиянақты жауап алғандай болды. 

Бірде-бір сұрақ жауапсыз қалған жоқ. Олардың айтуына қарағанда, заманауи технологияларды қолдануға байланысты Франция, ҚХР, Оңтүстік Корея, РФ компаниялары кіретін АЭС құрылысы бойынша озық әлемдік компаниялардың қысқа тізімі жасалыпты. Сарапшылар атом электр стансаларын салу үшін қарас­тырылып отырған технологиялар қауіпсіз екенін атап өтті, өйткені салынатын стан­сада реакторлардың III және III+ буындарын пайдалану жоспарланған. Реактордың бұл түрі Атом қуаты халықаралық агенттігінің (МАГАТЭ) барлық қауіпсіздік талаптарына жауап береді және экологиялық көрсеткіштері жоғары.

Құрылыс құнына қатысты айтар бол­сақ, атом электр стансасын салуға жұмсалатын қомақты шығындар нысанның ұзақ қызмет ету мерзімімен бірге оны пай­да­ланудың төмен құнымен өтелетін көрінеді. Мамандардың мәлімдеуінше, АЭС жұмысының экологиялық қауіпсіздігіне алаңдайтын негіз жоқ. АЭС-те радиациялық фон болмайды және атмосфера­ға СО2 шығарындылары жылу электр стан­сасымен салыстырғанда аз мөлшерде болады екен. 

Қалдықтарды кәдеге жаратуға қатысты төмендегі дәлелдемелер келтірілді. Қуа­ты 1200 МВт реактор жұмыс істеген кезде жылына 50-60 м3 радиоактивті қа­лдықтар түзіледі. Қазір оның жаңартылған энергия көздерінен айырмашы­лығы, мұндай қалдықтарды қауіпсіз өң­деу үшін тиімді технологиялар бар және онда жабдықты кәдеге жарату мен қор­шаған ортаны қалпына келтіру қаражаты есепке алынбайды. Пайдаланылған ядролық отын қалдықтарға жатпайды, өйткені онда жанбаған уран қалады және ядролық отында қолданылатын тағы бір элемент – плутоний түзіледі. Пайдаланылған ядролық отынды өңдегеннен кейін мамандар оны одан әрі кәдеге асыр­ып, үлкен энергетикалық компоненті бар жаңа отынға шикізат алады.

АЭС құрылысын мамандармен қамтамасыз етуге келетін болсақ, нысанды салу шеңберінде вендорлар жергілікті кадр­ларды белгілі бір уақыт ішінде оқыту­ды қамтамасыз етуге міндеттеледі.

Сарапшылар мен тиісті мамандардың егжей-тегжейлі түсіндірунен соң жиынға келген жұртшылық өкілдері  еліміздегі бей­біт атом энергетикасын дамытуға қа­тыс­ты өз пікірлерін білдірді.

«Мен электроэнергетика саласында 30 жылдан астам еңбек еттім. Қазақстанда энергия тапшылығы бар екені және ал­ға жылжыған жылдармен бірге оның арта беретіні барлығымызға белгілі. Солтүстік-оңтүстік транзиттік желісі Пав­лодар облысында салынған болатын. Алайда ол да жеткіліксіз. Атом электрстан­сасын салатын кез келді. Қандайын саламыз? Теміржол торабын пайдалана от­ырып, көмірмен жылытылатын стансалар ма? Онымен экологиямыз қаншалықты ластанады? Жақын уақытта біз міндетті түрде электр тапшылығын сезі­н­еміз. Жаңа станса құрылысына 10 жыл уақыт кетеді, оның ішінде құрылыс-монтаж құжаттамалары да бар. Біз бір орында тұра алмаймыз. Мәселен, Қостанай облысында жаңа зауыт, фабрикалар ашылуда. Ал біздің облыста неге ондай мүмкіндік жоқ? Себебі Жетісу облысында электр энергиясының тапшы екендігі сезіледі. Мәселен, қыс мезгілінде өңір тұрғындары 35 МВт энергия тұтынса, Текелі қаласындағы станса бар-жоғы 24 МВт энергия өндіре алады. Оңтүстік өңір­лердің барлығына энергия қажет. Эн­ергия медицинаға да, радиологияға да қажет. Ғылым жаңа көкжиектерді еңсеруі қажет», – деген «Талдықорған электр жүйелерінің тасымалдау компаниясы» АҚ бұрынғы басшысы, зейнеткер Серік Демидов АЭС салудың уақыт кел­генін, атом энергетикасы тұрақты электроэнергия көзі болып табылатынын ай­та келе, АЭС құрылысының еліміздің экономикалық дамуына үлкен үлес қос­атынына сенетінін мәлімдеді. 

«АСПМК-519» ЖШС бұрынғы басшы­сы Виктор Сычев электроэнергия тап­шылығының орнын толтыруда шетел­ден алынатын энергия көздерінің қымбатқа соғатынын алға тартып, оның елі­мізге тиімсіздігін атап өтті. Сычевтің айтуынша, біз жаңартылған энергия көз­дерін дамытуда үлкен бағдарламаларды жүзеге асыра аламыз, алайда ол үшін бізге мы­қ­ты электростанса қажет және бұл мәселенің шешімі – елімізде өзіміздің АЭС салу, тіпті бір емес, бірнеше станса салу. 

Жария талқылауда Qazaqstan Chernobyl аrdagerleri ЗТБ, «Жетісу облысының Чернобыль апаты ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық кеңесінің төрағасы Мустафа Хусаин да қоғамдық кеңес мүше­лерінің Қазақстанда АЭС салу бас­тамасын толығымен қолдайтынын жет­кізді. Жиынға келген жастар да өз пікір­лерін білдіріп, қолдау танытты. 

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы